• Әдебиет
  • 26 Мамыр, 2022

Нокин (Эссе)

Баяғы кез емес, қазір не көп, асфальттанған қара жол көп. Соның бірі Ақтөбе облысын кесіп өтетін халықаралық Батыс Еуропа – ­Батыс Қытай күрежолы. Сол күрежолға Ақтөбе қала­сының біраз жерін шиырлап келіп қосылатын тағы бір шағын айналма тармақ көз қызықтыра сайрап жатыр. Ол ел аузында Нокин тас жолы деп аталады. Қаладан шықсаң, оң жағыңда көшелері сыптай сызылып, қазіргі заманның өскелең талабын паш еткендей сәнді ауыл қалады. К.Нокин ауылы. 
2004 жылғы 3 желтоқсан. Мәскеу. Жұмыр жердің экологиялық ­ахуалы бүкіл адамзатты қатты алаңдата бастағандықтан онда әлемнің түкпір-түкпірінен ізгі жүректі, игі тілекті ­балауса толқын жиналды. Абхазия­дан, Алжирден, Перуден, Румыния­дан, Тайландтан, Тәжікстаннан, әрине, Қазақстаннан, сондай-ақ ­Ресей Федерациясының Бурят, Қалмақ, Карелия, Коми, Карачай-Черкеш автономиялық республикаларынан өкілдер келген, «Жасыл планета» деп аталатын халықаралық балалар экологиялық форумында «Біздің болашаққа қосар үлесіміз» номинация­сы бойынша Жәмиғаш Серікқызы ­Нокина бас жүлдені, Гран-Приді жеңіп алды. Мұның соңын ұлан-асыр тойға ұластырған атасы Кеңес аға: «Сенімімді ақтадың, құлыным!» деді немересін құшағына қысып тұрып. 

Зайыбы, республикамыздың халық ағарту ісінің үздігі Жамиғаш ерте қайтыс болғанда, әжесін ұмыттырмай жүрсін деп немересінің есімін осылай қойған өзі еді. Соның алдында ғана үлкен немересі Хорлан он бірінші сыныпта оқып жүргенде белгілі археолог З.Самашев басқарған экспедиция құрамында ноғай-қазақ хандарының астанасы болған Сарайшық қаласын зерттеу жұ­мысына қатысқан. «Хандар күмбезіндегі» аттары тасқа қашалып жазылған тұлғалар тарихын зерделеуге құштарлық оқушы қызға ата-баба тәрбиесімен жалғасып келе жатқан үрдіс. Немере­лердің аға ұрпақтан алған тәрбиесінің жемісі.

Тәрбие! Анасы – Қарлығаш ұстаз, орыс тілінің маманы, әкесі Серік – қоғам, мемлекет қайраткері, Ақтөбе химия зауытының директоры, «Жылуэнергия» АҚ басшысы, Атырау облысы әкімінің орынбасары, бірнеше ірі, оның ішінде кезінде бүкілодаққа аты дүрілдеген ферроқоспа қорыту зауыты бар, өнеркәсіп орындары шоғырланған, қазіргі заманғы коммуникация желілері тартылған, жарты миллионнан астам адам тұратын Ақтөбе қаласының, қазіргі үмітті мегаполис қаланың әкімі, ҚР Өңірлік даму министрлігінің вице-министрі. Серікті де мұндай дәрежеге жеткізген аға ұрпақтан келе жатқан ұлағатты жол.

Патрис. Кеңес аға екінші ұлына осындай есім берді. Африканың халық батыры Патрис Лумумба сияқты патриот болсын деді. Гректің сөзі. Патриотизм екі сөзден біріккен: patriotes – отандас, patris – Отан, ote – адал. Бұл, әрине, барша пендеге тән қашаннан ұлық тұтар асыл қасиет. Осы қасиет Нокиндер әулетінде де біртіндеп қанат жайып, отбасындағы үйлесімді, бақытты тіршіліктің негізіне айналды. Кеңес аға Патрисінен туған немересінің есімін де өзі қойды. Нұрмұхамед. Бұл әкесінің азан қойып шақырған есімі болатын. Жұрт оны еркелетіп, «Нөке» деп кеткен-ді. «Нокиндер» – әулетке осылай келді. Кеңес аға әкеге деген ішкі сағыныш сазымен Патрис пен Зәуреден тараған бір немересіне әке есімін берді. Жәмиғаш сияқты, Қазақ сәулет академиясының үздік түлегі – Нұрмұхамед те ата сенімін ақтап, қуанышқа бөлеп өсіп келе жатқан-ды. Әрине, қабырға қайыстырар қайғы, сүйікті немере жақында тура келген сырқаттан өмірден өтті.

Кеңес аға мен Жәмиғаш апа балаларын оқытып, тәрбиелеуді дұрыс ұйымдастыра білді. Жоғары білім алу үшін сырт асып, қанат қатайтқан, яғни тұңғышы Гүлжан ­әл-Фараби атындағы ұлттық университетінде, Гүлнары Ақтөбе медицина университетінде, Серігі Саратов инженер-химия жоғары әскери училищесінде, Патрисі Қарағанды жоғары милиция мектебіндегі білімімен тоқтамай, Ішкі істер академиясында оқыған күндерде ешқайсысы тұрмыс қиыншылығын көрген жоқ, ылғи да қамқор қанат астында болды. Кейін қызметке араласқан, Серігі зауыт директоры, облыс әкімінің орынбасары, қала әкімі, ҚР Өңірлік даму министрлігінің вице-министрі болған, Патрисі облыстық Ішкі істер бөлімінің, ҚР Ішкі істер министрлігінің басшылық қызметтерін атқарған, Гүлнары практикалық істерімен қоса, медицина ғылымының кандидаттығын қорғаған.

30-31 жылдардағы аштық тамақтан қысқанда Кеңес аға бар болғаны үш-төрт жаста ғана еді. Бастауыш мектептің төрт жылын төрт шақырым жердегі мектепке бір сүйретпе бәтеңкені ауыстыра алмай өткізді. Он жасында ауыр науқастан әке қайтыс болды. Шиеттей сегіз баланың тауқыметі анасы Мақпалдың басына түсті. Тағдыр қинады, тағдыр шынықтырды. Он алты жасар бозбала еңбек жолын Екінші дүниежүзілік соғыстың ең ауыр күндерінде, Ойыл ауданының «Қызыл керуен» ұжымшарында қара жұмысшы, есепші болып бастады. Араға үш жыл салып, Темір ауылшаруашылық техникумын үздік бітірді де, Ойыл аудандық ауылшаруашылық бөліміне бас зоотехник болып бекітілді. Тағы да бес жылдан соң, енді жоғары білімді Кеңес аға Мұғалжар ауданының «Ембі» кеңшарына бас агроном болып тағайындалды. Зоотехник. Агроном. Экономист. Үшеуі де К.Нокиннің кәсіби болмысын айқындайтын, бір-бірінен ажырағысыз мамандықтар. Дәл осы мамандық, қайраткердің бүкіл өнегелі өмірінің арқауы іспеттес. Кеңшар директоры, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, аудандық атқару комитетінің төрағасы, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, сатылап келіп, ең соңында құрметті еңбек демалысына дейін үзбестен, ­жиырма үш жыл бойы облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылығы жөніндегі хатшысы.

К.Нокинге тән ең басты қасиет – өмір-ұстазға адал-шәкірт бола білгені. Дәлірек айтқанда, еңбекқор, әділ, ізденгіш, әр сөзі мен ісі айқын.

Кезінде тары өсіруден әлемдік рекорд жасаған Шығанақ Берсеұлының ұсынысымен Қиыл өзенін Ойыл өзеніне құяр сағасынан сәл жоғарырақ тұсынан бөгеп, суармалы егіс көлемін ұлғайту ісі қолға алынды. Техника жетіспейтін, атқа, өгізге, түйеге жегілген, қолдан құрастырылған топырақ ысырғыштар пайдаланылды. Бөгет екі жылда аяқталды, үш-төрт мың гектардай жерге су ­жайылатын болды.

Нақ осы кезеңде,орда бұзар отызында К.Нокин «Саралжын» кеңшарына директор болып тағайындалды. Жас жігіт еңбек паспорты атанған Шығанақ атасы бастаған, негізінен қол күшімен ғана атқарылатын, адамдардың патриоттық сезіміне арқа сүйеген батыл қадамға тәуекел етті. К.Нокиннің бастамасымен және бас­шылығымен Қиылдың бұрынғы бөгетінен он шақырымдай жерден осындай екінші бөгет көте­ріліп, шабындық көлемі тағы да мың гектарға ұлғайды.

Өмір еңбекқор, іскер басшыға қай кезде де, әсіресе соғыс ауыртпалығы тұралатқан тұста ерекше зәру болатын. Басқару тәжірибесі екі жылға жетер-жетпес кеңшар директоры ауданның атқарушы билігін басқаруға тағайындалды. Алға аудандық атқару комитетінің төрағасы ...сөйтіп, облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылығы саласын жиырма үш жыл бойы басқаратын хатшылық қызметке дейінгі еңбек баспалдақтары басталды.

1975 жылғы маусым айының бас кезі, іссапарда жүрген К.Нокинге облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы В.Ливенцов телефон соқты. Облыстық атқару комитетінің төрағасы О.Қозыбаев бірінші хатшыға «Шымкенттіктер көкпек шауып жатқан көрінеді, Рамазанов (облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы – С.Б.) сондай тәртіп беріпті. Біз де көкпек шапсақ қайтеді!» деп ұсыныс жасапты. К.Нокин: «Көкпек аласа, негізінен жайылып өсетін ащы өсімдік, піскен кезінде ғана түйе жейді, аздап қой-ешкі қоректенеді. Көкпек жуан түбірлі өсімдік, сондықтан оны кетпенмен, шотпен шапқан, өсетін аумағы да көп бола бермейді. Біздің ­облыста көкпекті машинамен шабудың мүмкіндігі жоқ» деп кесіп айтты.

Бірінші хатшы мен облатком төрағасының алаңдауына себеп те бар. Қуаңшылық ауыл шаруашылығын мықтап қыспаққа алып тұрған-ды. Қажетті мал азығын қалай дайындауға болады? К.Нокин Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары С.Құбашевпен ақылдасты. ­Облыс табиғатымен жақсы таныс Сағидолла: «Қиындығы көп, бірақ амал жоқ, Ырғыздың өзен-көлдерінен қамыс дайындау керек» деді. Бұрын істелмеген іс. Хатшы «Нұра», «Тәуіп» кеңшарлары аралығындағы өзен мен көлдерді түгел аралады, ондағы жергілікті шаруашылық басшыларымен, қамыс-құрақты орып, азын-аулақ малдарын азықтандырып жүрген ауыл адамдарымен ақылдасты. Бәрі отырып, атқарылатын кешенді істерді талқылады, шығын мен пайданы есептеді, сөйтіп судағы қамысты орып, жағада ұсақтап, азықтық деңгейге жеткізуге болады-ау деген тұжырымға келді. Кейін осы тұжырым облыстық партия комитетінде тағы да пысықталып, арнайы шешім қабылданды. Облыстың он бір ауданынан 38 ұжымшар мен кеңшар сол өзен, көлдерден бір миллион тоннадан астам қамыс дайындады, ол арнаулы техникамен сол жерде өңделіп, тиісті жеріне жеткізілді.

Ырғыздың өзен, көлдері айналасындағы еңбек айқасы төрт-бес ай бойы толастаған жоқ. Су бетіндегі мұндай ауқымды айқасты өмірі көрмеген бейбіт тұрғындардың ауыр жұмыстан кейінгі мәдени демалысын ұйымдастырудан бастап, ауыртпалық кезінде сыр берген ағзаға мединалық көмек көрсетуге дейінгі кешенді іс-шараларды жүргізу, бақылау үшін облыстық штаб құрылды. Штабтың облыс орталығынан бес жүз шақырым қашықтықта,айдалада тартылған шатырында күні-түн тыным таппаған жоспарлы іс-қимылды К.Нокин басқарды.

Бір ғана шаруашылық аумағындағы су бетінде отыз сегіз шаруашылықтың ала-құла құрылғыларын қалқытып, құрақ орғанын көз алдыңызға елестетіп көріңізші?! Бір ­миллион тонна құрақ... Және бұрын-соңды мұндай аттанысқа арналған техника болмаса... іздену, ғылымға ғана емес, тәжірибеге де сүйену... науқан бәріне де зәру... Осындай күндерде қатардағы бір инженердің момақан «ерлігі» кейін Мәскеуге жетіп, ондағы телекино қайраткерлерінің назарын аударғаны есімде. Ол – Мұғалжар ауданы, «Ильичев» ұжымшарының алты сыныптық қана білімі бар бас инженері, есімін ұмыттым, Ботнарь. Жақсы білемін, облыстық газеттің ауыл шаруашылығы бөлімін басқаратынмын, 63-64 жылдардағы қыстан, «қояннан» қалған, көмекші әскери құрамның істен шығып, тастап кеткен ауыр техникасын қайтадан құрастырып, қызмет бабындағы көлік ретінде құйғытып жүрген инженер туралы газетімізде талай рет жазғанбыз. Сол молдаван инженер қиналған сәтте көмекке келді. Су бетінде қалқып жүріп, құрақ оратын құрылғы ойлап тапты. Мәскеуліктер арнайы келіп, ақтөбелік инженер жайлы деректі фильм түсіріп, оны жергілікті және одақтық теледидарларда көрсетті.

«1970 жылғы көктемде бір түнде бір жылғы мөлшерде жауған жауыннан Ырғыз ауданында жүздеген үй қирады, – дейді естелігінде сол кезде Ақтөбе облыстық атқару комитетінің төрағасы болып істеген С.Құбашев. – Табиғат апатына қатысты өтінішімізді қараған Бюро отырысын республика басшысы Д.Қонаевтың өзі жүргізді. Бюро отырысынан кейін Министр­лер Кеңесі төрағасының бірінші орынбасары И.Г.Слажнев басқарған комиссия осы мәселе бойынша екі күн қатарынан жұмыс істеген кезде К.Нокиннің төменгі биліктен жоғарғы билікке дейінгі аралықтағы күрделі түйіндердің шешілуіне ұсынған салмақты пікірлері, іскерлік те ғылыми дәйектемелері мен дәлелдеулері даусыз мойындалып жатты. Бұл, билік басындағы қайраткерге аса қажет, бірақ іс жүзінде өкінішпен, ізделетін қасиет». Иә, соның нәтижесінде табиғи апат шығыны өтеліп қана қойған жоқ, сонымен бірге шалғай ауданның тіршілігіне тың тыныс ашатын қосымша, аудандық автомобиль базасын салу, Ырғыз бен Шалқар арасын қосатын көтерме жол тарту сияқты елдік ұсыныстары да қолдау тапты.

Бұлт ала, жер шала. Республика бюджетін әжептәуір толықтырып отырған Ақтөбе облысының сол республика бюджетіне көз сүзетін, яғни қаржы дәмететін өңірлері де бар. Сол өңірлер, оның ішінде Ырғыз ауданы, бірінші ­кезекте облыс басшыларының назарында болатыны түсінікті. К.Нокин үшін де солай. Бірақ өмірдің өз заңы бар, аттап кете алмайсың. Жергілікті кәсіпкерлер мен басшылардың өзара тіл табысуы нәтижесінде ауданда шағын ет комбинаты ашылып, ол ­облыс орталығынан шалғайдағы аудан үшін табыс­ты кәсіпорынға айналып үлгерген-ді. Алайда жоғарыдағы биліктің кеудемшіл бұйрығымен ет комбинаты жабылғанда, ауыл шаруашылығының мұң-мұқтажын жақсы білетін К.Нокин сияқты басшының қарсылығы бюрократиялық шешімді тоқтата алмады. Бюрократия зардабы көп күттірген жоқ, сол жылғы қыста ауданнан бес жүз шақырым облыс орталығына ет комбинатына айдалған 15 000 қой, 1 100 ірі қара жолшыбай нөсер жаңбыр мен ақ түтек боран астында қалып қырылды.

«Авантюра мен катастрофа қатар жүреді». Кезінде республиканың Орталық Партия Комитетінің хатшысы Г.А.Мельниктің Кеңес ағаға қатысты әзіл-шыны аралас осы айтқаны облыс, республика басшылары арасында кең тарап кетті. «Ел ағасы еді» деген естелікте айтылғандай, ол былай болған-ды. 1969 жылғы қуаңшылық облыстың ауыл шаруашылығына, оның ішінде мал шаруашылығына да қатты қауіп төндірді. Тұйықтан шығу жолын зерттеген арнаулы комиссия атынан облыстық атқарушы биліктің төрағасы С.Құбашев баяндама жасап, еркек тоқты есебінен етке 400 мың қой және 100 мың ірі қара тапсыруды ұсынды. Қой санын 50 миллионға жеткізу ұранының ұшып тұрған кезі, облыстық партия комитетінің хатшысы К.Бородин ұсынысқа қарсы шығып, екінші хатшы И.Женалаев: «Бұл оңай шешім, ойланбаған зиянды ұсыныс, ­барып тұрған авантюра» деді. Облыстың ауыл шаруашылығына тікелей ­жауапты К.Нокин сөздері өтімді қызметкерлердің мұндай «шабуылына» шыдай алмады, «Комиссия мәселені жан-жақты зерттеді. Қазір шілде айының ортасы, үш-төрт күн жаңбыр жауса, аз-кем өзгеріс болар. Ет комбинатына мал тапсыруды шұғыл бастау керек. Ибрагим Кенжегереевич, біздің ойымыз, комиссияның ойы авантюра емес, жағдайды катастрофаға жеткізбеу» деді. Иә, солай болды, авантюраның емес, катастрофаның зардабын анық болжай алған басшылардың арқасында облыстың мал шаруашылығы бір тұйықтан осылай шықты.

Бір жеңіс пен бір жеңілістің тәттісі мен ащысын қатар татып жүріп, іскер басшы ырғыздықтар, дәлірегі облыс үшін кезекті тағы бір игі ісімен қуантты. Табиғат апатына байланысты аудан шаруашылықтарын аралаған И.Г.Слажневті қирап, қисайып, еңсені басар көріністен мидай даланың қақ ортасына қолмен әкеліп қоя салғандай мөлдір көлдерге, айналасы көк құрақтармен көмкерілген, аң-құсы жыртылып айрылған айдындарға алып шықты. «Ғажап емес пе?» деді Кеңес аға. «Ғажап!» деді Иван ­Гаврилович те. Мидай далада мұндай сұлулық кездесер деп ойлаған жоқ еді. «Ендеше, табиғаттың мұндай сыйын неге қорғамасқа? Неге халық игілігіне айналдырмасқа?». Табиғатпен тілдесудің бұл да бір көрінісі еді. Хатшының көкейіндегі ойды И.Г.Слажнев ұқты, ұқты да ойланып қалды. «Шынында табиғи қорыққа сұранып тұр ғой!». К.Нокиннің ұсынысы аяқсыз қалған жоқ. Тиісті талқылаудан кейін, ауданға зоолог мамандардан құрылған арнаулы экспедиция келді. Зерттеді. Ұқты. Келісті. Келесі жылы Торғай мемлекеттік қорығын құру туралы үкімет қаулысы шықты.

«Табиғатпен тілдесу» дейміз-ау, бір жылдары Америка мен Канаданың түйіскен жеріндегі, дүние жүзінде Амазонка сарқырамасынан кейін екінші орын алатын Ниагара сарқырамасын көзіммен көріп қайран қалған едім. Әрине, аталған әлемдік табиғат ғажайыптарының орны бөлек, десек те, өз деңгейінде Қарғалы сарқырамасы да көздің жауын алатын әсем сурет. Сол Қарғалы өзенінің мол суы Кеңес ағаны кезекті бір игі бастамаға тартты да тұрды. «Елекке құятын жерінен су қоймасын жасаса?!». Табиғатқа қиянат емес пе, жоқ, мүмкін, ол Мұғалжар тауынан бастау алып, Қарғалыға құлайтын қаптаған бұлақ суын тиімді пайдалану шығар?! Тағы да ізденіс, тағы да ми ашытқан зерттеу. Ғалымдар тартылды, мамандар тартылды. Сөйтіп, облыс аумағында 300 миллион текшеметр су жиналатын тұңғыш су қоймасы дүниеге келді, Ақтөбе жерінде алғаш рет 20 мың гектар сусаған алқапты инженерлік жүйемен кестелеген жасыл желек осылай пайда болды.

***

Шаруашылыққа ғана қатысты емес, рухани мәселелерге де Кеңес ағаның бүйрегі бұрып тұратын. Салқын мінезді басшылардың кесірінен қабылданған, қазақтың қос шынарының бірі Әлия Молдағұлова есіміне көлеңке түсірердей шешім ағаның жүрегіне тікендей қадалып, жайсыз күйден босатпай жүретін. Әлия ауылы экономикалық тұрғыдан тиімсіз деген желеумен көршілес шаруашылыққа қосылып кетті де, батыр қыздың жерлестері дабыл қақты. Дабылға үн қосып, үн қосып қана қоймай, оның түпкілікті шешілуіне ықпал еткен қолында билігі бар басшылардың бірі де Кеңес аға. Қазір Әлия ауылы облыстағы жан-жақты дамыған шаруашылықтардың бірі.

Ақтөбе қаласының ескі бөлігі мен жаңа бөлігінің арасын қосатын, аспалы үлкен көпір бар. Көпірдің үстімен ағылған көлік екі қапталын қазіргі заманғы зәулім үй сәндеген кең даңғылмен Орал бағытын бетке ұстап, жолшыбай Әлия ауылын кесіп өтеді. Батыр қыз атындағы шаруашылықпен осылай қойындасқан даңғылдың Әлия даңғылы аталуына да бастамашы болған Кеңес аға еді. Тағы бір үйлесімі – Әлия даңғылы көпірден түсе оң жаққа, теміржол бағытына кілт бұрылады. Сол кілт бұрылған тұстан Нокин тас жолы басталады.

***

Эссемді жазу үстінде Кеңес ағаның әкеме қатысты бір сөзі есімнен кетпей қойды. «Біз ол кісіден көп нәрсені үйрендік».  Ол кісі деп отырғаны менің әкем – Бақтыгерей Қалиев. Көп нәрсесі не? Соғыс ауыртпалығы титықтатқан шаруаның үзік-тесігін жалғап-бекіте алмай жүрген колхоз-басқарма он алтыға толар-толмас бозбалаға аямай жұмсағаннан басқа не үйрете алады? Кеңес аға еңбек жолын «Қызыл керуен» колхозында есепші болып бастағанда, әкем сол өңірдегі көп колхоздың бірінің басқармасы еді. Қырмандағы астықтың есебін жүргізетін бозбаланың есінде қалды ма, жоқ па, қайдан білейін, колхоздағы тәртіптің қатаңдығына орай анамның «масқара болып отырмыз, бұт жарым бидай ұрланып» деген үрей сарындас әңгімесі, бұт жарым емес, оның көкесіндей ұрлыққа етіміз үйреніп кеткен біз сияқты ұрпаққа, біртүрлі күлкілі естілуші еді. «Күйеуі, үлкен ағаң соғысқа алынып, жақында ғана түскен келін бірде қырманнан етегіне түйіп, он шақты уыс бидай әкеліпті. Зәрем тас төбемнен шықты. Құрт, құрт, қайтадан қырманға апарып таста, атаң естісе өлтіреді деп қараңғы түсіп кеткеніне қарамай жас келінді қырманға кері қуғанмын» деп отырушы еді, жарықтық! «Заманның ауыр кезі ғой, тәртіп пен адалдықтың қандай болатынын, көңілі жарым адамдарды қалай жұбатып, қалай жұмсаудың әдеп-тәсілін сол кісілерден үйрендік қой. Жазғандарыңды оқып жүремін, еңбегің жемісті болсын», – деп Кеңес аға орнынан тұрып, қолымды қысып еді. Қандай ыстық алақан, қандай ыстық лебіз! Және ол әкеңе қатысты айтылса!? Бұл Кеңес ағамен «Лениншіл жас» газетінің меншікті тілшілігінен облыстық газеттің ауыл шаруашылығы бөлімі меңгерушілігіне тағайындаларда болған кездесу еді. Ол кезде, облыстық партия комитетінің органы болғандықтан, редакцияның бөлім меңгерушісін облыстық партия комитетінің салалық хатшысы қабылдап, сын таразысынан өткізетін.

Иә, әкемнің сол қиын жылдарда бірнеше шаруашылықты басқарып, көптің алғысына бөленгені жайлы әңгімелерді үлкендерден талай естігенмін. Басқарған шаруашылығы топжарғанда, шөмелені қабырға етіп тігілген жеңіс туы алдында түскен суреті жеке мұраға­тымда сақтаулы. Бірақ эссені жазу барысында мұны еске алу керек пе еді!? «Бұл да бір өзін өзі насихаттаудың пендешілік жолы ғой» дейтіндер де табылуы мүмкін ғой. Жо-қ .., десе десін, мен үшін маңыздысы басқа, аға ұрпақтың ұлағатты ісін қолдан келгенше жарым-жартыламай, шоқтан жаңа ғана шығарылған таба нандай буын бұрқыратып оқырманға ұсына алсам, оның тамырын сонау-сонау еңбек бұлағы бастауынан, соның бір жылғасындай әке тағылымынан тартсам, несі айып! Кеңес ағаның ұлықтауға лайық болмысы тамшыдай, бірақ мөлдір ниетпен ашыла түспей ме?!

Сырым БАҚТЫГЕРЕЙҰЛЫ

1290 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы