• Мәдениет
  • 19 Мамыр, 2022

Жаңа оркестрдің жолы да, жөні де бөлек

Ғасырлар қойнауынан жеткен көне музыкалық аспаптарға ­Болат ­Сарыбаев жан беріп, аты аңызға айналған Нұрғиса Тілендиев жаңғыртып, арнайы музыкалар жазып, үлкен сахнаға жол ашып бергені баршаңызға мәлім. Ал жақында Құрманғазы оркестрі мен «Отырар сазының» жолын жалғайтын жаңа оркестр дүниеге келді. КСРО Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Н.Тілендиевтің әйгілі «Отырар сазы» оркестрі салып берген сара жолдың жалғасы болып саналатын бұл бірегей фольклорлық-этнографиялық оркестр консерватория ректоры Арман Жүдебаевтың бастамасымен құрылды. Өнер ұжымы консерватория студенттерінен құралған.

Оркестрдің басты бағыты – Халық музыкасы факультетіндегі жеке мамандық ретінде оқытылып жатқан сазсырнай, жетіген, небір ұрмалы аспаптардың дыбыс бояуын сәтті қолдана отырып, сол аспаптарға жазыл­ған шы­ғармаларды насихаттау, ұлты­мыздың саз  аспаптарын дамыту. Осы жауапты жұ­мысты атқару Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, өнер зерттеу­шісі, күйші-композитор, Құр­манғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының фоль­клорлық-этнографиялық оркестрі­нің көркемдік жетекшісі әрі дирижері Нұркен Әшіровке жүктеліп отыр.

Оркестр бағдарламасындағы әрбір туынды әр аспаптың ерекше үніне арнайы жазылған. Н.Әшіров қазір кең тарала бастаған сазсырнай, сыбызғы, жетіген аспаптарымен қоса шіңкілдек, нарқо­быз, құссайрауық, тастауық, уілдек, шаңқобыз, адырна сияқты аспаптарға оркестрлік партитурадан арнайы жолдар арнап, жаңа партитура үлгісін дүниеге әкелді. Сонымен қатар дабыл, даңғыра, кебісше, дауыл­паз, суағаш, ұран, бұғышақ, мүйіз­сырнай, тұяқтас сынды ұрмалы-үрмелі фольклорлық аспаптарды да қосқан. Аталған аспаптардың ешбірі қазіргі оркестрлерде қол­даныста жоқ екенін ескерсек, бұл оркестрдің бояуы бұрынғылардан өзгерек болғалы тұр. Оркестр құрамында 59 адам бар.

10 мамыр  күні жер жәннаты Жетісудің төрінде, Талдықорған қаласындағы І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайының сахнасында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының жаңадан құрылған фольклорлық-этнографиялық оркестрінің алғашқы концерті өтті.

Концерттік бағдарламада фольклорлық-этнографиялық оркестрдің арнайы жасақталған құрамымен Н.Тілендиевтің «Ата толғауы», «Махамбет», Е.Үсеновтің «Шыңырау құс» шығармаларымен қатар алғаш рет Нұркен Әшіров арнайы ­оркестрге лайықтаған  «Шұғыла», «Көкшолақ»,  «Аңырақай шайқасы» шығармалары орындалды.

Концертте Рысбай Ғабдиев атындағы дирижерлар конкур­сының лауреаты, дирижер Омар Ибраимов, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Халықаралық «Мен қазақпын» мега жобасының бас жүлде иегері, әнші – Бейбіт Мұсаев, Республикалық конкурстардың лауреаттары әнші Бексұлтан Барақбай, сазсырнайшы Ләйлә Махшархан, қылқобызшы Әсен Смаил өнер көрсетті.

Концерт соңында І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайының директоры, Қазақстан Республи­ка­сының еңбек сіңірген қайрат­кері, композитор, дирижер Әли Алпысбаев Нұркен Нұрғалиұлын Мұқан Төлебаев атындағы «Алтын таяқша» рес­публикалық дирижерлар бай­қауының лауреаты төсбел­гісімен салтанатты түрде марапаттады.

«Студенттерден құралған бұл бірегей оркестр қазақ музыка өнеріне тың жаңалық болып еніп, ұлттық музыканың дамуына үлкен серпіліс береді деп сенемін!» – дейді Нұркен Әшіров. Сонымен бірге Нұркен мырза идея да, ­жоспар да көп екенін айтты.

Н.БЕЙСЕМБАЕВА

1031 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы