• Тұлға
  • 12 Мамыр, 2022

ТАНЫММЕН ТАНДЕМ ТҰЛҒА

Пролог орнына  немесе кәмпит пен кітап

Әлі есімде, 1966 жылдың қоңыр күзі болатын. Жарықтық, аруағы бір аунап түскен шығар, менің кіндік шешем Тәрбие апамның жар дегенде жалғыз ұлы Өтеп екі кештің арасында бір шүйкебасты әкеліп, көрші-көлем жаңа түскен келінге шашу шашып, мәре-сәре болып жатқан еді. Ол кездің балалары үшін ең басты құндылық – кәмпит. Мен секілді мектеп табалдырығын енді аттаған қара домалақтар анда-мында бір дәмін тататын таңсық асымызға қарық болдық та қалдық. Қызылды-жасылды қағазға оралған кәмпитті бала біткен шарбақтың ішінен жамырай жинап жүрміз. «Қара сирақтың кәмпитке тойғаны – шала байығаны» деген заман орнады да қалды.  Ауыз да, қалта да кәмпиттен көрінбейді. Өзің тойсаң да, көзің тойған ба?!

Осы бір тәтті сәттің тылсым күші болар, қатарларының көбейіп жатқанына қуанған ауыл әйелдері бірінен соң бірі шашқан кәмпиттің қалған-құтқанын енді қуыс-қуыстан іздеп кеттік. Тоқал там дәлізінің түкпір-түкпірінен тәтті іздеп жүріп, кенеттен ұзынша келген орындықтың үстінде жатқан кітапқа көзім түсті. Кітап дейтіндей соншалықты үлкен кітап емес. Биттің қабығындай жұп-жұқа. Кітаптың атауы есімде жоқ. Авторы сол бойда жадымда сақталып қалды: Жанат Елшібеков.

Кітапты ашып қарасам, сөзінен суреті көп екен. Одан сайын қызықтырып әкетті. Кітаптың іші толған – кроссворд пен ребус. «Тігінен» және «Көлденеңінен» деп қалың шрифтпен жазылған екі сөзден кейін ашық әріптермен жазылған неше түрлі маған беймәлім сөздер өзінің тұңғиығына тарта жөнелді. Менің таным атаулыға деген құмарлығым сол сәттен басталды.

Қазір ойлаймын, сол күні мен Жанат ағаның кітабын тауып алмағанымда журналист болар ма едім, болмас па едім?! Қалай болғанда да, өзімді өзім тану мен жаратылысты танып білуге жетелеген сол сәт мәңгілікке жатталып қалды. Бір анық: танымға ұмтылуыма мотивация жасаған Жанат ағаның онлайн әсерін ұмыту мүмкін емес еді. 

 

1. ТАНЫМ НЕМЕСЕ ТЫЛСЫМ ТЕРЕҢДІК

Қалам ұстаған ағайын әдебиет майданында болсын, баспасөз айдынында болсын, өзінше із тастап, өзіндік қолтаңбасын қалдырып, оқырманның көзайымына айналып жатады. Халық өзін танымаса да сөзін таниды. Есімін ұмытпай, сөзін жаттап, сырттай қанық болып жүреді. Біреуі ерте, біреуі кеш, біреуі тасқын судай екпінді, біреуі есіліп аққан Есілдің өзеніндей болып салмақпен келетін шығармашылық қауым өкілдерінің қалайда халықтың тамыр соғысын тап басатын шолғыншыдай атқа қонатыны – ақиқат іс.

Жанат  Елшібек – сол шабыттың үркек көгін қамшылаған ортада мүлде басқаша жолды таңдаған қаламгер. Абайша айтқанда,  «жүрек – теңіз, қызықтың бәрі асыл тас» деп, тіршілікте кездесетін астарлы, жұмбақтау, көмескілеу тұстарға, оқырман мән бере бермейтін құпиясы мол тұстарға тура шауып, қиядан қызыл көрген түлкідей танымдық дүниелерге шүйліге келді. Ол осылайша ғажап жолды, адамдарды ойлауға үйрететін жолды таңдап алды. Жанат аға осы миссиясын бүгінге дейін абыроймен атқарып келе жатқанын айту – парыз.

Балағымыздан құм борап жүрген бала кезімізде оның қаламынан туған дүниелер еріксіз елітіп, қызықтыра тартып әкететін. «Мынаны қалай жазған, мынаны қалай құрастырған» деп оқушы біткен «Қазақстан пионері», «Лениншіл жас» газеттерінде жарық көрген Жанат Елшібек дүниелеріне елдің бәрі тәнті болушы еді. Әрі-беріден соң республикалық басылымдарда жарыса шығып жататын танымдық суреттеме, очерк, әңгіме, хикаят, көркем шығарма, этюд, сөзжұмбақтардың Ж.Орынбаев, Ж.Балқашұлы дейтін авторларының да ­Жанат Елшібек екенін біліп алып, бас шайқап жүрдік. Таныммен тандем туғандай тұлғамен біз осылай таныстық. Сол кездегі мектеп оқушыларының дүниетанымының кеңеюіне бірден-бір ықпал еткен ­Жанат ағаның менің де журналистикаға құштарлығымды оятқанын қалай ­жасырайын?!

Кейін өзіміз де журналист атанып, тірші­ліктің сан қилы жолымен өмірге араласқан кезде әріптес ағамыздың соншалықты ізденгіш, танымдық жанрларға құмарлана ден қоятынына көзіміз жете түсті. Әлі есімде, осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын «Білім және еңбек» журналында  алып сөзжұмбақ басылды. Оқырман үшін үлкен жаңалық еді бұл. Бұрын газет-журналдардың бір бұрышына ғана берілетін сөзжұмбақ, ребустарға көзі үйреніп қалған жұрт тосын дүниеге ықыласпен қарап, қабыл алды. «Ойпырмай, осының бәріне қалай бас қатырып отырады?» дейтін журналист жігіттер таңырқап.

Таңырқаудың көкесі 2000 жылы «Егемен Қазақстан» газетінің тұтас бір бетін алып жатқан алып сканвордты көргенде болды. Турасын айтайық, республикалық бас басылым бұрын-соңды мұндайды берген емес. Сол жолы үлкен жаңалық ашқандай әсерде қалдырды. Жұртшылықты қызықтыра тартып әкететін Жанат Елшібектің қолынан шыққан «басқатырғыш» газет үшін құнды дүние болғанын көпшілік әлі күнге дейін айтып жүр.

Дау жоқ, автордың жаңашылдығы, қилы-қилы қызықты тақырыптарды ерінбей табатын еңбекқорлығы, нағыз журналис­ке тән біліктілігі мен білімділігі оны өзге әріптестерінен бөлектеп тұрды. Дәл осы Жанат Елшібек алғаш түрен салған жолдан кейін әріптес інілері үлгі алды. Бірте-бірте арнайы сөзжұмбақ, сканвордқа арналған газеттер шыға бастады. Тек бір өкініштісі, жолаушы біткен жолға ала кететін сөзжұмбақ газеттердің жасырған сөздері «ауырдың үсті, жеңілдің астымен» жасалған, жай уақыт өткізудің  ермегі сияқты болып кетті. Ал Жәкең нағыз білімділікті, біліктілікті талап ететін, оқырманның ой-өрісін кеңейтетін танымдық сөзжұмбақтар жасайтын. Осындай ізденістер нәтижесінде оның «Сен білесің бе?», «Зерек», «Мың бір қызық», «Таным» сияқты кітаптары жарық көрді. Бұл кітаптар, әсіресе оқушылар мен жасөспірімдер зердесін ашуға, талапты жастардың көкжиегін кеңейтуге, жұмбақ дүниенің құпияларын танып білуіне үлкен көмегін тигізді.

Электронды ақпарат желісі жоқ, компьютер дейтін сиқырлы сандық өмірімізге әлі дендеп ене қоймаған кезде танымы бөлек тарлан Жәкеңнің ой-санасынан төгіліп түсіп, кітапқа айналған әлемдегі не бір қызықты дүниелер жас оқырмандар үшін осы күнгі интернеттің міндетін атқарды десем артық айтқандық емес.

«Азандағы мал үні – атамыздың гимні» дейді Қадыр Мырза-Әлі. Әр сөзінде қорғасындай салмақ жататын ақын аузынан бұл пікір тектен тек шықпаса керек. Қызыл империяның тас құрсауында жүргенде асылық қылып, табиғат заңдылықтарына қарсы шықтық. Құдайымызды ұмытып, тағы да Қадыр ағамыз айтқандай, «ең үлкен жүрек – Күн» екеніне сенбейтін кезіміз болды.

Осындай әрі-сәрі күй кешкен заманда көптеген азаматтар табиғат анаға жүрегін ашып, табиғат тілін түсінуге тырысқан, қоршаған ортаны аялауға  ұмтылған. Жәкең – сол қатардан табылған журналист-жазушы. Өзінің шығармашылық жолында ол табиғат құбылыстары мен құпияларын зерттеуді үлкен ықыласпен қолға алды.

Жанат Елшібек қаламының ­бояуы, жүрек үнінің тасқа басылған суреті қандай керемет?! Теңеулері табиғаттың өзі сөйлеп тұрғандай әсер береді. Дүниенің төрт бұрышында кездесетін не бір табиғат таңғажайыптары жіпке тізілген маржандай болып кітап беттеріне төгіліп түсе қалғандай, сұлу да сазды. Еріксіз таңырқайсыз, еріксіз риза боласың. Суреткерлік қабілет деген осы болса керек. Жәкең табиғат пен адам арасындағы құдіретті байланыстың жібін қолыңа ұстатқандай күй кешесің.

Осыдан 20 жылдай бұрын жұрт сүйіп оқитын «Жас Алаш» газетінің 15 нөмі­рінде «Газет ішіндегі кітапхана» айдарымен «Табиғат-тылсым» әңгімелер циклы жарияланғаны есімізде. Сонда оқыр­мандар тарапынан ерекше бір жылы пікірлер айтылып, газетің әр нөмірін асыға күткендердің куәсі болғанымыз бар. Негізі Жанат шығармаларындағы табиғат, экология мәселелері әлеуметтік жүк көтеретін соқталы дүниелер екенін айтуға тиіспіз. Адамның қолымен жасалған озбырлық жер мен суға, тау-тасқа түскен екі аяқтылардың аяуыз зорлығы, табиғат мінезі, бұлқынысы, қарсылығы адами ішкі жан дүниесімен арпалыса астасып көрініс береді. Тағы бір назар аударарлығы, жазушының кестелі көркем тілмен, халықтық болмыс бояуымен әрлеген сөйлемдері әлгі әлеуметтік жүктің ауқымын, танымдық мұратын одан сайын ұлғайта түсетіндей.

 

2. СӨЗ ӨНЕРІ

НЕМЕСЕ БИІК ПЛАНКА

  «Шілденің ыстығы жазда Үркердің жерге түсуімен басталса, қыс шілдесі сары аязда бітуі Үркердің төбеден аууына дәл сәйкес келеді. Ал Үркердің тууына байланысты «Лақ сүмбіле туды, лақ пісті» деген ұғым бар». Бұл – Жанат Елшібектің «Жетім жұрт» повесіндегі Торғын әженің өз немересі Саятқа айтқан әңгімесі. Жай ғана кейіпкер диалогында қаншама таным жатыр?! Ұғына білген адамға көңілге түйіп, құлаққа құйып алар тәлім көп.

Ал мына сөйлемдегі табиғат суретіне қараңыз: «Терістіктен тұрған мұздай жел ызғарлы күзден хабар жеткізгендей. Кешелі бері ескі жұрттың шаңын көкке көтеріп, бөлекше мінез көрсетуде. Күн жүзін тұм­шалаған түсі суық қорғасын бұлттар оқтын-оқтын көз жасын сығып алғанымен, қара дауыл екпінін басар емес. Қамыс біткенді, қурай біткенді ызылдатып, гөй-гөйге бастырған өңменнен өтер жылаңқы жел өршелене соғады».

Қара суықта бүрсең қағып, берекең кетіп, етек-жеңіңді қымтап, ықтасын іздеп тұрасың ғой кейде. Тура сол сәттегі көрініс айна-қатесіз санаңнан сүзіліп өтіп, көз алдыңа көлбеңдей қалады. Шеберлік пе? Әлбетте. Тегінде журналистикадан жазушылыққа бет бұрған біраз азаматтар бар. Олар да жазады, олар да хал-қадірінше сөзбен сурет салады. Бірақ қалыптасып кеткен журналистік сөз саптауынан толық арыла алмайды. Тымақты алшысынан кигізер жорға аттың үстінде шалқайып келе жатып, кенет жорға жүрісінен жаңылып қара желіске түсіп кеткенде дік-дік етіп,  іші-бауырыңды қозғайды ғой. Тура сол сияқты. Айтары жоқ, Жанат Елшібек шығармашылығы бірқалыпты, төрт аяғын тең басқан жорға жүрісінен еш жаңылдырмайды. Оның өзгешелігі де осында.      

Шағын мақалада Жәкеңнің бар қырын таразыға салып, құр сөзден шапан шапқалы отырғанымыз жоқ. Оның азаматтық тұлғасы, адам­гершілік болмысы, имани мінез-құлқы туралы баспасөз беттерінде сан алуан мақала басылып, көрер құрметі мен марапатын Жәкең баяғыда-ақ алып қойған. Дей тұрғанмен, майталман қаламгердің төменнен салсаң, төске озған, қыраттан салсаң, қияға өрлеген  шалымдылығын, күмбез көктің, қараңғы тұңғиықтың жымыңдаған «шамдарын» санаған жұлдызшыдай алғырлығын  айтпай кете алмайсың. Ең бастысы, көзі қарақты оқырман оны жақсы біледі.

«Астана ақшамы» газетінен  Жанат Елшібек туралы қысқаша  бір деректер оқып едім. Сонда жазушы қалам тартып, белсене қатысқан  газет-журналдар тізімі жарияланыпты. Құдай-ау, қарап отырсаң, Қазақстандағы бүкіл басылым атаулы қабырғалы қаламгермен желі тартып, байланысып отырған сияқты. Соның бәрінде автор атанып Жәкең қалай үлгеріп жүрген дейсің?! Бас шайқамау мүмкін емес.

Жетпіске жуық басылымда белсенді автор болған қаламгердің қалам қуаты қандай екенін осыдан-ақ пайымдай беріңіз. Әр газет-журналдың өзіндік бағыт-бағдары, көтеретін тақырыптары болады. Жәкең соған сай материалдар жазып отырған. Оның үстіне, олар – жай ғана қара сөздің, арзан ойдың желісімен туындаған дүниелер емес, әбден қайнауына жеткізіліп, көпшілігіміз біле бермейтін соны деректермен байытылып, тіл құнарымен суарылып жазылған  мақалалар. Оқырмандар бұған әбден үйрен­ген. Журналистің энциклопедиялық білім­ділігі болмаса әр салада, әр бағытта мұндай қызықты материалдар жазылар ма еді?!

 Біз білетін Жәкең Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының үш мәрте лауреаты атанды. Одан бөлек, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты болды. Журналистік ізденістері мен жазу­шылық қабілеті  қатар ұштасып, ондаған кітап жазды.  Байқасаңыз, мұнда да жазу­шы­ның әмбебаптық қасиеті, тақырыптық әралуан­дық, терең талдау, шебер суреткерлік, танымдық дүниелер алдан шығады.

Мәселен, «Жауқазын» – деректі повесть, «Студенттік меридиандар» – очерктер, «Сен білесің бе?» – танымдық туындылар, «Жоғалған теңіз» және  «Қош бол, теңіз» кітаптары – повестер мен әңгімелер, ­«Зерек» – танымдық ойындар, «Шағалалар жылай ма?» – көсемсөз, ойтолғақ, «Қарлығаш» – суретті кітапша, «Таным» – ғажайыптар мен қайран қалдырар қилы-қилы қызықтар, «Уақыт-сынап» –  әдеби портреттер мен эсселер. Сан түрлі жанр, әрқилы тақырып. Бәрі де оқырманның талабынан шығатын дүниелер. Жәкеңнің басқа да кітаптары әдеби ортада жақсы бағасын алды. Өнер қайраткерлері мен сөз зергерлері туралы «Сырлы әлем» кітабы, «Жаңғырық» роман-эссесі,  «Әлем көз тіккен Мекке» хикаят жазбасы хақында әріптестері мен сыншылар кезінде жылы пікірлерін білдірді.

Жазушының еңбекқорлығы мұнымен де бітпейді. Ол құрастырған кітаптар қаншама?! Мұнда да Жәкең өзі ұстанған принциптен еш тайған емес. Қызықты, танымдық, деректі дүниелерге негізделген заманауи дүниелерді топтастырып, екшеп шығаруға мұрындық болды.  Көптеген жинақтарға енді. Бір анық: үлкен жауапкершілікпен, ар мен ұятты жоғары қоя жүріп еңбек етті.

Осы жерде айта кетейік, қаламгердің «Қош бол, теңіз» повесі республикалық «Жалын» баспасының балалар мен жасөспірімдерге арналған жабық бәйгесінде жүлде алды. «Білім және еңбек» («Зерде») журналының лауреаты атанғаны және бар. Алматы облысының және Қаратал ауданының құрметті азаматы, Қазақстанның құрметті журналисі, ҚР Мәдениет қайраткері, Кемел Тоқаев атындағы журналистік сыйлықтың иегері болды. «Құрмет» орденін кеудесіне тақты. Ең бастысы ол өзін мойындата білді. Адам ретінде, азамат ретінде танылды.

Көрікті, шұрайлы өңір – Қараталдың бойында, Балқаш көлінің жағасында туып-өскен жазушы шығармашылығының  әсерлі, әрқилы, сұлу болып келетіні – табиғи заңдылық. Журналистиканың отымен кіріп, күлімен шыққан оның негізгі ғұмырлық ұстанымы «Лениншіл жас» – «Жас Алаш» және «Социалистік Қазақстан» – «Егемен Қазақстан» газеттерінде қаланғанын білеміз. Алғашқысынан сұлулықты құнарлы әдеби тілмен өрнектейтін суреткерлік мектебінен өтсе, екіншісінен көркемдеу және безендіру ісінің қазанында қайнады. Екеуінде де жүректің көзімен, ақылдың тезімен жан дүниесін байытты. Мұндай сыннан өткен жазушы-журналис­тің шығармашылық деңгейі төмен болуы мүмкін емес-ау! Әу бастан планканы жоғары қойған Жанат Елшібектің өмір өлшемі сол биік тұғырында қалды. Өзгелер қызығатын, өзгелер тәжірибе алатын, үйренетін өнегелі жол  – осы Жәкеңнің жолы. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома.  

Өмір шіркін шапқан аттай зуылдап алға жылжып барады. Кешегі  оқырманның көзайы­мына айналып, қызықтыра қалам сіл­тейтін жалындаған жас  журналист ­Жанат Елшібек – бұл күндері аталы сөз айтатын қаламгерге айналған, қазақ жур­на­листикасының қаранары. Қашанда қа­жырлы, байсалды, толымды дүниелері елең еткізеді. Тәуелсіздіктің жемісін, халқы­мыздың жеңісін  паш ететін, еліміздің әлем өркениетінің  керуеніндегі орнын, мерейі өскен қазақтың шаттығы мен қуанышын баяндайтын салиқалы еңбектер жаза бастады.

«Уақыт-сынап» атты кітабына үңілсеңіз, Жәкеңнің ендігі мақсат-мұратын айқын танисыз. Ол – жаңа Қазақстанның әр қадамын, әр биігін, әр белесін жүрегінен өткізіп, зерделі ойдың тұнығымен әрлендіріп, адамдарға, әсіресе, жастардың бойына Отанымызды, туған жерді қастерлеу, аялау сезімдерін сіңіретін соны еңбектерін ұсынуы. Ал бұған қалам ұстаған ағайындар қапысыз сенеді. Өйткені Жәкеңнің кеудесінде жанартаудай бұғып жатқан кесек-кесек айтылмаған соны ойлары қызықтырады.

 

Эпилог орнына

немесе калокагатия және

текстроверт

 

Біз – Жанат Елшібековтің кроссвордтарымен тәрбиеленген ұрпақпыз. Егер Жәкеңнің танымға деген талпынысы болмаса, қазақ өз дүниетанымының дәл қазіргідей деңгейіне жетер ме еді, жетпес пе еді? Жететін де шығар! Бірақ танымға деген бүкілхалықтық жаппай құштарлық дәл қазіргідей оянбай қалатыны сөзсіз еді. Осы тұрғыдан алғанда Жанат Елшібек шынында да ұлт ұстазындай көрінеді де тұрады. Айтары жоқ, алпысыншы жылдардың ортасынан бастап қазіргі күнге дейін менің бойымда белгілі бір эрудиция қалыптасса, ол Жәкеңнің еңбегі дер едім.

Олай дейтінім,  егер мен жас кезімнен Жәкеңнің кроссвордтары мен ребустарын шешіп үйренбегенде, қазір мен калокагатия, текстроверт және сол сияқты көптеген халықаралық ғажап сөздердің мағынасын білмей отырар едім. Құдайға да шүкір, Жәкеңе де шүкір, мен бұдан да зор сөздерді білемін. Кімнің арқасы? Әрине, кезінде кәмпит секілді құндылықтан кітап сияқты құндылыққа құштарлығымды арттыруға септігі тиген Жанат Елшібектің арқасы.

Адамның ішкі және сыртқы қасиетте­рінің гармониясына (калокагатия) жеткен Жәкеңе сансыз алғыс! Аузымен орақ орғаннан гөрі бойындағы бар қазынаны ғалымның хатындай қаттап қойған (текстроверт) Жәкеңе шексіз алғыс!

Қазақта адамның жасын екіге бөледі. 63 жасқа дейінгі кезеңді «қалжа жас» дейді. Ал Мұхамед пайғамбардың қайтыс болған жасынан кейінгі жасаған ғұмырын «олжа жас» дейді. Осы күндері 75 жасқа толып жатқан Жәкеңе тілегім: Олжа жасыңыз бен қалжа жасыңыз бірдей болсын! 126 жасаңыз!   

Шархан ҚАЗЫҒҰЛ 

972 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы