• Руханият
  • 26 Мамыр, 2022

Аппақ әлем...

Мира ШҮЙІНШӘЛИЕВА

Аягүл Мантайдың аруағына арнаймын.

 

Ол ақша бұлттардың арасынан ­адасып, аласұрғандай, таулардың ызғарынан тоңғандай, зәлімдерден қашқандай үйіне жетіп жығылды. Балапандай дірілдеп, ­жаурап, тоңып-шашыраған Айнаны анасы таңдана қарсы алды. Қызының алабұртқан өңінен бір «қайшылықты» аңғарып қалғандай. Ұяттың ізі жүзін қызартып тұратын, ақкөңіл баласының бұл жолы тұнжырап, жанарынан ұшқын ­лауламай, лапылдамай мұңға батқанына секемденді. Онсыз да қырық жамаулы тірлігінен титықтаған, жабырқау мен ­таудан төмен құлаудан көз ашпаған шешесі қызына сан сұрақпен көз тастай берді.

– Келер-келместен көйлегіме инедей қадалып... Әбіржіген түрімді бүгін көргендей. Әлде бұл жақта да жұрттың бәрі желдей гуілдей ме? Еркіндіктен жаратылған азаттықтың құсы едім қанатын еркелей керген. Соңғы кезде өмірімнің күнделігін парақтап, басқан ізімді аңдитын болыпты, кей пысықтар! Апа, мені жазғыра бермеші?! Түсінші бұрыш-бұрышқа тығылған жыртық-жамау көңілімді, – деді Айна.

– Жарығым-ау, карантин басталғалы елдің бәрі әбіржіп, азып бітті өзің құсап! Онлайнмен жұмыс істеп үйінен нәпақа тауып отыр бәрі жан бағып. Сен де сөйт. Жазуыңды жылы жерде жаз. Қазір елдің бүгінгісі бұлыңғыр! Ертеңі елес! Есі кіресілі-шығасылы! Тіпті үйдің іргесіндегі көршілерді көрсек кірпідей жиырылатын болдық. Вирус ұшады деп қашатын болдық құбыжық құсап! – деді шайын демдей бастаған Нұрдана апа.

– Иә, елге төнген бұл індеттен қояндай қорқақ болып кеттік қой. Осы бір қасірет есімізді жиғызып, жүрегімізге иман байлығын ұялатса екен, – деді Айна анасын құптап.

– Коронавирус өз алдына, анау сағымдай жеткізбейтін жолдан да зәрем ұшады. Сондықтан абай болшы. Бейуақта сапарлатпашы. Әкеңнің қазасы қайғы өзеніне батырса, ініңнің қайғысы жанымызды жүдетіп тастады. Әкеңнен айырылып бір аңырадым. Ұлымнан көз жазып ботадай боздадым. Қос қарағайым қатар құлады. Қос өзенім ерте суалды. Кеудемдегі «шыбынның» ұшып сыртқа шықпағанына шүкір де...

– Сарыуайымға салына бермеші, апа. Білесің бе, дәл қазір әкем мен інім пейіштің нұрына шомылып, жұмақта шалқып жүрген шығар. Себебі оларды ешкім мазаламайды. Жала жауып, босқа жазғырмайды! Ол жақта жауыздық пен күншілдік жоқ. 

– Қайдам. О дүниеге барып келгендей айтасың-ау. Бүйтпесең жазушы болармысың. Титтейіңнен арманшыл ең. Ақыры әулеттің атын елге әйгілі еттің. Ата-бабаңның, үрім-бұтақтың аруағы өзіңе риза шығар. «Қайыр ұлдан ба, қыздан ба?» деген. Азаннан тұрғаннан өзіңді Құдайға аманаттаймын. Жырақта жүрген гүлдей нәзігімді жарылқай гөр деп Жаратқаннан сұраймын.

Тірліктің тәттісінен ащысын, дәмдісінен «қызыл бұрышын» көп татқан Нұрдана апа ауыр күрсінді.

– Құдайға аманаттаймын дейсің бе? Апа-ау, біз онсыз да Құдайдың көз алдында жүрміз ғой. Алла тағала бәрімізді төбеден көріп, көлеңкемізден танып тұр ғой. Сағаттың тілін бұрағандай ол біздің мойнымызды дұрыс жолға бұрып қояды. Ал біз болсақ... Жаратқанды көрмейміз, менсінбейміз. Оған сенбейміз. Алдаймыз. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп бәлен ғасыр бұрын жазған Абайды да ұқпаймыз. Құдіретті күштен кешірім сұрап, тәубемізге түспек түгіл, әке-шешеден хал-жағдай сұраспайтын қатыгез күйге жеттік. Талтаңдап, тайраңдаған «соқырлардан» жиіркенгенім соншалық, кейде Аллаға тезірек кеткім келеді. Адамзатты жаратқан Құдіретті жүрегімнің «жанарымен» көріп, сырласқым келеді... Ол деген құдіретті тылсым күш қой! Төрткүл дүниені жаратушы, ұйқысынан оятушы, қаласа қасына әкетуші Тәңір ғой, Тәңір! Адам Ата, Хауа Ананы жаратқан Алла тағала күмістей таза ғой. Шындығы аз, өтірігі көп мынау екі беткей қоғамнан мезі болғанда көкке ұшқым келеді. Осы біз бүлінген мен қирағанның бәрін қоғамнан көреміз. ­«Заман, заман дегенде. Заманға қожа адам ғой. Наразы болсаң заманға. Бар кінәні соған қой» дегендей, шындығында қоғам деген мына біз ғой! Біз! Бәріне өзіміз кінәліміз! – деп Айна арқаланып кетті.

– «Заманына қарай адамы» деген. Алайда, бүлінгенді түзеймісің. Қисайған шегені қазыққа қақшитып қағамысың. Арқыраған мықтылар шырылдағаннан не ұтты, не тапты?! Одан да жазуыңды жазсаңшы. Өнеріңді мәпелесеңші. Уақытыңды құртпа. Түптің түбінде ақ-қарасын Алла айғақтайды. Үкімді сол шығарады!

– Айтуың дұрыс қой, апа. Қалам – құдірет! Қалам – киелі! Алайда сөз тыңдайтын, ұғатын құлақ пен ниет қалды ма? Атам қазақты тоқтатқан маржан сөзге, майда тілге тамсанар көзі ашық, көкірегі ояу жан бар ма? Болса, қане? Неге бұғып үнсіз отыр, тілін ыссы қасыққа күйдіріп алған баладай. Осы ой жиі мазалайды. Жансақтауда екі өкпесі ырсылдап жұртым қиналып жатқанда біз қайда болдық? Неге араша түспедік ұлтымның ұлы перзенттеріне, абырой-беделіміз ­деген бекзаттарға? Қауырсын сапалақтың соққысынан бір ұрса ұшып түсердей шыбынға айналдық! Зұлымдықтың өзі екі түрге бөлінеді екен. Біріншісі – адамдардың бір-біріне жасайтын қастандығы! Екіншісі – тылсым табиғаттан төнетін қауіп-қатер! Мен осының біріншісінен қорқамын! Күресе алмай қиналамын! Айнала толы кем-кетікті қазбаласам төбе құйқам ­шымырлап, тынысым тарылады. Ту сыртыңнан күл шашатындар көз алдап, өтірік бәйгеден оза шауып, төсін ұра бермек пе?

– Сәл басылшы, Айнажан. Сабыр етші, ақмарқам. Түңіліп, күмілжігеннен не пайда? Одан да қаруыңа айналған қаламыңа сүйеніп, үмітіңді үкіле. Уһілей берме, – деп анасы басу айтты...

– Жазудан басқа кәсіппен айналыссам... Ақшаны күреп табар ем. Дәу коттедж салар ем. Ішін жиһазбен жайнатар ем. Әттең, қазір қаламгер атаулының қалтасы шұрық тесік, жыртық-жамау. Мына қоғамда көңілі күйреген, шашы сиреген ақын-жазушыны елеп-ескеріп, бағалап жатқан кім бар? Болса айтшы? Бәрі білгіш, бәрі ақылгөй. «Шет-шетінен би болған өңкей қиқым» деп Абай текке айтпаған. Жел сөз қуғандарға карантин көрім болды. Әлеуметтік желі өсекке толды. Бара-бара бұл жалғанда «бұзылмаған» адам қалмас! Қу тірлік нала мен жараға тұнып тұр! Сыртымыз бүтін болғанмен, ішіміз түтін! Қатыгездікке жүрегім қалай шыдайды, апа?

Кеседегі шәйінен ұрттап қойып Айна қыз киіздің үстіне өрнек салғандай ойларын өрнектей берді, өрнектей берді. Жаулығын құлағының үстіне түріп қойған Нұрдана шешей оның әр сөзін тыңдай берді.

– Жан баласынан жасырар құпия-сыр қалды ма, бұ заманда?! Теледидарды ашып қалсаң, телефоныңды нұқып қалсаң көретінің көргенсіздік! Әдепсіздік! Бопсалау! Ұрлық-зорлық! «Қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған» дүлдүл дүниенің шиқаны іріңдеп, іркілдеп тұр!

– Санаңа түйгеніңнің бәрін қағазға түсіре бер, түсіре бер. Түбі бір қайыры болар. Ел бетін бері бұрар, – дейді анасы.

«Алқымымнан алған мұңнан қашан құтыламын. Сансыз сұрақтың жауабын іздеген сарыуайымым тамырдан-тамыр қуалап, денеме жайылып барады. ­Уланып қалсам ше?.. Әділетсіздіктің қара тонын жамылғандар кеудеме қанжар сұғып, қанымды кенедей сорғысы келеді. Олармен қашанғы алысып-жұлысамын? Екі құлағымды мақтамен мықтап тығындап, бәрін көргіш жанарымды тарс жұмып, бәрін сезгіш жүрегімді алақаныма қыса ұстап, итпен іздесе де таппайтын жаққа зытсам ғой. Талантты табанына таптағысы келгендер, арамтамақтар, құлқыны кеңдер неге көлкіп өмір сүреді? Бесіктен белі шыққаннан ілім мен білімге талпынып, оқудың құдығын инемен қазып, өмірдің жолын адалдықтан іздегендер неге жапа шегеді?! Ақ пен қараны айыра білгенімнен не пайда? Ар сатылады, кісілік сатылады. Бәрі, бәрі сатыла бермек. Әлі талай шыжық пен былықты көзім көрмек. Жүйкемді жұқартқан әділетсіздікпен зұлымдық жолымды кес-кестеп, күн көрсетпес. Құдыққа итеріп құлатуға, төбеден төмен сұлатуға асығар, аптығар».

Көптен өз ойымен өзі арпалысып жүрген Айна бұл жолы да шарасыздықтан терең тыныстады. Нұрдана апай қызының қоңыр шашынан сипады:

– Қамықпа, қанатым! Ұстараның жүзіндей тіліп түсер тілі бар, жамандардан жасымайтын жолбарыстай жүрегі бар қаламгер атаулыға жау жоламас! Оқ тимес! Қорғандарың, қолдаушыларың – аруақ қой! Бордай езіліп, күрсініп, күңірене берме! – деді.

– «Жұрт ішінде жорта бір мақтайсың-ау» дегендей, жігерімді жасытпау үшін, қамшылау үшін айтасың-ау осының бәрін. Бірақ... Мен нәзікпін ғой. Мен түгіл табиғат та нәзік. Жаңбыр жауса теректер де құлайды тамырынан опырылып. ­Талай шикілікті көре-көре, бел ортасында жүре-жүре бойымда пышақ қайрайтын қайрақ құрлы қауқар қалмапты. Тіліп түсер ұстарадай өткір емеспін соңғы уақытта.

Қадыр Мырза-Әлидің «Жазмыш» деген кітабында Маяковский туралы Марина Цветаеваның «Адамша өмір сүріп, ақынша өле білді» деп жазғанын оқығам. Демек, жазушыға өмір сүру оңай емес! Қаламгер атаулыға қандай заманда да өмір сүру қиын! Қ...и..ынның қиыны!

Жә, мұңымды шаға бермей доға­райыншы. Түнгі он екіге дейін әрнені бір айтып жүйкеңді шаршаттым-ау, – деді Айна.

– Иә, демалайық. Осы күні жаздың түні де салқын. Жаурап қаларсың. Қасыма ұйықта,– деп анасы шерін тоқтамастан тарқатқан қызына елжірей қарады.

– Ұйықтай бер, апа. Сәлден соң келермін, – деп өзімен бірге алып жүретін ноутбугын қолына алды.

– Жолдан шаршап келгеніңде. Ертең де күн бар емес пе? – деді көзі ұйқыға тығылған Нұрдана апа.

Айна ештеңені елеместен ноутбугына қадалды.

 «Мейірімсіз, қатыгез, уы шашыраған мынау жер бетінде не болмай жатыр. Жаһандану деген осы ма? Соншама құтырып, еркінсіп барамыз. «Сен тимесең, мен тиме бадырақ көздің» кебі мен кесірі бізді қай құдыққа батырар екен?! Анау жетпейді, мынау жетпейді деп налимыз. Бізге бәрі де жетеді. Тек, тек ар мен ұят жетпейді! Қанағатсыз, пасық пиғылымыз бен көңілді ластап, лайлап біттік. Адами құндылықтардың ақшамен өлшенбейтіні, парамен айырбасталмайтыны, ғайбат сөз айтылмайтыны, әділдіктің сапта бірінші тұратыны, адалдықтың туы желбірейтіні, дарақылық пен даңғазалыққа даңғыл жолдардың жабық болатыны қайда?! Алтын ұя мектепке кіргеннен мұғалім миға құйған кісілік қасиеттер неге жоқ? Мынау қолыңдағы ұялы телефоның да мылтықсыз майдан! Намысыңды таптап, арыңды азаптау оп-оңай. Телефон деген қарумен «қырып» салады. Өш алудың бомбасы осы! Жүйкеңді жұқартып, намысыңды таптайды! Бұған қайтіп үнсіз шыдайсың?!. Беу, дүние-ай! Айта берсең таусылмас. Бізге ем қонбас! Шырмауықтай шырмалған ел-жұртыма төнген індет жайлы ойласам жаным шырқырайды. Қорқыттың қобызындай зар илейді».

Айна жаза түсті. Кенет ойын әлдене бөліп жіберді. Сол сәтте мақпал түннің қараңғысынан қорықпастан сыртқа атып шыққысы келді. Ту сыртынан бір дауыс: «Осы жазғаның да жетер. Қыңқ де­мейтін, мыңқ демейтін баяғы сол жартасқа шеріңді төккеннен, мұңыңды шаққаннан не пайда? Одан да өз жолыңды тап. Дәл қазір өзің ғашық көк әлемге жетіп ал! Кеудеңе тыныштықтан тұмар тақ! Ой-санаң бұзылып, миыңа құрт түспей тұрғанда Көктегі құдіретті құшып үлгер! Уақытыңды босқа ұрлама» деп сыбырлағандай сезілді.

– Солай ма? Шын айтасыз ба? Айтпақ­шы, апама айтпай кетсем ренжиді-ау. Күйзеледі-ау, шыбын жанын сүйретіп шақ жүргенде. Қайтсем екен? Тыныштық іздеймін деп қара басымның қамымен аспанға асығам... Ал анам ше? Аллам күтіп тұр емес пе?.. – деп Айна өз-өзінен күбірледі.

Сол сәтте дауыс оң жағынан шықты:

– Баратын болсаң, бол тез! Таң бозарып атпастан жетіп ал таудан ескен салқын ауамен. Аңқыл­даған сендей жан керек ол жаққа да.

– Жазуымды да бітірмедім. Апамның көйлегін де шешпедім. Кешеден бері денемді жылытып еді. Енді қайттім?

– Сол да сөз болып па. Ерінбей ауыс­тыра сал. Апаң да сен асыққан жаққа түбі келер дәм-тұзы таусылғанда. Көрісерсің. Көйлегін қайта киерсің. Бұл дүниеде айтысып, тартысып, кектесіп, өштесіп, бет шарпысып, бір-біріне қара өкпе болғандар, құтыла алмай құтырынып жүргендер түптің-түбінде қыста қар, жазда шөп басқан қара жерге оралады. Сағаты тоқтағанда ақыретте жүздеседі.

– Иә, иә... Білем, ғой білем. Дұрыс айтасыз, – деп Айна дауысқа ілесе берді. Ала-құла тірліктен аппақ әлемге, мөлдір аспанға жетуге асыға түсті. «Өмір сүру жазушыға оңай емес!» деген сөзі қайталай берді...

Бір уақ тыныштықтың орманын шарлаған Нұрдана апа осы сәтте тәтті ұйқының құшағында балқып, керемет түс көріп жатты. Ол Айнасына жағасы мен жеңі шілтермен кестеленген ақ көйлек тігіп отырды сарайдағы ескі іс мәшинесін дырылдатып. Түсінің «түлкінің боғындай» құйрығы бұралаңдап, ертесіне құбылып шыға келерін қайдан білсін...

АЯГҮЛДІҢ АЯУЛЫ  ҒҰМЫРЫНЫҢ ЖАЛҒАСЫ

«Дәстүр» баспасынан талантты жазушы Аягүл Мантайдың «Уақыттың көз жасы» атты кітабы жарыққа шықты. Кітаптың тұсаукесер рәсімін Қазақстан ­Жазушылар одағы төрағасы Ұлықбек Есдәулет, төраға орынбасарлары Ақберен Елгезек, Мереке Құлкенов, Бауыржан Жақып, Бақыт Беделхан және белгілі қаламгерлер Кәдірбек Сегізбаев, Қансейіт Әбдезұлы жасап, қаламгерді еске алды.
Аягүл Мантайдың терең де тосын ой-толғамы, кесімді пікірге бай әңгімелері «Ана тілі» газетінде де басылған еді.
Ұлықбек Есдәулет: «Жалпы Аягүл туралы жазу үшін, оның өз сөзімен айтсақ, «жүрекке оралу» керек. Жадымыздың түкпірінде де, жүректің тұңғиығында да қыршыннан қиялған қырмызы қызғалдақтың жарқын бейнесі берік орын алғаны анық. Қаламгер Қасымхан Бегмановтың демеушілігімен тасқа басылған кітап маңдайымызға сыймай кеткен Аягүлдің аяулы ғұмырының жалғасы», – дейді. 

ОРАЛ


 

1199 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы