• Тұлға
  • 12 Мамыр, 2022

КЕНЖЕ ҰЛДЫҢ БИІГІ...

Қарагөз СІМӘДІЛ

«Ana tili»

«Бай, қуатты болайық!». Қазақ журналистикасында жеке сүрлеу салған Нұртілеу Иманғалиұлы эфирден осылай қоштасып жүрген шақта біз бала едік. Кітап пен ­газет-журнал, теледидардың «оқуын» қатар сіңіріп өскенде ­газет-журнал, теледидардағы аға-әпкелеріміз сынды журналист болуды армандадық. Олардың өте сирек беретін шағын сұхбатын оқи қалсақ, әлгі газеттің қиындысын ұқыптап кесіп алып, альбомға жапсырып қойып, солардың өмір тәртібін үйренуге тырыстық. Демек, белгілі бір тұрғыда көзбен көрмесек те алтын аралық: газет, журнал, кітап пен теледидар арқылы олардан тәлім алдық. Журналистика факультетінен түлеп ұшып, өзіміз де осы әлемге етене араласа бастаған шақта бір кездері үлгі болған аға буын әріптестерді көргенде қуана амандасып, жазған-сызғанымыз туралы бір ауыз пікірін естісек мерейіміз өсіп-ақ қалатын. 

Тілші, редактор, аға редактор, комментатор, бас редактор, ­саяси шолушы, директор орынбасары, Басқарма төрағасы қызметтерін атқарып, қазақ телевизиясында, образды түрде айтсақ, қатардағы жауынгерден бастап, бас қолбасшылыққа дейінгі міндеттерін толық атқарып шыққан Нұртілеу Иманғалиұлы елу жылға жуық ғұмырын осы саланың бары мен жоғын түгендеуге жұмсаған тұлға.

Осыдан жеті жыл бұрын Нұртілеу Иманғалиұлы­ның туған өлкесі Ақсу ауданына әріптестермен барған едік. Сол сапардағы және одан кейінгі кездесулердегі бірқатар жайт, тағылымды әңгіме әлі есте...

Сол сапарда он төрт баланың кенжесі болып өскен Нұртілеу Иманғалиұлы туған жер мен қара шаңырақтың да қуанышы мен қасіретін қатар әңгімелеген. Ол әңгіме кейінірек «Қазақ әдебиеті» газетіне сұхбат болып та шықты: «Мен өскен шаңырақтың үлкенді-кішілерінен қазір туған әпкем Дәрия екеуміз ғана қалдық», – деп мұңайып еді: «Әкем мен шешем туралы таңды-таңға ұрып айтуға бармын. Нұртілеу Иманғалиұлы болып қалыптасуым үшін әкем мен шешемнің тәрбиесі зор болған шығар. Әйтсе де, атам мен әжемнің сіңірген еңбегі тіптен мол екенін айтуым қажет. Бүгіндері көптің арманы болған ата институтынан да, әже институтынан да жақсылап толығып, толысып шықтым деп ойлаймын. Атам Қалиасқар марқұмды әулетіміз ғана емес, күллі аудан құрмет тұтты. Жиын-тойдың құрметті қонағы болатын. Әңгіме-дүкен құрылар жерге атаммен ілесе барып, тізесіне басымды қойып, талай нәрлі әңгімені тыңдап өстім. Талай тойға ояу барып, үйге ұйықтап келген кезім көп болды. Күліш әжем де қаражаяу кісі емес еді. Емшілігі бар, шөп жинайтын, шөппен емдейтін. Ауылда ол кісі дүниеге әкелуге көмектескен балалардың көпшілігі әлі тірі. Той-томалақта екі ауыз өлең құрап, айтыса беретін», – деп еді.

Біз Ақсуға жол тартқан уақыт Алматы–Талдықорған аралығын, одан әрі Шығыс Қазақстан облысын жалғайтын күре жолдың жартылай бітіп қалған тұсы. Бірде тақтайдай түзу, бірде бұралаң-бұлтарысы көп, яғни ойқы-шойқы жолда көлікте кетіп бара жатып қазақ телевизиясындағы ағалар, әпкелер өнегесін Нұртілеу Иманғалиұлы көп айтқан-ды. «Камал Смайылов, Совет Мағзұмов, Қажым Қорғанов, Сұлтан Оразалин, Ғаділбек ­Шалахметов, Сағат Әшімбаев, Ғұсман Игісінов, Фатима ­Бегенбаева, Әділбек Тауасаров, Галина Күзембаева, Ыдырыс Қасымов, Рабиға Естемісова, Шырын Бағышева, Клара Қорғанова, Шолпан Баймолдина, Александр Пономарев, Рубикжан Яхин, Асқар Бапышев, Светлана Яковенко сынды әріптестермен қатар жүріп жұмыс істедік. Көбі жөпелдемде еске де түсе қоймас. Алайда аттары аталған-аталмаған тұлғалардың әрқайсы қазақ телевизиясы үшін үлкен еңбек сіңіріп кетті. Өзінен бұрынғыларды мойындағысы келмейтін жастарды көрсем жастық кеуде ғой деп күлем де қоямын. Алдыңғы буынның үлгісін алуға құштар жастарды байқасам, ағалар мен апалар өнегесі жүрегіне ұяласын деп тілеймін», – деп еді Нұртілеу Иманғалиұлы.

Ол кез қопарылып жатқан жолдың көңілсіз келбетіне Жетісудың құнарлы топырағында жайқалып өскен жасыл желек әр бергісі келгендей күздің сан алуан түсін айқындай көрсетіп, құлпырып, жайнап тұрған болатын. «Толық жөндеуден өткен соң Ақсуға жол қысқарады, тақтайдай түзу жолмен көзді ашып-жұмғанша жетіп барамыз ендігіде», – деп еді Ақсуын перзенттік жүрегімен елжірей сүйген ағамыз. Туған жерінің төл перзенті өз еліне жақындаған сайын көңілі алып-ұшып, өлкесінің әр тасын ерекше сүйіспеншілікпен таныстырып, құрмет көрсеткен-ді...

1930 жылдары құрылған, Алматы және Талдықорған облыстары біріккен уақытта, бұрынғы үш ауданның жерін бір өзіне біріктірген Ақсу елі. Алаш арыстарының ерекше құрметіне бөленген, қазақтың маңдайалды ұлдарының бірі – Маман қажы атындағы байырғы мектептің өнегесін сіңірген ғажайып өлке. Біләл Сүлеев, Ілияс Жансүгіров сынды ұлт арыстарына білім берген Маман мектебінің дәстүрі сақталған мекен. Қазақ романына қазақ арасында тұңғыш бәйге өткізген Маман ұрпағы екенін еске алсақ, бұл жердің қазақ руханияты үшін де мерейі үстем. Ақын Сара мен Біржан сал айтысқан жер...

Иә, Ақсу – ең байырғы аудандардың бірі. Аудан орталығында халықты жұмыспен қамтамасыз ету үшін 1967 жылы қант зауыты салынған-ды. Заманында үш мың тонна қант қызылшасын бір күнде өндірген зауыттың қазір қаңқасы ғана қалғанын сол сапарда көз көрді.

Мұның барлығын неге тәптіштеп айтып отырмыз? Себебі сол сапарға бір топ журналисті арнайы алып барған Нұртілеу Иманғалиұлы өзі туған өлкенің де жақсылығы жарияға жар болса екен деген перзенттік тілегін көп қайталап еді. Бір кездері талай жанның нәпақасын табуына көмектескен жұмыс орындарының түйткілді тұстары табылып, өлке қайта жанға толса, жұмыс орындары қайта көптеп ашылып, елге ел қосылса ­деген тілегін жиі қайталаған. Тамырына қан жүгіре бастаған бүгінгі Ақсу келбетінің жарқын болуына Нұртілеу Иманғалиұлы сынды перзентінің де қосқан үлесі бар-ды.

Жол қысқартқан сәттегі сол әңгімеден түсінгеніміз мынау: Ілияс Жансүгіровтің «Жолдастар» романының бір кейіпкері – үш мәрте болыс болып сайланған Мұхамедқали (Мысық болыс) еді. Сол Мұхамедқали болыстың жалғыз перзенті Қалиасқар он жыл итжеккенге кетіп, отбасына кейін аман оралыпты. Міне, сол қиындық көрген Қалиасқар ақсақалдан Иманғали тарайды. Иманғали біздің бүгінгі кейіпкеріміздің әкесі. «Қырық жыл бойы бухгалтер болып еңбек еткен қайран әкемнің әлдебір шеберге арнайылап жасатқан домбырасы қазіргі күні біздің отбасының құнды жәдігері. ­Балалары да, немерелері де сол домбыраны шертіп, ­домбыра үніне құлақ салып өсті. Ол домбыраны кезінде Сарыбаев қатты қалап, сұрап еді. Отыз мың сом ақшасын ұсынса да, бермедім. Дұрысы – бере алмадым. Әкеден қалған жәдігер ғой. Сол жәдігер отбасымыздың ең аяулы дүниесі», – деп еді кейінгі берген сұхбатында Нұртілеу аға.

Барып көрген жұрт жақсы хабардар, Ақсу ауданының топырағы құмдауыт, шағылды. Ит тұмсығы өтпес тоғайлы-орманды жерлері де жетерлік. Сырт көзге жалаңаш, нәрсіз жатқан өлке секілді әсер беретін қызғылт тасты, топырақты өңірдің таусылмас кені туралы да, бір кездері Мәскеу метросы құрылысына пайдаланылған граниттің алапат кені дәл осы Ақсу өңірінен табылғаны, сол жаққа жеткізілгені туралы да әңгімені Нұртілеу аға егжей-тегжейлі әңгімелеп бергені бар еді.

Тұрлыбек Сырттанов, Ілияс Жансүгіров, Біләл Сүлеев, ақын Сара, Мұқан Төлебаев, Ғали Орманов сынды тұлғаларды бесігінде тербеткен өлкедегі әрбір тарихи жердің шындығы мен аңызын да Нұртілеу Иманғалиұлы сол сапарда жол бастай жүріп, ­майын тамызып тұрып әңгімелеген-ді. «Бұлақ суы көздің жасындай мөлдіреп шығып жатқан бұл маң ­туралы Ш.Уәлиханов жергілікті халықтан естіген аңызын былай жазған: «Күн сәулесіне құбылған Тамшыбұлақтың тамшылары бірін-бірі сүйген сұлтанның қызы мен шопанның ұлының көз жасы екен…», – деп еді Иманғалиұлы. Сосын ойға шомып кетіп: «Бұл шопан ұлы мен сұлтан қызының ғана көз жасы емес-ау» деген болатын. Шипажайға кіреберісте белгісіз бір төмпешік бар. Өткен ғасыр басында «қызылдар» сол маңда дін ұстаған молданы сұраусыз, сотсыз атып кеткен екен. Кейін жергілікті халық оны әлгі маңға жерлеген көрінеді. Бұл – біз білетін сыр. Ал бізге белгісізі қаншама? Осы маңда тұрақтанған қанша жанның көзінен төгілген мөлдір тамшысын сіңіріп алған құнарлы жердің ішке бүккен сыры көп екенін сол сапардан ұғынып қайтқанбыз. Сол сырдың бір парасын көпке жеткізуге ұмтылған Нұртілеудей перзентінің көп мақсатын туған жері де жақсы түсінді деп ойлаймыз…

Нұртілеу Иманғалиұлының эфирден шыққан әр хабарын қалт жібермеген көрермені оның тележурналистік қыр-сырын жақсы білетініне дау жоқ. Ал біз шағын жазбамызды оның перзенттік, азаматтық ұстанымдарын да айтуға, жазуға тырыстық. Сол бір сапардан соң Нұртілеу Иманғалиұлының ағалық, әріптестік көңілін жақсы түсініп, кейінгіде де жылы шыраймен әңгімелесер едік.

Пандемия басталған тұста әркім үйіне қамалып, «Ана тілі» газетін аз уақыт үйде отырып шығаруға көштік. Сондай күндердің бірінде Нұртілеу аға риза болып хабарласып: «Сендердің замандарың тамаша ғой. Үйде қамалып отырсақ та күллі әлем алдарыңа өзі келеді. Техниканың тілін білесіңдер, мына дүниені телефондарың арқылы-ақ шарлай бересіңдер. Телефон мен компьютерлерің арқылы күллі жұмысты істей аласыңдар. Өздерің ғана шарламай, күллі оқырманды да сол әлемге жетелеп, жақсылықтың, жаңалықтың жаршысы болыңдар» деп еді.

Өзі де жаңашылдықты сүйетін азамат сол жаңашыл, жастарға қамқор қалпымен кейінгінің есінде қалады деп сенеміз... 

 

Қарлығаш ТАБЫЛДИНОВА,

Нұртілеу Иманғалиұлының жары:

ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ ӘРКЕЗ ТӨБЕСІНЕ ТҰТТЫ

Нұрекең жарты ғасырға жуық уақыт бойы қазақ телевизиясында еңбек етті. Көп уақыт тікелей эфир жүргізді. Тікелей эфирге шығарда сұхбаттасы туралы ізденіп, кітапханаға барып, эфирге шығатын адам туралы, эфирде болатын әңгіме жайлы барлығын зерттеп-зерделеп, тыңғылықты дайындалатын. Эфирге үлкен жауапкершілікпен қарайтын.

«Нұр-Тілеу» бағдарлама­сындағы хабарлары алдын ала жазылған еді ғой. Сол хабарларына да ерекше ыждағаттылықпен әзірленетін. Барлық мамандық иелерінің тақырыбымен сол кісілерден кем түспей сөйлесетін. Өйткені ол қай салада да жан-жақты қаруланған журналист болды. Көп ізденді. Сценарийді бір апта бұрын үйге әкеліп, өзгертулер мен түзетулер енгізіп, оны жауапты мамандарға түсіндіріп, реттеп жүретін. Эфирде камераның қалай тұруына дейін қадағалап, үйрететін. Әр хабарына тыңғылықты дайындалатынын жанындағы редакторлары да айтып жүр.

Нұрекең ешқашан эфирге қалай болса солай шыққан емес. Үлгерсе алдын ала моншаға баратын, шаш үлгісіне дейін өзі жасап алатын. Бір күнде төрт хабар түсірсе, төрт түрлі киім киетін. Эфирде бәрі әдемі, бәрі жинақы болу керек деп өзіне де, өзгеге де қатаң талап қойды.

Қаламгер Марат Тоқашбаев Нұрекеңнің эфирдегі әрбір әрекетін жақсы талдап-таразылап берді. Сол сөзге толық қосыламын. Эфирде пайдаланылған қамшысына дейін өзінікі. Ұлттық құндылықтарды әркез төбесіне тұтты. Қайтсем де көрермен тартамын, көрерменді қызықтырамын деген ниетпен эфирдегі әрбір детальға ерекше мән беретін.

Бір күні кешке қатты жаңбыр жауды. Біз Талғар жақта тұрамыз. Бізге телефонға найзағайды түсіріп алыңдар деп өтінді. Эфирге кейін соны да пайдаланды. Монтажға жеңіл болсын деп 30 минуттық хабарды 40 минут қана жазып, әріптестеріне жанашыр болып жүретін. Хабарды көбінесе өзі монтаждады. Эфирге шақырған адамдармен де интеллектуалды әңгіме құруға ұмтылатын.

 «Нұр-Тілеу» деп бағдарламаның атын қоюындағы мақсаты өз атын шығару емес, нұр тілеу, ақ тілеу ­дегеннен шыққан тілек еді.

Эфирге шыққанға дейін ­хабарын міндетті түрде көріп шығады. Аңдатпа бергенде де мұқият қарайды. Міндетті түрде эфирді, ­сосын қайталауын көреді. Кейбір ­хабарларды ерінбей ­интернеттен тағы бір қарайтын. Оның барлығын сын тезінен өткізіп, шығармашылығын шыңдап жүретін. Нұрекеңнің журналистік шеберлігіне ешкім шүбә келтірмейтін шығар, ал ол шеберлік ұдайы ізденістен, оқудан, өзін шыңдаудан тұратын еді.

Бұрынырақта «Қолтаңба» деген хабар жүргізді. Бір күні хабарға Қаршыға Ахмедияров қатысатын болды. Ол кісіні студенттерімен қоса шақырған екен, Нұрекеңнің ­домбыра туралы да білмейтіні жоқ еді ғой. Студенттерге ­домбыра ­туралы тағылымды әңгіме айтып берсе ­керек. Хабардан соң ­домбырашы студенттер «Нұртілеу аға бізге шеберлік сағатын өткізгендей болды» деп таңғалыпты. Тағы бірде Рымғали Нұрғалиді хабарына шақырған екен.  Кейін риза болған Рымғали аға: «40 минуттық хабарыңмен мені 40 жыл көрмеген адамдарға қайта жақындаттың», – депті.

2009 жылдары «Көршілер» ­деген хабар жүргізді. Сол хабарында Абайдың қара сөзі әрқашан үстелінде тұратын. Мұның барлығында да ­хабарды көргендерге Абай өнегесін үлгі ету деген ой бар еді.

Нұрекең үйде үлгілі әке, жақсы жар, қамқор жан болды. Ағайын-туыс, жора-жолдастарын ерекше құрметтеп, жақсы көретін. Қонақ шақырғанды ұнататын. Қонақжай мінезімен біздің шаңыраққа талай тұлғаны әкеп, төрге отырғызды. Күнде қазанға тамақ дайындайтын, оны көршінің балаларымен бөлісетін. Сыртқы жұртқа қатал сияқты көрінгенімен жүрегі жұмсақ, жаны нәзік еді. Ашуы «шай орамал кепкеншенің» нағыз өзі. Бір айнала бергенде әлгі ашуынан түк те қалмай, жадырап шыға келетін.

Нұрекең жайлы талмай әңгіме айта беруге бармын. Ол елдің азаматы, біздің әулеттің тау тұлғасы еді. Ендігіде де сол биігінен аласармайтынын білемін.

Қайнар ОЛЖАЙ, журналист:

ДІҢГЕКТЕ  ТУЫП, ДІҢГЕККЕ АЙНАЛҒАН

 

Діңгек – туған ауылының аты. Нұртілеу Иманғалиұлының. «Діңгек» – «Қазақстан» телерадио корпорациясына басқарма төрағасы болып тұрғандағы бағдарламасының аты...

Негізі телевизия – ол кісінің тағдыры. Біздің тағдыр – жазу еді...

Алғашқы таныстығымыз біз – газетте, ол кісі телевизияда жүргенде басталды. Біздің Нұртілеу Иманғалиұлын тануымыз өткен ғасырдың сексенінші жылдарының басында. Қырық жыл бұрын. Ол кезде басқа мемлекет, басқа жүйе. Экономика да басқаша. Қазақстан қой шаруашылығын барынша дамытып жатты. Бұл іске жастарды жұмылдырды. Жоғары оқуға бармастан бұрын қой бақтырды. Пайда ма, зиян ба, бұл – талай дау тудырған тақырып.

Біз зиянын көрмедік. Екі жыл шопан атанғанмен журналист болып шықтық. Қатарлас ауылда қой баққан Майра Ілиясова атақты әнші болды. Пайдасы – оқуға түскенде жинақ банкінде екі жылғы айлығымыз жатты. Университетке парасыз түскендіктен, әлгі екі мың сом бірнеше жылға жетті.

Хош, жастар газетіне тілші болғанымызда Қазақстанда шопан жастардың бригадаларының жағдайын қарап, жақсысы мен жаманын анықтайтын «Жас жігер» атты экспедиция бар еді. Жастар газетінің тілшісі мен фототілшісі, радио мен телевизияның қазақ тілді жастар бағдарламаларының журналистері бірлесіп облысты аралайды. Экспедицияға комсомолдың Орталық комитетінің, Ауыл шаруашылығы, Мәдениет министрлігінің және басқа ведомстволардың өкілдері қосылады.

Осы «Жас жігер» аясында Нұртілеу ағамен бірнеше облысты аралап едік. Ол кісі Қазақ телевизиясынан хабар береді, біз газетке мақала жазамыз.

Біздікі оңай. Қалам мен блокнот қана. Қанша қой бар? Қанша қозы алынды? Тұрмыстық жағдай қандай? Соны түртіп аламыз. Өзіміз тура осындай бригададан шыққан соң қалғаны көкіректе сайрап тұрады.

Телевизия тілшісіне қиын екен. Әрбірін жекелеп жарты сағаттан камераға сұхбат жазады. Бірін тұрғызып, бірін отырғызып, үшіншісін атқа мінгізіп, төртіншісін қозыны құшақтатып сөйлету керек. Бригаданың, совхоздың, ауданның есебі өз алдына, операторымен арада қанша уақытқа таспа жазылды, енді қанша уақытқа қалды, батареяның қуаты әлі бар ма, дауысы ақырын емес пе деген өзара қаншама есеп-қисап болады. Құрсын дедік.

Біздің телевизиядан үркуіміздің, Шерхан Мұртазаның өзі шақырғанда жоламай қоюымыздың себебі содан шығар. Бірақ тағдыр ақыры Нұртілеу аға екеумізді телевизияда тоқайластырды.

Айтпақшы, оған дейін біріміз телевизия, екіншіміз газет атынан Таулы Қарабаққа, Батыс Еуропаға бірге шыққан сапарларымыз бар еді.

1991 жылы күзде Таулы Қарабақтағы қатерлі төрт күнді, арада бірнеше жылдан соң Германия мен Бельгияда бір аптаны бірге өткізсек те, Нұртілеу ағамен жақындаса қоймадық. Әлде біз адамға жұғымсызбыз, әлде ол кісі салқын. «Жас жігердегі» сияқты тағы қатар жүргенмен әркім өзінің тілші ретіндегі міндетін орындауға, ол кісі телевизиясына, біз газетімізге материал берумен тарқастық.

Айтпақшы, Таулы Қарабақта тікұшақпен алып жүрген ұшқыш қазақ еді. Сол азамат Нұртілеудің қазасына көңіл айтуға Атыраудан арнайы келді. Қаралы аста естелік айтты. Ауық-ауық миномет атылып жатқан Қарабақ тауында бізді аман алып өткенімен отыз жылдан соң ажал Нұрекеңді тапқанына өкініш білдірді.

Таулы Қарабақта 2020 жылдың күзінде кезекті соғыс басталғанда «YouTube» желісіне Нұртілеу ағаның 1991 жылғы репортаждары шыға қалды. Көзге таныс кадрлар мазасыз да қауіпті аймаққа қайта оралтқан.

Бұған дейін жазатын журналист ретінде электронды ақпарат құралындағы (ЭАҚ) әріптестерді іштей менсіне қоймайтын едік. «Олардікі не, көріп үлгерсең көрдің, көрмесең аққан судай өтті-кетті» дейтінбіз. ЭАҚ-ны цифрлы қалыпқа көшуі, әркімнің қолының цифрлы ақпарат қабылдау құралына жетуі және жаппай интернетті тұтынуы бұл астамшылығымыздың күл-паршасын шығарған. Нұртілеу аға осы саланың бір таспадан екінші таспаға монтаждайтын кезеңінен бәрі жалғыз компьютерде атқарылатын дәуіріне дейін бастан өткізді. Телевизияда аналог заманының артта қалғанын көріп кетті. Студент кезінде араласқанынан есептесек тура жарты ғасыр.

Еуропаға Нұртілеу аға операторсыз барды. Ол заманда кеңестік телевидениеде «өзіме-өзім режиссермін» деген бағдарлама болғанмен, «өзіме-өзім оператормын» деген бағдарлама жоқ еді. Қазіргі алақандай смартфон, суырсаң әлденедей ұзара беретін сырығы түске кірмеген кез. Аттың басындай камераны мосыға орнатып, бұлдырын түзеп, балансын қойып, микрофонын жалғап, кейіпкердің қасында өзі отыратын орынды белгілеп, ақыры ­камераны қосып, содан кейін белгіленген орынға отырып, елшіге бұрылып, сауалын бастайтын.

Отандық телевизияда осының бірін істеместен төраға болып төбеден топ ете қалғандар бар. Олардың қасында Нұртілеу Иманғалиұлы бұл саланың отымен кіріп, күлімен шыққанына осылай куә болғанбыз.

Бельгиядағы елшіміз Әуезхан Қырбасов ағаның резиденциясы парк ішінде екен, әрі бұрын дәулетті адамның сарайы болыпты. Нұртілеу ағаға сұхбат алатын неше түрлі кеңістік табылып, қуанғаны есте. Эстет еді. Өзінің сәнді киім мен асай-мүсейіне мән беруі өз алдына, эфирден беретін дүниесінің көрінісі көз тартып тұруын қалайтын...

Нұртілеу аға жүргізген әрбір бағдарламасы тапқыр, өткір және жинақы өтетін.

Бірде тағы ақылдасты. «Бағдарламаның соңын «Бай, қуатты болайық!» деп аяқтасам деймін» деді. Ойланып жүріп тапқан тіркестері еді. Қарсылық білдірмедік. Тек «бай» мен «қуатты» сөздерінің арасына үтір қойылды» деп күлсек керек. Аға түсінді. «Бай» деп алып сәл пауза ұстап, «қуатты болайық» дейтін. Қазір қазақ ішінде мақалға айналып кетті. «Нұртілеу Иманғалиұлы» десең, кез келген адам «Бай, қуатты болайық!» дейтініне күмән жоқ...

1483 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы