• Руханият
  • 26 Мамыр, 2022

МЕНІҢ ЖАНРЫМ – КҮНДЕЛІК

(Соңы. Басы өткен сандарда)

 

14.05.19

«Әруақ» фильмінің тұсаукесері өтті. Маған ұнады. Дала академигі, философ, планетарлық білімі бар адам. Қалада оған қызық қалмаған. Әйелден отыз жасында кеткеннен кейін үйленбеген. Қасқырдың күшігін асырайды. Жетім баланы тәрбиелеп шығарады. Ойлы көрерменге ұнау керек деп ойлаймын. Идеясы өзімдікі.

***

 Екі ғасыр куәсіндейміз. ХХ ғасырым – алтын ғасырым! Өмірге келудің өзі трагедия екен ғой. Өліммен бітеді. Қамшының сабындай қысқа өмір. Мәңгілікке жоғалу дегенді ойласаң, мелшиіп отырып қаласың. Тек жамандармен бір ғасырда өмір сүргеніңе өкінесің. Аз да болса біраз өмірді қысқартқаны үшін. Әзербайжанның ажалынан бұрын кеткеніне күйініп, тағы да қысқарасың. Әнуардың өлімі қандай қайғылы. 47 жасында. Есболған 45 жасында. Ақселеудің өлімі ше? Жұмбақ?.. Ақырын ғана кете салды. «Өмірдің қызығы қалмады» деп еді бір сөзінде.

Жамандар қара құс сияқты. Тәттіге құмартатын кезден өтіп, ащыға құштар кезге жеткен екенбіз. Ғабит Мүсіреповтің өмірді қимай, жылап қоштасқаны есіме түссе, бұл жалғанның да тәттілігін қатты сезінемін. Сәбит жүріп бара жатып, Мәриям апайдың қолынан тартып: «Менен қалма, қалма» деген екен. Сол апай Сәбеңнен кейін 40 жылдай өмір сүрді. Менің артымды да түзейтін Бағдат болар. Мен бұған сенемін.

***

Шешемнің қадірін енді біліп жүрмін. Үлкен дәрежеге іліккен адамдардың бәрі эгоист болады-ау деймін. Өйткені тек өзін ойлайды, өз дәрежесінің биіктігіне жұмыс істейді ғой деймін. «Мені» көбейетін тә­різді. Апам өмірден озғанша менің жағ­дайымды ғана ойлап, бар энергиясын маған бағыттады.

***

Жас күннің қызықтары еске түсіп отыр. Жазып қойған жөн-ау.

Отызға толар-толмас кезімізде мен, Шәмші, Төлеген Айбергенов үшеуміз қалтамыздағы тиын-тебенімізді жинап бір жарты алдық. Содан гастрономның қарсысындағы «Әртістер үйінің» қорасына барып, Төлегенді стаканға жұмсадық. Жаңбыр құйып тұр. Бір жартыны қақ бөліп ішіп алдық. Аздау боп қалды. Төлегенді стакан алған үйіңнен 3 сом қарыз ал деп қайта жұмсадық. Сұраған. Қуып шыққан ғой. Сөйтсек Қалибек Қуанышбаевтың үйі екен. Үшеуміздің әлі елге таныла қоймаған кезіміз. Міне, тағдыр!?.

***

 Әнуар Молдабеков екеуміз репетициядан шығып Сталин даңғылымен (қазіргі Абылайхан) келе жаттық. Қалтада көк тиын жоқ. Сыра ішкіміз келді. Алдымыздан ЖенПИ-дің бір топ қыздары кездесті. Мен: «Әй, Әнуар, сен менен гөрі нахалдаусың ғой, мына қыздардан қарызға бес сом сұрашы» дедім. Екеуміз де өнерімізбен елге танымалдау болып қалған кезіміз. Әнуар: «Қыздар мына Асанәлінің басы ауырып келе жатыр. Бес сом қарыз беріңдерші, басын жазайын» деді. Қыздар бір қызарып, бір бозарып, ұялып, бес сом жинап берді. Бес сом ­деген ол кезде мол ақша. Сол қыздардың қарызын әлі қайтара алмай жүрмін. Телевизордан айтсам деймін. Әрине, оларда қазір 70 жасқа таяған болар-ау! Қарызды міндетті түрде қайтару керек!

***

Бекежан рөліне бекіп, қуанышым қойныма сыймай Калинин көшесімен (қазіргі Қабанбай) алып-ұшып келе жатсам, алдымнан таяғын тық-тық еткізіп Құрманбек Жандарбеков кездесе кеткені. «Аға жаңа ғана «Қыз Жібек» фильміндегі Бекежанға бекітті. Сізден бата алуым керек. Сол кейіпкердің операда бейнесін қатырып жасаған Сізсіз ғой, рұқсат болса сізден аздап ұрлаймын» дедім. Ақкөңіл ағам құшақтап, құттықтады. Алматы қонақүйінің буфетіне барып жудық. ­Шынында, ағамен кездесу менің жолымды ашты.

***

Әуезовті алғаш көруім фантазияға бергісіз. Оқуға жаңа келген кезім. Драмтеатрда спектакль басталып кетіпті. Залға кірдім. Антракт болып, жарық жанды. Алдыңғы қатардан қасында нөкерлері бар Әуезов келе жатты. Менің қасымнан өте бергенде қалай ілескенімді білмеймін, есім ауып кете бергенмін ғой. Мен үшін бұл ұлы тарихи күн болды. Таңғалу адамды тез ержеткізеді. Қазіргі жастарда таңғалу сезімі дамымай қалған. Сосын да ғой адам танымайды.

***

 Бірде «Сіз Асанәлісіз бе?» деп сұраған жігітке: «Жоқ соның әкесімін ғой десем», «Ойпыр-ай, балаңыз сізден аумайды екен» дегені бар.

***

«Мардымды жауап алғыңыз келсе, мардымды сұрақ қойыңыз».

«Даярлықтағы сәтсіздік – сәтсіздікке деген дайындық».

23.11.19

Аудан орталығы Жымпитыға бардық. Қадырға ескерткіш тұрғызыпты. ­Халиолланы аспанға көтердік. «Қособа» деген жерде тұрады екен. «Төлегенді өлтіргенім рас, бірақ «Қособаны» көрмеген екенмін» деп жұртты біраз күлдіріп алдым.

***

Қазір орта таланттардың көбейген кезі.

 

10.03.20

Кино – ең алдымен өнер. Түсініңіздер. Киностудия біреу-ақ. Оған жоғары статус берілуі керек. Өткен тарихымызды жоққа шығарғысы келетіндер бар. Әуелі өз тіліңді, тарихыңды, мәдениетіңді, ұлттық өнеріңді сыйла. Мынау отырғандар өз тілін білмейді, тіпті өз тілдерінде сөйлегендерді мәдениетсіз дейтін көрінеді. Киноны коммерцияға айналдыру көргенсіздік, сауатсыздық. Келісіп тарайық.

Киностудиядағы министр қатысқан жиында осылай сөйлеуіме тура келді.

***

Кей күндерде өткенге, ойнаған кейіпкерлеріме анализ жасаймын.

***

Қаратаудай сабырлы,

Алатаудай қадірлі.

Теңселмейтін дауылға,

Бәйтеректей тамыры.

 

Бір дәуірдің аңызы,

Бірбеткейлік рәмізі.

Алты құрлық сыйлайтын,

Алты алаштың абызы.

 

Образ жасап не түрлі,

Мұзбалақтай жетілді.

Кино менен театр

Қос қанаты секілді.

 

83 жыл жасаған,

Асан-ата – Асағам!

Бағдат әпкем әлпештеп,

Бауыр бүтін, бас аман,

Кіші Асанның тойына,

Жеткізсе екен жасаған!

(Рүстем Қайыртай)

***

Ұлы актерлер: Қаллеки, Серағаң, Елағаң, Шәкендердің бір-бірін «құдайдай» құрметтеуі бізге үлгі еді. Қаллеки Әбікен Хасеновпен құрдас еді. Екеуінің қалжыңы жоғары дәрежедегі өнер туындысындай болатын.

***

Қартайған соң актер – мүсәпір. Сахнадан дер кезінде кеткен дұрыс. Әсіресе дарындыларды айтамын. Орта дарындылар күнкөрістің күнін кешіп, сүйретіліп жүре береді. Ол да аянышты. Жалпы адамның тағдыры – трагедия.

Кету деген аттан түсу, өнерден мүлдем қол үзу деген сөз емес. Өнерге қатысудың басқа да жолы, тәсілі көп. Бұл да таланттың ісі.

***

Коронавирус. Бұл бір ойламаған індет. Өмірдің философиясы: адамның пейілі тарылған, адамшылық азайып, кісәпірлік көбейген кез. Соған қарағанда пейіл тарылғандықтан келген індет болуы керек. Жалпы өмірде тепе-теңдік заңы бар ғой. Сол бұзылған, бұзғанбыз. Ел басқарушылардың кі­сәпірлігі шектен шығып кетті.

***

Қала әкімі «Елбасымен кездескеніңіз туралы жазыңыз, кітап шығарғалы жатырмыз» деді. Отказ бердім. Әрине, бұл әрекетімнің біраз жерге жететінін білемін.

***

Сәбит жақсы қартайып келеді. Менен «вискиің бар ма?» деп сұрайды. Жорта жоқ деймін. Сонда да ерінбей жұмысқа, кабинетіме алып келеді. Өзі аузына алмайды. Қалжыңымыз жарасқан. Қазір қалжыңды түсінетіндер де жоқ. Жастардың қалжыңы тіпті бөлек. Бұрынғылардың қалжыңы да ірі еді ғой.

***

Беркович Марк Искаковичтің Шәкен туралы естелік кітабын оқып, әрі көңілденіп, әрі жүрегіме ауыр жүк алдым.

***

 Р.Отарбаевтың әңгімелерін оқыдым. Қызығып, қуанып оқыдым. Әсіресе «Торша қыз бен тотықұс» қандай керемет! Ерте кеткені қандай өкінішті. Ешкімге ұқсамайтын өзгеше. Әсіресе мінезі, күркіреп жүретін. Көп жұрт білмей қалды-ау. Көңілім жабырқап, көзіме жас келді.

 

8.06.20

«Алматы» шипажайында демалыстамын. Олжас та жүр. Кішкене шау тартқан. Тарихқа кірген қайраткер ғой. Мұны да көреалмаушылар бар. Бағдат «сыбаға» деп, дастарқан жайды. Тәбеті жақсы. Әсіресе майлы тамаққа. Әйелі Рита: «Что ты много сала кушаешь» деп ескерту жасап отырады. Мен: «Сала шошқада, бұл құйрық» деймін. «Олжас, Асанәлі ұлылар, мен сол ұлыға таяумын» деп күлдірді Шөмішбай.

 

9.07.20

Ермегім кітап...

 

10.07.20

Түнімен дөңбекшідім. Елдің алдағы тағдырын ойлап мазам кетті. Қан қысымым көтерілді. Басым айналды. Еліміз қайта құл болмаса екен деген ой жанымды жегідей жеп барады. Таңғы бесте аласұрып ояндым. Бағдат атып тұрды. Шай алдырттым. Бағдаттың адамшылығы море. Как преденная собака.

***

«Лучшие мужчины – это женщины»

(Ев.Евтушенко)

 

17.06.20

Қырғыз досым Мұрат Әлиев қайтыс болғанын естідім. «Қазақфильмге» сіңір­ген еңбегі бар. Оператор. «Тұздыкөл жаға­сында» фильмін бірге түсірген еді. Рухы шат болсын!

***

«Өлімнің қасіретінен, өмірдің тауқы­метінен сақта»

***

Театрға көрермен кіргеннен театр бас­талады. «Театр киімілгіштен басталады» деген мәтел осыны ұқтырса керек.

 

6.08.20

Фархад деген режиссер жігіт келіп «сіздің күнделігіңіздің ізімен спектакль қойсам» деген ұсыныс айтты. Біраз әңгіме-дүкен құрдық. «Театр одного зрителя» деп жаңалық ашқысы келеді. Құптадым. Егер кілтін тапса тәуір дүние, жаңалық болатын түрі бар. Бірнеше рет фестивальдерден гран-при алған. Соның екі, үшеуін менің басқаруыммен алыпты.

***

Қасым-Жомарт Тоқаев телеарнадан екі сағат екі тілде Жолдау жолдады. Риза болдым. Жалпы таза адам болуы керек. Елге, ұлтқа адалдығын, шыншылдық жөнінде аса жоғары деңгейде әңгімеледі. Осы жағы маған ұнады. Шындыққа әбден шөлдеп қалғанбыз ғой.

 

5.09.20

Асхат Маемировтың баласы Абзал телефондап: «Димаш Құдайберген сізге сәлем беремін дейді» деген соң, үйге қайттық. Сағат 21.00-де келді. Сұңғақ бойлы, аққұба сұлу жігіт. Жақсы әңгімелестік. Үш сағаттай. Суретке түстік. Әкесінің әкесі менен кіші екен. Үлкен әкесінің қолында тәрбиеленген. Тәрбиелі, мәдениетті бала екені көрініп тұр.

***

Өнер төмендеп тұр. Бірсыдырғы күн­де­лікті өмір. Қаптаған мерейтой. Айтатын әңгімеміз той. Кино да сол төңіректе түсі­ріледі. Ойшыл емес, тойшыл боп барамыз.

 

16.10.20

ТЮЗ-да «Шағала» деген спектакльді көрдім. Елік деген жас режиссердің жұмысы аса жақсы.

 

17.10.20

Фархад деген жас режиссердің менің күнделігімді арқау еткен «Театр одного зрителя» деген спектакльдің премьерасына бардым. Бірінші көрермені өзім болдым. Өзіндік шешімі бар жақсы дүние. Кешкісін Фархад телефондап: «Көрермен жақсы қабылдады, кейбіреуі жылауға дейін барды» деді.

***

Парламент сайлауы. Менен сұхбат алды. «Барлық партияда менің көрер­менім бар. Бөліп-жармаймын. Мен халық артисімін. Сондықтан халық жағын­дағы партияға дауыс беремін» дедім. Бұл айтқанымды телевизордан бермей қырқып тастапты. Әділетсіздік бастан асады.

***

Қазақшадан жұрдай ұрпақ өсіп келе жатыр.

***

Сахнадан, экраннан шындық алыстап барады. Бәрі күнделікті өмірдің елесі ғана. Өмірден өнер жасау дегенді ұқпаймыз.

***

Өнерге бар ар-иманымен берілген адамдардың отбасында кемшілік көп болатынына көзім жетіп жүр. Өкінішті-ақ.

***

Армансыз адам болмайды ғой, армандап ойнай алмаған кейіпкерлерім бар. Сол арманның өзі біраз нәрсені бағалап, бағалауыма жол ашты.

 

7.11.21

Роза Бағланованың қайтқан күні. Розаның шын аты Үкілімай екен. Бағлан деген әкесінің інісі асырап алған. Роза ақылды, өжет адам болған. Қасында 24 жыл болған Қуаныш деген азамат: «Мен Розаның моральдық тұрғыдан таза болғанына разымын. Ол кейбіреулер ойлағандай емес, тәртіпті, ойындағысын бүкпей айтып салатын».

Әкімдерге көңілі толмағанда: «Сен бүгін барсың, ертең жоқсың» дейтін. Сон­дай шешен, патриот, пайымы зор жан еді деді. «Биыл Роза Бағланованың 100 жыл­дығы» деді Тоқаев. Мұндай ел үшін ерен еңбек еткен, табиғат тудыра салған дарынға қандай құрмет көрсетсе де жарасады.

***

Нүкетай, Торғынмен отырғанда қанат­танып, талантым ашылады.

***

Шыңғыс – «Құдайдың шыбығы» деген сөз.

***

Адамгершілік азайған, пейіл тарылған, жүйке жұқарған, әркім өз басын күйттеп кеткен мезгіл, мән-мағынасы аздау өмір өтіп жатыр.

***

Тілді шұбарлау күшейді. Қазақша сөй­леуге ұялатындар, шала қазақтар көбейді. Келешек солардың қолына көше ме деп қорқамын.

***

«Адам күмәндана білуімен – Адам» (А.Сүлейменов).

***

Олжас баяғыдай емес, жуасып қалған. Жуасытты ғой.

***

Намыс жоқ жерде ар-ұят, адамгершілік те төмендей береді.

 

12.ХІ.21

Қарағанды. Жүрсіннің 70 жылдығы. Ақындар айтысы. Жүрсінді мақтағанда Абайдан асырды. Қазақ осы ғой. Жүрсіннің өзі «Абай қайда, артта қалды» деп күлді.

Құдай сүйіп жаратқан осы адамды,

Өрлеумен, өрге ұмтылып келе жатыр,

Місе тұтпай есік пен босағаны,

Өнердің мәрмәр тасын қашағаны.

Өмірдің өз бейнесін жасағаны.

Жағасы жығылмай-ақ келе жатыр

Тас атса да біреулер тасадағы

Өзегінен тепкенмен өмір талай,

Өмірден өнерімен өш алады.

Маңқиып маңғаз қалпы келе жатыр

Жоқ болғандай көңілде еш алаңы

Халықтың тілегі қабыл болса,

Жамбылдың да жасынан асады әлі,

Жасай бер жампоз досым Асанәлі.

Жүрсін Ерман

***

7 томдығымды қарап шығып, өзіме-өзім көп жаңалық аштым. «Үлкен еңбек екен» деп түйдім. Бәрі шындық. Сонысымен ерекше. Шекспирден артықшылығым сол (әзіл).

***

«Бақпен асқан патшадан, мимен асқан қара артық».

***

«Дүниеде жалғыз қалған адам – өлгені».

***

 Герои, героиня жоқ...

***

Сахна нағыз актерді тазартады.

***

Шын актерлік мектеп бізде болған, қазір кемшін соғып тұр. Англия, Франция, Италия мектептері шындыққа жақындайды. Орыстар мықты, әрине. Ал АҚШ-та бұл мектеп жоқтың қасы. Шварценегр, Жан Клод Ван-Дам – спортшылар, актрисалары – сұлулар, модельерлер.

***

Гәп менің тойымда емес, қартайдым деп қайғырмаймын. Елдің сүреңсіз жағдайы жаныма батады. Ел аяғына тұрып кетсе үлкен табыс сол ғой.

1067 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы