• Қоғам
  • 19 Мамыр, 2022

ӘЙЕЛДІҢ ЖАСЫН СҰРАМА, ӘЙЕЛДІҢ ЖАСЫ – 63

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ

«Ana tili»

Осы мақаланы жазу үстінде қай ақын екені есімде жоқ, мына бір өлең жолдары ойыма оралды. «Әйелдің жасын сұрама, әйелдің жасы – он сегіз». Расында әйел баласы қашан да ару, көркем келбетін жоғалтпаған ғой. Бірақ бұл өлең жолдарын қазір «әйелдің жасын сұрама, Әйелдің жасы - 63» деп керісінше айтқың келе береді. Өйткені біз әлпеттеген сұлу, біз ардақтаған ананың зейнеткерлікке шығу мерзімі Қазақстанда 63 жас болып отыр. Биыл әйелдер 60,5 жастан бастап зейнетке шығады. 

Бақытжан Сағынтаевтың премьерлігі тұсында шешім қабыл­да­нып, Қазақстан әйелдердің зей­неткерлік жасы 63-ке ұзарды. Алғашында билік ұсынған бұл процеске халық қарсылық танытты. Ақыры зейнетке шығу тәртібі бәрібір өзгерді. Енді дерекке жүгінелік. Нақты айтсақ, Қазақстан 2018 жылғы қаңтардың бірінен бас­тап әйелдердің зейнет жасын жыл сайын жарты жылға ұзартып келеді. 2027 жылға қарай әйелдер зейнетке ерлер сияқты 63 жастан шығатын болады. Өткен 2021 жылғы қаңтарда әйелдер зейнетке 60 жаста шықты. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің есебіне сенсек, ары қарай әйелдерге жасы ­бойынша зейнетақы төлемі мен базалық зейнетақы былай тағайындалады: 2022 жылғы қаңтардан бастап әйелдер – 60,5 жаста, 2023 жылғы қаңтардан – 61 жаста, 2024 жылғы қаңтардан – 61,5 жаста, 2025 жылғы қаңтардан – 62 жаста, 2026 жылғы қаңтардан – 62,5 жаста, 2027 жылғы қаңтардың бірінен бастап – 63 жас­та зейнетке шығады. Сонда 1965 жылғы туған Қазақстан әйелдері 2027 жылы 63 жастан бастап зейнетке шығатынын айта кеткен жөн. Бірақ айта кету керек, 2015-2018 жылғы жағдай қазіргідей емес, тұрақты және экономикада өсім бар еді ғой. Бүгінде шыны керек, 60-қа қарай жасы ұлғайып бара жатқан әйелдерге қиын. Өйткені баға қымбат, ал айлық болса сол күйі өзгермей тұр. Қазақстан ғана емес, әлемдік құбылмалы нарықтық-экономикалық саясат Қазақстан­ның дамуына да кері әсерін тигізіп жатқаны ақиқат. Ал билік 2018 жылы әйелдердің зейнеткерлік жасын неге ұзартты? Бұл өзгерісті «зейнет жасы ұзарған сайын, зейнетақы қорындағы жинақ қаржы көбейіп, әйелдің «қартайған шағында қамсыз» болуға мүмкіндігі артады» деп түсіндірді. Бұл – биліктің сол кездегі түсіндірмесі. Бірақ мәселе мынада: жұмыстың жеңілі жоқ. Дәл қазіргі уақытта ауыр еңбек етіп, қағазбастылық пен жалақының жарытымсыздығында жүрген әйелдер үкімет айтқандай қартайған шағында қамсыз отыратынына сене ме? Ал анығына келсек, ауыр еңбек етіп, жұмыс пен тұрмыс тауқыметін қатар көтеріп жүрген әйелдер зейнет жасын ұзартуды бүгін азапқа теңеп отырғаны жасырын емес.

Кезінде Еңбек және әлеумет­тік қорғау министрлігінің шенеу­ніктерінің жағы талмай жарнама­ла­ған дәйекті сөздері бүгін далада қалды. Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрінің орынбасары болған Ержан Біржановтың былай дегені бар: «Ерлер мен әйелдердің зейнет жасын теңестіру бюджет қаржысын үнемдеу үшін емес, әйелдердің зейнетақысын өсіру үшін жасалып отыр. Қазір зейнетақы жүйесінің барлық бөлшегі (ынтымақтық, базалық және жинақтаушы зейнетақы) еңбек өтіліне негізделген. Ынтымақтық зейнетақы мөлшері біртіндеп төмендеп келеді, өйткені оны тағайындау кезінде жинақтау жүйесі қолданысқа енген 1998 жылғы қаңтардың біріне дейінгі еңбек өтілі ғана ескеріледі. Көлемі қысқарып келе жатқан ынтымақтық зейнетақының орнын толтыру үшін міндетті зейнетақы жарнасы есебінен түзілетін жинақтаушы зейнетақы мөлшерін өсіру ­керек». Жарна көлемі үлкен, ақша ­аудару мерзімі ұзақ болған ­сайын, зейнетақы мөлшері де жоғары болады. Олар халықты осылай сендірген. Алайда есепке алынбаған бір нәрсе бар: Ол кезде билік күн сайын қымбаттаған бара жатқан баға мен инфляцияны есепке алған жоқ. Дәл қазір 2018 жылғы 100 мың теңге айлыққа халық өмір сүре ала ма? Өмір сүріп отырғандар бар. Бірақ олар халықтың кедей бөлігін құрайды. Сондықтан әйелдердің 63 жаста зейнеткерлікке шығуы қай тұрғыдан алғанда да қазіргі уақытта қисынсыз болып отыр.

Рас, ұлттық компанияларда, ірі мекемелерде жұмыс істейтін, табысы жоғары әйелдер үшін зейнет жасының ұлғайғаны пайдалы. Бірақ әйел біткеннің бәрі трансұлттық компанияларда жұмыс істеп отырған жоқ қой. Ауылда –жұмыссыздық. Ошағының түтінін түтетіп, бала-шағасына қарап, үйде жұмыссыз отырған қазақ әйелі кейін зейнетке шыққанда ең төменгі зейнетақыны алады. Кәсіпорындарда, ауыл шаруашылығында ауыр жұмыс істеген әйелдер баршылық. Сондықтан олардың зейнет демалысына ертерек шыққаны тиімді. Ал зейнеткерлік жасты ұлғайтқан билік сол кезде мұны қаншалықты түсінді? «Тек бюджетке салмақ түседі» деген желеу болды. Қазынаны ойлағанша, қара қазақтың анасының қамын ойлағанда, мүмкін бүгінгі жағдай басқаша болар ма еді?

Анасын қадірлеген қазақ едік қой. Жұмыстың ауырлығы, бала күтімі және тағы басқа өмірде кездесетін тұрмыстық жағдайлар әйел баласына қиын тиеді. Елу бестен асқаннан кейін әйелдердің денсаулығы жұмыс істеуге жарай бермейді. Көпбалалы аналар 63-ке, яғни зейнет жасына жете алмауы да мүмкін. Өйткені қалай айтқанда да, әлеуметтік жағдайдың төмендігі денсаулыққа әсер етпей қоймайды. Жалпы 60 жасқа толған адамның денсаулығы мен кәсіби біліктілігі нашарлайтыны жасырын емес. Бұл жаста адамның әлеуметтік белсенділігі баяулайды. Оған физиологиялық, психологиялық факторлар да әсер етеді. Сондықтан шикізатқа бай Қазақстан үшін басқа емес, дәл осы аналардың зейнеткерлік жасын ұлғайтудың қажеті жоқ еді.

Кейде біз көршіге де қарап көшті түзеуге болатынын ұмытып кете береміз.

Дерекке жүгінер болсақ, ТМД елдері ішінде ең төменгі зейнет жасы Өзбекстанда болып отыр. Өзбекстанда 25 жыл еңбек өтілі бар ерлер 60 жаста, ал әйелдер 20 жыл жұмыс істеп, зейнетке шыға алады. Ал сол Өзбекстанда халықтың саны 33 миллионнан асты. Біздікілер жиі айтатындай, бюджетке салмақ түссе де, өзбек билігі аналарын зейнетке ерте шығарып отыр ғой. Әзербайжанда ерлер – 65, әйелдер 62 жасында зейнетке шығады. Зейнетке кеш шығатындар – Армения азаматтары. Ол жақта ерлер 65 жастан, ал әйелдер 63 ­жастан зейнетақы ала бастайды. Бірақ барлығының еңбек өтілі 25 жылдан кем болмауы қажет. Көрші Ресейде зейнет жасы ерлер үшін – 65, әйелдер үшін 60 жасты құрайды. Міне, бұл шын мәнінде әйелін, анасын әспеттеген биліктің игілікті қадамы. Ал Үндістанда ерлер мен әйелдер 60 жаста зейнетке шығады. 1,5 миллиардтан астам халқы бар дамушы ел үнді елінің билігі әйелдерді құрметтеп, 60 жаста зейнетке шығарып отырғанда біздегі мәселені де қайта қарауға тура келеді. Бізге де осындай нақты игі шара қажет. Ал қазір Қазақстанда кімдер ертерек зейнетке шыға алады?

– 5 немесе одан да көп бала туып (асырап алып), оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдер – 53 жаста;

– Семей ядролық сынақ полигонының ­тө­тенше және ең жоғары ра­диациялық қаупі бар аймақтарында 1949 жылғы 29 тамыздан 1963 жылғы 5 шілдеге дейін кемінде 5 жыл өмір сүрген әйелдер – 45 жаста.

Сондай-ақ Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жеткілікті жинақталған зейнетақы қаражаты бар ҚР азаматтары зейнетақы аннуитеті құқығын пайдалана алады. Зейнетақы аннуитеті ерлер үшін – 55 жас, әйелдер үшін – 51,5 жас мөлшерінде белгіленген. Зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін азаматтар 50 жастан бастап зейнетақы аннуитетін пайдалана алады.

Бірақ мәселе мынада: зейнетақы аннуитетін пайдаланудың жөні бөлек. Әйел біткеннің бәрі 51,5 жас мөлшерінде белгіленген мөлшерлі ақшаны зейнетақы қорына жинап үлгере алмайды ғой. Тек бұл жоғары жалақы алатындар үшін ғана тиімді. Сондықтан қазіргі қалыптасқан жағдайды ескере отырып, әйелдердің зейнетке шығатын жасын қайта қалпына келтіру керек немесе көрші елдердегідей ең болмаса, төмендетіп 60 жас ету қажет. Қазір бұл мәселе қоғамда қатты қызу талқыланып жатыр. Өткен аптада Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Қазақстандағы зейнет жасын төмендету мәселесі қайтадан қаралатынын айтты.

– Адамды зейнетке жібермес бұрын, әуелі оның зейнетақысының қандай деңгейде қалыптасатынын есептеу керек, елмен ақылдасу керек. Зейнетке ерте шыққан соң зейнетақы көлемі төмен болатыны белгілі. Сондықтан жылдың аяғына дейін осының бәрін ақылдасып шешеміз, – деді Е.Тоғжанов. Премьер-Министрдің орынбасарының ­айтуынша, әйелдердің зейнетке шығу жасы жыл соңында қайта қаралуы мүмкін.

Өткен аптада Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова да зейнет жасын 58 жасқа дейін төмендету бойынша Қазақстан әйелдері қозғалысы өкілдерімен бірнеше кездесу өткізді. Белсенді топ өкілдері зейнет жасын төмендетуге байланысты өздерінің ұсынысын жеткізді, оларды министрлік жанындағы арнайы жұмыс тобы жан-жақты зерделейтін болады. Тамара Дүйсенова әйелдердің зейнетке ерте шығуына қатысты ұсыныстар жөнінде бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін айтты.

– Мен зейнетке ерте шығуға қарсы емеспін. Бізде қазірдің өзінде зейнетақы аннуитетін рәсімдеуге және зейнет демалысына 55 жаста шығуға мүмкіндік бар. Факторлардың барлығын бірлесе отырып зерттеуіміз керек. Бұл кейін азаматтарымыздың зейнетақысы төмен болмауы үшін қажет. Азаматтарымыздың табысын ескере отырып, зейнетке ерте шығудың бірнеше тәсілін қарастыруымыз керек, – деді министр.

Демек, қозғалыс бар. Бірақ билік қандай шешім қабылдайды? Мәселе сонда. Дұрысы, еститін үкімет халықтың үніне құлақ түруі тиіс. Сонда ғана Мемлекет басшысы айтқандай, «әділетті Қазақстан» орнайды.

1121 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы