• Руханият
  • 26 Мамыр, 2022

«АЛАШ» ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ САНА-СЕЗІМ

ХХ ғасырдың басында халықтың озық  ­интеллигенциясы өкілдерінің бастамасымен Қазақстан аумағында тұратын барлық этностарды  біріктіру және мемлекетті одан әрі дамытудың саяси платформасын  қалыптастыру  мақсатында Алаш  автономиясы құрылды. Бұл  қозғалыстың  көшбасшылары  Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып  Дулатов болды. 

Бүгінгі таңда әліпби мен оқулықсыз, «Қырық ой», «Маса» және «Қазақ» газеттерінсіз Ахмет Байтұрсынұлын елестету мүмкін емес. Ахаң осы тарихи кезеңде қазақ даласы үшін үлкен мектеп, қазақ мемлекетін қайта құру үшін күрескен «Алаш» партиясының белсенді мүшесі болды. 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін өзінің жолдастарымен бірге қазақ халқының ұлттық мүдделерін қорғау мақсатын ғана көздеді. Патша режимі оны туған жерінде өмір сүру және жұмыс істеу құқығынан ­айырды, 1910 жылы Байтұрсынұлы Орынборға жер аударылды. Байтұрсынұлы большевиктермен мүдделес болмады. 1919 жылы ғылыми интеллигенция өкілдерінің үлкен тобымен бірге Кеңес өкіметінің жағына өтуге мәжбүр болды. Сол жылдың маусым айында А.Байтұрсынұлы қазақ өлкесінің ҚРК мүшесі болып сайланады. Байтұрсынұлы 1922–1925 жылдары Қазақстан Халық ағарту комиссариаты жанындағы ғылыми-әдеби комиссияның төрағасы, Халық ағарту комиссары, БОАК, Қаз ОСК мүшесі болып сайланды. Түркістан Компартиясы ОК ­баспа органында, «Ақжол» газетінде жұмыс істеді. Байтұрсынұлы 1925–1929 жылдары Қазақ халық ағарту институтында, Қазақ педагогикалық университетінде сабақ берді. Ол 1929 жылы саясаттан гөрі, ғылыми жұмыспен айналысуды жөн көретінін жазды. Бірақ тағдырдың қалауымен өмірінің соңына дейін ол саяси қызметпен айналысуға мәжбүр болды. Басқаша болуы мүмкін емес еді. Ұлттың өзін-өзі тану дәуірінің зиялылары саясаттан тыс бола алмайды.

Ахмет Байтұрсынұлы Алаш партиясының мүшесі бола отырып, Алаш орда үкіметінің құрамына кірді. Ол тәуелсіз демократиялық мемлекеттің жақтаушысы болды.

Міржақып Дулатов – ақын, публицист, аудармашы, қоғам қайраткері, педагог. Алаш орда үкіметінің мүшесі. Дулатовтың «Оян, қазақ» атты алғашқы жинағы 1909 жылы жарық көрді. Бұл демократиялық көзқарастағы адамның, ағартушының халыққа жасаған алғашқы батыл үндеуі болды. «Оян қазақ!» деген сөздер халықты іс-әрекетке шақырды. М.Дулатов өзінен кейін бай мұра қалдырып, қиын шығармашылық және өмірлік жолдан өтті. Ол әдеби тілдің тамаша білгірі болды, қазақ журналистикасы кадрларының қалыптасуына ықпал етті. Ол халықтың бостандығы мен тәуелсіздігі үшін үнемі күресте жүріп өмірден өтті.

Әлихан Бөкейханов – көрнекті қоғамдық-саяси қайраткер, экономист-ғалым, публицист. Тұңғыш Алаш саяси партиясының ұйымдастырушысы және Алаш орда үкіметінің төрағасы, ұлт-азаттық қозғалыстың көшбасшысы. Оның күрескерлігі ең алдымен, оның ұлт-азаттық қозғалыс идеологиясын, жер мәселесіндегі күрес стратегиясын дамытуымен байланысты болды.

1913 жылдың көктемінен бастап Әлихан Бөкейханов, ­Ахмет Байтұрсынұлы және Міржақып Дулатов «Қазақ» газетін шығаруға кірісті, газет бетінде халықты ағарту, оның ұлттық сана-сезімін ояту туралы мақалалар жиі жарияланды.

Осы үш көрнекті тұлғаның қазақ ұлтының сана-сезімінің қалыптасуы мен дамуындағы рөлі үлкен. Олардың ағартушылық күрескерлігінің арқасында халқымыз жиырмасыншы ғасырдың басында жалпыұлттық жоғары деңгейге көтерілді. Қазақ ­зиялылары белсенді түрде таратқан идеялар қазақ қоғамының оянуына ықпал етті, қазақ халқының құқықтық санасының дамуына әсер етті.

      Шолпан  АХМЕТОВА,   

«№90 гимназия» КММ-нің

бастауыш сынып мұғалімі

НҰР-СҰЛТАН

1089 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы