• Мәдениет
  • 19 Мамыр, 2022

Тәрбиенің тамыры

Алматы қаласындағы ҚР Ұлттық кітапханасының «Дін және дәстүр» залында белгілі жырау, ҚР Мәдениет қайраткері Серік Сүйіндіктің Жетісу жыр өнерін дәріптеуге арналған «Өңірлік жыр мектебі – ұлттық тәрбиенің тамыры» атты шығармашылық кездесуі өтті. Алматы облысының Райымбек, Кеген, Ұйғыр, Еңбекшіқазақ аудандарының мәдениет үйлерінде өткізілген көшпелі семинар-сабақтардың қорытындысы іспетті іс-шараға жергілікті дәстүрлі әнші-жыршылар қатысты. Кездесуде жергілікті жыр мектептерін жаңғырту мәселесі сөз болды. 

Алматы облысының Райымбек ауда­нындағы Текес өнер мектебіндегі жыр ­сыныбында балаларды жыршылық өнерге тәрбиелеп жүрген Серік Айтбайұлы осы өңірдегі Көдек, Бөлтірік Атыханұлы, Құланаяқ Құлманбет және басқа ақын-жыраулар мектебін жаңғыртумен айналысып келеді. Осы мақсатпен жуырда үш ай бойы Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданы, Жаркент, Шонжы, Кеген ауылдарында көшпелі семинар-сабақтар өткізілді. Шығармашылық кездесуді ұйымдастырған белгілі актер, сатирик Асқар ­Наймантаев бүгінгі іс-шара сол семинарлардың қорытынды есебі екенін жеткізді. «Біздің мақсатымыз – ауыл-аймақтағы жыршылық өнерге бейім жастарды өнерге баулу және болашақта бұл жобаның аясын кеңейту» деді А.Наймантаев.

Текес өнер мектебінде дәріс беріп жүрген Серік жыраудың шәкірттері бүгінде дәстүрлі өнер байқауларында топ жарып жүр. «Ақын жүре пайда болмайды, туады. Біздің міндетіміз сол туабітті ақынға бағыт-бағдар беру, тәрбиелеу» дейді Сүйіндік Серік. «Алпамыс батыр» сынды дастандарды жатқа айтатын жырау өзінің ұстаздық тәжірибесі негізінде дербес авторлық оқу бағдарламасын әзірлеген. Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерватория оқытушылары, белгілі әншілер Рамазан Стамғазиев, Тілеулес Құрманғалиев бұл бағдарламамен танысып, оң пікірін берген. Қазір Серік Айтбайұлының авторлық әдістемесі жергілікті өнер мектебінде қолданыста.

«Жыр сыныбында оқитын баланың барлығы ақын-жырау болуы міндетті емес. Біз, ең алдымен, тыңдарман тәрбиелеуіміз керек» дейді жырау. Сүйіндік Серік аудандардағы өнер мектептерінде жыр-терме сыныптарын ашу, балаларды жыршылық өнерге баулу мәселесіне баса назар аударды. «Қазақ халқының эпостық жырлары – ұлттық байлығымыз. Бұл қазынаға әр өңірдегі ақын-жыраулардың қосқан үлесі бар. Өкінішке қарай, қазір қазақтың эпостық жырлары мектеп бағдарламасынан алынып тасталды. Эпостық жырларды жаттағанда баланың жады шынығады, қиялы кеңейеді, сөздік қоры артады, тарихпен танысады. Сондықтан балаларды жыр-дастанмен сусындатып өсіру керек. Біз жыр сыныбында, ең алдымен, балаларға арналған жырлардан бастаймыз. Мәселен, белгілі ақын Көдек Байшығанұлы он жасынан өлең құраған. Қарапайым, тілі жатық, мақамы да жеңіл. Бағдарламада осындай өлең-жырлар көп».

Қазіргі таңда Текес өнер мектебіндегі жыр сыныбында 12 бала дәріс алып жүр. Сүйіндік Серіктің шәкірттері жуырда Алматы облыстық тіл басқармасы ұйымдастырған «Жыр жауһар» байқауында топ жарып, жүлделі орындардан көрінді. Солардың бірі 7 жасар Ақторғын Серікқызы Ұлттық кітапханадағы жыр кешінде Көдек Байшығанұлының «Қарлығаштың ұясы» атты жырын орындады. Сөзі мен мақамы балаларға лайық бұндай өлеңдердің танымдық сипаты да зор.

Өнер мектептерінде балаларды ән-жырға баулитын маман мәселесі де өзекті. Мәселен, осы шығармашылық кездесуге келген әнші-жыршылар өз ауданындағы өнер мектептерінде дәріс беріп, шәкірт тәрбиелеп жүр. Бұл маман тапшылығы мәселесін шешудің бір жолы. Қаракемер ауылдық мәдениет үйінің директоры, әнші Арайлым Мамырбекқызы, Кеген аудандық мәдениет үйінің әншісі Нұрым Байбала, жыршы-термеші Ұлан Қали, Ұйғыр аудандық мәдениет үйі «Жазерке» халықтық ұлт-аспаптар ансамблінің әншісі Жанаргүл Әшімова негізгі қызметімен қатар өз ауылдарындағы жыр сыныптарында дәріс береді. Жуырда осы әнші-жыршылардың атсалысуымен Кеген ауданында Құлманбет атындағы жыр сыныбын ашу жоспарланып отыр.

Жиында Қазақ және «Шалқар» радиолары Алматы филиалының жетекшісі, ақын Бақыт Жағыпарұлы сөз алып, Райымбек және Кеген өңірі ақын-жыршыларының мұрасын насихаттау мәселесіне тоқталды. «Соңғы жылдары Жетісу өңірінде Сүйінбай, Жамбыл мектептерінен өзге жыршылық мектептер кенжелеп қалды. Мәселен, Шарғын Алғазыұлы, Құлманбет, Көдек және басқа ақындардың жырлары мен мақамдарын таспаға жазылмаса да жадында сақтап қалған көнекөздер баршылық. Оларды іздеп табу және дамыту, дәріптеу қажет» дей келе, Бақыт Жағыпарұлы жергілікті жыр мектептерін жаңғыртып жүрген Серік Айтбайұлы бастаған ақын-жыршыларға алғысын жеткізді.

Жыршылық өнерде мақам-саздың, орындаушылық мектептің өзіндік ерекшелігі бар екені мәлім. Кездесу кешінде Қаракемер ауылдық мәдениет үйінің директоры, әнші Арайлым Мамырбекқызы, Кеген аудандық мәдениет үйінің әншісі Нұрым Байбала, жыршы-термеші Ұлан Қали, Ұйғыр аудандық мәдениет үйі «Жазерке» халықтық ұлт-аспаптар ансамблінің әншісі Жанаргүл Әшімова Жетісу ақын-жырауларының жыр-термелерін өзіндік мақамдарымен орындады.

Шығармашылық кездесуді түйіндей келе, Серік Айтбайұлы мәдениет үйлері мен өнер мектептерінде жыршылық дәстүрді жаңғырту мәселесінде құзырлы мекемелер тарапынан қолдау қажеттігін айтты. «Жыр жауһар» сынды байқаулар кешенді жобаға айналып, ауқымы кеңейсе деген ұсынысын жеткізді. «Әзірге өңірлік мектепті насихаттаумен шектеліп отырмыз. Мақсатымыз – Жетісу жыр мектептерін толық жаңғырту. Ол үшін руханиятқа жанашыр, көкірегі ояу, көзіқарақты барша ағайын атсалысуы қажет. Маман даярлау, олардың білімін көтеру,сыныптар ашу мәселесі бойынша әкімдіктердегі ішкі саясат және білім бөлімдерінің қолдауына мұқтажбыз» деді ол. Сондай-ақ жырау дәстүрлі өнер байқаулары облыстық, республикалық деңгейде тұрақты ұйымдастырылуы қажеттігін жеткізді. Бұл көнеден келе жатқан жыршылық өнерді өміршең етуге, дәстүр сабақтастығын жалғастыруға жасалған қадам болмақ.

Дина ИМАМБАЙ

791 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы