• Тұлға
  • 19 Мамыр, 2022

ШЕРАҒАҢ ЖАҚСЫ КӨРГЕН МАҚҰЛБЕК ЕДІ

Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі Мақұлбек Қайыпбекұлы Рысдәулет Бақалы ауылы (бұрынғы Қызыл диқан) Жуалы ауданы Жамбыл облысында өмірге келген. Бақалы ауылында, Көктөбе орталау мектепте бастауыш білім алып, 1966 жылы Қайрат ауылындағы  «№2» қазақ орта мектебін тәмамдаған. Анасы Тындықыз, ағалары Рахманбек пен ­Болатбек оған оң тәрбие бере білді. 
Мектептің жоғары сыныптарында оқып жүрген кездің өзінде Жуалы аудандық «Жаңа өмір», «Қазақстан пионері» басылымдарына мақала жазып, өзінің болашағынан үміт күттіре білген еді. Жазуға ­деген құлшыныс оған Алматыдағы қазіргі әл-Фараби атындағы  ҚазҰУ-дың журналистика бөліміне түсуге жол ашқан еді. 

Көкемнің осы мамандықты таңдауына, қызығушылық сезімінің оянуына көп септігін тигізген бауыр-ағасы Болатбек (менің әкем) еді. Ол кісі бұл кезде мектепте қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі болатын. «Қонақ шақырсаң, көңілің өсіп тұрады» дегендей, бірде Мақұлбек көкемнің Тараздағы үйінде әйгілі жазушы Шерхан Мұртаза, үлкен ғалым, абайтанушы ұстаз Мекемтас Мырзахметұлы, жазушы – журналист Елен Әлімжан, қазіргі Жамбыл облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев т.б. қонақта отырғанда, көкем: «Менің журналист болуы­ма бағыт-бағдар сілтеген Болатбек ағам еді, өзі дәуір тынысына сай басылымға мақала жазып, авторы ретінде мені көрсететін», – деп таныстырған еді. Сол өткен ғасырдың 60-70 жылдары  Қазақстанда журналистер даярлайтын бір ғана оқу орны осы ҚазҰУ болатын. Журналистика бөлімінің деканы, филология ғылымының докторы, профессор, ұлтжанды ұстаз, бөлімді 25 жыл басқарған Темірбек Қожакеевтен білім, тәлім-тәрбие, өмірге жолдама алған еді.

Алматыдан оқу іздеп барып түсіп, бітіріп, елге «журналист» деген сөз жазылған ­шатырхат алып, өмірге жолдама алған сәт мәңгі есте қап қойған. Өзіне өмірлік жол, бағыт-бағдар сілтеген Болатбек ағасына абыроймен ой мен бойы өсіп-жетілген Мақұлбек көкем: «Тәте, енді қай бағытқа сілтейсіз, Қазақстанда 3 жаңа облыс ашылды, Маңғыстау облысы ма, Торғай облысы ма, әлде Сарыарқа төсіндегі мыс алыбы Жезқазған облысы ма?» – деп ­сауал тастайды. Ағасы көп ойланбастан қазақтың ұлы перзенті Қаныш Имантайұлының Жезқазғанына бағыт сілтейді.

Жиырма жылға жуық уақыт «Жезқазған туы» (кейін «Сарыарқа») газетінде қызмет еткен жылдары өңірде өзекті мәселелерді көтеріп, қалам қуатын көпшіліктің игілігіне жұмсады. Аймақтағы талай кен қопарған кеншілер, мыс бұлағын ағызған металлургтер, ауыл шаруашылығының басқа да сала үздіктерінің еңбек жолын, кісілік келбетін арқау еткен мақалалары мен очерктері Арқа журналистикасының алтын қоры десе де ­болады. Сондай-ақ Мақұлбек көкем аймақтағы кен орындары, өңір тарихы, тарихи тұлғалар туралы да көп жазды. «Карлаг», «Степлаг» құрбандары, 1941–45 жылдары сұрапыл соғыстың ардагерлері, жеңіс парадына қатысушылар да ағатайымның індете зерттеген тақырыптары еді.

Оның қазақтың біртуар азаматы, көрнекті ғалым, қайраткер Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының президенті Қ.И.Сәтбаев ­туралы повесі «Мыс ­дария» Қазақстан Жазушылар одағы мен «Қазақмыс» корпорациясының Қарсақбай мыс қорыту зауытының 80 жылдығына орай жарияланған конкурстың проза жанры бойынша бас жүлдеге ие болған еді. Осы еңбегі еленіп, ол Қазақстан комсомолы мен Баубек Бұлқышев атындағы сыйлығының ­лауреаты, бүкілодақтық конкурстың жүлдегері атанды. Сол Б.Бұлқышевтың өзі айтқандай, «Мәңгілік өмір бір көшке бір көш жалғасып, ұрпақ ауысып, ел жаңарып отыратын сол ұзақ жолда» 1973–1991 жылдары Сарыарқа төрінде қаламын ұштап, кәсіпқой журналист ретінде шыңдалды. «Сарыарқадай жер болмас, Ағыбайдай ер болмас» дегендей, Мақұлбек Қайыпбекұлы Сарыарқаның ­самал желімен тыныстап, мөлдір бұлақ, балдай күміс көлдерінің суын ішіп, ел-жұртпен тіл табысып, Арқа газетінің тілшісі, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы қызметтерін абыроймен атқарды.

1991–2004 жылдары Мақұлбек Рысдәулет республикалық «Халық кеңесі», «Заң газеті», ҚР-ның бас басылымы «Егемен Қазақстан» газеттерінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі ретінде облыс экономикасы мен мәдениеті, әлеуметтік тұрмысы мен проблемалары туралы жазды.

2004–2010 жылдары Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінің бас сарашы қызметін атқарды.

«Ақ көңілден арамдық шықпас, арамдық шықса да жамандық шықпас» демекші, Жарылқасын Ергебеков бір сөзінде: «Менде Мақұлбектің жазған мақалаларының толық тігіндісі бар, ол біздің Жуалыдан шыққан тұңғыш облыстық газеттің бас сарашысы (редакторы)», – деп, мақтан тұтар еді.

Жамбыл облысында еңбек еткен жылдары туралы еске алғанда, оның ең алдымен ауызға алатыны Талас газ-кен орнын игеру туралы мақалалары. Ол бұл өміршең тақырыпты «Егемен Қазақстан» газетіне үзбей жазып, ­Талас жеріндегі «Амангелді» газ-кен орнын игеру ел байлығын арттыратындығын дәлелдей білді. Осы еңбегі үшін ол Талас ауданының «Құрметті азаматы» атанды.

«Қара тасты да мүжіп жоқ қылатын – алып уақыт пен кеңістік» дегендей, жылдар жылжып өтіп жатты. Бас басылымға шақырылғанға дейін Мақұлбек Қайыпбекұлы «Райхан ТВ» телеарнасының бас сарашысы болып та істеді.

1996 жылы «Егемен Қазақстан» газетінің облыстағы меншікті тілшісі болғанда, ол қай жағынан болса да жетілген, сөзін өткізе алатын білікті журналистке айналған болатын. Осы орайда қазақтың біртуар азаматы шындық пен адалдықтың ақсемсері, халық жазушысы Шерхан Мұртаза: «Мен білетін Мақұлбек Рысдәулет бүкіл республика  көлемінде абыройы асқақ, аса білімді журналист. Мақұлбектің бүкіл саналы өмірі қарапайым халыққа адал қызмет атқаруға арналған. Газет бетіндегі әділ де шыншыл материалдар  ел мүддесіне арналған адал еңбек. Мақұлбек Рысдәулет – республика Журналистерінің ірі тұлғасы», – деп бағалаған.

Оның барлық публицистикасын оқи отырып, қаламгердің білімділігі мен біліктілігіне тәнті боласыз. Тәуелсіздіктің салтанат құруын айшықтайтын материалдарынан сіз мұны айнымай танисыз. Экономикалық қарым-қатынастың үзілуі, бір қоғамдық формациядан екінші құрылымға бет бұру елімізге ауыртпалық әкелгені белгілі. Айлар, тіпті жылдар бойы жалақы, жәрдемақы, зейнетақы алмағандар толқып, кешегі күнін аңсағандар көбейді. Жаңатас кеншілері ереуілге шығып, Жамбыл теміржол станция­сында қатынасты тоқтатқан сәт те болды. Сол кезде бұқаралық ақпарат құралдары жаңа саясаттың бетбұрысын түсіндіруде, ­насихаттауда алдыңғы қатарда болды. Олардың арасында «Егеменнің» даусы ерекше естіліп жатты. Мақұлбек Рысдәулеттің ­Тараздан жолдаған материалдарында халықтың жігерін жаныған, қайратын шарболаттай шыңдаған  ерекше леп сезіліп тұратын. Соның бір айқын белгісі «Амангелді» газ-кенін игеруге арналған проблемалық мақаласы болды. Тез арада еліміздің оңтүстігін газ тапшылығынан құтқарудың, өзгеге тәуелді болмаудың, бұған дейін оңтүстік газды Өзбекстанның «Газли» кен орнынан алатын, отынға тәуелді болмаудың жолы Талас кен орнын ­игеру екенін ол бар даусымен айтты, жазды. «Егеменге» осы мәселе туралы мақала жарияланғаннан кейін  көп ұзамай жаңадан ел үкіметінің басшысы болып тағайындалған Қ.Ж.Тоқаев облысқа жұмыс сапарымен келіп, облыс белсенділерімен жиналыс өткізді. Сонда Талас аудандық мәслихатының хатшысы болған Әбдірахман Әбдірасылов премьер-министрден Талас  газ орнын игеру туралы сауалын қойды. Үкімет басшысы мақаланы оқығанын және облыс әкімі Серік Үмбетовтің бұл жөнінде айтқанын айта келіп, «Кен орнын игереміз» деген болатын. Мақұлбек Қайыпбекұлы көтерген мәселені Шерағаң бастаған депутаттар, облыс әкімі, Елбасы пәрмен берген соң «Амангелді» газы әр үйге жылу болып кірді.

Мақұлбек Қайыпбекұлының 15-тен астам кітабы жарық көрген. Сонымен бірге 10-нан астам ұжымдық кітаптарға очерктері мен әңгімелері, повестері мен хикаяттары, эсселері мен публицистикалық мақалалары енді. «Жұлдыздардың жарығы», «Күміс белдік», «Желсаз», «Жұлдызды өмір», «Ту ұстаушы», «Әбдір Сағынтаев», «Тарих тамырлары», «Көңіл құсы», «Бақатерек», «Ән ғұмыр» көркем әдеби кітаптары оқырманына жасаған тартуы.

«Мақұлбек Рысдәулет облыстық «Ақ жолда» бас сарашы болып істеген кезде майталман журналист қана емес, талапшыл да тынымсыз, ізденімпаз басшы еді. Газеттің сенбілік санын  3-4 есе көбейтіп шығарушы едік. «Атпал Ақ жол» аталатын көпбеттік нөмір арнадық. Газет жанынан мектеп оқушыларына арнап «Алтын шырақ» атты журнал шығарушы едік.

«Ақ жол» тарихынан сыр шертетін ­музей де ұйымдастырып, бас сарашы идеясы мен белсенділігі арқасында іске асып еді. Мақұлбек ағамның рухани ұстазы Ш.Мұртаза әрқашан да алдымен адамның жан дүниесін, рухын байытуды алдыңғы қатарға шығаратын. Сондықтан да Мақұлбек Қайыпбекұлы соңғы жылдары осы тақырыпты тарихи құжаттар арқылы өрнектеп, шығармашылығының алтын арқауына айналдырған. Бұл туралы қазақтың белгілі ақыны «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, көкемнің қаламдас әріптесі Ғалым Жайлыбай айтқандай, оның шығармалары тарихпен тамырлас. Ол кейіпкерлерін қолдан жасамайды. Оның шығармаларындағы кейіпкерлерді өмірдің тыныс-тіршілігі тудырған. Сондықтан да оның шығармалары шынайы, халыққа жақын.

«Мұрағат ісі мұзды мұхитқа кеме салғанмен бірдей», шаң-тозаң басқан мұрағат материалдарын  молынан пайдаланып: «Ерлік ұмытылмайды», «Ескерткіштер – ел тарихы», «Жазықсыз жазаланғандар», «Мәңгілік ерлік», «Жамбыл облысына – 75 жыл» (жылнама – шежіре), «Жамбыл ­батырлары», «Майдан хаттары», «Жасампаз – 25 жыл», «Жамбылым қандай тамаша», «Мәдениет және өнер өрнектері», «Солдат жары», ­«Жуалы», «Тарихы терең мерейлі ­мекен», «Конфискация» кітаптарын бірінен іле екіншісін жарыққа шығарумен болды.

Ол еңбек торысы еді. Қоғамдық жұмысқа да белсене араласты. Облыстық ақпараттық-насихат тобының мүшесі, облыстық ономастика, «Аманат» («Нұр Отан») партиясының облыстық филиалының «Мирас» комиссиясының мүшесі, Қазақстан әдет-салт академиясының профессоры.

Мақұлбек ағайымның еңбегі еленіп, оны «Құрмет» орденімен, «ҚР Құрмет грамотасымен», «ҚР Конституциясына – 10 жыл», «Астанаға – 10 жыл», «ҚР Тәуелсіздігіне – 20 жыл», «ҚР Тәуелсіздігіне – 25 жыл» мерекелік медальдарымен ­марапаттады. Ол ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәдениет қайраткері, ­Жамбыл облысы әкімдігінің «Парасат», «Парыз» сыйлықтарының лауреаты, қазақтың салт-дәстүр академиясының профессоры, Талас, Жуалы аудандарының Құрметті азаматы.

Жұбайы Дәметкен мемлекеттік қызметкер болған, 2016 жылы дүние салған. Перзенттері Ботагөз, Нұрбек, Нұрқуаттан 8 немере сүйген. «Бүгінгі ұрпақ – ертеңге еккен жеміс» деген осы болар.

Қасиетті хадисте: «Кімде-кім Ата-Анасы қайтыс болғаннан жақсылық еткісі келсе, оның ең жақын достарынан қол үзбесін» делінген. Астаналық ұлы Нұрбек пен келіні Эльвира «Әулие Ата» баба хатымханасында ауыз ашар беріп, хатым-құранды Асқар дамоллаға түсіртті. Биыл екінші ұлы Нұрқуат, келіні Әйгерім ауыз ашарға (ақпан айында) әзірлік жасап, Асхат дамоллаға хатым-құран берді. «Артыма ұл қалдырдым, із қалдырдым, қыз қалдырдым жыр қалдырдым» деген осы.

Енді облыстық, республикалық ономастика комиссиясы Мақұлбек Қайыпбекұлы Рысдәулетке Жуалы ауданының орталығы Б.Момышұлы ауылынан бір көше атын берсе және өзі тұрған, оқыған «Көктөбе» орта мектебіне ардагер азамат аты берілсе деген ниет-тілек бар.

Найкен ҚАЙЫПБЕКОВА,

Жамбыл политехникалық

колледжінің оқытушысы

ТАРАЗ

982 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы