• Қоғам
  • 19 Мамыр, 2022

Халықтың 66,4 пайызы референдумға қатысуы мүмкін

Қазақстанда 5 маусым күні Ата Заңды өзгертуге қатысты бүкілхалықтық референдум өтетіні белгілі. Ал аталған маңызды мәселеге халықтың қатысуы қандай болмақ? 
Халық арасында жүргізілген әлеуметтік сауалнамаға сенсек, отандастарымыздың 76,4 пайызы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың референдум өткізу ­туралы идеясын қолдайды. Бұл ­туралы ­Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының ­директоры Еркін Тұқымов мәлім етті. 
Институт басшысының айтуынша, 9-12 мамыр аралығында халық арасында телефон арқылы сауалнама жүргізілген.
– Әлеуметтік сауалнамаға барлық өңірден 1200 респондент қатысты. Оның нәтижесінде қазақстандықтардың 66,4 пайызы референдумға қатысады. Осы тұста айта кетсек, заңға сәйкес халықтың 50 пайыздан астамы қатысқан жағдайда ­референдум өткен болып есептеледі. Жалпы аталған сауалнаманың нәтижесіне сәйкес, қазақстандықтардың 70 пайызы референдум өтетінінен хабардар. Сондай-ақ институт жүргізген зерттеудің нәтижесі бойынша, Президенттің референдум өткізу туралы бас­тамасын отандастарымыздың 76,4 ­пайызы қолдайды. Яғни қазақстандықтардың дені референдум өткізіп, Конституцияға тиісті өзгерістерді енгізудің маңызды екенін түсінеді, – дейді Еркін Тұқымов. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтың мәліметінше, «қазірдің өзінде учаскелік референдум комиссиялары жұмысқа толығымен кіріскен. ­Жалпы айтқанда, 10013 референдум учаскесі іске қосылады. Референдумға қатысатын адамдардың тізімінде шамамен 11 млн 722 мың 536 адам бар». Тиісті заңнамаға сәйкес, референдумда 11 өңірдің халқы  жақтап ­дауыс берсе, Конституцияға өзгеріс  енгізіледі.
Ал референдум өткізуге арналған 16,4 млрд теңгенің 79 пайызы осы ауқымды іс-шараға жұмылдыратын адамдардың жалақысын төлеуге жұмсалады. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Сәбила Мұстафина мәлім етті.
– Референдум қаржысының 79 ­пайызы комиссия мүшелерінің жалақысын төлеуге бағытталады. Не себепті бұл бағытқа қомақты қаражат қарастырылған? Бұл ­Президент, Мәжіліс сайлауы сияқты ауқымды науқанды өткізу кезінде жұмсалған қаражат сомасының деңгейінде. Аталған 79 пайыз учаскелік және аумақтық комиссиялардың 71 мыңға жуық мүшесінің жалақысын қамтамасыз етуге бөлінеді, – деді ол. 

527 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы