• Руханият
  • 12 Мамыр, 2022

ҚАЗАҚСТАН ГАЗЕТІ: ЖУРНАЛИСТЕРГЕ КЕРЕК ЖИНАҚ

Елордамыздағы Ұлттық академиялық кітапханада белгілі журналист Төлен Тілеубайдың «Цифрлық жолайрық: Қазақстан газеттерінің бүгіні мен ертеңі» атты жаңа кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.  ҚазАқпараттың хабарлауынша,  «Mazmundama» қоғамдық қоры баспаға дайындаған оқу құралы 1000 данамен ­басылып шықты. Туынды журналистика, PR мамандықтары бойынша оқитын студенттерге, магистранттарға, докторанттарға, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен ғылыми қызметкерлерге, медиа коммуникация мәселелері қызықтыратын көпшілікке арналған.

«Төлен Тілеубайдың «Цифрлық жолайрық: Қазақстан газеттерінің бүгіні мен ертеңі» ­деген кітабы – зерделі еңбек. БАҚ саласы қызметкерлері мен журналистика факультеттерінің студенттері үшін де ­керек кітап! Шын мәнінде біз жолайрықта тұрмыз: қазақ газеттері бола ма, жоқ бордай тоза ма? ­Жауабын білгіңіз келсе Төлен Тілеубайды оқыңыз! Болашаққа болжам жасау қиын, әрине. Алайда Төлен бүгінгі және алдағы 20-30 жыл көлемінде Қазақстан газеттерінің болашағына болжам жасайды. Еңбекте әлемдік ­медиасфера мысалдары сәтті сарапталған. Автор оқулық құралын өзекті мәселеге арнай отырып, дүниежүзіндегі БАҚ проблемаларын жіліктеп талдайды. Бүгінгі күн биігінен келешекке көз жүгіртеді. Қазақ тілінде мұндай оқулық құралдары аз. Сол олқылықтың орнын толтыруға ­деген талпынысы орайлы шыққан», – дейді ҚР Парламенті Сенатының депутаты, журналистика академиясының академигі Нұртөре Жүсіп.

Журналист-жазушы Жадыра Шамұратова бұл отандық баспасөздің ­проблемаларын сергек санамен санамалап, келешегіне көз салған, даму үшін қандай қадамдар жасалуы тиіс деген сұраққа ­жауап іздеген еңбек деген пікірде. «Автор бүгінгі БАҚ-қа цифрлық технологияның әсерін талдай отырып, баспа БАҚ-тың өз форматын, мазмұнын өзгерту керектігін айтады. Кешегі жаңалығың бүгін ескіріп қалып жатқанда, баяғыша ақпарат береміз деу шынымен де алға бір қадам аттамай, бір орында тұрып қалумен бірдей. Отандық баспасөз оқырманын жоғалтпау үшін жаңа заманға ілесіп отыру керек, ал ол үшін әр басшының, редактордың, әр журналистің медиабәсекеге төтеп бере алатындай дайындығы болуы керек деп ой ­айтады автор. Демек, эрудициясы жоғары, ­сауатты журналист өзінің тек ойлы мақала жазып, ой айта алатындығына сүйенбей, ситуацияға баға беруде осы қоғамға жаны ашитын азамат ретінде позиция ұстана отырып, сонымен бірге цифрлық медиа тілін меңгерген, мультимедиа, графика тағы да басқа әдістерді толық меңгерген болуы, бір сөзбен айтқанда ақпарат майданына «жеті қаруын асынып» шығатын нағыз жауынгерге айналуы тиіс. Кітапта одан бөлек, классикалық модель дағдарысы, блогинг феномені туралы жазылған тараулар танымдық жағынан қызықты жазылған. Сондай-ақ нарық ­заманында қазақ басылымдарының қандай кепті бастан кешкенін зерделенеді, бұл бізге жақындау, түсінікті тақырып», – дейді Жадыра Шамұратова.

Оның пайымдауынша, әлеуметтік желілер басымдық алды, жұртшылық баспасөз оқығаннан бүкіл жаңалықты инстадан білгенді жөн көретін болды. Бірақ ешқандай жауапкершілік алмайтын әлеуметтік медианың жеке адамды депрессия мен ішкі үрейге әкелетінін көріп те отырмыз. «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігі «ELORDA AQPARAT» ЖШС-нің қолдауымен ұйымдастырған тұсаукесерге Парламент депутаттары, еліміздегі БАҚ басшылары, зиялы қауым өкілдері, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері және оқырмандар қатысты.

503 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №10

10 Наурыз, 2022

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы