• Тұлға
  • 19 Мамыр, 2022

Ұлықұмның ұлы

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Ақтөбе қаласының байырғы тұрғыны Жайшылық Сартабанов. Ол - физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан Республикасының жоғары мектебіне еңбегі сіңген қызметкері. Жайшылық Сартабановтың  Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде табан аудармай қызмет еткеніне жарты ғасырдан асты, оның ішінде он бес жыл физика-математика факультетінің  деканы болды. Бүгінгі таңда үйреншікті білім ордасында математикалық ғылыми орталықтың жетекшісі.

Ең алдымен байқағанымыз – азаматтың қағаз-құжаттарға ұқыптылығы және көбіне-көп өзіне бағыт берген ұстаздары мен ғылым жолындағы әріптестері хақында ой айтуға бейімдігі. Майдангер әкесі мен анасы Бибісараның үмітін ақтасам деген бозбала Дамбар жетіжылдық мектебі жанындағы интернатта жатып оқығанда математика пәнінен дәріс берген Еренғайып Жолекеновті елжірей еске алады. Бұдан кейін Шалқар қаласындағы орта мектепте бағына Нәрен Нұржанова, Емберген Тереков, Нұрмұхан Тәлипов кезігіпті. Жарықтықтар шәкірт бойындағы құлшынысты аңғарып, келешек бағытына кеңес берген. Сол кезеңде еліміздегі жалғыз университет – С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дың механика-математика факультеті батыс қиырдан маңдай тіреген қыр баласын жатырқамай бауырына тартқан. Мұндағы ғылым сұңғылалары К.Персидскийді, В.Харасахалды, Х.Ибрашевті, Д.Үмбетжановты қалай ұмытар?! Мектепте математика пәні үйірмесінде баяндама жасаудан басталған жол студенттердің халықаралық ғылыми конференцияларына қатысуға жалғасты.

Министрлік жоғары оқу орнын үздік үлгеріммен бітірген жас маман Жайшылық Сартабановқа жаңадан ашылған Ақтөбе педагогикалық институтында жұмыс істеуге жолдама берді. Сонан бері елу алты жыл өтті. Институт ірілендіріліп, университет атауын алды, кейін одан педагогикалық институт енші алып, бөлек шықты. Арада жылдар өткенде екі жоғары оқу орны қайта біріктірілді. Еліміздің егемендігі жарияланғаннан бергі кезеңде білім саласында министрлердің алмасуымен осылай қанша реформа қолға алынды десеңізші?! Біздің кейіпкеріміз кезіккен сынақтарда табанды қалпынан ауытқымай бір оқу орнында шәкірттерге математиканың қыр-сырын үйретуге бар күш-жігерін жұмсады. Өзі де есейді, соңында ғалымдардың үлкен шоғырын қалыптастырды. Оның ғылыми жетекшілігімен жеті кандидаттық, бір докторлық және бір PHD докторлығы диссертациялары қорғалуы – соның айғағы. Терең білімді ізденістер нәтижесінде 4 монография, 5 әдістемелік оқу құралдары баспадан шығарылды, 420-дан астам ірілі-ұсақты ғылыми-әдістемелік жарияланымдардың авторы. Факультеттің оқу ғимаратында өзіне жол көрсетіп, баулыған ұстазы, әйгілі ғалым Дәулет Үмбетжанов атында пәндік аудитория жасақталды.

Жайшылық қазақ елінің тарихына, ислам дініне қатысты әдебиетті оқуға ықыласы алабөтен. Екі қазақтың бірі өлең шығаратыны рас, ал біз білетін математика профессоры сал­танатты басқосуда батаны өз жанынан өлең­де­тіп жеткізуге шебер. Білім ордасында домбыра оркестріне қатысып, күй тарту өнерімен ықы­лас­қа бөленген жылдарды сағынышпен еске алады.

«Жалпы музыкаға әуестіктің берері мол. Дүниетанымың молаяды, жүрген ортаңа, айна­лаңа қызығушылықпен қарап, олқылықты аңғара қоясың. Мысалы, қызға ғашықтық ән­дерін өнерлі қарындас-қыздарымыздың орын­дауы белең алып барады, соны ер адамдар шыр­қаса әлдеқайда әсерлі болмай ма?»,  – дейді ол.

Сартабанов жыл сайынғы еңбек демалысында туып-өскен Ұлықұм өңіріне арнайы барып тұрады. Туған жер топырағы мен тұзды минералынан қуат алғанды жөн көріп, жазда құмға, құм ортасында тұзға түсіп қайтады.

– «Бір жақсысы – халықтың жеке мал ұстауы­на тыйым-шектеулер азайды, – дейді ол. – Жанға бататыны бұрынғыдай жайылым ауыстыру деген жоқ. Тұрғылықты халық ауылдан ұзап шықпай қысы-жазы мал жайғандықтан жер көктемейді, тал-шіліктер, жиде-шыршалар жапырақсыз. Ұлықұм маған мұңая қарайды, ал менің оған көзім түскенде жылағым келеді».

Журналистік машығыммен әңгімені отбасы жайына бұрдым. Есіне бұдан жеті жыл бұрын дүниеден озған зайыбы Рахима Төлебайқызы оралды. Жаны жәннатта болғыр, отағасына шынайы адал ниетімен шаңырақ түтінін түзу шығарды, мамандығы бойынша орыс тілі пәнінен дәріс бере жүріп, әріптестер арасында беделге ие болды. Өмірге бір ұл, бір қыз әкелді, жарының ғылым жолында алаңсыз еңбек етуіне мейілінше сүйіспеншілігімен жағдай жасады. Гүлшара мен Қанат ата-ананың үмітін ақтап, мектепті және жоғары оқу орнын үздік үлгеріммен тәмамдады. Екеуі де шаңырақ көтерді: ниетіне күйеу бала және келін үлгілі ортадан кезікті. Өмірге көрсе көз тоярлықтай немерелер келді. Ұлдан немеренің үлкені Мәскеу қаласында ядролық университетте оқып жүрген жерінен Алматыға ауысып, IT-технология мамандығы бойынша білім алуда. Қыздан кіші немересі – Мәскеуде Ресейдің Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясының бірінші курс студенті.

Жуырда Жайшылық Сартабановқа аудандық мәслихаттың шешімімен «Шалқар ауданының құрметті азаматы» атағы берілді. Ал Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік универси­тетінің ректораты ғалымның мерейжасына орай ғылыми-практикалық конференция өткізуді жоспарлап отыр.

Жанғабыл  ҚАБАҚБАЕВ,

Қазақстанның құрметті журналисі

1228 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы