• Руханият
  • 19 Мамыр, 2022

ҚАУІППЕН КҮРЕСКЕН КҮРЕСКЕР

Бауыржан Ысқақұлымен 2001 жылы таныстым. Комитетте «Арыстан» қызметінде істеп жүрген кезім. Бауыржан Ысқақұлы келгенше «Арыс­тан» қызметіне төраға өзі куратор болатын. Сол жылы Нұртай Дүтпаев комитетке төраға болып келіп, «Арыс­тан» қызметінің кураторлығын орынбасарына тапсырды. 

2002 жылы қаңтар айында «Арыс­тан» қызметінің орынбасарлығы қызметіне тағайындайтын болды, ал оны тағайындаудың өз рәсімі бар. Сонда бірінші рет ­Бауыржан Ысқақұлының кабинетіне ­барып, қазақша баяндама жасадым. Шыққан соң әңгімелестік. «Өзің осында бұрыннан жүрген жігіт екенсің, сәттілік!» деп қолымнан қысып, батасын берді. Осылай көзбе-көз танысқанымыз сол кезең еді. Кіреберіс бөлмесінде көмекшісі отыратын. Бауыржан Ысқақұлы сабырлы кісі ғой. Артық сөзі жоқ. Сол көмекшісі «Сіз оған ұнап қалдыңыз» дейді. Мен «Неге?» деп таңғалып тұрмын. Ол кезде айтулы мекемеде қазақ тіліне жетік мамандар кемде-кем. Әсіресе ағаларымыздың арасында. Ал ол кісі қазақ тілінде майын тамызып сөйлейтін. Маған да сол үшін риза болған екен.

Сол жылы бірінші мамыр күні Айдар Базилов деген басшымыз аяқ астынан қайтыс болып, ­орнына уақытша міндетін атқаруға кірістім. 2002 жылы шілденің 13-і күні Ұлттық қауіпсіздік қызметінің 10 жылдығына дайындалып, жиынға сол тұстағы Президент келетін болды. «Жақсылап дайындал, алғашқы кезек келгенде Президентке қазақ тілінде баянат бересің» деді. Енді комитеттің ішіндегі ең үлкен жауынгерлік бөлім осы «Арыстан» қызметі ғой. Ол кезде жаңадан қару-жарақ, техника ал­ғанбыз. Соның барлығын Президентке көрсетуіміз керек. Бауыржан аға­мен тығыз дайындалдық. 13 шілде күні Нұрсұлтан Әбішұлы келіп, 10 жыл­дықпен құттықтады. Мен қазақ тілінде баянат бердім. Артынан техникамыз­ды көрсетіп, басқа бөлімшелердің жағ­дайын таныстырып шықтым. Бар­лы­ғы аяқталған соң Бауыржан аға қатты қуанып, кабинетіне шақырды. «­Фай­золла, барлығы ырза болып жатыр. Пре­зи­денттің де көңілінен шықты» деп сол жиыннан кейін көңілімді көтергені бар.

Ол кісі ешуақытта артық сөз сөйлемейтін. Алдымен тыңдайды, құжат­тарды мұқият қарайды, бірден жауап бермейді. Артынан нақты тапсырмалары мен ұсыныстарын енгізіп отыратын. Жұмыстан сергігісі келгенде аңшы­лыққа әуестенетін. Алыс емес, Қорғалжың қорығының маңайына демалыс күндері аңшылыққа алып баратынмын. Өзім аңшы болмасам да бірге барамын. Баласы Нұрдидар да бар, қаз ататын. Отбасымызбен де араласып тұрдық. Марқұм Шәмшібану жеңгейді де көрдік. Өздері мектеп кезінен бір-бірімен дос болған. Екеуінің жарасымды әңгімелерін тыңдап отырып таңғалатынмын. Ол кісі жолдасының атын атамайды, үнемі «мамасы, мамасы» деп сөйлейтін. Сол заманнан жақсы қарым-қатынаста болдық.

Кейін басқа қызметке ­ауысты. Десе де біздің арамыздағы ағалы-інілі байланыс ешқашан үзілген емес. Өмірде 34 жыл шен тақтық, соның ішінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Арыстан» қызметінде істедім. Алдымыздағы үлгі алатын ағаларымыздың бірі болған Бауыржан Ысқақұлы соңғы күндеріне дейін ақыл-кеңесін айтып отыратын. Ол кісі арамыздан кетіп қалғанда жетімсіреп қалғандай болдық. Қазақшылығы, дәстүрге беріктігі, ­отбасына деген адалдығы, балаларына деген сүйіспеншілігі ерекше еді. Үлгі алатын тұстары көп еді. Осы өмірде әке-шешемізден кейін тәлім-тәрбие беріп, жөн көрсеткен ұлағатты ағамыздан көп нәрсе үйрендік.

Қаңтар оқиғаларынан соң, күштік құрылым тарапына сын көп айтылып жатыр. Тарихтың көртышқаны үнсіз қазады дейді, ерте ме, кеш пе шындық айтылады. Ұлттық қауіпсіздік комитетінде 2001 жылдары Бауыржан Ысқақұлы Мұхамед Назаров деген полковник екеумізді шақырып алды. Ол кезде терроризмге қарсы орталық Ресейдің өзінде жоқ, Украинада ғана болатын. «Ерте ме, кеш пе осы орталық бізге қажет. Террористер болатын болса, бүкіл күш құрылымдарының басын қосатын орталық болуы тиіс» деп Бауыржан Ысқақұлы мені әдейілеп Киевке жіберді. Құрылымын, жұмыс істейтін негізін зерттеп-зерделеп барып, сол орталықтың ­ашылуына өзі мұрындық болған. Біздің қызметке қатысты дүниелерді терең талдайтын, сосын алдын алып отыратын көрегенділігі де бар еді. 2003 жылға дейін Қазақстан тыныш тұрды. Қазір діннің өзінде неше түрлі бағыттар араласып кетті ғой. Атырауда, Ақтөбеде террористік шу басталған тұста, сол ­атышулы операцияда өзім басқарушы болғанмын. 2016 жылы 5 маусымда Ақтөбеде болған қару-жарақ дүкенін тонау кезінде операцияны басқардым. Ол уақытта ­Бауыржан Ысқақұлы басқа қызметке кетіп қалған. Десе де, алдын ала болжай отырып, «дайындалыңдар, түбі осы бәле біздің елімізге де келеді. Дінде теріс ағымға түскен азаматтарды қайтару қиын болды. Сақ болыңдар» деп бізді білгендей дайын­дапты. Ол кісі болуы ықтимал қауіпті, болып жатқан жағдайдың себеп-салдарын тамыршыдай тап басатын. Бұл – өз ісінің нағыз шебері деген сөз. ­Бауыржан Ысқақұлының тұсында терроризмге қарсы күшті күшейтуге қатысты арнайы бағдарлама құрылды. Арнайы жасақтардың қару-жарағын ауыстыру бойынша бастапқы уақытта соңғы заманауи қару-жарақты алуға да өзі бас-көз болды. Айтқандары айна-қатесіз келіп жатыр деуге болады. Кешегі оқиғалардан соң ерінбегеннің барлығы қауіпсіздік комитетінің жұмысына сын айтқыш болып алды. Арнайы қызметсіз, арнайы жасақсыз мемлекет болмайды. Олардың басшыларының барлығы кінәлі болып жатса уақыт көрсетер. Егер сатқындар шығып жатқан болса, мемлекет қауіпсіздігі жолында қызмет еткен абыройлы азаматтардың еңбегін түгел жоққа шығара алмаймыз.

Бауыржан Ысқақұлы әрқашан айтатын: «Ешқашан ешкімге жамандық жасамаймын. Жауыңа да жамандық жасама» деген сөзі бар. Мені де табандылыққа үйретті. Сондай бір шақта өзіміздің жоғары жақтағылардың тарапынан бір әділетсіздікке тап болғанымда: «Басқа бір қызметке ауысып кетейін, көмектесіңізші» дедім. Сонда ­Бауыржан Ысқақұлы: ­«Файзолла, кетуге болады. Бірақ мен сені соғыс алаңынан қашып кетті деп есептеймін. Соңғы минутқа дейін күресуің керек, берілме» деді. Сол жерде тұрып: «Соңына дейін ­шыдаймын» деп шығып кеттім. ­Бауыржан Ысқақұлы осындай өмірдегі күрескерлік қасиетін үлгі етті. Өзіміздің қанымызда да бар шығар. Бірақ «ешқашан жеңілуге болмайды» деген күрескер рух пен ұстанымды Бауыржан Ысқақұлынан үйрендім. Құдайдың оңдағаны болар, мен басшылық қызметке кіріскенде ­Бауыржан Ысқақұлы, Ержан Исақұлов, кадр­лар жөніндегі басшы Хамза ­Ибраев, Мақсұт Нұриманов сынды ағаларымызбен тізе қосып жұмыс істеп жүріп, үйренгеніміз көп болды. Комитеттің ішінде жүріп жұтылып кетпей, қазақтығын сақтаған азаматтар еді.

Үш әріп тек қана жамандық ойлаған, халқын қырған деген әңгімелер көп айтылады. Бірақ сол жүйенің ішінде жүріп те еліне қалтқысыз қызмет ­еткен талай адамдар болды. Өзім 1984 жылы алғашқы рет ­Целиноград облысы бойын­ша мемлекеттік қауіпсіздік комитеті басқармасының табалдырығын аттадым. Сол кезде генерал-майор Жақия Сейтқазиевпен бірге қызмет ету бұйырған екен. Марқұм болып кетті ол кісі, Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан майдангер. Ол өзіміздің қарагөздерімізді жұмысқа қаймықпай тартатын. Мен де сол кісінің батасын алдым. Ал қазір соңғы отыз жылда біз өзіміздің тілімізді ұмытып қалған сияқтымыз. Өйткені сол заманда отырып, Қорғалжыңдағы қазақ мектебін алтын медальға бітіргенмін. Сол кезде қазақтар, біздің зиялылар балаларын орыс мектебіне бергісі келетін.

Елін сүйетін, жерін сүйетін сондай азаматтардың бірегейі ­Бауыржан Ысқақұлы болатын.

Файзолла КӘМЕНОВ,

запастағы полковник

1099 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы