• Руханият
  • 26 Мамыр, 2022

Қарақұловтың хаты

Алма-Ата 480091

Ул.Мухан Тулебаева, дом 49,кв.25.

Герою Соц.Труда, академику

Г.М.МУСРЕПОВУ.

 

Ғабеке! Өзіңіз алғы сөз жазып, бата берген «Жан-жақты коммунистік тәрбие» (орысша «Медико-педагогические аспекты комплексного коммунистического воспитания») деген қолжазбаның қазіргі жағдайы мынадай: Қуандық Шаңғытбаевтан кейін қазіргі кезде «Жалын» бас­пасында істейтін Сағат Әшімбаев қарап шығып, көп жерін орынсыз қысқартып, орындалмайтын талаптар қойып, өз редакторлық пікірін қағаз түрінде білдірді. Сәкеңнің ол хаты ­туралы Қалдарбек Найманбаевтың атына қағаз бетінде мынадай түсінік берген болдым. Онан соң екі жерге жабық рецензияға жіберіп (оның бірі ЦК комсомола десті) екеуі де қолжазбаны қолдап хат ­жазыпты (бірақ та олармен мені әзірге таныстырған жоқ).

Осының бәрінен кейін қолжазбаны Шерияздан Елеукенов басқаратын ­Госкомитетке беріп, олардың да ­батасын алса керек. Бірақ та қолжазба ­туралы Комитеттің тілегін қағаз бетінде толық түрде жазып береміз деген екен, оны «Жалын» баспасына әлі берген жоқ дейді.

Ғабеке! Сізбен соңғы кездескенде тәрбие туралы жазылған еңбектің жағдайы қалай болып жатыр деген сауалыңызға басқа жолдастар алдында жөндеп айта алмайтыныма көзім жеткендіктен, өзіңізге «Ғабеке, әдейі кейінірек айтуға рұқсат етіңіз», дегеніме де осындай хабарлар себеп болған болатын.

Қысқартып айтқанда, созылу жағына қарап, бұл қолжазба бас бәйгеге ілінбейтін түрі бар («Жалын» баспасына барғанына екі жылдай болды). Қырағы адамдардың болжауынша, осылайша соза-соза аяқсыз қалдыруы да, яғни жарыққа шығармауы да мүмкін деседі.

Редакцияда осы уақытқа дейін Ғабеңнің (Ғабит Махмудович) осындай жұмысқа араласуы өзіне лайық па, осы алғы сөзді өзі көрмеген де шығар, автор ол кісінің атын сыртынан пайдаланып жүруі де мүмкін деген күмәнді қиянат сөздер бар сияқты. Профессор Қарақұловқа осыдан басқа тема құрып қалды ма екен дейтін де тәрізді.

«Қазақ тілінде шығатын жан-жақты тәрбие тақырыбына жыныс мәселесін қосудың керегі не, ұят емес пе?» деушілер редакцияда онан да басымырақ деседі. Әрине, мұның барлығы мәдениет ошағына қатысы бар бір қатар жігіттердің осындай еңбекке жол бермеудің тәсілі болуға тиіс. Мұндай қазақтарға не деуге болады.

Қазақ десек бәрімізге де тиеді дегендей, қазаққа байланысты жағымсыз нәрсені ауызға алып айту өте ауыр, бірақ кейде амалсыз мәжбүр боласың да. Осыған байланысты, өкінішке қарай, өткен кемшіліктер де амалсыз еске түседі. Оның бірі Құранға байланысты екені өзіңізге мәлім. Ұйғырлар, ноғайлар, Қырым татарлары, әзербайжандар, башқұрттар, өзбектер тәрізді түркі тілдес халықтар Құранды өз ана тілдерінде аударғаннан кейін көп заман өткен соң 1911 жылы Қазандағы бір татар ғұламасы қазақ тіліне аударып шығарайын деп жатқанын естіп, қазақтың бес шонжар молдасы «Құранды қазақ тіліне аударып қорлауға болмайды» деп патшаға арыз беріп татарды соттатыпты. Сол сияқты «қазақ тілінде жыныс тәрбие мәселесін неге көтердіңдер» деп соттатып жібере ме деп те сескенуге ­болады...

Ғабеке! Өзіңіздің алғы сөз жазып, ақ батаңызды берген еңбектің жағдайы, міне, осындай. Лайық деп тапсаңыз, тиісті азаматтарға телефон арқылы болса да өз пікіріңізді тағы да білдіргеніңіз керек-ақ сияқты.

Рабиндранат Тагор «Счастье может миновать каждого из нас, а надежда никогда» дегендей, үлкен үмітпен алғы сөзіңіздің Ғаббас Жұмабаев аударған (орысшаға) бір данасын өзіңізге әдейі жіберіп отырмын.

Сәлеммен, өзіңіздің

Ишанбай Қарақұлов.

1981 ж.

 

(И.Қарақұловтың бұл кітабы «Қырық сұрақ – қырық жауап» деген атпен, Ғ.Мүсіреповтің алғы сөзімен 1983 жылы жарық көрді. Ә.Қ.). СМҒМӘММК. Қолжазба

P.S.

Студент кезінде Денсаулық сақтау министрі болды. Үлкен ғалымдығы, әулиелігі өз алдына, айтқыштығымен, есті сөздерімен ел есінде қалған Ишанбай Қарақұловтың бұл хатын редакцияға ұсынған – Ғ.Мүсірепов және С.Мұқанов мұражайының директоры, филология ғылымының кандидаты Әділғазы Қайырбеков. Хатта кезінде оқырманның шынайы сүйіспеншілігіне бөленген академиктің «Қырық сұрақ – қырық жауап» кітабының тағдыры туралы  баяндалады. Түрлі кедергілерге ұшырап, баспада жатып қалған кітаптың тағдыры авторды қатты алаңдатады. Сонымен қатар сол кездегі бірнеше ықпалды адамдардың түсінігінше, оқырман үшін жат дүние саналғанымен, кітап ұлы Ғабеңнің алғысөз жазып, мәселеге батыл араласуының арқасында жарық көріп, есесіне ұлттық тәрбие, оның ішінде жыныстық қатынастың қыр-сыры жөнінде жазылған бірегей кітап болып қалды. «Қырық сұрақ – қырық жауап» 1994 жылы «Сырласу» деген атпен, Ғабеңнің 1983 жылы жазылған алғы сөзімен қайта басылды.

988 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы