• Мәдениет
  • 19 Мамыр, 2022

БІЗГЕ ЖЕТКЕН БІЛЕЗІК

Зергерлік өнер өте ерте замандардан бері дамыған өнер түрі. Зергерлер көркем бұйымдарды алтын, мыс, күміс, темірден соққан, оны асыл тастармен безендіріп, түрлі-түсті шынылар да пайдаланған. Зергерлік өнерде қолданылатын негізгі әдіс-тәсілдер – су жүргізу, нақыш салу, қалыптау, жону, бедерлеме, қақтау, ширатпа т.б. асқан төзімділік пен шеберлікті керек ететін күрделі де нәзік өнер.

Қазақ зергерлері, әсіресе әйелдердің әшекейлі сәндік бұйымдарын көп жасаған. Олардың бір парасы мынау: сырға, жүзік, шолпы, шашбау, қапсырма, алқа, өңіржиек, түйме, білезік т.б.

Ұста зергерлер бұйымдар жасауда бірінші өздеріне қажетті құрал саймандарын сайлап отырған. Мысалы: металл балқытатын пеш, көрік, зауыт, шымшуыр, төстің бірнеше түрі, кішкене балға,  кескіш, түтік, бұрғы, біз, қайшы, қысқаш, дәнекерлегіш, өрнек салуға түрлі шапқылар, қалыптар т.б. Зергерлердің құрал-саймандары көлемі жағынан темір ұстасынікіне қарағанда әлдеқайда шағын, әрі жеңіл, ықшамды болып келеді.

Зергерлік өнері қилы замандардан бері бізге жеткен. Әсіресе ХІХ-ХХ ғасырларда отырықшылық пен жартылай отырықшылық кезінде ұсталар тұрақты жағдайда дүкен жасап, жылдың барлық маусымында жұмыс жасаған. Осы кезеңдерде зергерлік өнері жақсы дамыған. Түркістан облысы, Отырар ауданындағы «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы» қорындағы ХІХ-ХХ ғасырларға тән халық қолданбалы өнерінің жәдігерлері зергерлік бұйымдардың 2000-нан астамы сақтаулы тұр. Олар білезік, сақина, шекелік, сырға, шолпы, шашбау, бойтұмар, тана, жүзік, алқа т.б. Аталған жәдігерлердің бірнеше түрлері бар, оларға ­жеке-жеке тоқталатын болсақ, мысалы тыныке, оймыш, тәсілдері арқылы жасалған, қақталған күмістен өрнектеп жасаған шашбауларды айтуға болады.

Моншақты, қоңыраулы әшекей шолпыны тек сәндік үшін ғана емес шаштың жинақы тұруы үшін де тағатын болған. Бедерлеме, оймыш, қалыптама, тәсілдері арқылы жасалып, зооморфтық, өсімдік тектес ою-өрнектер түсірілген түрі, сондай-ақ күмістен жасалған заттардың бірі қыз-келіншектердің, әйелдер мен әжелердің білегіне салатын әшекей бұйымы білезіктің жылан бас білезік, зерлі білезік, жіңішке білезік, топсалы білезік т.б. бірнеше түрі Отырар музейі  қорында сақтаулы. Әйел киімінің екі өңірін қаусырып, белбеудің екі басын ілуге арналған қапсырманың өсімдік ою-өрнектерімен безендірілген бірнеше түрі Отырар музейінде сақталған.

Қыз-келіншектердің құлаққа тағатын әше­кей бұйымдарының бірі сырғалардың бір­неше атаулары бар. Отырар музей-қорығы­ның  қорындағы күмістен жасалған ел арасынан ХІХ-ХХ ғасырларда табылған халық шеберлері қалдырған сырғалардың алуан үлгілері бар, олар көркемдік әшекейі ерекше жарты ай бейнелі ою-өрнегі бар ай сырғалар, көлденең ұзын әшекейі мол болып жасалған сабақты сырғалар, үшбұрышты ромб түріндегі және геометриялық өрнектері бар сырғалар, салпыншақты сырға, шашақты сырға, алқалы сырға. Отырар музейі жәдігерлерінің ішіндегі аса қызықтысы маржан тастар орнатылған сырғалар. Сырғалар оймыш, ширатпа, қалыптама, бедерлеме тәсілдері арқылы жасалған.

Көркемдік дәрежесі мен нәзіктік те шебер­лікпен нақышталуы жағынан музей қорындағы күмістен жасалған жүзіктер мен сақиналар ерекше сипатты. Олар үсті құс тұмсығындай сүйір болып келетін құс тұмсық жүзіктер, кішкене асыл тасы бар көзді жүзік, құдағи жүзік, геометриялық өсімдік тектес ою-өрнектері бар, көзіне түрлі-түсті тастар орнатылып безендірілген жүзіктер, мөрлі жүзік. Бірнеше бөлік асыл тастардан  көздер орнатылған топсалы шынжыр арқылы мойынға, кеудеге тағатын алқаның да бірнеше түрі Отырар музейінде сақталған.

Күмістен жасалған  әшекей шекелікті бас киімге, не самай шашқа екі шеке тұсынан тағады.  Шекелік сырғаның бір түрі. Сырға тәрізді салпыншақты болып келеді.  Шашқа бас киімге ілгек арқылы қадалады. Отырар қорық-музейі қорындағы  шекіме, оймыш, тыныке тәсілдері арқылы күмістен жасалғаны көп кездеседі.

Зергерлік әшекей бұйымдардың бірі ­кемер белбудің ерлерге де әйелдерге де арналған үлгілері бар. Безендірілуі және соғылуы мен нақышталуына орай кімдер таққанын ажыратуға болады. Отырар музей-қорығының қорындағы шынайы өнер туындысына айналған зергерлік әшекей бұйымдардан басқа да тұрмыста тұ­тынатын әртүрлі мүліктерден зергердің еңбегін көруге болады, олардың бір парасы мынау: кебеже, тұғыр, пышақ, құман, ер тоқым т.б.

Ұлттық мәдениетіміздің тарихында зергерлік өнер ерекше орын алады, оны барлық халықтар жоғары бағалаған. Тарихи музейдегі алтын мен күмістен жасалған зергерлік бұйымдар халықтық мұра, ғасырлар бойғы халық мәдениетінің  көрінісі  екені ақиқат.

Ақлима ЖҰМАШОВА,

Отырар мемлекеттік археологиялық

музей-қорығының бөлім меңгерушісі

1601 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы