• Қоғам
  • 12 Мамыр, 2022

МЕМЛЕКЕТ ПЕН ҚОҒАМ АРАСЫНДАҒЫ ТИІМДІ ҚАДАМ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында сөйлеген сөзінде Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жобасын республикалық референдумға шығаруды ұсынды. Сонымен, референдум 5 маусым күні өтетін болды. 
Ашығын айту керек, алғаш рет конституциялық реформа бүкілхалықтық тікелей дауыс беру арқылы жүзеге ­асатын болады. Бұл оның жалпыұлттық сипатын көрсетеді. Алдағы конституциялық реформа билік тармақтары арасындағы қарым-қатынас тепе-теңдігін оңтайландырады, халықтың мемлекетті басқару ісіне араласуын ұлғайтады, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды күшейтеді. Бұл – мемлекеттік модельдің жүйелі ­трансформациясы. Сондықтан аталған референдум ескі модельден түпкілікті бас тарту және саяси жүйені қайта жаңғырту үшін қажет.

Аягүл МИРАЗОВА,Еңбек Ері:

БІРЛІГІМІЗДІ АЙҚЫНДАЙТЫН КҮН

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 5 маусымда республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Сондықтан Конституцияға реформалар енгізу қажет екенін халық толық түсінеді деп ойлаймын. Бұл бірлігімізді айқындайтын, айтулы саяси күн деп есептеймін.

Жаңа Қазақстанды құру жалғыз Мемлекет басшысына ғана қажет емес. Оған Қазақстанның бүкіл халқы қатысып, саналы түрде ұғынып, өзінің іс-әрекетімен, еңбегімен үлес қосуы керек. Қазір Ата Заңға көп өзгеріс енгізіліп жатыр. Мұның барлығы халқымыздың, азаматтардың мүддесінің, құқығының лайықты қорғалуына кепіл болатыны сөзсіз.

Біз бірлігімізді сақтап, әрбір азаматтың бойындағы, іс-әрекетіндегі адалдық, мәдениет секілді абыройлы қасиетін дамытып, өзімізге көп мән беруіміз керек. Ата Заңымызға өзгеріс енгізілейін деп жатқаны өте қажет әрі қуанышты жағдай деп есептеймін.

Ел Президенті реформа жасау халықтың келешегі үшін қажет екенін атап өтті. Көпірме сөз, бос уәдеден аулақ болып, көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын оң өзгерістер қажетін ескертті. Мәселені ашық айтып, оны шешудің оңтайлы жолдарын бірге іздеуіміз қажеттігін атап көрсетті. Сондықтан референдум өткізуге бәріміз бір кісідей атсалысып, белсенділігімізді көрсетіп, елімізге, жерімізге, халқымызға жанашыр екенімізді, болашағымыз толғандыратынын, өзіміздің ниет, пейілімізді дұрыс бағытқа қарай өзгерту қажеттігін, осының бәрін саналы түрде істеу керегін түсінуіміз керек. Осы орайда халық өз таңдауын жасап, талапқа сай бірлігімізді,  біртұтас екенімізді көрсетеді деп ойлаймын. Бәрі сәтті болсын! Өсіп келе жатқан ұрпағымыз еліміздің байлығына да, барлығына да ие болуы үшін Ата Заңымыз өміршең болғанын тілеймін!

Дүкен МӘСІМХАН, Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану

институтының директоры:

ЗАМАН ТАЛАБЫНА  САЙ ӨЗГЕРІСТЕР

Жалпы өркениетті әлемде Ата Заң сол елдің азаматтарының бостандықтары мен құқықтарына кепілдік беретін, бағыт-бағдарын айқындайтын басты құжат. Тәуелсіз қазақ елінің алғашқы Конституциясы 1993 жылы қабылданды. Оған 1995 жылы референдум жарияланып өзгертілді. Мұндай өзгерістер уақыттың сынына, азаматтардың сана-сезімінің өсуіне, замананың талабына байланысты. Сондықтан Конституцияны қайта қарау қажеттілігі туып отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев өте дұрыс шешім қабылдады. Референдумға әр азаматтың өзі қатысқаны дұрыс. Себебі халықтың күнделікті тірлігінен бастап болашағына қатысты мәселелер шешіледі. Демек, жалпыұлттық референдумды демократиялық қадам деп бағалау керек. 

Ал енді енгізіліп отырған өзгерістерге келсек, жер – елдің, мемлекеттің тағдыры. Жерсіз мемлекет болмақ емес. Бұрынғы Конституция бойынша жер – мемлекеттің меншігі делінсе, ендігі өзгеріс бойынша ол халықтың меншігі. Бұл заңды әрі әділетті шешім. Өйткені мемлекет қанша дегенмен әкімшілік ресурс. Билік институттары жерді оңды-солды өзгеріске сала берсе, халықтың тағдырына әсер етеді. Жер қай-қашанда халықпен кіндіктес. Демек, бұл орынды бастама.

Сондай-ақ супер-президенттіктен бас тартып, Парламенттің ықпалын арттыру да ел күткен өзгерістердің бірі. Президенттің еш қандай саяси партияға мүше болмауы да саяси өміріміздегі үлкен оқиға деуге болады. Сол секілді Президенттің отбасы мүшелерінің, жақын тумаларының лауазымды қызметке тағайындалмауы тиіс деген де елдің көңілінен, ойынан шығып отырған жаңалық. Менің ойымша, мысалға облыс әкімі болса, сол облыстың аумағында жақын тумалары лауазымды қызмет атқармағаны абзал.

Бұрын бізде Конституциялық кеңес деген болды. Ол ақыл-кеңес берумен шектеледі. Ұсыныстар айтуы мүмкін. Түпкілікті сот ретінде шешім шығара алмайды. Қоғамымызда Жоғарғы Сотқа дейін барса да, әділдікке қол жеткізе алмай жүргендер аз емес. Осы тұрғыдан келгенде адамдар өздерінің Конституциялық құқығын Конституциялық сот арқылы қорғайтын жағдайға жетеміз. Сондықтан замандастарымды, отандастарымды 5 маусым күні белсенді дауыс беруге шақырамын әрі солай боларына сенемін.

 

Марат МӘЖИТОВ, «Застава тарландары» республикалық қоғамдық ұйымы

Алматы қалалық филиалының төрағасы:

РЕФЕРЕНДУМ САЯСИ ҮДЕРІСТІ ЖЕДЕЛДЕТЕДІ

Мемлекет басшысы 5 маусым күні жалпыхалықтық референдум өтетіні туралы Қазақстан халқына Үндеу жолдағаны белгілі. Конституциялық реформа – Президенттің наурыз айындағы Қазақстан халқына Жолдауында айтылған саяси реформалар бағдарламасын жүзеге асыру үшін қолға алынған маңызды іс-шара екені анық. Бұл – Жаңа Қазақстанды құруға бағытталған қадам. Бүгінде елімізде болып жатқан ­саяси реформалардың басты тетігі ретінде конституциялық өзгерістерді Президенттің өзі ұсынғаны белгілі. Бұл жерде Мемлекет басшысы халық тарапынан туындайтын барлық мәселені ескеріп отырғанын байқауға болады. Бүгінгі таңда Президент өзінің саяси реформаларына қатысты жаңа бағдарламасын ұсынды. Оның негізі – қоғам тарапынан туындайтын мәселелерді қалтарыста қалдырмау. Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші кезекте суперпрезиденттік биліктен ықпалды Парламенті бар президенттік билікке өтетін түпкілікті шешімді нақтылады. Бұл идея Қазақстан халқының да көкейіне қонады. Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың бәрі өзара ­байланысты. Атап айтқанда, мынадай үдерістерге құқықтық негіз қалыптастыруға арналған:

Суперпрезиденттік басқару үлгісінен президенттік республикаға түбегейлі көшу; Бірқатар билік өкілеттігін қайта бөлу; Парламенттің рөлін күшейтіп, мәртебесін арттыру; Елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейту; Азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіру.

Алдағы уақытта  Қазақстанның жаңа ережелері бекітілетіні белгілі болды. Мұның барлығы Ата Заңымыздан басталып, нәтижесінде Конституцияның 33 бабына өзгеріс енгізу арқылы алдағы уақытта 20-дан астам заң жаңаша редакцияланатыны анықталды. Сол арқылы еліміздегі саяси жүйе мен саяси  басқарудың қайта құрылуы жүзеге асады. Сондықтан да Президенттің 5 маусымға белгілеген референдумы Жаңа Қазақстанның адам құқын қорғайтын, сайлау құқықтары кеңейтілген алғышарттар негізінде іске асады.

Конституциялық реформа билік тармақтары арасындағы қарым-қатынас-тың тепе-теңдігін және оңтайлы болуын қалыптастыратыны байқалады. Сондай-ақ президенттік институттың барынша дербес болуын қамтамасыз ететіні көрінеді. Атап айтқанда Ата Заңымыздың 43-бабына 3-тармақ қосылады. Онда Қазақстан Республикасының Президенті өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде саяси партияда болмауға тиіс деп көрсетілген. Осы өзгеріске сәйкес Конституциялық Соттың, Жоғарғы Соттың және өзге де соттардың төрағалары мен судьяларына, Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық палатасының төрағалары мен мүшелеріне де осындай тыйым салынады. Соның нәтижесінде саяси бәсеке артып, барлық саяси партияны дамытуға бірдей жағдай қалыптасады, дербес әрі әділ шешім қабылдауға жол ашылады деп күтілуде.

Облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдерінің құзіретке ие болу тәртібі де едәуір өзгеретіні нақтыланды. Конституцияның 87-бабы 4-тармағының жаңа редакциясына сәйкес енді оларды Президент облыс аумағында орналасқан мәслихат депутаттарының немесе республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихат депутаттарының келісімімен тағайындайтын болды. Бұл ретте Мемлекет басшысы кемінде екі кандидатура ұсынып, дауысқа салады. Дауыс беруге қатысқан депутаттардың көпшілігінің дауысына ие болған кандидат келісім алған болып саналады.

Осылайша, жергілікті билікке қатысты Президенттің өкілеттігі азайып, ол мәслихаттардың рөлін айтарлықтай арттыру арқылы өңірлік деңгейдегі әкімдердің қолына жинақталады.

Конституцияның жаңа 83-1-бабының нормалары Адам құқықтары жөнін-дегі уәкілге иммунитет береді екен. Ол азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғау кезінде қандай да бір өзге мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғаларға тәуелді болмайды. Тек өз жұмысында Конституциялық Сотқа жүгіне алады. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің құқықтық мәртебесі мен қызметін ұйымдастыру Конституциялық заң арқылы айқындалады. Осылайша, конституциялық реформа азаматтардың елді басқару ісіне қатысу мүмкіндігін арттырады және саяси үдерістерді шын мәнінде демократияландырады.

1141 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы