• Қоғам
  • 19 Мамыр, 2022

Жаңа құндылықтар кезеңі

Қазір күн емес, сағат сайын өзгерістер, жаңарулар дәуірі басталып кеткендей. Қазақстан білімі де бұл өзгерістерден кенде емес. Басқаны былай қойғанда, өткен оқу жылында ғана коронавирус індетінің кесірінен балаларымыз қашықтан оқуға мәжбүр болса, біз ұстаздар қауымы сол қашықтан оқыту әдісін отандық негізде қалыптастыру сабағынан өттік.

Иә, бастапқыда абыржып қалғанымыз рас. Оқушылар да қиналған шығар. Өз тәжірибем тұрғысынан айтсам, қауырт жұмыс істедік. Әр тақырыпты бір күнде үш рет үйреттік. Яғни кезекші сыныптарға сабақ бердік. Одан бөлек, екінші ауысымда онлайн оқытатын сыныбымыз болды. Бұрын айтылғанмен онша іске аспай келген «Ата-ана-бала-мектеп» үштік одағы өзінен-өзі бірлесіп кете берді. Онлайн оқыту үштіктің басын қосты. Себебі ата-аналар да үйде. Олар да балаларының оқуын қадағалауға мүмкіндік туды. Әрине, баласының оқуына бейжай қарай алмайтын ата-аналарды айтып отырмын. Бұрын түзде, жұмыстан қолдары босамағандар баласына назар аударуға көшті. Мектеп басшылығы да мүмкіндігінше көмек көрсетті. Әр отбасының әлеуметтік жағдайы түрліше, балаларға техникалық құрылғылар, роутерлер берілді. Сондай-ақ мұғалімдердің цифрлық сауаттылық деңгейін арттыру үшін мектеп әкімшілігі арнайы курстар ұйымдастырды.

Бастапқыда әбден үйреніскенше кемшіліктер де болды. Мысалға, платформаға үйрену кезінде балалар мұғалімнің, мұғалім балалардың дауысын естімей немесе құрылғыны қалай пайдалануға біліктері жетпей қалған сәттер болды. Кейде техникалық ақауларға ­байланысты оқушылар сабаққа қосыла алмаған кездерді көрдік. Ондайда сол оқушылармен жеке-жеке жұмыс істеуге тура келді. Әр оқушыға хал-қадерімізше тиянақты білім беруге тырыстық.

Онлайн оқытуда Zoom, Microsoft Teams, CIassroom платформалары ыңғайлы деп бағалар едім. Себебі үйге тапсырма береміз, кімнің орындағанын немесе орындамағанын қадағалай аламыз. Кері байланыстар да жасалады. Арнайы журналы да бар дегендей.

Шынын айту керек, онлайн оқыту дәстүрлі оқытуға қарағанда ұстаздарға екі есе салмақ түсірді. Себебі күнделікті сабақ үйретуден бөлек, дәптер тексеру, тапсырма жазу, сабаққа көрнекіліктер жасау, онлайн оқитындар үшін слайд жасау міндеті тұрады. Дегенмен біз үшін онлайн оқыту жаңа тәжірибе дер едім. Бұрын мүмкін болмай келген тиімді тәсілдерді игердік. Бірақ бірінші сыныпқа бұл форматты қолдануға болмайды деп ойлаймын. Себебі бұрын мектеп дегеннің не екенін білмейтін балалар оған бой үйретуі қажет. Өйтпесе балалардың психикасына да әсер ететін жағдайлар болуы мүмкін.  Онлайн оқытудың артықшылығы баланың да, ата-ананың да цифрлық сауаттылығы артты. Жас демей, кәрі демей сол жүйеде жұмыс істеуге мәжбүр болды деуге де болады. Бір кемшілігі – уақыт тапшылығында. Әр оқушы платформада 20-30 минуттан артық отыра алмайды. Яғни қарым-қатынас жасауға кедергі келтіреді. Қоғам бір орында тұрмайды. Сондықтан қашықтан оқыту әлі де дами түсетініне еш күмән болмауы тиіс. Әрі бұл әлемдік білім-ғылыммен байланысты да арттырады. 

Қаламқас ҚАБДРАШИТҚЫЗЫ,

№82 «Дарын» мамандандырылған

лицейінің бастауыш сынып мұғалімі

590 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы