• Тұлға
  • 26 Мамыр, 2022

Тұғыры биік тұлға

«Тәрбие басы – тал бесік» деген сөз тегін айтылмаған. Сөз жоқ, болашақ ұрпақтың өнегелі болуы жастайынан берілген тәрбиеге байланысты. Сондықтан да қандай қоғам болсын ұстаз бен шәкірт тәрбиесіне ­ерекше мән береді. Салауатты да саналы ұрпақ қамын ойлар болсақ, жас ұрпақты ­ата-бабамыздан қалған  салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты  сақтауға,  ақыл-парасаты мол, ізетті, кішіпейіл мәдениетті азамат етіп тәрбиелеуде атқарған еңбектердің куәсі ­болып жүрміз. 

Осы орайда,  ғалым Алма Қыраубаеваның жалпы білім беретін мектептерге арналған «Сенім» бағдарламасын ерекше атаған жөн. Ғалым Алма Қыраубаеваның «Жаным садаға» (1995) атты дидактикалық еңбегі,  оның ұзақ жылғы ұстаздық тәжірибесінің жемісі. Автор оқушының, талапкердің ұстаз бен қарым-қатынасы қандай болғаны абзал, қатал мұғалім – жақсы мұғалім бе немесе «ұстазы жақсының ұстамы жақсы» сияқты тақырыптарды сөз ете отырып, халықтық педагогиканың інжу-маржандары мен өз ой-толғамдарын ортаға ­салады. Әсіресе қыз баланың тәрбиесіне айрықша назар аударады. Алма Қыраубайқызы әрбір шәкірттің психологиясын жете танып, түсіне отырып, сырласа білуге, жүрегіңе жол ашуға әрдайым шәкірттерін білімге, ғылымға деген қызығушылығын арттырып дамытатын еді.

Ұстаз өте қарапайым, жылы жүзді адам. Автор бұл кітабында мұғалім мен шәкірт арасындағы түсініспеушілік қарым-қатынастарын қалай жақсартсақ деген оймен тәрбие барысында халықтық педагогиканың үлгілерін басшылыққа ала отырып, әр сөзін мақал-мәтелмен баянды етіп, тыңдаушыға әсерлі, жүрекке қонымды етіп жеткізеді.

Мысалы, автордың мына пікірі өте орынды. «Әр шәкірттің өз мінезіне қарай бабын таба алмасақ, онда мұғалім емес, сабақ беруші ғана болып қаламыз. Шәкіртін сыйламайтын мұғалім ғана онымен дауласып, ұрысуға барады. «Сыйлы боламын десең, сыйлай біл» деген мақал мұғалімге де арналған. Жан дүниесін білмеген адам мұғалім бола алмайды. Мұғалімде тәуіптің көзі, ақынның жүрегі, суретшінің қиялы болса дұрыс. Жазушы мен мұғалім бірігіп, оқушының жан дүниесін жасап шығарады. Нағыз мұғалімнің еңбегі – суреткердің еңбегі сияқты шығармашылық еңбек».   

Шәкірттің сеніп айтқан сырын сыртқа шашпа, бетіне баспа. Әр бала өзінше жұмбақ, өзінше байлық. Барлық жерде мұғалімге қойылатын талап: Баланы тәрбиеле! Бірақ тәрбиенің не екенін дұрыстап түсіндірген ешкім жоқ. Тәрбиелеу дегенді – тәртіпті қылу деп ойлаймыз. Мұғалімнің бақыты да – балада, күйініші де  –  балада.   

Автордың бұл кітабын деректі әңгімелерге құрылған  адамға тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге беретін дидактикалық еңбек деп бағалаған жөн. Сонымен қатар мұғалімдерге шәкіртті оқытудың, тәрбиелеудің әдістемелік әдіс-тәсілдерін жан-жақты ашып көрсетеді.

Алма Қыраубайқызы «Жаным садаға» атты еңбегінде  – өзінің көп жылғы ұстаздық қызметінде, өмірде болған, өзі көзімен көрген шәкірттерінің арасында болған оқиғаларды көркем әсем тілмен баяндай отырып, оқыту мен тәрбиелеудегі тәрбиенің бірнеше үлгілерін ұсына отырып, болашақ жас ұрпақты алдымен отансүйгіштікке, туған жері мен туған елін қадірлеуге, ана тілін құрметтеуге, сөз өнері арқылы сапалы білім  мен саналы тәрбие беретін бірден-бір еңбек деп мақтанышпен айта аламыз.

Филология ғылымының докторы, профессор Алма Қыраубаева – тәжірибелі ұстаз, көне түркі әдеби ескерткіштерін зерттеуші, әдебиеттанушы ғалым. Білім беру жүйесіндегі заманауи жаңа инновациялық технологияларды игеру және жас педагог мамандардың бойында  рухани ұлттық адамгершілік құндылықтарды дамыту ұстаздың басты қағидасы.

Бар өмірін білім саласына арнаған Алма Қыраубаеваның ұстаздық қызметі, қарапайым қажырлы еңбек жолы өскелең ұрпақты тәрбиелеудің шынайы үлгісі. Ғалым-ұстаздың білім саласында жасаған ұзақ жылғы еңбегін  жас ұрпақтың өсіп-өркендеуіне, саналы азамат, парасатты тұлға болып қалыптасуына қосқан зор үлес деп білемін.

Қорыта  айтқанда,  ғалым, ұлағатты ұстаз  Алма Қыраубаеваның  өмір белестерінде қажырлы еңбекпен жеткен жетістіктерін мақтанышпен жастарға үлгі-өнеге ретінде насихаттау, бүгінгі жас ұрпақтың ой-санасына сіңіру – баршамыздың міндетіміз.

Болатхан САРБАСОВ,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры,

филология ғылымының

кандидаты

1361 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы