• Руханият
  • 19 Мамыр, 2022

ЖАЗЫҚСЫЗ ЖАПА ШЕККЕНДЕР, ТӘУЕЛСІЗДІК ДӘНІН ЕККЕНДЕР

Бақытбекова Маржан. «Әлихан аңсаған егемендік».

 

Қарагөз СІМӘДІЛ
«Ana tili»

120 мыңнан аса адам...
Тарихшылардың айтуынша, 1921–54 жылдары Қазақстанда осынша адам репрессия құрбаны болған. Осы күні тарихшылар бұл санның әлдеқайда көп ­болуы мүмкін екенін айтады. Яғни жүздеген мың адам репрессияға ұшырап, тағдыр теперішін көрді. Замананың аласапыран боранына қарсы тұруға қауқары болмай, репрессия тазалағышының әлеуетімен қидай сыпырылып кете барды. Темір тор мен итжеккеннің қара суығы жанын жүдетіп, аяз бен ыза жүрегін мұздатқанда жазықсыз жазалылардың көзінен сырғып аққан жасты ешкім байқамады. Дұрысы, байқатпады. 

25 мыңнан аса адам...

Дәл осынша адам ең ауыр жаза – ату жазасына кесілді деген дерек бар. Бұл сан да әлі ұлғаятын шығар. Бір анығы осынша адам қуғын-сүргін жылдары «төбеде ұшқан алты қазға» мұңын шағып, зарын айтып замананың құрсаулы құшағына мәңгіге көміліп кетті. Тағдыр талқаны таусылып, зеңгір көкке, әлде қан қатқан қабырғаға тесіле қараған сәтте жанарынан үзіліп түскен жасты жұтып та үлгермеді. Басқалары да әлдене істеуге қауқарсыз еді.  

4 мыңнан аса адам...

Бәлкім төрт мыңнан да көп, әйтеуір осынша адамның «тыңшы» екені әшкере болған. Олардың «өз кінәсін мойындауы» үшін қандай тозақ пен азапты бастан өткергені бір Аллаға аян. Көзден жасы тамшылап отырып әлде ақыл-есінен танған қалпында «өзін-өзі әшкерелеген» қағазға қол қойған сәтінде оның көзінен ыршып түскен жасын ешкім сүрте алмады. Дұрысы, сүрткізбеді. 

Екі жүзге жуық ұйым...

Қазақстандағы НКВД қызметі осынша ұйымды «әшкерелеп», ол ұйымға мүше сансыз адамды жазаға тартқан. Әлдебір ұйымның мүшесі болып қалғанын өзі білмей дағдарып, «үш әріптің» тырнағынан босай алмай аласұрған қауқарсыз жанның оң мен терісті әдейі мидай араластырып жіберген жүйенің құрығынан не істесе де құтыла алмайтынын түсінген сәттегі көзінен ыршып түскен ыза жасын да ешкім елеген жоқ. Елетпеген де шығар, бәлкім.

Сансыз тағдыр...

Иә, санап тауысып біте алмайтын талай адам сталиндік қуғын-сүргіннің ызғарын жон арқасымен сезінді, өз жүрегінен өткерді. Әкесі, анасы, перзенті, туысы, досы, танысы сталиндік қуғын-сүргіннің құрбаны болғаны үшін олар да замананың ауыр лебін жұтты, күйігін татты. Зәрезап болып қалған кейбірінің өле-өлгенінше есік қағылса, бейсауат адамдарды көрсе жүрегі атқақтай соғып, көзіне мөлтілдеп жас келді. Ол жасты да сүртуге ешкімнің шамасы келмейтін еді ғой.

Бірнеше миллион адам...

Өткен ғасырдың басындағы қолдан жасалған алапат аштықтан бірнеше миллион қазақ көз жұмды. Бір уыс нанға, бір жұтым тамаққа зар болған күйі өзегіне түйір нан да жетпестен көз жұмып кеткендердің арзу-арманы мен зар-запыраны да өткен ғасыр дауылында жұтылып кеткендей. Әлі құрып, аштықтан бұратылған күйі о дүниенің қақпасына жақындағанда да олардың көзінен наланың жасы сорғалай жөнелгені анық. Ол жасты да ешкім көрмейді, өйткені көруге ешқандай мүмкіндік бермеді.

Арада ғасырға жуық уақыт өтті дейміз ғой. Қанша жыл, мейлі ғасыр өтсін, өткен ғасыр басында өмір сүру пешенесіне жазылған бабалар наласы мен зары біздің де жүректі қозғайды. Олардың көзінен аққан жас біздің де жанардан төгіледі.

Арғы-бергі заманда ұлттың бары мен жоғы үшін баудай қырқылып түскен ұрпақ та, арманы мен мұраты жолында соңы ауыр жазаға кесілер күрескерлік жолды саналы түрде таңдаған тұлғалар да көп. Олардың әрқайсының бүгінгі Қазақстанның, тәуелсіз әрі еркін Қазақстанның іргесі мықты болып қалануына деген үлесі зор. 

Әрбір сәтімізде ел егемендігі үшін талай жанардан жас көл болып аққанын, талай алақан ертеңнен жақсылық тілеп жайылғанын ұмытып кетпесек болғаны.

Біздің пешенемізге тәуелсіз Қазақ­станда өмір сүруді жазыпты. Отан­дастардың жанарынан жас төгілгенде біз де ол жасты байқамай, көрмей, сүртпей жүр ме екенбіз?

1277 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы