• Білім және ғылым
  • 26 Мамыр, 2022

МЕКТЕП АСХАНАCЫНА ҚАТЫСТЫ ТӨРТ ТҮЙТКІЛ

Білім және ғылым министрі ­Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі өзінің парақшасында мектеп асханаларына қатысты төрт проблеманың барын атап айтты. 

– Өңірлерге жиі шығып, ауыл мектептерін де, қала мектептерін де аралау мен үшін маңызды. Мұғалімдермен, оқушылармен және ата-аналармен кездесулер министрлік қабылдаған шешімдердің іс жүзінде қалай жүзеге асырылып жатқанын көрсетеді.

Министрліктің мектептер, колледж­дер және балабақшаларды басқару бөлігінде құзіреті жоқ екені құпия емес. Оларды қаржыландыру, жұмысын ұйымдастыру және оны жүзеге асыру, басшыларды тағайындау және босату сияқты жұмыстың барлығы заңмен әкімдіктерге бекітілген. Сондықтан бақылауда ұстап отырудың маңыздылығы жоғары.

Өңірлердегі мектептерді ара­лағанда өзім үшін түртіп қойған өзекті мәселелердің бірі – мектеп асха­наларының жұмысы. Бұл бағытта бақылауға алынатын және нормативтік құқықтық актілер деңгейінде шешілетін бірнеше проблема бар, – деді министр Асхат Аймағамбетов өз жазбасында.

Сонымен ол қандай проблемалар?

1. Осыған дейін асханаларда қолма-қол ақшасыз төлем жүйесін енгізу талабын бекіттік. Мұның бірнеше артықшылығы бар. Бұл гигиенаның сақталуына әрі кезектің тез жылжуына көмектеседі. Сондай-ақ балаларда қолма-қол ақшаның болмауы оларды қауіптерден сақтайды. Ата-аналарға да шығындарды бақылау оңайырақ болады. Бірақ көбінесе қолма-қол ақшасыз төлем жүйелері өшіріліп, пайдаланылмайды.

2. Буфет өнімдерінің құны. Мектеп асханасында 0,5 литр су 300 теңгеден немесе бәліштер мен тоқаштардың дүкендердегі бағадан жоғары бағада сатылатыны мәселе туындатады. Бір қалада бірдей өнім бағасында 50-70%-ға дейін айырмашылық болуы мүмкін.

3. Кейбір өңірлер асханаларды МЖӘ (Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік) арқылы жеке кәсіпкерлерге беріп жүр. Біз МЖӘ-нің дамуын қолдаймыз. Бірақ кейде бұл конкурсты өткізбеу үшін және асхананы кәсіпкерге тікелей (10-15 жылға) беру үшін жасалады.

Біріншіден, біз конкурссыз Жеке қаржылық бастама (ЖҚБ) ­бойынша емес, конкурс өткізілу керек деп ­санаймыз. Екіншіден, салым сомасы аз мөлшерде, мысалы, 5-7 млн теңге емес, тиісті көлемде болуы маңызды. Көрсетілетін қызметтердің сапасын есте сақтап, бұл қаражаттар тоңазытқыштар, плиталар, үстелдер мен орындықтарды сатып алуға жұмсалатынын түсіну маңызды. Яғни сайып келгенде кәсіпкер өз жұмысына қаражат ­салады. Үшіншіден, біз жұмыстың ақылға қонымды мерзімін белгілегенді қолдаймыз. Асхананы 15-20 жылға келісімшарт жасау мәселе туғызады.

4. Мектеп асханаларында Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен ­тыйым салынған өнімдерді сату ­(мысалы, фастфуд, газдалған сусындар, чипсы және т.б.). Министрліктің қызметкерлері бірнеше облысқа барып, бірқатар мектепте осындай фактілерді анықтады. Әсіресе Түркістан облысында. Мұндай фактілер анықталған жағдайда дереу СЭС органдарына хабарласу қажет.

Министрлікте осы проблемаларды нормативтік деңгейде шешу үшін жұмыс тобы құрылды. Біз заңнамаға бірқатар толықтыру енгізуге бастама жасадық, олардың шеңберінде арнайы нормалар бекітіледі. Бұл нормалар – асханалардағы буфет өнімдерінің бағасын реттеу, ашық конкурстар және ақылға қонымды кезеңге МЖӘ арқылы асханаларды беру, қолма-қол ақшасыз төлемді және тамақтанудың тиісті сапасын қамтамасыз ету. Біз кәсіпкерлердің мүдделерімен де санасу керегін түсінеміз, бірақ біз үшін балалар әрқашан бірінші орында. Демек, бұл олардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды білдіреді.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бұл орайда министрлік аталған бағыттар бойынша жұмысты жалғастыратынын айтты.

3197 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы