• Тұлға
  • 12 Мамыр, 2022

АҚСАҚАЛ АЙТҚАН АҚИҚАТ

Биыл заңғар жазушы М.О.Әуезовтің туғанына 125 жыл толады. Анда-санда студенттік шағымызда Мұхтар Омарханұлының туған жерінде болғанымыз, сонда ол кісінің балалық шағынан сыйлас досы болған бір ақсақалмен кездескеніміз еске түсетіні бар... 
Оқуға түсіп, институтқа келсем, маңайы мен ішіне дейін ­толып жүрген ығы-жығы халық. ­Содан қайда барарымды білмей, аңтарылып тұрғанда, абитуриент кезден білетін Қасымжан  Мырзаханов деген жолдас бала кезігіп, «Міне хабарландыру жазып қойыпты. Біздің 1-курс­та сабақ әлі басталмайды екен. Барлығымызды бір айға Абай ауданына ауыл шаруашылығы жұмысына жіберетін болыпты. 

Сонымен, біраздан соң 20-25 студент совхоздан жіберген үсті жабық газик машинасына отырып Абай еліне бет алдық. Расында жол жақсы екен. Әңгімені соғып, ойнап-күліп, әзілдесіп отырып Қасқабұлаққа қалай жеткенімізді білмей қалдық. Ол жердің ерекшелігі, заңғар жазушы М.Әуезовтің туған жері «Бөрілі» ауылына таяу жерде орналасқаны, арасы 3-4 шақырымдай болар, үйлері көрініп тұратын...

Жалпы ауыл шаруашылығы жұмысында жас­тар би билеп, өлең айтып, отырыс көңілді өтетін. Бұл келісімізге ауыл тұрғындары да үйренген секілді. Қыздар тұратын жатақхана алдынан музыка дауысы шыққаннан кейін маңына, бала-шағаны айтпағанда, ауылдың үлкендері де келіп отыратынды шығарды. Студенттер де олармен ана-мынаны айтып әңгімелесіп, шүйіркелесіп отырамыз. Әсіресе үй іргесіндегі орындықта жанымызда отырған ақсақал көп әңгіме айтатын.

Бастапқыда, «бір ай уақытымыз қалай өтер» деп ойласақ, кейін бір қарағанда жапан даладай болып көрінетін өңірде де қайнаған тіршілік барын бағамдап, қалаға қайтатын кезде үйреніп қалған жерімізді, бауыр басып қалған адамдарды қимайтындай хал кештік. Дегенмен межелі уақытта келіп, барлығымыз «Қасқабұлаққа» жеттік. Совхоздың кеңсесінде бізге бухгалтерия бір ай бойғы жұмысымыздың есеп-қисабын шығарып жатқанын, оны бітірген соң кассадан жалақымызды алып, түстен кейін арнайы автобуспен қалаға апаратындарын жеткізді.

Бұл жағдайды естіген соң, бізді алып келген бригадиріміз барлығымызды тамақ ішуге үйіне шақырды. Бір ай бойы басшымыз болған адамның үйі жақсы әсер қалдырды. Дегенмен менің мәңгілік есімде қалғаны сол үйдің төрінде жантайып жатқан ақсақалдың аузынан шыққан сөздері болатын. Біз төргі бөлмеге кіргенде, көрпеше үстінде жастыққа жантайып демалып жатқан ақсақал, біздің сәлемімізге ишара білдіре, басын көтеріп, еңсесін тіктеп отырды. Қарияның бригадирдің әкесі екені белгілі болды.

Бір кезде ақсақал отырып:

– Иә, қарақтарым, анау сендердің бастықтарың Әбділманның Уәлханы (біздің институттың ректорын айтқан екен) осы ауылдың баласы ғой. Олардың ата-бабаларының жері мына іргедегі Бөрілі, Қанайдың маңайы. Ол көз алдымызда өсті. Жастай әкеден айырылып, жалғыз шешесі арқалап өсірді, адам қылды. Әйтеуір, оқу, оқу деп Семей, Алматы кетті. Міне, сол оқудың арқасында үлкен бастық болып отыр.Барғанда көрсеңдер сәлем айтыңдар.

Бұл кезде біздің арамыздағы бір пысықтар:

– Айтамыз ақсақал, айтамыз деп бас шұлғыды.

Бір кезде ақсақал тағы сөз бастады:

– Сендердің «Бөріліні» көргендерің бар ма?

– Иә, ақсақал онда біз бардық, – деп мен және қасымдағы бірге барған Назымбек, Сержан деген жолдастарым жауап қатты.

Аздап ойланып қалған ақсақал сәлден соң:

– Сол «Бөріліде» Мұхтар Әуезов туғанын білетін боларсыңдар. Ол біздің де ата-бабамыздың жері. Мұхтармен бала кезден бірге ойнап өстік. Бозбалалық, жігіттік шағымыздың небір қызықты күндерін өткізген қасиетті жер ғой ол. Осыдан 13 жыл бұрын Мұхтар қасында қаншама адам бар, тойлатып Қарауылға, одан Қасқабұлаққа келгенде кездесіп, бір жасап қалған едік. Осындағы елдің бәрі есі шығып, «Мұхтар келді» деп бір мәз-мейрам болған едік. Одан беріде талай су ағыпты. Сонау Алматыда жүрсе де бала күнгі досы мына мені ұмытпай, хат жазып жатады. Кейде сәлем-сауқат та жіберіп жататыны бар, – деді ақсақал.

Бұл сөзден кейін бөлмеде тыныштық орнағандай болды. Шынында ақсақалдың мына сөзіне не дерімізді білмей отырмыз. Өйткені бала кезімізден, мектептен Мұхтар Әуезов туралы талай естіп, шығармаларын оқып өстік. Қазақ әдебиетінен сабақ берген аяулы Ғарифа ­Файзуллина ұстазымыз «Абай жолы» эпопеясынан шығарма да жаздырғаны бар еді (ол кезде романдағы ру тартысы, жер үшін қақтығыс, Қодардың өлімі, Құнанбай мен Абай арасындағы қатынас және т.б. шытырман жағдайларға, расын айтқанда, көпшілігіміздің түсінетіндей дәрежеміз төмендеу екенін байқағандай едім – Ө.С.). Одан қалды, «Көксерек», «Қорғансыздың күні» атты әңгімелерін оқығанымыз, «Абай жолы» пәленбай шетел тілдеріне аудырылған, «Мұхтар аға атақты сыйлықты алыпты, Америка, Индия, Жапонияға барыпты» дегендері аңыз сияқты болып, «Қараш-қараш оқиғасы» повесі бойынша түсірілген «Выстрел на перевале Караш» кинофильмін бертінде ғана көргеніміз бар. Ал мына төр алдында отырған шүйкедей ғана ақсақал «Мұхтар бала кезімнен бірге ойнап өскен досым еді, тіпті Абайға келгенде мені іздепті...» деген сөздеріне біртүрлі сенімсіздеу тыңдап отырғанбыз.

Сөйтіп, біз аңтарылып отырғанда ақсақал арамыздағы екі-үш жігітті көрсетіп:

– Мына балалар кейін директор, үлкен бастық болады, – деп үн қатты.

Ол кісі қаратып айтқан жігіттің біреуі, өзім жақсы білетін, бір звенода істеген Сержан болатын. Мақтағанды кім жек көреді. Сержан болса, басын шалқайтқандай, қолын кең маңдайына апарып, көмірдей қара бұйралау келген шашын артқа бір сипап өтті. Ол расында қараторы келген өткір көзді, кеудесін тік ұстап, ойындағасын күл­бе­лектемей айтып салатын, бір қарағанда паң, се­­рілеу жігіт сияқты көрінетін. Сол кезде онымен бір айы бойы етене араласып, достасып кеткен, қал­жыңы жарасып жүрген Назымбек деген сары жігіт:

– Оу, ақсақал. Сіз көрсетіп отырған мына Сержан сонау Ақсуат ауданының түкпіріндегі Қытайға таяу таза қазақ ауылынан келген. Бір ауыз орысша білмейді. Директор болу деген қайда оған, – деп күлді.

Бұл сөзге аздап қызарақтып қалған Сержан «оны әлі көрерміз» деп бір шалқайып қойды.

Ақсақал келесі бір қолымен нұсқаған ­Сапарбек деген жігіттің Павлодар облысынан екенін білетінбіз. Ол өзі бойы аласалау келген, сары бала болатын. Бірақ іс-қимылы ширақ, сөзге, әсіресе орысша сөйлегенде көмейі бүлкілдейтін еді...

Сөйтіп, ет жеп, сорпасын сораптап, шай ішіп болған соң, ақсақалмен және басқа үй ішімен қоштасып, әбден риза болған біз, совхоздың кеңсесіне келген едік. Бухгалтерия сөздерінде тұрып, есеп-қисапты келістіріп, біздің бір айғы жұмыста тапқан табысымызды тізімдеп жазып қойыпты. Жағалай кассаға кезекке тұрып, тиісті ақшамызды санап алдық. Байқап қарасақ, алдымыз 90-100, ал соңғыларымыз 50-60 сомның маңайында ақша алыппыз. Бұл дегеніңіз ол кезде студент үшін көп-көрім ақша.

Сонымен, Қасқабұлақ-Бөрілі-Тазабек-Шошқалы бағыты бойынша іссапар, жұмысымыз аяқталып, біраз есейіп қалғандай күйде жүрген біз қалып қоятындай автобусқа топырлай мініп, сондай бір жадыраңқы көңілмен Семейге қарай жолға шыққан едік...

Уақыт деген зымырап өте береді ғой. Студенттік өмір де артта қалып, 1975 жылы институтты бітірген соң, бес жыл бірге жүрген достармен де қоштасып жан-жаққа аттандық. ­Назымбек үй жағына – Павлодар облысына кетті. Сержан туған жері Ақсуатта жүріп жатты. Алдымен ­зоотехниктен бастады. Ферма меңгерушісі болып жүріп, ұйымдастырушылық қырын байқаған басшылар аудандағы ірі шаруашылықтың бас зоотехнигіне тағайындады. Қаншама қойы мен жылқысы бар совхозда абыройсыз болған жоқ. Ондағы іскерлік, келешекті болжай білетін қабілетін байқап, аудандық атқару комитеті төрағасының жоспарлау мәселелері бойынша орынбасары қызметіне жоғарылатылды.

Сержанмен телефонмен сөйлескенде, кейде жолыққанда қал-жағдайын сұрағанда айтатыны:

– Біз сол, баяғыда Мұхтар Әуезовтің досы болған «Қасқабұлақтағы» ақсақалдың айтқанымен жүріп келе жатқан, – деп күлетін.

Бұл кезде мен ойланып қалатынмын. Расымен, кейде сондағы ақсақалдың сөз саптасы, айтқан сөздері арагідік есіме түсетін. Сонан соң Сапарбек ойға келеді. Институтта Сапарбекпен де дос болдық. Жұбымыз жазылмады деуге болады. Еркін күреспен айналысқан ол қала, облыс чемпионы атанды. Талай республикалық жарыс­тардан жүлдемен оралды. Спорт шеберлігіне кандидат атанды. Бірақ оқуға бөгеті барын байқаған соң, кілемнен ертерек кетті. Диплом алған соң Сапарбек те туған жері Павлодар облысына бет алды. Қызметі жемісті болды. Қала іргесіндегі Мичурин атымен аталатын шаруашылықтың директоры болып та істеді. Өмірінің кейінгі жылдары ол Павлодар облыстық қарттар үйінің директоры болып қызмет атқарды.

Достардың тағдырына қатысты осы жағдайлар еске оралғанда менің ойыма ылғи да сол ақсақалдың айтқаны түсетін. Сол жолы М.Әуезовтің досы болған қария ас қайырып, бізге бата берген еді.

Бертінде ол білместіктің орны толып, қаншама жылғы олқылықтың қалпына келген сәті де туған еді. Сонау студенттік шақтан танитын, пединститутты бітірген, ал бертінде көршілес үйде тұратын белгілі суретші, бейнелеу өнерінің шебері Нұрбұлан Өтепбаев деген азамат бар-тұғын. Негізі Абай жерінен. Оның құдай қосқан жары Әдиямен мектепте бірге оқыған едік. Сөйтіп, араласып, құраласып дастарқандас болып жүрген, оған қоса бір университетте қызмет етіп, шығармашылық тұрғыдан да ұдайы пікірлесіп жүретін Нұрбұлан дос, институтты бітірген соң «Қасқабұлақта» мектепте мұғалім болғанын білетінмін. Содан көптен көкейде жүрген сұрақты реті келген бір күні оған қойдым. Нұрбұлан ол жерде екі-үш жыл ғана жұмыс істесе де, сол кезде бригадир кім болғанын есіне түсіре алмаса да, мәселенің байыбына барып, «Сен айтып жүрген кісі – Тілеке Орынбаев» деп тұжырым жасады. Сонан кейін өз пікірінің дұрыстығына көз жеткізу үшін «Қасқабұлақтағы» туыстары, дос-жарандарына хабарласып, біз көрген М.Әуезовтің досы болған адам Тілеке Орынбаев екеніне шүбә келтірмейтіндей дәлелдерді жеткізген еді.

Сонымен, біздің біраздан бері ойымызда жүрген сұрақ шешімін тапқандай болды. ­Дегенмен ғалым болған соң ол кісі туралы жазба деректерді іздеген де жөн деген қорытындыға келдім. Іздеген адамыңның аты-жөні белгілі болған соң, ол туралы ақпарат табу жеңілдеу болады екен. Әдебиеттерді қарап отырсам, әсіресе Мұхтар Әуезовтің 1957 жылы 60 жасқа толар шақта туып-өскен жеріне келгендігі туралы жазбаларда деректер бар екен. Соның ішінде сол жолы елге шыққан Мұхаңмен сапарлас болған Семей облыстық үгіт-насихат бөлімін басқарған Ф.Ғ.Халитованың естелігінде, белгілі жазушы Кәмен Оразалиннің «Абай ауылына саяхат» атты кітабында кездесті.

Жазушы «Қасқабұлаққа» келгенде, талай бәйгеде топ жарған жирен төбел атты жерлестері ер-тоқымымен сыйға тартыпты. Бәйге атына мініп, біраз уақыт жерлестерінің арасында қошеметіне бөленген соң Мұхтар аға бәйге жиренді өзінің бала жасынан бергі досы, талай сәйгүліктерді баптап аты шыққан Тілеке ­Орынбаев ақсақалға беріп: «Иесі өзіңсің, бірақ менің атымнан қоса бер. Ал үстіндегі бала әрқашанда бәйгеге шапқанда «Абай, Абай» деп жар салып, ұран тастайтын болсын!» ­деген екен. Сол жылғы күз айында (қараша) Кәмен Оразалин Алматыға барып қайтқанда Мұқаңның елге жіберген аманаттарын да ала келіпті. Қасқабұлаққа келіп жазушының хатын табыстағанда, Тілеке ақсақал хатты өзі дауыстап оқып беріп, ал оның көшірмесін Кәмен аға сақтап қойған екен. Кейін ол хатты жергілікті жазушы баспасөзде жариялапты:

«1957 жыл, 16 ноябрь.

Құрметті Тілеке!

...Қозыжирен бәйгеден келгенін біз мұнда да көп адамға білдіріп қызықтадық. Енді өзіңе кәрі өнерің, еңбегің үшін, мен сый жіберем деп Мұстафинге телеграмма соғып едім. Мына Кәменнен сол сый деп мың сом ақша жібердім.

...Ал енді өзің саулықты мығым болып, Қозыжиренді қоса бер. Тек атты менікі деңдер. Ал үстіндегі бала әрдайым «Абай» деп ұран шақырсын. Бәрімізге ортақ ең асыл аруақ қой...

( Мұхтар Әуезов. К.Оразалин, Семей таңы. 13.12.1967).

Міне, Мұхтар Әуезовтің бала кезгі досы Тілеке Орынбаевпен заңғар жазушының сыйластығы, бір-біріне құрметі қаншама жыл өтсе де, тағдыр тезіне төтеп беріп, асыл адамгершілік, адал азаматтықтың, нағыз шынайы достықтың үлгісі ретінде, елге өнеге боларлық қасиет дер едім.

Ал кезінде тағдыр жазуымен, Тілеке ақсақал­мен жолығып, батасын алуымыз, ұлы Абай туған Қасқабұлақта, Мұхтар аға дүниеге келген Бөріліде болуымыз, жас өрім бізге, белгілі бір мөлшерде болашақ ғұмырымыздың саналы өрбуіне септігін тигізген болар деп ойлаймын.

Өмірзақ СҰЛТАНОВ,

С.Бердіқұлов атындағы

сыйлықтың лауреаты

1119 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы