• Тарих
  • 19 Мамыр, 2022

«АЛАШ» ОТРЯДЫ: АҚИҚАТ ПЕН АҢЫЗ

Әмірхан Тілеумағамбетов 
(жалған есім сойы Әлихан Ағаев) (1908–1944)
Бұл фотоны Ресей әлеуметтік-саяси тарих архиві қорынан тауып, алғаш жариялаған 
ф.ғ.к. Мақсат Тәжі-Мұрат 

 

Қазақ Елінің тарихындағы ақтаңдақтардың бірі – Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы тұтқындар жөнінде және Түркістан легиондарында қызмет еткен (әрине, көпшілігі өз еріктерімен емес) жерлестеріміз жөнінде өте аз мәліметтер білеміз. Түркістан легионы, М.Шоқай т.б. туралы 1968 жылы С.Шәкібаевтің «Үлкен Түркістанның күйреуі» атты кітабы шығып, кейін 1972 жылы орыс тілінде жарық көрді. Тәуелсіздік жылдары Түркістан легионы жөнінде Амантай Кәкеннің «Түркістан легионы» (Астана, 2000. - 96 бет) және филология ғылымының кандидаты, доцент Бақыт Садықованың «История Туркестанского легиона в документа» (Алматы: Кайнар, 2002. - 248 с.) атты еңбектерін атап өтуге болады. Түркістан легионында болған атыраулық Ғайпен Бейісовтың «Тамұқтан өткен тағдыр» (-Алматы: «Өлке», 2002, 400 бет) атты деректі әңгіме кітабындағы басты тұлғалар Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі тарихтың «ақтаңдақтар» беттерінен ойып, өз орындарын алатын қайраткерлер екендігін кәрі тарихтың өзі дәлелдеп берді.

– Бұл жабық жатқан тақырып. Сірә, жуырда ашыла қоймас. Қызығып жүрген ешкім жоқ. Бәрін көтеруге жалғыз менің әлім жетпейді, – деген екен ­сонау тоқсаныншы жылдардың басында марқұм ­Хасен Оралтай.

Ғайпен ақсақалға 2003 жылдың 10 желтоқсан күні Германиядан жазған хатында Х.Оралтай: «Кітабыңызда тағы бір қомақты кітап жазылуын қажет ететін көп тарихи деректер берілген, тіпті бір емес екі кітапқа сыя қоймайтын деректер баршылық. Ана Батыста біз тек Ағаев атын ғана білетін «Алаш қосындары» тақырыбы және Берлиндегі комитет төңірегі... неміс пен орыс мұрағаттары да кәдеге жаратыла отырылып зерттелсе, жалпы алғанда Түркістан, жекелегенде қазақ тарихының бір ақтаңдағы әйгіленген болар еді» деп жазды. Қай заманда, қай елде болмасын опасыздықтың аты опасыздық, сатқындық болып қала береді.

Дегенмен соғыс туралы ащы шындықты айтар болсақ, қоршауда қалып немесе жаралы күйінде тұтқынға түсіп, азап шекендерді елемей кетуге болмайды. Соғыстың алғашқы кезеңінде кеңес жауын­герлері мыңдап қырылып, тірі қалғандары қоршауды бұзып өтіп партизандарға қосылды. Мұндай бақытқа қолы жетпегендер концлагерлерде азап шекті.

Соғыстан кейінгі 1946–1950 жылдардағы Түр­кі­стан легионына қатысты тергеу құжаттарында «Алаш» мектебі, «Алаш отряды» деген сөздер жиі кездеседі.

Герман – кеңес соғысы уақытында Германия астанасы Берлин қаласынан елу шақырым қашықтықта орналасқан Люккенвальде атты шағын қалада «Алаш» деген қазақ мектебі болғанын бүгінгі ұрпақ білмеуі де мүмкін. Соғыс уақытында бұл мектеп туралы өте құпия болғаны белгілі. Мектеп Люккенвальде қаласының терістік бет шетінде ағаш барақтарда орналасқан. Мектеп 1943 жылы салынды. Бұл мектептің негізгі міндеті – Батыс Қазақстанның Атырау өлкесіндегі қара алтын – мұнай шығып, өндіріп жатқан, шығайын деп іске қосылып, берілгелі тұрған кен орындарын істен шығару. Қопарып, жарып, өртеп, өнім беруге кесел келтіру. Сұрапыл соғыс жылдары мұнай Кеңес Одағы үшін стратегиялық маңызы аса зор өнім болатын. Сонымен бірге Кіші жүз, оның ішінде Маңғыстау түбегіндегі жергілікті қалың адай тайпасын көтеріліске дайындап, Кеңес үкіметінің күшін әлсіретуге халықты үгіттеу.

«Алаш» мектебі ОКВ 4-РСХА (Оберкоманда Вермахтың барлау тобының 4-бөлімі) жетекшілік етуші фон Ганний Грайф. Оның көмекшісі, неміс армиясының обер-лейтенанты Әлихан Ағаев. Ол Қызыл Армияның атты әскер взводы командирі, 1941 жылы қараша айында Москва түбіндегі шайқаста немістерге тұтқынға түскен. Түркістан легионында қызмет еткен Ә.Ағаев ОКВ-ның сеніміне кірген соң, 1944 жылы әдейі «Алаш» деген атты сұрап алған. Әлихан Ағаев Германиядағы жалған аты. 1943 жылы Италия жеріне барғанда, 1944 жылы Гурьев (Атырау) аумағына түскенде Иранов болып келген. Өзінің ата-анасының азан шақырып қойған аты Әмірхан Тілеумағамбетов. Туған жері Атырау облысының Қызылқоға өңірі. Білімі жоғары. 1930 жылдары Гурьев облысы Жылыой ауданы жер қатынастары бөлімінде агроном болып қызмет атқарды. Армияға шақырылғанға дейінгі жұмыс орны – Алматы қаласы. Вермахтының Жоғарғы Бас командованиесінің Түркістан насихат бөлімінің әскери фототілшісі болып қызмет атқарған Ғайпен Бейісов (1921–2007) Ә.Ағаевпен кездесіп дәмдес болған. Ол «Әлихан Ағаев орта бойлыдан биіктеу, артық біткен ет жоқ, қанжардай қатқан кеуделі, әскери адам. Әскери форма жарасады екен. Кісіге қарағанда дөңгелек үлкен көзі өңменіңнен өтіп, тінте қарайды екен. Жалпы қазақтың көзінің көпшілігі қара көз, қой көз, ептеп көк көздер де кездесіп қалады ғой. Бұл кісінің көзі қызғылт па деп қалдым. Бет алдында артық ет бітпегендікі ме, бет әлпеті соқпақша, ақ сұр көрінді. Қыр мұрын. Тек ауызы үлкендеу ме деп қалдым. Күлгенде екі бетінің шұқыры көрініп қалып отырды. Басқа көзге көрініп тұрған белгісі байқалмады. ­Шылым тартатынын білмедім. Менімен бірге отырғанда шылым шеккенін көрген емеспін. Өзі аз сөйлеп, көп тыңдағанды ұнататын болса ­керек» деп сипаттайды. Ал Ағаевтың «Алаш» отрядында болған Новобогат (қазіргі Исатай) ауданына қарасты ­Манаш ауылының тұрғыны Жәрдем Бекмағамбетов ­(1920–2017) «Ағаев сұмдық қатыгез адам бола-тұғын. Тәртіп бұзғандарға мейірімсіз, рақымы болмайтын. Менің білетінім, құралайды көздемей тигізетін мерген еді», – дейді. Ал орынбасары болған Бақи Бисеналиев (Бом Бақи) «Асылы, ағамыз жаман адам емес. Тек тәртіпті өте қатаң ұстайды. Кейде онысы дұрыс болса, кейде бұрыс болып жатады», – деп айтқан.

Люккенвальде «Алаш» мектебінде диверсиялық топтарға бірінші, тактикалық сабақтар (карта, компос пайдалана білу) – 22 сағат, екінші, сапқа жүру дайындығы – 33 сағат, үшінші, жарылғыштарды пайдалану ісі – 11 сағат, төртінші қазақ тілі шрифтісін оқу ісі – 22 сағат оқытылған. Барлық сабақтарды неміс әскерилері жүргізген. 1946 жылдың ақпанында тұтқындалған, диверсиялық топта оқыған Жәрдем Баймағамбетовтың тергеушіге берген жауабында тактикалық және сапқа жүру дайындығы сабақтарын неміс армиясының 30 жас шамасындағы, орыс тілін нашар білетін фельдфебель, жарылғыштарды пайдалану ісі бойынша орыс тілінде нашар сөйлейтін 40 жастағы унтерофицер, қазақ тілі шрифтісін оқу ісі бойынша 45 жастағы, орыс тілін еркін меңгерген оберефрейтор сабақ бергендігін айтады.

Ғ.Бейісовтің жазуынша «Алаш» мектебінде небәрі 60 жігіт оқыған. Оларға 13 неміс нұсқаушылары сабақ берген. «Алаш» мектебі ірілі-уақты 6 барақтан тұрды. Ортасында спорт алаңы бар.

Түркістан легионындағы қазақтардан «Алаш» қосынын құру идеясын Ә.Ағаев 1943 жылдан бастап жүзеге асыра бастады. Неміс әскери басшылығынан «Алаш» қосының жеке пагоны мен айырым белгісін, жеке туын жасауға рұқсат алған. Қосының ұранын «Алаш» деп те алған Ә.Ағаев болатын.

1943 жылдың желтоқсанында Түркістан ­легионына келген Ә.Ағаев 20 қазақты іріктеп алып әр біреуімен жеке сөйлесіп, 13 адамды диверсиялық мектепке таңдап алды. Соның ішінде Ж.Бекмағамбетов те болады. Мектепті бітірген соң «Алаш» отрядын екі қатар сапқа тұрғызып, неміс армиясы тарапынан доктор фон Ганий Грайф пен обер-лейтенант Ә.Ағаев сөз сөйлейді. Бірінші болып немісше сөйлеген Грайфтан соң Ә.Ағаев қазақша сөйлеп, екеуінің де сөздері бір арнаға тоғысып жатты, яғни Германияға адал қызмет етуді, Түркістанды большевиктерден азат ету жолында аянбай, бар-күш жігерлерін сарып етуге жұмсау керектігін айтты.

Әлихан Ағаевтың тұтқынға түскен кезде толтырылған карточкасы

 

Мектепті бітіруші легионерлерге «Алаш» деген жазуы бар белгілерді тапсырған. 1946 жылдың 2 сәуір күнгі тергеушінің «Сіз қызмет еткен әскери бөлім қалай аталды, «Алаш» отрядының қандай әскери айырым белгілері болды» деген сұрағына берген жауабында Ж.Бекмағамбетов «Алаш» отрядында болған әрбір жауынгерге 4 санти­метрдей көк түсті материалдан жасалған 5 жұлдызды айы бар ерекшелік белгісі берілді. Сонымен бірге ерекше көк түсті екі жағы да дөңгелек пагон қоса берілген. Отрядтың барлық топтарына сары түсті материалдан жасалған диаметрі 80+40 ­болатын, ірі әріптермен «Алаш» деп жазылған ту берілді деп ­жауап берді. Сары түсті тудың ортасында жасыл жіппен көмкерілген ромб белгісі, оның ішінде ақ жіппен жұлдызды жарты ай, садақ пен жебе және араб ғаріпімен «Алаш» сөзі жазылған. Ж.Бекмағамбетов Әлихан Ағаев ­туралы есіне алғанда «Ағаев отряды екі бөлімнен тұрды. Біріншісі жұмыс істемейтін тек оқитын, өздері бөлек әскери жұмыстарымен айналысады. Мен осының екінші тобында болдым. Мені Ағаев Италия жерінде тұрғанда апарды. Бірінші топтың не істейтіндерін білместен кеттім. Біз соғыс біткенде одақтастардың қолына түстік. Бізді елге қайтарды. Мен Ағаевтардың Құлсары маңына түскенін елге келіп естідім. Ол жақта олардың қайда кеткенін бізге білдірген жоқ», – деп еске алады.

Германияда жасақталған «Алаш» отряды Италияға жіберіледі. 1944 жылы Италияның солтүстік-шығысындағы Тольмеццо қаласында көпірлер мен әскери қоймаларды күзетті. Отряд Италия партизандарына қарсы операцияларға да қатынасты.

1944 жылдың мамыр айының басында Бухарест арқылы Атырау жеріне Ә. Иранов-Ағаев тобы екі бөлініп, екі рет ұшақпен келіп түседі. Сол 12 адамның тізімін Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетінің (КГБ) полковнигі С.Шәкібаев кезіндегі Гурьев (Атырау) облыстық газетіне жариялаған.

Аққали АХМЕТ,

Х.Досмұхамедов атындағы

Атырау университеті, қауымдастырылған

профессор, тарих ғылымының докторы

1152 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №10

10 Наурыз, 2022

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы