• Руханият
  • 19 Мамыр, 2022

ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН САНАЛЫ АТА-АНАЛАРДАН ҚҰРАЛУЫ КЕРЕК

Алматыда «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі, ­Алматы қаласы әкімдігі мен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы ­Отбасы істері және гендерлік саясат жөніндегі ұлттық комиссияның бірлесіп ұйымдастырған форум жұмысына Сенат, Мәжіліс депутаттары, қоғамдық қордың құрылтайшылары, өңірдегі бөлімше басшылары, ұстаздар, ата-аналар, бала тәрбиесіне бейжай қарамайтын жанашыр азаматтар жиналды.  

Форумның мақсаты – ата-ана мә­дениетін қалыптастыру, ата-аналардың педагогикалық, психологиялық сауатты­лығын арттыру, отбасы құндылық­та­рын насихаттау, бала құқығы, білімі, ден­саулығы, қауіпсіздігі т.б. мәселелерді талқылап, ақылға салу, өзара тәжірибе алмасу. Үш бөлімнен тұратын форум жұмысын «Сенімен болашақ» респуб­ликалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рақымбек Жолаев кіріспе сөзбен ашып, модераторлықты өз қолына алды.

Пленарлық отырыстың алғашқы сөзін ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дана Нұржігіт алды. «Бүгінгі заманның мектебі ұлттық өзегі бар, әлемдік құндылықтарды құрметтейтін оқушы қалыптастыратын мектеп болғаны маңызды. Бұл – уақыт талабы» деді.

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Отбасы істері және гендерлік саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Салтанат Фархатқызы: «Отбасы тәрбиесіне келсек, үш тарап: мемлекет, яғни Үкімет; қоғам; жеке тұлға, отбасы бала тәрбиесіне жауапты.  Елімізде атқарылып жатқан жұмыстарды жоққа шығара алмаймын. 2016 жылы Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы қабылданды. Жақында оған заманауи талаптарға сай өзгеріс енгізілді. Бірқатар заңдарға өзгеріс кіргізіліп отыр. Отбасылық мәселелерді шешу, балалардың құқығын қорғау ­проблемалары бойынша пікірталас көп. Бірақ соның бәрі отбасының жағдайын жақсартуға бағытталған. Қазір «Әкелер қоғамы»,«Әжелер, аналар кеңесі» құрылып жатыр. Менің білуімше, бүгінгі «Ата-ана – ұлттың ұясы» форумының жұмысы әр ауылға жетіп, әр отбасының жағдайын көріп, психологиялық көмек көрсетіп,  әлеуметтік, экономикалық жағдайын жасауды жоспарлап отыр. Бәріміз бірауыздан қолдап, әрі қарай жалғастырайық. Біздің болашағымыз, балаларымыздың бақытты болатынына мен кәміл сенемін» деп сөзін түйіндеді.

«Сенімен болашақ» қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы, бас демеушісі Нұркен Асанов қоғамдық қор пандемия кезінде бала-шағасымен сөйлескеннен кейін құрылғанын, сол қоғамның ішінде өзінің ұл-қызы да жүргенін айтып, ойын былай тұжырды: «Біз өзегімізді жоғалтып алғаннан кейін, не істерімізді білмей жүрген қоғамға айналдық. Кешегі Абай да, Мәшһүр Жүсіп те, Алаш азаматтары да мәселені айтып, жазып кетті. Біз енді оянуымыз, сол ойды оятуымыз керек. «Сенімен болашақтың» бір-ақ миссиясы бар – қоғамда өзіміз сияқты саналы ата-ананы қалыптастыру. Жаңа Қазақстан саналы ата-аналардан құралуы керек. Өз бас пайдасын ойлайтын, басқаның ала жібін аттайтын ұрпақ болатын болса, ертеңгі күніміз өкінішпен өтері анық. Ал біз құрметпен қарауымыз керек. Сондықтан соған жұмыс істеуге сіздерді шақырамын. Қоғамның шуын емес, Туын көтеретін зиялы ата-ана қатарынан болайық».

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Ирина Смирнова бала тәрбиесі туралы айтты, ал Саясат Нұрбек мамандық таңдау мәселесін көтерді. Депутат соңғы статистиканы мысалға алып, жоғары оқу орындарын бітірген түлектердің 60%-дан астамы өз мамандығымен жұмыс істемейтінін, оның себебі 4-5 жыл оқығанымен, өзінің мамандығының негізі қалыптаспайтынын, іргетасы әлсіз болғандықтан басқа жаққа кетіп, ол жерде білімін арттырғанша көп уақыт жоғалтатынын атап өтті. Оның басты себебі есебінде бізде еңбек нарығы мен білім жүйесі толыққанды ұштастырылмағанын меңзеді. Өнеркәсіп, өндіріс орындары өздерінің ішкі талаптарын білім жүйесіне жеткізгенше, кәсіби стандарт жасалғанша төрт-бес жыл өтіп кетуі мүмкін екенін айтады. Сонымен қатар арнайы зерттеу жүргізгенде 75% студенттің 23-24 жасқа дейін ең негізгі өмірлік шешімін ата-анасы қабылдайтынына қынжылып, бұл балаға деген сенімсіздіктен туындайтынын жеткізді.

Форумға белгілі педагог ғалым, ­гуманды педагогиканың негізін қалаушы академик Шалва Амонашвили мен оның ұлы психология ғылымының докторы, профессор Паата Амонашвили қатысты. Құрметті қонақ қатарында белгілі педагог, Қазақстанның тұңғыш Еңбек Ері Аягүл Миразова да бар. Бала тәрбиесіндегі эксперт-маман, педагог Елжас Ертайұлы «Баланы жазасыз тәрбиеле», отбасылық коуч Асхат Әбжанов «Семья или работа» тақырыбында дәріс оқып, сарапшы мамандар ата-аналардың сұрағына жауап берді.

Бағдагүл БАЛАУБАЕВА

616 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы