• Мәдениет
  • 26 Мамыр, 2022

ШЕРТЕРДЕН ШЫҚҚАН САРЫН

Алматыдағы П.И.Чайковский атындағы ­музыка колледжінің Е.Серкебаев атындағы үлкен концерт залында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының бітіруші түлегі, республикалық және халықаралық конкурстардың лауреаты, шертер аспабының маманы Рания Айдынқызы «Мәдениет және Өнер» қызметкерлері күніне орай, өзінің «Шертерден шыққан сарын» атты жеке концертін берді. 

Кешті басынан аяғына дейін сүйемелдеген Н.Тілендиев атындағы фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрі, дирижерлік пультте ҚР еңбек сіңірген артисі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Құрметті профессоры Ж.Бегендіков. Кештің өтуіне Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының доценті, Зәмзәгүл Ізмұратова ұйытқы болды.

Шертер аспабы қазақ халқының көне аспаптарының бірі, тұрпаты домбыраға, кейде қобызға да келеді. Бет қақпағы көне теріден салынған, сондықтан дыбыс бояуы жұмсақ, майда, қоңыр. Дыбысы жазылуынан бір октава төмен естіледі. Шертер аспабының игерілуіне, ғылыми айналысқа енгізіліп, өнер сахнасында орындаушылар қолынан көрінуіне еңбек сіңірген өнертанушы, ғалым Болат Сарыбаев. Бұл аспап Н.Тілендиев атындағы фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінде өткен ғасырдың сексенінші жылдарынан бастап орын алды. Оны айтып отырған себебіміз Рания осы оркестрдің артисі, шертер тобының концертмейстері.

Әрине, кешегі шертермен бүгінгі шертердің айырма­шылығы жер мен көктей. Аспап жылдан-жылға шебер­лердің ізденісінің арқасында және музыканттардың орын­даушылық шеберліктері артқан сайын аспаптың түрі өзгеріске ұшырап, бүгінгі күнге жетіле түсіп отыр. Оның айғағы бүгінгі Ранияның концертінен бағасын беруге ­болады деп ойлаймыз. Қазақтың музыкалық мәдениетіндегі күйіміздің орны бір бөлек. Осы дәстүрден аттамай Рания концерттің шымылдығын халық күйі «Ой толғау», Қабікейдің күйі «Желдірмеден» бастады. Ары қарай оркестрдің сүйемелдеуімен Қ.Ахмедияровтың «Жібек Жетісу» күйі,  Ермұрат Үсеновтің «Майраның әні» шығармасымен жалғастырды.

Концерттің көркін Рания С.Рахманинов, И.Тамарин, А.Цыганков, Н.Паганини сынды орыс және шетел компози­тор­ларының виртуозды күрделі шығармаларымен келтірді. Домбыра прима тобының концертмейстері, республикалық және халықаралық конкурстардың лауреаты Әбілхайырхан Бейсеков Кубаның халық әуені «Голубка» шығармасын көрерменге тарту етті. Рания мен Әбілхайырхан домбыра прима мен шертер аспабында Румын әуені «Светлячки» шығармасын орындады.

Осы кеште Ә.Бейсеков дирижерлік  тізгінді қолына алды. М.де Фальяның «Испан биін», А.Цыганковтың «Очи черные», «Интродукция и Чардаш» шығармаларына дирижерлік етті.

Әл-Фарабидің «Әрекет болмаса дыбыс та болмайды, ал дыбыс болмаса, музыка да туындамайды» деген қағидасына сүйенсек, музыкалық аспаптардың басы бірігіп (оркестр), іс-қимыл әрекеттерінің қосылуы арқылы жасалған шығарма­шы­лық жұмысты инструментовка (аспаптандыру) ғылымы дейміз. Оркестрмен шығарма ойнамас бұрын алдымен сол шығарманы оркестр құрамымен байланыс­тырып аспаптандыру (инструментовкалау) керек. Оны айтып отырғаным, концертте орындалған шығармалардың барлығын оркестрге лайықтап түсірген Н.Г.Жиганов атындағы Қазан мемлекеттік консерваториясының түлегі, Н.Тілендиев атындағы фоль­клорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің артисі, домбыра прима аспабының маманы Алмас Нартаевтың еңбегі ерекше. Мұның өзі оркестрге келген жас маманның ізденісі, ұлттық өнерге деген жанашырлық.

Өнер деп аталатын шетсіз де шексіз сарын, орындаушылар мен көрерменнің арасын тағы бір мәрте жақындатты. Кеш соңында Рания Айдынқызына алдыңғы аға буын композиторлар, оркестр ардагерлері, ҚР еңбек сіңірген артисі А.Нұрпеисов, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Е.Үсенов, ҚР еңбек сіңірген артисі Ж.Бегендіков, ҚР Мәдениет саласының үздіктері Б.Әділбеков, Қ.Айдарқұлов, С.Қашағанов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Е.Басықара және Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының домбыра кафедрасының меңгерушісі, профессор ҚР Мәдениет қайраткері Т.Тоқжанов жылы лебізін білдірді.

Ә.ЖҰМАБАЕВ,

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық

консерваториясының оқытушысы

923 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы