• Қоғам
  • 19 Мамыр, 2022

ШЫНДЫҚТЫ БІЛГІҢ КЕЛСЕ, БАЛАЛАРМЕН КЕЗДЕС

Қали Сәрсенбай
«Ana tili»

Қазір жер-жерде референдум қарсаңында жұртшылықпен жүздесулер жүріп жатыр. Парламент Мәжілісі, қалалық, облыстық мәслихат депутаттары да ел ішінде жүр. Солардың бірі Берік Әбдіғалидың Жамбыл облысындағы кездесулеріне көңіл көншіді. Жүйрік журналист, Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінің Бас редакторы Оралхан Дәуіттің депутаттың әр кездесуінен жазған әлеуметтік желідегі жорға жазбасы ел назарын аударғанына шүбә жоқ.

Қойылған сауал да, оған берілген ­жауап та нақты. Көп сөз, пафос жоқ. Әуелден шындықты шиырлап айтпай дерек, дәйекпен сөйлейтін Берік бұл жолы да сол ұстанымынан айнымады. Тарихи дерек көздерін, тың мәліметтерді жайып салды. Ел тұрмысын түзеу бағытындағы нақты ой-ұсыныстарымен де бөлісті. Өткір мәселелерге келгенде кейбір әріптестерін­дей жұлқынып сөйлеп, жалпылама жауап беріп, судағы балықтайын ұстатпай емес, оны шешу жолдарын да айтып отырды.

Созақ пен Сарысу екі облысқа тиесілі бол­ғанымен қойы қоралас, аяғы аралас жатқан аудан. Созақ көтерілісін жұрт біршама біледі. Ал Сарысу көтерілісін ше? Тарихшы Берік Әбдіғали осы шындықтың бетін ашты.

Белгілі қаламгер П.Дүйсенбиннің дере­гінше, Ұлы Отан соғысынан бізге 105 қазақ­стандық Кеңес Одағының батыры мәлім еді. Ал Беріктің айтуынша, 133 жауынгер осы атаққа ұсынылған көрінеді. Оның 118-і қазақтар екен.Кейбірі екі-үш мәрте ұсынылған.

Менің назарымды айрықша аударғаны депутаттың оқушылармен кездесуі. Бір бала «Сіз қалай депутат болдыңыз? Соған қарағанда сіз бай отбасынан шығарсыз?» деген ­тосын ­сауал қойды. Оған ол бұл дәрежеге өз еңбегімен сатылап жеткенін айтты. Бала да, сіз де сенесіз.Өйткені әңгіме бүкпесіз. Бала неме мұнымен тоқтасын ба «тек байлар, әкімдер ғана депутат болады деген түсінік жоғала ма, қалай ойлайсыз?» деп тағы бір шындықтың шетін қылтитты. Бұл сұраққа да Берік тосылған жоқ. Сол өзіне сенімді ұстаныммен, биік білім-білікпен жауап берді.

Бұл кездесудің тағы бір тартымды­лығы – балалардың белсенділігі. Демек, кездессең дәрігерлермен емес, медбикелермен, мұғалім­дермен емес, балалармен кездес. Білім-білігі, парасат-пайымы мол адамға керегі де осындай кездесу. Қазақта «балалы үйдің ұрлығы жатпас» деген сөз бар. «Баладан асқан байқампаз халық жоқ» деп Шукшин айтпақшы, бала ешқашан жалған сөйлемейді, үлкендерден көргенін істейді, естігенін айтады.

Айтпағым, ақиқатты айтуға әлі де құмбыл емес үлкендерге енді қызармас үшін балалардан үйренетін уақыт келді. Ол үшін жаңа Қазақстанның жаңа баларына еліміздің барлық мектептерінде «Шындық және біз» (шартты түрдегі атау) деген еркін тақырыпта шығарма (диктант емес, ол диктовка болып шығады) жаздыру керек. ­Балалар сізге бәрін бүкпесіз айтып береді. Бәлкім Ата Заңға енетін түзетулерді де соның ішінен кездестіріп қалуымыз. Кім біледі?!

Осылай бір дедім.

843 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы