• Cұхбаттар
  • 12 Мамыр, 2022

Үш буын ұстаз

Жүптібай болыс отырғызған үйеңкі

 

Қазақтың тағдыры қилы тағдыр ғой. «Адамның басы – Алланың добы»,
«Пешенеңе не жазылды, соны көресің» деуші еді үлкендер.
Бүгін біз сөз еткелі отырған кейіпкеріміз бабасы Жүптібайдан бастап, атасы Уәш, әкесі Зәки, Рашидбек Зәкиұлының өзі және балаларының барлығы, тұтас бір ұрпақ оқу-ағарту ісімен шұғылданып, бүкіл ғұмырын ағарту саласына арнаған.
«Ана тілі» газетін арнайы іздеп келген ақсақалмен болған әңгімені назарларыңызға ұсынамыз.

– Ең алдымен, өзіңізді таныстырып өтсеңіз?

– Мен Рашидбек Зәкиұлы, ҚХР-да қытай-қазақ кино аудару кәсібі бойынша мемлекеттік 1 дәрежелі режиссермін. 2005 жылы Отаныма, Қазақстаныма оралдым. Қазір зейнеттемін.

– Арғы атаңыз Жүптібай Намазұлы­ның ауылдан мектеп ашқа­нын айтып қалдыңыз. Осыған кеңірек тоқталыңызшы.

– Бабам Жүптібай Намазұлы 1911–1919 жылдары Семей облысы Зайсан уезі Кендірлікте болыс болған. Болыс болған уағында  1911 жылы Үлкен Қараталда төрт бөлмелі мектеп салдырған екен.

Ахмет Байтұрсынұлының емлесі 1911 жылдан бастап жарияланып, әр жерде үйретіле бастаған ғой, міне, бұл мектеп те осыған орайлас салынған. Өкінішке қарай, кейінгі кезде бұл мектептің тарихы бұрмаланып, өзгертіліп, 1924 жылы салынған деген әңгімелер айтылып жүр.

Біздің Үлкен атамыз Жүптібай болыс болғанын әлгінде айттым, 1929 жылдың 7-айында бұ жақтағы қысым себебінен ол кісі Қытайға өтіп кеткен. Қытайға өткенде малы, үйі, түгел осы жақта түюлі күйінде қалған. Ол жаққа барғаннан кейін ең кіші ұлы Ақан Жүптібайұлы Қытайда геологияны оқып, кейін әскери орында топограф болған. Қашқариядан Тибетке дейінгі жердің картасын сызған. Бірақ 1952 жылы 5 наурызда қытайдың кадр­ларды саяси үйренуден өткізетін уақытында «бұл болыстың баласы» деп сыртынан ел көрсетіп, ақыры қысымға шыдамай қайтыс болған.

Жүптібайдың үлкен ұлы Уәш қазақ-қырғыз ұйымының оқу-ағарту ісінде қызмет еткен жан. «Болыстың баласы» деп ұсталып, кейін сегіз жылға соттап жібереді.

Уәштің үлкен ұлы, менің әкем Зәки 30-40 жылдарда қазіргі Шыңжаң, Шығыс Түркістандағы «Екпін» мектебін ұйымдастыр­ған және осында бала оқытқан, мектептің бастығы болған. Бұл тарихи құжаттарда жазулы. Өмір бойы оқу-ағарту ісімен шұғылданды. Мәдениет төңкерісінде әкемді «болыстың баласысың және советтен келгенсің» деп ұрып, аяғын сындырып мертіктіріп, өмірінің соңы біраз қиындықпен өтті.

– Негізгі мәселемізге қайта оралайық. Үлкен Қараталдағы мектептің жайы не болды? Ол мектептің 1911 жылы ашылғанын дәлелдейтін Сізде қандай да бір құжат бар ма?

– Осыны 2011 жылдан ­бастап қаузап келемін. Зайсан ­ауданы әкімдігіне берген ең соңғы өтінішімде (17.08.2018) Қазан төңкерісінен ілгері де Қазақтың мәдениетке ұмтылу еңбектері бар екенінің дәлелі ретінде және ­Отанды қорғау және құру даңқты жұмыстарының қайыспас қара нарлары осы мектептен де талайы шыққанын ескере отырып тарихтағы Жүптібай мектебінің, ілгергі Киров мектебінің, қазіргі «Қазақстан» мектебінің жұртын «Киелі орындар картасына» енгізуді талап еткен едім.

Көне жұртта Жүптібай болыстың мектеп ауласына өз қолымен еккен, үш-төрт адам­ның құшағы жетпейтін, отырғы­зылғанына 111 жыл болған бірнеше түп үйеңкі ағашы әлі күнге жетімсіреп тұр.

Бұл мектеп жөнінде мемлеттік орталық мұрағат 491-қор, 1-тізбе, 60-іс Зайсан уезі мектептерінің 1912/1913, 1913/1914 оқу жылдарын­дағы тізімнің 104-бетінде «Благодарное (Қаратал) мектебі – болыс қарамағындағы мектеп, бұл арадағы жан саны 773, 8-11 жастағы бала саны 70, оқып жатқан бала саны 42….» деп жазылған.

Ал 496-қор, 1-тізбе, 659-іс, 94-тізімінің 42-сі болып «Пресе­лендердің благодорний орыс мектебі 1914 жылы ашылған» делінген. Бұл – Қараталдағы болыс қарамағындағы қазақ мектептің орыс мектебінен 2-3 жыл ілгері ашылғанын көрсетеді. Мектеп әуел бастан діндік мағынада емес, рулық мағынада емес, халықтық мектеп болған.

Осы дәлелдерге негізделе ­отырып:

Біріншіден, қазіргі «Қазақстан мектебінің» аты ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толу мерейтойы байланысымен сол кісінің атына өзгертуді өтінемін.

Екіншіден,  мектеп тарихы дұрыстап жазылып, мектептің көне жұрты «Киелі орындар картасына» енгізіліп, тарихи үйеңкілерді қорғап аула жасап, ауланың ішіне Тарихи Жүптібай мектебінің кезіндегі пошымындағы 4 бөлмелі мектеп үйін жаңғыртып салуға рұқсат етіліп, ауданның оқу-ағарту тарихының (мүмкін Алаш оқу-ағарту тари­хының) мұражайы жасалса деген ұсынысым бар.

Осы екі өзекті мәселені «Ана тілі» ұлт газеті арқылы көптің талқысына салып, тиісті мекемелерге, басшылықта отырған азаматтарға жеткізсем деймін.

– «Қазақы сөз әрлеу» жұмысын қолға алғаныңызға біраз уақыт болған екен. Бұған не түрткі болды?

– Шыңжаң университетінің қытай факультетінде ұйғыр тілі мамандығы бойынша оқыдым. Қытайдың жергілікті жерлерінде қазақ тілі, ағылшын тілі, ұйғыр тілі, қытай тілі мұғалімі болып істедім.

Зейнетке шықсам да, қазір қазақ тілі, ағылшын тілімен шұғылданып жатырмын. Қазақстанда университеттерде ағылшын тілін орыс тілі арқылы үйретеді екен. Соның салдарынан сырттан келген қазақ не қазақ тілін, не орыс тілін толық білмей, ағылшын тілін өте нашар үйреніп шығады. Сондықтан ағылшын тілі грамматикасын қазақшаға аударып жатырмын. Бүкіл терминді аударып болдым, жақында жұмысымды аяқтап қаламын деп ойлаймын.

Қазақ тілі грамматикасында сөз жасау жөнінде көптеген ғалымдар жазған, ал енді сөз әрлеу, құбылту, бейнелеу, әсірелеу туралы мен де жазып көрмекке бекіндім. Осылайша, «Қазақы сөз әрлеу»  жөнінде жұмыс істеп жатырмын, жазып болғаннан кейін бағасын халық бере жатар.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Бағдагүл БАЛАУБАЕВА

4765 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы