• Тұлға
  • 19 Мамыр, 2022

ДӘУІР КЕЛБЕТІН СУРЕТТЕП...

Университеттің журналистика факультетін 1969 жылы бітіріп, «Лениншіл жас» газетінің табалдырығын жасқана аттағанымда, Қуанышбай Құрманғалиев жазуы әбден қалыптасқан тәжірибелі журналист, бүкіл қазақ сүйіп оқитын осы басылымның белді де беделді қызметкері болатын. Жасы кішілер «Қуаға» деуге дағдыландық және осы атау бәрімізге шуақ ұялатып, сондай ұнайтын. Қашан көрсең қағаздан бас алмай жұмыс істеп отыратын.
Міне, газеттің қарбалас шаруасы барысында Серік Әбдірәйімов, Қуаға, Ақын жеңешемізбен бірге объективке түсіп қалған ­суреттен осындай бір сәтін көріп отырмын. Қайран Серік екеуі де жоқ қазір. Жазу машинкасын шебер меңгерген, ақылды да сұлу Ақын жеңешемізге қай-қайсымыз да материалымызды бастыртуға тырысатынбыз.
Небір жақсы, жайсаңдар жиналған редакцияда Қуанышбай аға өзін мейлінше қарапайым ұстайтын. Ентелеп алға озбады, бүгежектеп кейін де қалмады. Газеттің ең күрделі де жауапты бөлімдерін басқарып, қыруар жұмыстың ортасында жүрді. Арасында әскер қатарына барып, азаматтық борышын атқарып келгені есімде. Жаңылмасам, осы редакциядан екі рет армияға шақырылды-ау деймін.

Бойындағы қарым-қабілетін жан-жақты дәлелдеуге тырыспады, өлең жаздым деп масаттанбады. Тіпті өзінің шығармашылығына назар аудартқысы келмеген сыңайлы, әсіресе жалындаған жас шағында. Сірә, сондықтан шығар, басым көпшілігіміздің Қуанышбай Құрманғалиев туындыларына дер кезінде мән бермегеніміз, талдап зерттемегеніміз. Әйтпесе жүздеген қаламгердің қолтаң­басын мұқият екшеп, әрқайсының ерекше­лігін тайға таңба басқандай анықтап бергенде, өзінің қаламының қуаты жайлы замандастарынан, әріптес достарынан айтарлықтай белгі қалмағанын қалай түсінеміз? Мұншалық бейқам, әлде сараң болармыз ба?

Бейқамдық дегеннен шығады, ағамыз да, мен де бір-біріміздің шығармашылығымыз жайлы жазбаша пікір білдірмеппіз. Жазған-сызғанын ақтарып отырып енді ойлаймын ғой: ­ойпырай, осынша ақын, жазушының ­абыройын аспандатқанда, қалайша ­назарына ілінбедім екен деп. Дәл осындай сауалды о кісінің маған да қоюға хақысы бар еді.

...Соңына қалдырған мол мұрасы жік-жікке бөліп зерттеуге әбден лайық. Журналистік ұзақ жолы өзалдына, тілшінің қат-қабат шаруасын жауапкершілікпен атқара жүріп, ақын, аудармашы, сыншы ретінде кеңінен танылды. 2021 жылы жарыққа шыққан «Таланттан – тағылым» әдеби портреттер, рецензиялар, әдеби естеліктер жинағы мұның айқын дәлелі. Басынан аяғына дейін не деген телегей-теңіз тебіреніс десеңізші! Қаламгерлік қарым-қабілеті жан-жақты ашылған.

Поэзия туралы ой, пікірлері өзінің зерттеушілік деңгейін мойындатумен қатар, ақын толғаныстарындай әсер етеді. «Дарыны даңқын асырған» Иран-Ғайыпты «дәуіріміздің дауылпаз ақыны ретіндегі ерекшелігін «драмалық шығармаларының желісінен» де байқап, «...жан жүрегін күйдірген шемен-шерден жаратылған терең тебіреністі жырлар жалғыз қазақ емес, жалпы адамзат баласына ортақ, адами қасиет пен қасыреттің мұңды музасы» деп, «шындықтың шырағына» теңеп, автор туындыларының шырқауға шығандаған биігінде тербейді қаламын. Сөйте тұра «мерейтой тұсындағы жай ғана көңіл білдіру деп қабылдағайсыздар» дейді сыпайылықпен.

Әріптестерінің айтулы даталарына арнап жазған осындай мақалаларының астарындағы кәсіби талдау, салиқалы зерттеу оқырманын ұдайы алға жетелейді. ­«...Тұтас бір дәуірдің поэтикалық полотнасын түзген кемел ақын Кеңшіліктің ұлттық ой-санамыздың өресі мен өрісін танытып» кеткені, «соңында сырлы сөзі қалған Сәкен Иманасовтың ойдың тереңінен маржан тергені», «оқыс ой түюдің шынайы шебері, саңлақ ақын Серік Ақсұңқарұлы өлеңдерінің өрттей лаулаған, жасындай жарқылдаған қуаттылығы», «Жаны жырдан жаратылған Жүрсін Ерманның Есілдей есілген, Сарыарқадай көсілген өлең-жырлары», «Азаттық жырының айбозы Несіпбек Айтұлының өз өрнегі, өзгеше сарыны», «інжу-маржан жырларымен, кестелі дастандарымен қазақ поэзиясына олжа салған кемел ойлы, кең тынысты, жаңаша жазудың шын шебері Ғалым Жайлыбайдың тілді тасқын судай төгілтіп, тұс кілемдей түрлендіріп, ұйқасын айрандай ұйытып, ырғағын самал желдей есілтіп, сөзді маржандай мөлдіретіп қолдануына» нақты мысалдар келтіріп, өзі де осынау айтулы тұлғалармен иықтаса толғанады, небір ғажап теңеулерді теңіздің асау толқындарындай бұрқ-сарқ қайнатады.

 Мәселен, «Топты жарып, төрге озған» Бауыржан Жақыптың «тасбұлақтай тасқынды, арғымақтай арынды, моншақтай мөлдір, көктемдей көгілдір» өлең-жырларын жақұттың жарқылымен салыстырады. «Көзі қарақты, ойы ұшқыр, сезімі сырлы» Есенғали Раушановтың өлеңдері «бірде өзегін өртеп, бірде жүрегін лүпілдетіп, бірде көңілін күмбірлетіп, бірде жанын жабырқатып, бірде қуанышқа кенелтіп, бірде ойын онға бөліп саналуан күйге бөлеп, сезімнің сергелдеңіне түсіріп сарсаңға салатын таңғажайып құдіретімен» таңғалдырады. «Маралтай ақынның мақамдары ұйқысын шайдай ашады, жаураған жүрегін жылытады, үмітінің үзігін жалғап, тынжыр мұңын сейілтіп, арман асуларына құлшындырады». 

Прозаның көрнекті өкілдері де Қуанышбай Құрманғалиевтің назарынан тыс қалмапты. Шыңғыс Айтматовтан Жақау Дәуренбековке дейінгі өз дәуіріндегі жазушылардың толыққанды панорамасын жасаған. «Қазақтың мұрағатты мақсаттарын ағынан жарыла, ақтарыла, көркемдіктің көрігінде шыңдап барып айтатын Төлен Әбдік шығармаларының жаныңды байытып, жүрегіңді тазалап, ар-намысыңды жанитындай қасиеті, көркемсөздің бұрын-соңды көрінбеген бейтаныс та бекзат кейіпкерлері»  авторға ерекше шабыт сыйлағандай.

«Ұлтты сүюдің үлгісін» көрсеткен Бексұлтан Нұржекеұлының туған жер тарихын зерделей зерттеп, қазақты сүюдің мән-маңызын жан жүрегімен түйсінуін, өмірлік мақсатынан таймаған табандылығын, азаматтық ерлігін «Атажау» хикаяты, «Ордың бұлағы» әңгімесін талдау арқылы шынайы жеткізген. «Әлібектің жазушылық әлемінен» төгілген тілі, оқыс та оқтайлы оқиғаларға құрылған әңгіме, хикаят, романдарының жаңа желісі», өткен ғасырдың ғаламат қасіреттеріне шейін ­егжей-тегжей анықталып отырады.

«Қилы заманның хикметтерін» ғана емес, бүгінгі күннің де мән, мазмұ­нын көркем кестелеп, талантымен танылған Кәдірбек Сегізбаевтың «ежелгі қазақ этнографиясына жетік, ұлттық құндылықтарымызды тәптіштеп түсіндіріп, қисынын келтіріп, рет-ретімен баяндап беретіні, көне салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды жаңғырта жазуын» және бір ерекшелігі ретінде атап өтеді. Қаламгер қолтаңбасының басқалардан өзгешелігін нақты мысалдар арқылы көкейге қондырады.

Кімнің қандай шығармасын қалай жазса да есте сақталып, өзінің де жарқын бейнесі қылаң беріп қалады аракідік. Әріптес замандастарының шығармашылық табыстарын ғана емес, өзара достық қарым-қатынастарына да тоқталып, небір оқыс жәйт, сырларымен бөліседі.

Жарты ғасырға жуық сыйластығы суымай ағайындай араласқан әріптес інісі Жақау Дәуренбековтің «Тілінде қалжыңы, тілегінде бар шыны, азаматтығы мен адалдығынан айнымайтын ақкөңіл Қуан ағама ізгі ниет, інілік тілекпен» деп ұсынған «Қолтаңба» атты кітабын соншалықты ізеттілікпен мұқият талдапты. Жақаудың «тілегінде бар шыны» деген Қуан ағасының бар шыны жазуында, бүкіл тірлік тынысында, басқалармен қарым-қатынасында екенін анығырақ ұқтым. Қуан ағасы Жақаудың «саралай сөйлеп, талдай таразылап жазған әдеби-портрет эсселерінің эстетикалық әсерін айғақтайтын көркемдік сыйпаты екендігін» ерекше атап өткен. Мұнда Сейдахмет Бердіқұловтың редакторлық, Нұрмақан Оразбековтің баспагерлік қыры мен қажырлы қайраткерлігі, ұлтының намысын оятып, рухын көтерген елдік ерен еңбегі, көрнекті жазушы Оразбек Сәрсенбаевтың шығармашылығының ерекшелігі, Қадыр Мырзалиевтің кісілік болмысы мен ақындық шеберлігі және тұтастай бір буын өкілдері, яғни біздің әрқайсымыздың, «сыншы, қоғам қайраткері Сағат Әшімбаев, ақындар – Жарасқан Әбдірашев, Нұрлан ­Оразалин, жазушылар – Орысбай Әбділдаұлы, Баққожа Мұқай, Сейітқазы Досымов, Мағира Қожахметова, Қайсар Әлім, Сұлтанәлі Балғабаев, Ырым Кененбаев, Жанат Елшібеков, Жанболат Аупбаев, сондай-ақ ізбасар інілері Шәмшидин ­Паттеев, Қали Сәрсенбай, Самат Ибраимның суреткерлік соқпақтары ­дара-дара сараланғанына назар аудартады.

Қуанышбай Құрманғалиев әдеби естеліктерімен, ашық, жабық рецензияларымен, әдеби портреттерімен өз дәуірінің келбетін шеберлікпен бейнелеп, артына өшпес мұра қалдырды. Өзіне де, әріптестеріне де мызғымас тастан соғылғандай етіп, асыл сөзден ескерткіш сомдады. Солардың арасында «Асыл азамат, көрнекті қаламгер» Қалдарбек Найманбайұлы, «Ұлттық намыстың наркескені» Нұрмахан Оразбек, «Болмысы бекзат» Рафаэль Ниязбек, «Аяулы азамат, көсемсөздің де, көркемсөздің де көрігін қыздырған» Қоғабай Сәрсекеев, «Көңілімнің төріндесің, Тел-аға» деп тебіренткен, «парасатты көсемсөзші, ­тамаша тәржімәші» Тельман Жанұзақов, ­«Сарабдал сахна сарапшысы» Қадірбек Уәлиев және басқалары бар.

Уақыт алға зымыраған сайын ­Қуа­нышбай Құрманғалиев шығармала­рының рухани бағасы да артып, келешек ұрпақтың сұранысына ие болатыны анық. Қаламынан шыққан кез келген дүниесі өміршең, қалың оқырманның кешегі, бүгінгі, ертеңгі барлық талаптарына сай жазылғандай әсерге бөлейді.

«Өмірдің өрінде, өлеңнің төрінде...», өзі қара жерде ғұмыр кешіп жатса да, қиялы көк аспанды кезіп, бірде шабыттана шалқып, бірде тебірене толқып, бірде егіле мұңайып, бірде төгіле қуанып, дүниеғайыптың жүрек дүрсілі мен лүпілін өлеңге көшіруге асық ақындардың бірегейі Нұрлан Оразалин, сын жанрының білгірі, «Сөз суреткері» Аян Нысаналиннің «қиялы ұшқыр, шабыты шалқар, сезімі сергек, ойы орамды, жүйрік қаламы», «Ұлтқа қызметтің үлгісін» көрсетіп жүрген Сұлтанәлі Балғабаев, «Жыр жүрегін тербеген» Әміре Әрін, «Туған жердің жыры мен сырын» айшықтай айғақтап, қара сөзбен жырлаған Қуаныш Жиенбай, сөзі сырлы сыншы» Амангелді Кеңшілікұлы, «Сұлутөрден шыққан суреткер» Марал Ысқақбай, «Көне тарихымыздың көмбесін тапқан» Қойшығара Салғараұлы, «Өмірдің қыры мен сырынан» жаңаша жазудың өзіндік үлгісін қалыптастыра бастаған Дәурен Қуат автордың талдап зерттеулерінің өзекті тақырыбына айналып, «Болашақ» бағдарламасының түлегі, «елі сеніп, үміт артқан жастардың бірі Дәурен Омаровтың «үш бірдей жарияға шығарған кітаптарына сүйеніп те сүйсіне сілтеме жасай отырып ойға түйгендері» бізді, оқырмандарын да сендіреді, әрі тамсандырады. 

«Таланттан – тағылым» кітабы энциклопедиялық мол білімге тұнып тұр. Автордың әр кейіпкеріне деген сүйіспеншілігіне, солардың туындыларына деген шексіз құрметіне қайран қалдым. Мінезінің жайдарман жайдарылығы, алабөтен елгезектігі, жан баласына қиянат жасамайтыны, ішкі сарайының тазалығы, дос, дұшпанның ірілі, ұсақты қылығына кешірімділігі бүкіл әлемге, жарық дүниеге деген махаббатына айналып, осы соңғы жинағында талғампаздықпен топтасыпты. Замандастарының портреттерін ­жасай отырып, солардың басым көпшілігі тірі кезінде жылы сөзін айтып, не жазып үлгермегенімен, әлде қимады, әлде мән бермеді, қалай ­десек те Қуанышбай Құрманғалиевтың табиғи болмысы, азаматтық, қаламгерлік тұлғасы бәрібір шығармаларынан мен мұндалап, көңілімізге қуаныш ұялатады. Осының бәрі жинақталып, Нұртөре Жүсіп айтқандай «Ел дегенде – елгезек», қарымды қаламгер, сыншы, аудармашы Қуанышбай аға Құрманғали өз уақытының кең панорамасын жасап үлгергенін, дәуір келбетін толыққанды суреттеп кеткенін дәлелдейді.

Әттең, өзі жоқ ортамызда. Тірі болғанда, 80 жасын тойлап, мәре-сәре болар едік.

Мағира ҚОЖАХМЕТОВА

815 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы