• Тұлға
  • 19 Мамыр, 2022

ҰЛТЫН ҰЛЫҚТАҒАН ОҒЛАН

Өмір өнегесі өзгеше азаматтың ғұмыры да өзгелер сияқты өз заңдылығы, өз сүрлеу-соқпағы, өз шығар биігі бар ерекше ғұмыр. Осы өмір керуенінде өзіндік ізімен танылған азаматтың бірі – Нұртай  Сабильянов.
Тәуелсіздік – біздің ең ­басты игілігіміз, баға жетпес құндылығымыз. Жас мемлекет тарихындағы жаңа дәуір дәл осы Тәуелсіздіктен бастау алады. Дәуір жасампаздығы сенімді және серпінді дамуға байланысты. Сондықтан да Тәуелсіздік ерекше маңызға ие. Отыз жылдық – елдіктің, егемендіктің, кемелдену мен келешекке құлаш сермеудің тамаша кезеңіне айналуы тиіс екенін Нұрекең жақсы біледі. Әлқисса...

Нұртай Салихұлы бұрынғы Семей (қазiргi Шығыс Қазақстан) облысы Аягөз ауданының Шынқожа ауылында дүниеге келдi. Алдымен Алматы Халық шаруашылығы институтын және соңыра Қазақ мемлекеттiк Заң университетiн бiтiрдi. Оқып жүріп Алматы қаласындағы 1986 жылғы Желтоқсан көтерiлiсiне қатысқанын сол кездегі қолына рупор ұстап, алаңда сөйлеп тұрған әйгілі суретінен жалпақ жұрт жақсы біледі. Одан соң да, жас та болса ұлт тағдырына жаны ауырып, 1991 жылы 28 наурызда КСРО Қорғаныс министрi Д.Язовқа ел-жер тағдырына қатысты жеделхат жолдап, оған жауап та алған.

Бұл мәселе бойынша, яғни «қазақ ұлтшылдығы» деген айыпты ресми түрде алып, қазақ халқынан кешірім сұрау қажеттігін Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісінің депутаты қызметін абыроймен атқарған, сол кездегі Алматыдағы Халық шаруашылығы институтының студенті, желтоқсан көтерілісіне белсенді қатысушылардың бірі – Нұртай Сабильянов «табанды түрде көтергенімізбен, нақты нәтиже шықпағаны түсінікті еді», – дейді. Дегенмен де, қазақ мәселесіне қатысты Мәскеудегі жоғарғы билік өкілдеріне жиі хат жазып, жауап берулерін талап еткен жастардың бірі – Нұртай Сабиляновтың кезекті төмендегі бір хаты оқырманды бейжай қалдырмаса керек.

 

Телеграмма №83/210 от 28. 03. 91.

г. Москва,

ул. Королева, 12,

программа «Кто есть кто»,

т. Язову.

Вопросы:

 

1. Ваша причастность к имперской политике Колбина против казахского народа, ликвидации ракет именно в Сарыозеке.

2. Когда вы подпишите акт передачи бывшего здания штаба Среднеазиатского военного округа по улице Джандосова-Правды в Алма-Ате, переселенцам из Семипалатинска и Арала, ведь Среднеазиатский военный округ ликвидирован.

3. Судьба военного училища коренной национальности в г. Алма-Ате после декабря 1986 года.

 

Нуртай Сабильянов,

г. Алма-Ата, 28.03.91.

Жоғарыдағы сауалдарына Нұртай сол кездегі түкірігі жерге түспей тұрған одақтық дәрежедегі ең шенді шенеунік, КСРО қорғаныс министрі Д.Язовтан сырғытпа жауап алғанын маңызды санамайды. Маңыздысы, бұл ұлтжанды жастың елдік мәселені отбасы, ошақ қасында ғана айтып қоймау қажеттігіне берген жауабы, әрі нақты іс жасау керектігіне үндеген әрекеті іспетті. Желтоқсан көтерілісінен бүгінгі уақытқа дейін халқының қамы үшін аянбай еңбек етіп келе жатқан ұлтжанды азамат Нұртай Салихұлы бұл турасындағы ойын былай түйіндейді:

«Қазақты оққа да байлаған, сотқа да айдаған, аштан да қырған XX ғасыр «Біз бақытты баламыз» деп ән салдырған бүгінгі ұрпағына дейін кесір-кесапатын алға тартып келді. Одақтас республикалар мүлгіп отырған жылдарда да қазақтың қаћарман ұлдары тәуелсіздіктің туын тігу үшін жасырын жұмыс істеп келді. Сенбейін десек, ол туралы құжаттар да бар. Мен ойлаймын, бүгінгі тәуелсіздігіміздің негізі, егемендікке жету жолындағы ұлт-азаттық көтерілістердің түйіні – Желтоқсан көтерілісі деп айтуға құқымыз бар. «Іріген ауыздан шіріген сөз шығады» демекші, кейбіреулер айтқандай, алаңдағы жағдай «­на­шақорлар мен маскүнемдердің бей-берекеті» емес, бостандық, ұлт ­намысы  үшін күреске бел буғандардың жанкешті қадамы еді».

Сол кездегі Халық шаруашылығы институтының 3 курсында оқитын Нұртайды алаңға ешкім алдап, немесе күштеп апарған жоқ. Өзге қыз-жігіттер де адал ниет, шын көңілмен бейбіт шеру арқылы Мәскеуден берілетін партия көсемдерінің бұйрықтарымен келіспейтінімізді мәлімдеуге шықты. Ұлттық ар-намысты таптатқылары келмеді. Шын мәнінде 5 миллионнан аса қазақ ұлтының арасынан ел басқаратын бір адамның табылмауы ақылға қонбайтын әңгіме. Осы сауалға жауап іздеп, еңсені тік ұстайтын ұлт екенімізді партияның бюрократтарына, орталықтың өктемдігін мойындатқылары келді.

Иә, ұлттық кемсітуге ыза болған Нұртай сынды жалынды жастар ­Республика алаңына жиналып, өз пікірлерін айтпақ еді. Демонстранттармен әу бастан келіссөзді  дұрыс жүргізе алмағаннан кейін, жағдай шиеленісіп, мінбеге шыққан Республика басшыларына дөрекілік жасау әрекетіне ұласты. Ақыры тәртіп қорғаушылармен қақ­тығыс та басталды.

Желтоқсанның ызғарлы күнде­рін­дегі зобалаңнан аман шыққан Нұртай оқуын өте жақсыға бітіріп, Алматы электротехникалық зауытында экономист болып еңбек жолын жалғастырып, «Сарыарқа» жабық акционерлiк қоғамында бас бухгалтер, кейiн қаржы жөнiндегi вице-президент, ҚР Аудиторлар палатасының мүшесi болып абыройлы еңбек етті.

Бұдан соң саясатқа ден қойған ол, Шығыс Қазақстан облысының Аягөз, Жарма, Үржар аудандарынан төрт рет – алғашында ҚР Жоғарғы Кеңесiне, кейiн ҚР Парламент Мәжiлiсiне депутаттыққа үміткер ретінде бағын сынады. Артынша-ақ, дегенінен қайтпайтын Нұрекең Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаты, Қаржы және бюджет комитетiнiң мүшесi, кейіннен Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы, «Нұр Отан» Халықтық демократиялық партиясы Саяси Кеңесiнiң және Саяси Кеңесiнiң Бюро мүшесi болды.

Жаратушы әр адамға қанымен біткен мінез береді ғой. Қанында бар қасиетті адам қайда жүрсе де тастап кетпейтіні белгілі. Тумысынан текті адамдар көптің қамын ойлап, елі мен жері үшін шырылдап өтеді. Осындай азаматтардың арқасында ел де, жер де көктейді, көркейе түседі.

«Бай болсаң еліңе пайдаң тисін, батыр болсаң дұшпанға найзаң тисін». Осы халық даналығы Нұрекеңнің негізгі ұстанымдарының бірі. Саяси-қоғамдық мәселелерде ұлттық тiлге қамқорлық, тарихымызды жаңғырту, ұлттық әдебиет пен мәдениеттi, ұлттық өнердi қолдау, ұлттық спортымыздың жандануына жәрдемдесу, ауылдағы жасөспiрiмдердiң отаншылдық рухын ояту, экологиялық апат ай­мақ­тарындағы адамдардың ден­саулығына қатысты проблемаларды шешуге атсалысып келеді.

Алғашқы демеушiлiгi 1992 жылы жаңадан құрылған «Желтоқсан» қорына қолдау көрсетуден басталған. Көптеген мектептерге, кiтапханаларға, балалар үйлерiне демеушiлiк жасау өз қаражатымен мүмкiндiгiне қарай жүзеге асырылды. Мәдениет үйлерiн, мешiттердi қалпына келтiруге, мек­тептердi компьютерлендiруге жәр­демдестi. Соның iшiнде туған ауылы Шынқожа ауылында жеке қаражатына жаңа талапқа сай Мәдениет үйiн салғызып бердi.

2003 жылы желтоқсан айында ­аудан орталығы Аягөзде республикалық айтысты ұйымдастырды. Бұл ­айтыс «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» эпосының 1500 жылдығына арналған еді. 2004 жылы Мәскеу қаласында өткiзiлген айтысқа да демеушiлiк көмек жасады. Осылайша елдегі айтыс өнерiнiң өркендеуіне бiршама үлес қосқанына ел-жұрт ризашылығын бiлдірген. Желтоқсан көтерiлiсiне байланысты iс-шараларды ұйымдастыруға да белсене қатысып келеді. Реті келгенде, осы жолдардың авторына да «Қасиеттім – Желтоқсан!» атты кіта­бымды мың данамен шығарып бер­ге­нін ризашылықпен айта кеткім келеді.

Мемлекетке сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан үлесі үшін 2008 жылғы «Білім меценаты», 2010 жылы Ұлттық Қоғамдық «Алтын жүрек» сыйлығының «Білімді да­мытуға қосқан үлесі үшін» номина­циясын және «Шапағат», «Құрмет» және т.б. орден-медальдарымен марапатталды.

Сондай-ақ туған жеріне сіңірген еңбегі еленіп, Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданының құрметті азаматы атағын да алды.

Ұлы Абай мен дәулескер күйші Құрманғазыны үлгі тұтатын тұлғалары санайтын Нұртай Салихұлынан жастарға айтар тілегін сұрағанымызда: «Мағжан айтқан ғой: «Мен жастарға сенемiн» деп. Қазақ жастары үшiн бүгiнгi таңдағы ең көкейкестi мәселе — өз ана тiлiнiң тағдырына бейжай қарамауы, туған елiн, жерiн шексiз сүюi, Отанының патриоты болуы. Жаһандануға сонда ғана төтеп бере аламыз деп ойлаймын. Қазақ ұлты­ның болашағы — жастарымыздың қолында. Мен де жастарға сенемiн!» дегені бар еді. Бүгінде сол отаншыл жастардың ортасында жұбайы Нұрсәуле Көкежанқызы екеуі тәрбие­леп отырған бес баласы да өсіп келеді.

Иә, саяси билік жүйесінде жүріп те мың-сан тарихи-ағартушылық бағыттағы істермен айналысуы Нұртай Салихұлының елге, жерге деген ­риясыз махаббатын аңғартса керек. Оған өмірден алынған мысалдарды Нұрекеңнің аузынан таңды таңға ұрып тыңдауымызға болар еді.

Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат,

Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат.

Арзан, жалған күлмейтін,

шын күлерлік,

Ер табылса жарайды қылса сұхбат, – деп жырлаған Абай хакімнің өлең сөзі ел ағасы, елінің қамын жеген елшіл, мемлекетшіл, ұлтжанды Нұртай Сабильянов сынды азаматқа қаратылып айтылғандай. Бұлқынып жатқан бұла күшті бағамдап,  ішкі жан-дүниедегі  рухани аңсарды аңғара білген жандар ғана ел аузында. Ондай адамды халқымыз нағыз азаматқа ­балайды.

Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН

1269 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы