• Тұлға
  • 19 Мамыр, 2022

МЕНІҢ ЖАНРЫМ – КҮНДЕЛІК

Асанәлі ӘШІМҰЛЫ

8.05.17

Менің 80 жылдығыма түрлі арнаулар жазылып жатыр. Соның бірі Жүрсін Ермановтың арнауы:

Асеке! Қаһарман да, ер де өзіңсің,

Жазығың аспанда емес, жерде жүрсің.

Халықтың мәртебесін өсіруге,

Қазаққа құдай өзі берген ұлсың.

 

Бар шығар мүдірісің, кідірісің,

Сен бірақ бұл өнердің қыдырысың.

Іздейсің жан-жағыңды қарманасың,

Көрінбей Әнуарың, Ыдырысың.

 

Жетпісте жерге түссе балаң ыршып,

Қолыңда үйіріледі қалам, ұршық.

Киелі қара шалдар шаңыраққа

Қалдырып кеткен сенсің қарауылсың.

 

Жүйіткіп жылдар алға барады алып,

Сырыңды қайдан ұқсын қара халық.

Махаббат майданының жауынгері,

Оралып келе жатқан жараланып!

 

Арулар әлі саған гүлді ұсынар,

Жіпсісең жеңгеміздің сүлгісін ал.

Тоқсанда өнер ашқан тобықтай шал

Әбдіжәміл ағаңның үлгісі бар.

 

Таланттар қартаймайды рас екен,

Осыны дәлелдеумен жүр Асекең.

Сен жүзден асқан кезде келер ұрпақ

«КА мырза, сен кімсің?» деп

сұраса екен.

 

Жүрсіннің арнауы ұнады. Мені жақсы түсінген, әбден білген.

***

12 май күні 80 жылдық мерейтойымда менің сахнадан оқитын мәтіндерім:

«Ай шаңырақ астында ару сүйдім, жарым», – деп, күн шаңырақ астында бәрін сүйдім – бауырым» деп. Сахнаның төрінде, сырымды айттым, Зарым», – деп, сахараның шөлінде, мұңымды айттым – әнім – деп, ұлы өнердің жолында, ұлылардың соңында, елші боп қалған біздерді, өзі сүйсін тәңір кеп, театрдың мәңгілік, қасиетіне бас идім, қара шаңырағым, деп. Басқа сахналар жүріп жатады. Орта шенінде.

Өнермен өрнектелген өмірімнің өткеніне көз жүгіртсем, ойлаған ойларым емес, ойнаған рөлдерім – көңіліме жұбаныш болатын сияқты. Қаллеки – қазығым, Серағаң – сенімім, Сәбиралар тұнған мейірімім, Шәкеңдер шапағатым, Тоқпанов пен Мәмбетовтер алтын қазығым еді. Бәрін сағындым, Өнердегі достарымды сағындым.

Қол созғанда көктегі айға,

Сен байқашы, Райымбек

жарқырай ма?!

Әнуар, Есболғандар елес берсе,

Көңілің көлдей толқып шалқымай ма?!

 

Көңіл, көңіл көк жүзін аралатты,

Арманның арғымағын тағалатты.

Нұрмұхан, Ыдырыс пен Фаридалар,

Мәңгілікке қол бұлғап бара жатты.

 

Бәрі де жанарымда мөлтілдейді,

Мөлтілдейді сілкініп «серпіл» – дейді.

Солардан аманат ғып алып қалған

Өнер ғана ешкімді өлтірмейді.

 

Күнде болған аялап айда болған,

Махаббатымды оятқан Майра болған.

Мәртебе ғып көтерген Мәди де арман,

Сағым болған кешегі Сағи да арман.

Қайта айналып келмейді дүние жалған.

 

18.05.17

Назарбаев «Еңбек Ерін» тапсырды. «Қазақ киносының брендісіз. Халықтың сұрауы бойынша, өзімнің ұйғарымым бойынша Сізге Еңбек Ері алтын жұлдызын тапсырамын» деді. Маған ұнағаны «Халықтың сұрауы ­бойынша» деген сөзі.

***

Көкбай ақын 1913 жылы Меккеге барып, қажы атанған. 1901–1921 ж. медресе ашқан. Орыс тілінен сабақ берген.

 

23.08.17

Өмір-өзен зырылдап ағып, өтіп жатыр.

Сарқырап, арқырап ағатын кез өтті. Әр кезеңнің өзінің ритмі бар. Басымыздан бәрі өтіп келеді.

***

Жаманның аты жақсыларды жазғы­румен шығады.

***

Голливудқа кіру бағасы 120 доллар. Халық ығы-жығы.

***

 Эстрада артистерінің күн көрісі той болып қалды. Бұрын мұндай тірлік аса ұят болып саналатын. Өнер тойдың деңгейіне түсіп кетті. Қазір қала, облыс кезіп жүрген артистер. Тіпті әрқайсысының өз ставкалары бар.

***

«Пара жеген билерден, қасқыр алған ит артық».

«Ашу тасыса, ақыл төгілер».

«Жігітті жылы сөз ширатпайды, сын ширатады».

«Өнердің бір тәңірісі Асанәлі, сенемін жүз жастан да асады әлі» (Өтеген Күмісбаев. 8.04.2014)

«Қабырғаммен кеңесейінші» сөзінің астары «әйеліммен ақылдасайын» ­деген екен.

«Оқуды қойған адам ойлауды қояды»

«Төлегендер жинақы жүру үшін, ­Бекежандар болу керек» (Ә.Сығай).

***

Пирамидалар – Хеопсе, Хефрене, Ми­керинелерді тұрғызу үшін 1000 ша­қырым Асуаннан тас алдырған. Әр блогы 30 тонна.

***

Дионистің мейрамына құрбандыққа теке шалған. Текені грекше «Трагус» дейді. Осыдан «трагедия» деген сөз туған.

***

Сымбатты өнер болмаған елде, мағыналы тіршілік жоқ.

«Шындық көп, ақиқат жалқы»

«Өтірікті кешіруге болады, тек ақтауға болмайды»

***

 Ақиқат айтылған жерде өзіңді адам сезінесің (Қали Сәрсенбай).

***

«Собака тоже смеются, только ­хвостом».

«У собак только один не достаток, верят людям».

«Ошибки, которые не исправляются, вот настоящие ошибки.»

***

Қырғыздың қас сұлуы Тәттібибі өлгенде: «Білгенге аспандағы бір қыз өлді,

Білмеген пендеге жердегі бір қыз өлді» деген ғой ақын. Осы шумақты Әшірбек Сығайға да айтуға болар. 27 ноябрь, 2014 жылы дүние салды. «Ағалап, егіліп келген жұртта шек жоқ» деп бастадым қаралы митингідегі сөзімді.

***

Абылай 12 әйелінен 40 қыз, 30 ұл сүйген.

 

16.12.17

Құман Тастанбеков (Төлеген) қайтыс болды деген хабар алдым. Ақтауға тойға барған. Жақында ғана Лос-Анджелеске бірге барып қайтып едік. 12 желтоқсанға «Еңбек Ерін» атап өтеміз деп белгілеп қойған едік, кейінге сырғыттық. Құманның денесін аэропорттан күтіп алдық. «Қыз Жібектен» қалған үшеу едік, енді екеу қалдық.

Құманның тазалығын айтып сөйледім. Сахнада қоштасу өлеңін оқыдым. Аса жоғары деңгейде шығарып салдық. Ол туралы баспасөз де жақсы жазып жатты. Қазақ Төлегенін мәңгілік мекеніне осылай зор құрметпен аттандырды.

3.01.18

Ыдырыс, Әнуар, Нұрмұхандарды сағынамын. Сағыныштан жүрегім езіледі. Анамның кіршіксіз тазалығын сағынамын. Мәди, Сағиымды сағы­намын, ет жүрегім қан жылайды.

Көнгенбіз, көнеміз...

***

Театрға Асхат Маемиров директор боп келді. Қарқыны зор. «Аттилаға» репетиция жасалып жатқан еді, тоқтатты. Актерлерге асхана ашты. Бағыты дұрыс. Білімді, зерделі жігіт көрінеді.

 

17.02.18

Рахымжанның дүниеден озғанын естіп отырмын. Сал-серілігі басым, тілі ерекше, адал азамат еді.

 

18.02.18

Атырауға Есмұхан екеуміз ұштық. Рахымжанның жерлеуіне. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев о бастан елжанды, мемлекетшіл азамат қой. Сол қалпы. Мен сөзімде Рахымжанды «Прозадағы Мұқағали еді» дедім. Халық көп жиналды. Сол жолы Нұрланның өтінішімен есеп беру жиналысына қатыстым. Оның да себебі бар еді. Атырау театрына академиялық атақ берілді. Соны тапсырдым. Бұған Рахымжанның да үлесі бар. Бір қуаныш, бір қайғыда деген осы. Мұндай кездесу, мұндай жағдайлардың өнер адамының жұмысына зор шабыт беретінін, қанаттандыратынын айттым. Арасында жұрт қайғыдан бір серпіліп, еңсе көтерсінші деген оймен қалжың да айтқан болдым. Төлегенді өлтіргенімнің себебін айтып, жұртты бір күлдіртіп алдым. Мазмұны былай: «Мен Бекежанның адвокатымын. Қызды сүйер жүрегі болса, елді қорғар білегі болса, ол қандай жағымсыз кейіпкер болмақшы? Шеттен келген кездейсоқ жігітке сүйген қызын қалай бере қоюы керек? «Қайт» деді. Бірнеше рет қайталады. Қайтпады. Амал жоқ, өлтіруге тура келді» дедім. Орнымен айтылған әзілді жұрт орнымен қабылдады. Сөйтіп, қайғы бұлтын серпігендей болдым.

 

23.11.18

Лермонтов театрында ­Померанцев Юрий Борисовичтің 95 жылдық ­мерейтойы болды. Шал спектакльде ойнады. Аса таңғаларлық құбылыс. Екі жарым сағат сахнада болып, әрі билеп, әрі толғанып елді таңғалдырды. Мен: Юрий Борисовичке 95, маған 80 жас. Мен 95-ке келгенде ол 110-ға шығады. Екеуміз осы сахнада «Король Лирді» ойнаймыз. Ол король мен Лир боп деп жұртты ду күлдірдім. Ұлы режиссер Стуруа Роберт Робертович Грузиядан арнайы келіп, қатысып отырған. Ол менің сөзімді жалғастырып, «Мен ­король Лирді қоюшы-режиссер болам» деді. Жүргізуші Якушев (театрдың директоры) «Қандай ұлы треугольник «Ашимов – Померанцев – Стуруа» деді.

***

Бақыт Қайырбековтің ақындық кеші болды. Орыс тілді. Аса қарапайым, дарынды жігіт. Екі ауыз сөз айттым. Риза болып жатыр. Қайран, Ғафаңның көзі ғой. Бала әкесіне тартып, жақсы жетілген екен.

 

24.02.18

Кинематографистер съезі. Осыдан жарты ғасыр бұрын Айманов бастаған ұлылардың ұсынысымен Қонаевтың жәр­демімен ашылған. Кино үйін қайтару жөнінде ұсыныс айттым. Көпшілік қолдады.

***

Стуруамен кездесуге бардым. Ол маған үлкен ілтипатпен «Менің әйелім сіздің кітабыңызды оқып шықты. Восторге» деді. «С любовью Ваш Ашимов» деген кітабымды айтып отыр.

26.02.18

Кейінгі жылдарда «Айтысқа» төрелік етіп жүрмін. Ең бастысы шабыт шақырады, көңілің көтеріледі.

***

Адам жарық дүниеге келгенде демін ішіне тартып алып жылайды екен. Дүниеден өтерде сол демді «уһ» деп шығарады дейді. Бұл Жан екен. Аспанға ұшып, денең жер қойнына берілгенше күтіп тұрады екен. Рухтың өлмейтіні анық. Осыны біздің шала молдалар түсінбей, лағып кетеді.

 

27.03.18

Актерлік қызметті тоқтаттым.

***

Кейбіреулерге қанша мал бітсе де, байлық бітпейді.

***

«Пейілі кедей байдан сақта»

«Өнерсіз өлермен келеді»

***

«Адам ойының портретін жүзінен көруге болады» (Ғ.Мүсірепов).

 

5-7.06.18

Студенттерімнің мемлекеттік емтиханы болды. Жеті спектакль ­дайындап көрсеттік. Жақсы өтті. Әсіресе Қарагөзді ойнаған Мақпал деген қыз жұрттың бәрін жылатты. Тіпті Жүрсін Ерманов «Көзімнен жас шығып кетті» деді. Осы ұжыммен жақсы театр құрсам көрегендік болар еді. 36 бала бітірді.

***

Тілін білмейтін, әдебиет, мәдениеттен жұрдай жастар басқасын былай қойғанда ата-анасын сыйлаудан алыстай береді.

 

3.07.18

Балама Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» деген өлеңін жаттаттым.

 

14.07.18

Зәмзәгүл Шәріпова қайтты. Өсек-аяңы жоқ, шығармашылығы адал, періштедей пенде еді. Тірі кезінде бетіне айта алмайтын сөзді енді айтып жатырмыз ғой. Шынында, сондай адам еді.

***

Әуезовтің 50 томдығын оқып жатырмын. Біраз мағлұматтар алдым. Мұхит қой. Алайда қандай ұлы болсын ол да ет пен сүйектен жаралған жан. Кейбір тұстарына келіспеуге де болады. Әсіресе Фатимаға жазған хаттарында пенде екенін көрсетіп алады. Бекер-ақ басқан екен деп қаласың. Қайталаулар бар. Театрға сын айтқан тұстары...

***

1936 жылға дейін Қарақалпақстан Қазақстанның қарамағында болды.

***

Орал қаласының бұрынғы атауы Теке. Қазіргі Атырау Үйшік деп аталыпты.

***

Сырдария, Әмударияның басы ­Памир тауларынан басталады. Түрксибтің басталатын жері – Луговой стансасы.

***

Мықты шебер өмірден өнер жасайды.

***

19 март, 19 сағатта 19 жылы ­Назарбаев өз өкілеттілігін тапсырған күн.

***

Бекет Тұрғараевқа разымын. Елге жұмыс істеп жүрген жігіт. Байлығын ха­лыққа арнаған. Тұлғаларға деген құрметі зор. Қазығұртта керемет тарихи ескерт­кіштер аллеясын тұрғызған. Әр кәсіпкер тарихыңды осылай қастерлесе біз алысқа барамыз. Үш биге, Жалаңтөске, Жәң­гірханға, Салқам Жәңгірге т.б. ғажайып ескерткіш қойған. Ғаламат еңбек.

***

«Жан балам» әнін орындап жүрмін. Сөзі Жүрсіндікі, әні Алтынбектікі. Тәуір шықты.

 

(Жалғасы бар)

1208 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы