• Руханият
  • 26 Мамыр, 2022

ҚАНАТТАСТАР

АЯҚТАЛМАҒАН СҰХБАТ

 

Алланың бұйрығы оң болса, алты құрлықты әбігерге салып, адам­затты тәубасына келтірген пандемияның да көкжиегі көрініп келеді...

 Бетпердеміз толық ашылмағанымен, жанпердеміз ашылып, ой-санамыздың айдыны кеңейіп, адамтану мен замантануымыз дамудың жаңа сатысына өтті... «Жүректің көзі ашылса, Хақтықтың түсер сәулесі...» деп ұлы Абай айтпақшы, індет алқымнан алған екі жыл төрт ай ішінде жұмырбас пенде Жаратушы дейтін Ұлы Күштің-Құдыреттің барын жан-жүрегімен сезінді. Алланың шеберлігі мен кеңдігін, Адам баласының әл­сіз­дігі мен теңдігін, Ібілістің зымияндығы мен кемдігін қайыра таразыға салды, өткеніне оралып, бүгінін талқылады, болашағын електеді.

 Жер үсті коронавирустың үрейінен бейқамдау, арқасы кең күндердің бірінде  – 2019 жылдың қоңыр күзінде маған дәм-тұзымыз жарасып, өмірде де, сөз дейтін киелі өнерде де қатар жүрген, студенттік күндердің көзіндей болған бозбала күнгі досым – марқұм Ырым Кененбай келді.Еркелігі мен серкелігі бойына жарасқан, ақ көңіл, адал дос әңгімесінің көбін өмірден озған қатар құрбы-құрдастарға бұрып, солар туралы айтты. «Нұреке, бұйырса, араға үш жыл салып, сен де, мен де жетпіс беске келеміз... Ақсақалдықтың жасы... Жетсек...

Осы жасқа жетпей қалған достар мен аман жеткен ­достар туралы бір жақсы кітап шығарайықшы...». Елу жылда – ел жаңа...» демекші, екеуміз танысып, табысқалы да табаны күректей елу төрт жыл өтіпті. Құдайға шүкір! Алматы дейтін ұлы қалаға айтар алғысымыз шексіз! Қолға қалам ұстатты! Елге танылдық!.. Ақын болдың! Одақ тізгінін ұстадың! Журналист болдым! Баспагер болдым! Ең бастысы, ата болдық!.. Екеуміз көргеннің көбін Сағат, Жарасқан, Әділбектер көре алмай, ерте кетті...Тым құрыса, мына жаңа заманның тізгін-шылбырын ұстаған ұрпақ білсін ...Біз кім болдық? Кімдермен бірге оқып, кімдермен, қалай жетілдік? Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Алматыға бозбала ­болып келіп, енді, міне, сол ұлы қаланың төрінде шашын бозқырау басқан ақсақал болып отырмыз. Достар туралы, өзіміз туралы бір үлкен кітап шығарайық, аға» деді.

(Марқұм Ырым менен алты күндік кішілігін алдыға салып, анда-санда «аға» деп осылай әзілдеуші еді.)...

 Ырым сол жолы кітаптың үлгісін де өзі айтып еді...». Сұхбат түрінде өрнектейікші» деп... 2019 жылдың қазан-қараша айларында Ырымның табандатуымен сұхбаттың біразы жазылды. Сұрақ, жауап, пікір бөлісу үлгісінде өрілген болашақ кітап өмірімізге айтпай келген «Ковид-19»-дың тұсында тоқтап қалды. Шектеу басталды.Өлім-жітім, қайғы-қасірет көбейді. Сондай күндердің бірінде Ырым маған телефон соғып: «Сұхбатымыз үзіліп қалды-ау...» деп еді қиналып.

 Иә...

 Жұмырбас пенденің қай мақсаты, қашан толық жүзеге асып еді. Ол сұрақ қоюшы, мен ой бөлісуші ретінде қағазға түскен жазбаның басты мақсаты – әдебиет, көркемдік әлем, журналистика дейтін ұлан-ғайыр кеңістікке өткен ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдары келіп қосылған арқалы буынның жаратылысы жайлы сыр толғауы еді. Өкінішке қарай, ол ой жүзеге аспай қалды. Ырымның жобалаған көп құрдастары мен сырластары туралы ой-толғамдары сұхбатта қамтылмай қалды.

 Өйткені тізгінсіз тажал арамыздан айналасына шуағы мен нұрын шашып жүретін Ырымның өзін де ойда-жоқта

алып кетті...

 Сұхбат аяқталмай қалды...

 «Аманаттың жүгі – ауыр»...

 75 дейтін алқалы жасқа өзі келмесе де өзегін өртеп Сөзі жеткендер мен Ой мен Сөздің отына оранып жүрген қатарларымды құттықтағым келеді.

 Құрметпен,

 Нұрлан ОРАЗАЛИН

 

Студенттік достар – ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын-драматург 
Нұрлан Оразалин мен қаламгер, баспагер Ырым Кененбайдың сыр-сұхбаты

ЫРЫМ: Бір жылдың төлі болсақ та алты күн үлкендігің бар! Ендеше, Нұраға, аға дейтін жөнім бар, қатарымызда әрі еліміздің тұлғалы, ал зиялы қауымның ортасында көп адамға аға болып жүрген азаматсың! Маған арнаған ­мынандай өлеңің де бар. Осы жыр-шумақтарымен сыр-сұхбатымызды өрбітелік.

 

КҮЗ. МҰҚЫРЫНЫҢ АСУЫ

 

Тұтасып көк, тұман басты қыратты,

Жетісудың аспанымен жыр ақты.

Қарашаның қанатында – қара күз,

жылқыларын қайырып жүр бір атты.

Күзгі бөктер сәл мұңайып тұлымсыз,

көңіл төрін езетіндей құлын-сыз.

Қара суық қаусырап тұр Жоңғарды,

тас жол бойы – қалың көлік, тынымсыз.

Кескін кетіп кәрі терек, жас талдан,

күз жаңғырып, құлайтындай асқардан,

жылайтындай Мұқырының тепсеңі,

қарашада – басқа тірлік, басқа арман.

Жүрегімді сезім қарып, от қарып,

бұлт ішінен жаңғырды кеп көк талып.

Шажа тауы шақыратын сияқты,

қарашы құс барады ұзап топталып…

 Ізіменен бағыт түзеп жылдағы,

қалың тырна үнсіз қанат бұлғады;

Ілиястың Жетісуы жаңғырып,

тербетілді Жыр-Жұматай құндағы.

27 қазан, 2011 жыл.

 

Осы өлеңдегі күз суреті бала кезден бірге өсіп келе жатқан біздің күзімізді меңзей ме?!. Шынымен, қарттықты мойындай бастағаның ба, досым?!.

Тағы бір сұрағым, ғасырлап келе жатқан Талдықорғанға апаратын күре тас жол қазір Мұқыры асуын айналып өтеді. Биік-биік белдері, сан бұрылыс, қалтарыстары бар Мұқыры асуы сыртта қалды. Қазір тақтайдай тегіс автобан Лабасының етегімен Талдықорғанға шаршатпай апарады. Сонда деймін-ау, ғасырлар бойы сапарлап жатқан миллиондаған жандарға бағыт-бағдар болған күре жолдар да кей тұстарда өз бағытын өзгертеді екен-ау...

НҰРЛАН: Қызық сұрақ. Философиялық астары бар ой айтып отырсың... Шынында да, біз – өтпелі кезеңде өмір сүріп, ана дәуір мен мына дәуірдің қиындығы мен қызығын қатар көрген, көріп келе жатқан ұрпақпыз. Ана дәуірде балалықтың балдай тәтті күндері, бозбала шақтың думан мен шаттыққа толы түндері қалып барады. «Қызыққа тоймайтын жастық шақ, жалыны мол мас құшақ» деп менің қаламдастарым жырға қосқан жиырмасыншы ғасыр – алтын бесігіміз емес пе?! Сол алтын ғасыр әдебиетін жаратқан алтын ғасыр да тарихтың еншісіне айналғалы, міне, он сегіз жыл болды.

Иә...

Басынан уақыт бағы көшпейтіндей болып көрінген Кеңестер Одағы тарих аренасынан кетті. «Жиырмасыншы» дейтін ұлы дәуірдің қуанышы мен қайғысы да, махаббаты мен қасіреті де сарғайған парақ пен ескі киноленталарда қалып барады. Дәуірлер, заманалар бойы Батыс пен Шығыстың, Арқа мен Алатаудың арасын жалғап, халыққа байланыс қызметін атқарып келген Мұқырының ұлы асуы да сол жаңа дәуірге ығысып орын берген жиырмасыншы ғасыр тәрізді. Алматы мен Талдықорған арасын жалғаған тақтайдай көсілген автобанға өз міндетін жүктеп, үнсіз тынып, тау басында қалып барады. Бірте-бірте бір дәуірдің екінші дәуірге орын беруі заңды. Адамзат баласы да солай... Жасару... Жаңғыру... Жалғасу дейтін құдыретті құбылысқа мойынсұнуы тиіс. Бұл қартаюдың нышаны емес, бұл ой мен сананың есеюінің, жастың ұлғаюының сипаты. Ертеректе жазылған бір өлеңім осы ойымды нақтылай түсер деп ойлаймын.

«Ойы неде? Ғаламның көзі неде?..

(Бала әкеден бекер, бос безіне ме?)

Шырылдайды жүректе бір болашақ...

Соны...

Соны... Адамдар сезіне ме?!» – деген едім.

Ең дұрысы, өткенді өксітпей, болашақты шырылдатпай, тарих доңғалағын сүріндірмей, бағыт-бағдарды дұрыс ұстау! Ақыл, парасат, сабыр, ұстамдылық дейтін ұлы ұстанымдардың барын ешқашан естен шығаруға болмайды. Ұрпақ тәрбиесі мен ұлт тәрбиесі дейтін тұста «күре жол», «күретамыр» дейтін киелі ұғымдарға аса сақ қарауға тиіспіз.

ЫРЫМ: Алғашқы оқуға түскен жылы жатақханада бірге жаттық. «Виноградова 88, 40 бөлме». Бүгінге дейін сол мекенжай менің жаныма ерекше ыстық. Үлкен қалаға жаңа келген кезіміз. Сарыауыз балапандай бір-бірімізге ұйысып бауыр басқан жандар едік. Өмірге, білімге, әдебиетке деген алғашқы қадамдарымызды ақылдасып, сырласып бірге бастадық. Сағат – бір бұрышта, сен бір бұрышта жататынсың. Алғашқы өлеңдерің де әлі есімде. Алайда мен жатақханада ұзақ тұрмадым. Бірінші курс бітер-бітпестен Сейт­қазының ұсынысымен жеке пәтерге шығып кеттім. Ондағы ойымыз: «Жатақханада шығармашылықпен айналысу қиын. Жеке пәтерде жарысып жазатын боламыз» деген мақсат еді.

Сейтқазы, сонау 1972 жылы «Жазушы» бас­пасынан шыққан «Жаңғырық» атты алғашқы повестер жинағына маған арнап мынадай қолтаңба жазыпты: «Ырым! Көптің ішінен көзге бірден ілігетін жақсы досқа сырлас, сыйлас көңілден. Автор. 2/02/1972» .

Мұнысы енді рас. Сонау 1965 жылдан, алғашқы курстан бастап қалам ұстаған жігіттердің арасынан екеуміз бір-бірімізге ерекше жақын болып, достасып кеткен едік. Бірге жүріп, бірге тұрып шығармашылықтың алғашқы баспалдақтарын бірге аттадық. Жазғандарымызды бір-бірімізге көрсетіп, талдап, таласып, жарияланып жатса бірге қуанатынбыз. Университет қабырғасында оқи жүріп, тіпті екеуміз (1968 жылдың 4 ­наурыз күні) «Лениншіл жас» газетіне бір ­мезетте, бір бұйрықпен қызметке тұрғанымыз есімде. Содан университетте бірге оқып, газетте бірге қызмет істеп, отбасын құрып, барлық қуаныштарымызды бірге бөлісіп өстік, есейдік, қалыптастық.

Сейтқазы өзінің 1975 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан екінші «Директорлар» атты кітабына мынадай қолтаңба жазыпты: «Ыреке! Достықта жоқ шекара, бөлінбесін екі ара! Досың Досымов. 12/11/1975 жыл» .

Бұл кез Сейтқазының нағыз қаламы ұшталып, шығармашылық шабытына келген шағы. Осы «Директорлар» повесі «Жалынның» жабық бәйгесінде жүлде алып, біздің қатарымыздың бір дүрілдеп, дүркіреп тұрған тұсы. Сейтқазы қашан да өз тақырыбын тауып жазатын. Оған сол кездің өзінде басы газет беттерінде жарияланып, кейіннен үлкен-үлкен сүбелі дүниелерге айналған «Ащы мен тәтті», «Ауыр мен жеңіл» хикаялары куә. Бәрінен де оның «Ойымызда түк жоқ» деген мақаласы есімде, осы шағын мақалада ол тың тақырыпты қозғап еді. Ауылдан Алматыға оқу іздеп келіп, ата-анасының ай сайын жіберіп тұратын қаражатына шалқып күн кешіп, күні ертең оқу бітіргелі отырса да келешегін ойлағысы келмейтін жастарға ой тастаған болатын. «Мақалаң ғажап! Керемет дүниені көтеріп отырсың!» деп шын жүректен оның журналистік қарымына қатты разы болып, қуаныштан жарыла құттықтағаным бар.

Есіл досым өмірінің соңғы күні де маған келіп, ақтарыла сыр шертіп еді. «Ырым, білесің бе, менің әлі жазғанымнан жазбағаным көп. Көп тақырып мазалайды, көп ой ойға келеді, бәрін де жатып алып жазғым келеді. Ал оны кей ағаларым түсіне бермейді. «Мына бос жүрісің не? Қызметке тұрмайсың ба?» – деп жазғырады. Баланың қызметі жақсы, әйелдің жұмысы дүрілдеп тұр. «Орталарында мен шалқып жүрсем, жазар дүниемді жазып тастасам» , – деп мен жүрмін. Қызметке жабысқан сен не бітіріп жүрсің?! Мықты журналист едің, жап-жақсы жазушы боп келе жатыр едің, енді міне, Жазушылар одағының санында барсың да, сапада жоқсың. Қалам ұстамағаныңа қанша жыл боп кетті, ұят қой!». Жан досымның өзіне тән шиқылдап күлетін күлкісімен, ал кеп күлмесі бар ма?! «Қой, бәрін таста, кеттік, шалқып бір сырласайықшы», – деді одан соң. «Қалай шығам? Телефон күзетіп отырғаным мынау, жоғарыдан біреу іздеп қалса...», – деп міңгірледім мен. «Жарайды онда, мен кеттім! Кешке сені саяжайда күтемін...».

Шынында да, сол күні ол мені күтіпті. Ал оның маған соңғы рет арнайы келгенін, сол күні кешке сырлас, сыйлас жан досымнан ­айырылып қалатынымды қайдан білейін?..

НҰРЛАН: Иә, бәрімізге Сейтқазының қазасы ауыр тиді. Жазушылар одағынан шығарып салдық. Жалпы мен үшін бірге оқыған достардың қазасы жаныма қатты ­бататын. Небір талантты боздақтар ерте кетті ғой. Есіңде ме, Сағатпен қоштасқандағы Жарасқанның бәрімізді жылатқан жыры...

ЫРЫМ: Иә, Сағаттан ерте айырылдық. «Қайран Сағат! Сен туралы мақтау айтам деп жүргенде, жоқтау айтам деп пе едім» деп Жарасқан айтқандай, бәріміздің қабырғамызды қайыстырып кетті. Бір таңғалатыным, Сағат менің санамда жатақханадағы балауса албырт бейнесімен ғана қалып қойыпты. Бүгінде бүкіл ел ­болып, ара-дүркін арысын еске алып жатқанда менің көз алдыма сол бейнесі қайта-қайта келе береді. Ол жайында кезінде «Қазақ әдебиеті» газетінде «Сурет сыры» айдары бойынша «Он сегіз жаста едік...» деген шағын мақала да ­жазыппын: «Республиканың түкпір-түкпірінен мектепті жаңа бітіріп, қабылдау емтиханынан сүрінбей өтіп, ҚазГУ-дің студенті атанған кезіміз. Біразымызға жатақханадан орын тиді. Виноградов көшесінде орналасқан 88-үйдің №40-бөлмесіне 6 жігіт орналастық. Ол кезде журналистика бөлімі филология факультетіне қарайтын. Филолог, журналист болып бөлінбей, араласып-құраласып бірге тұрдық. Дегенмен біздің, журналистика бөліміне түскендердің, ол кездегі қабылдау тәртібі бойынша жазуға қабілеті бар, мақала, өлең, әңгімелері баспасөзде жарияланып үлгерген, газет-журнал қиындыларынан түптелген бір-бір альбомды қолтығымызға қысқан «артықшылығымыз» болды.

Біз жазғандарымызды бір-бірімізге көрсетіп, мақтан етіп, оқып беретінбіз. Сондай таныстықтың алғашқы күні филология бөліміне түскен Сағат Әшімбаев қасыма келіп: – Мен де жазамын! – деді жүзіме тіке қарап. Ұмытпасам, аудандық «Советтік шекара» газеті ғой деймін, сонда жарияланған бір материалын көрсетіп: – Жазған әңгімем де бар, қаласаң, оқып берейін, – деді. Мен ықылас білдірдім. Ол дереу чемоданынан оқушы дәптеріне жазылған бес-алты беттік «Белдік» әңгімесін алып, оқып берді. Иә, иә, әңгіменің тақырыбы тура солай аталатын. Тіпті нағашысы сыйлаған белдік жайлы оқиғасы да жадымда қалыпты. Дегенмен сол әңгімені Сағаттың кейінгі шыққан талай жинақтарынан кездестіре алмадым. Сағатпен осылайша екеуміз алғашқы күннен достасып кеттік.

Бірде мен оған бізден бір курс жоғары оқитын жерлесім Жапар Біләловтың әр апта сайын Мұхтар Әуезовтің музей-үйінде өтетін кездесу кештеріне барып жүретінін айттым. Сол-ақ екен, Сағаттың екі көзі жайнап, жақсы нәрсені дереу көріп-білуге құмар тұратын мінезі қоярда-қоймай, Жапармен таныстыруымды өтінді. Артынша, онда небір үлкен ғалымдардың, ақын-жазушылардың дәріс беретінін, өлең-жырлары оқылып, естелік айтылатынын естіп, келесі кештің болатынын тағатсыздана күтті. Содан бүкіл күз бойы ол кештерге жұбымыз жазылмай бірге барып жүрдік. Сол кештерден қайтқандағы әсершіл Сағаттың ұзақ әңгімелері әлі есімде...

Сағаттың мына суреті сондағы достығы­мыздың бір белгісі еді. Сурет сыртындағы «Құрметті Ырымға Сағаттан ескерткіш. 20.Х. 65.» – деген сөздерге қараймын да, небәрі 18 жастағы өмірімізді, әдебиетке деген балауса сезімдерді сағынышпен еске аламын. Кейіннен Сағат екеуміз «Лениншіл жас» газетінде біраз жыл бірге қызмет атқардық. Ол жылдар туралы айтар әңгіме тіптен көп...».

Дегенмен Сағат туралы тереңнен толғап, шынайы сезіммен алқалы жиындарда сөз сөйлеп, сараптап сыр тартып жүрген жандардың бірі өзіңсің... Тіпті кейінгі еске алу, мерейтойларды айтпаған күннің өзінде, 50 жылдығының тұсында жан досыңның адами кескін-келбетін алғаш сомдаған да өзің. Сол сөздерді жаңғыртып қайта еске түсірсек. Сол жазған дүниеңде төмендегіше сыр тартып едің.

НҰРЛАН: Биыл тәңірі нұры мен табиғат жарықтықтың ылғалына армансыз малынған мамыр айынан бері қалам ұстап, ой бесігін тербеткен қалың қауым, зиялы жұртшылық, қала берді күллі қазақ халқы өзінің тағы бір алғыр ойлы, от жүректі азаматын, аяулы перзентін жиі-жиі еске алу үстінде...

Газет-журнал мен радио, телехабарлардың қай-қайсысы да соңғы ширек ғасырдан астам уақыт ішінде егемендік, елдік рухын арқау етер ой-өрнегінің қалыптасуындағы оң белгілер мен қазақтың көркем сыни-пікіріндегі оң өзгерістердің біразын тікелей Сағат Әшімбаев есімімен байланыстыра айтуда.

Барлығы да адалынан толғап, ағынан ­жарылып айтуда.

Сыншы Сағат пен ойшыл Сағаттың, қайраткер Сағат пен суреткер Сағаттың ­бозарып туған Айдай анық болмысы, сындарлы келбеті «елім, жерім» деп өртеніп өткен өршіл мінезі жүздеген, мыңдаған жүректерде қайта түлеп, жаңғырып, жарқырай түсуде.

Кіндік қаны әлемдегі ең ұлы таудың бірі Хантәңірінің баурайына тамған, соғыстан соң «арқа еті – арша, борбай еті – борша болып», аш-жалаңаш халде етегін жауып, ел есін енді-енді жинай бастаған тұста шыр етіп дүниеге келген қара баланың келе-келе қара қазақтың қамын жеп, сөзін айтар сындарлы сыншы, қағілез қайраткер, қоғамдық ой-пікірдің қайталанбас қамшыгері, батыс пен шығысты тел емген мол білім мен парасаттың иесі болу тағдыры жазылғанын ол кезде кім біле қойды дейсіз?

Әкеден ерте айырылған жетімдік, ана жанарынан әр кез аңғарылар жесірлік зардабы перзент санасына намыс пен қайсарлық сезімін қалай ексе, ақ кимешегі мен қарқарадай ақ күндігі басынан түспейтін аяулы әже бойындағы күнгейі мен шуағы мол мейірім адалдықтың, адамгершіліктің рухын еккендей еді. Әке орнына әке болған нағашы ағасының бойынан ол әр кез төзімділіктің, шыдамдылықтың, еңбекқорлықтың нышандарын аңғарып өскен еді... Көнекөз қарттардың әңгімесін құлағының құрышы қана тыңдау жас Сағатқа ерте есеюді сыйласа, кітапқа деген құштарлық, білімге деген ынтызарлық оны Алматыға алып келіп, Қазақтың Ұлттық университетінің табалдырығынан бір-ақ аттатыпты...

Әдебиетіміз бен өнерімізге сөз бен саздың, ой мен парасаттың, живопись пен киноның талай-талай дүлдүл үлгілерін берген атақты алпысыншы жылғылардың алып көшіне өзінің қатар құрбыларының алды болып ілігу бақыты – ширек ғасыр бойы көркемдік әлеміміздің бар-жоғын түгендей отырып, осы кезеңдегі әдеби процесті тану, талдау, баға беру, ертеңді меңзеу, болашақты бағдарлау міндеті иығына түскен шоғырдай ғана сыншылар тобының санатына кірудің «азапты» мәртебесі Сағат есімін Сәбеңдері, Ғабеңдері, Ғабекеңдері әлі тірі, ат үстінде жүрген әйгілі әдебиетіміздің абыройлы төріне де, айбынды өріне де ерте танытқан болатын...

Танытқан, біріншіден, жас сыншы бойындағы алғашқы ауыл кітапханалары мен астана кітапханалары дарытқан білім мен біліктің молдығы болса, екіншіден, бойындағы туа бітті, құдайдан бұйырған көсемдік пен шешендік өнерінің тереңдігі, үшіншіден, Сағаттың дарын-қабілетін ұштаған, қалып­тастырған жалпы әдеби ортаның көркемдік мәдениетінің, білік-парасатының, өре-танымының жан-жақтылығы, талап­шылдығы, тегеурінділігі, ұлтжандылығы еді... Алпысыншы жылдардың екінші жартысынан бастап «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас», «Жетісу» газеттерінде, сондай-ақ «Жұлдыз», «Жалын» журналдарының беттерінде жиі-жиі жарық көретін ойлы, отты мақалалардың шағын студенттік орталар мен үлкен әдебиет жиындарының салауатты, салдарлы талқы-талдауларына қалай түскені, әр алуан пікірталастарға қалай арқау болғаны әлі ­жадымызда...

Қарап отырсақ, Сағат сонда сақал-мұрты енді-енді тебіндей бастаған небары 19 бен 22 жас аралығындағы өндірдей ғана бозбала жігіт еді...

Бірақ ол – сол кездің өзінде-ақ санды сапаға айналдыруды, ойды санаға сіңіруді мұрат еткен, өзін ғана танытып қоймай, өзгені де тануға, ұлтын тануға, танытуға ұмтылған отыздың ордасын бұзып, қырықтың қамалын алардай тіршілік жасаған болатын... Дәл осы жылдарда жазылған «Сыншыл ой туралы сыр» мақаласындағы «...жанымен сүйіп, тәнімен күймейтін адамдардың сынның беделін түсіргеннен басқа берер пайдасы шамалы демекпіз. Сыншы таланты – аса сирек талант. Сыншылық екінің бірінің қолынан келе бермейтін қиын өнер екендігін кезінде сынның корифейі Белинскийдің жақсылап айтып кеткендігін білеміз. Сондықтан да сында кез келген білімі таяз, білігі төмен теориялық даярлығы жоқ, сын эстетикасынан, тарихынан хабары шамалы жандардың ермегіне айналдырмау – сын абыройын қорғау болып табылады», – деген жолдар соның дәлелі.

Бұл – университет қабырғасында жүрген студент-сыншының шығармашылық, көр­кемдік, танымдық кредосы еді. Ой пәрме­німен, жүрек қалауымен жазылған жиырмадан жаңа асқан жанның осынау тегі – асыл, ­тамыры терең пікірі Сағаттың күллі қырық төрт жылдық өмірінің өлшем-таразысы, әдебиет пен өмір айдынында жолынан жаңылдырмас бағытынан адастырмас Темірқазығы болғанын аңғарамыз.

Сағат Әшімбаевтың дүниелік танымы мен көркемдік, өмірлік мақсат-мұраты қашанда егіз. Ол үшін «сын жазу» «біреуді мұқату» ­немесе «тізе батыру» , «ділмәрсу» емес, ұлттық ойлау мен танымның өресін биіктету, өрісін кеңейту болатын.

Сағат әлемі – өркениет кеңістігіне алып барар еуразиялық үлгі мен машыққа негізделген ойлау, сөйлеу, талдау мектебін қалыптастырар әлем. Ол өзіне дейінгі бабалар өнегесін де, арыстар жолын да, алыптар үлгісін де, реалистік кезеңнің тарландарын да, алпысыншы жылғылардың қанатты пырақтарын да, өз қатарын да, өзінен кейінгі іні-қарындастарын да әр кез ерінбей-жалықпай қайыра-қайыра оқып, жан-жақты пайымдап, талдап, зерттеп, танып отыратын. Атүсті, ұшқары пікір айтқанды ұнатпайтын. Не туралы айтса да, нені жазса да ой елегінен өткізіп, ойы мен бойына мықтап сіңіріп барып, өзі таңдап алған объектісіне жақсы мағынадағы «фанатикалық» ықылас-пейілмен беріле құлап айтатын.

Сағат әдебиет пен көркем ойды тек шындық нұрын таратушы айна деп қана қабылдамай, адам санасын қалыптастырар қоғам мен қоғамдық ойдың қозғаушы күші деп танитын. Сын осы құдіретті күштің көш бастаушысы екені рас болса, сыншының көп оқуы, арғы-бергі, батыс-шығыс әдебиетін игеруі өз алдына, сонымен қосып әр дәуір, әр кезең ойшылдарын да жан-жақты терең білуі ләзім деп ұққан.

Ол өзі оқыған, тоқыған дүниелерінен ең әуелгі кезекте қазақтың көркем ойына аса қажет, аса зәру нәрселерді таңдай отырып, жалқы танымын жалпының пайдасына асыруға ұмтылатын. Сағаттың талдау жүйесінің күрделі болып көрінуінің де, міне, бір сыры осында жатыр. Ол қашанда кез келген үлкенді-кішілі пікірінің қай-қайсысында да осынау өзіне тән талдау, сұрыптау принциптерінен еш жаңылмайтын.

Сағат сынының жаратылысын танытар тағы бір ерекшелік – көркем ой мен қоғамдық және жаратылыс ғылымдарын сабақтастыра отырып, кез келген дүниелік құбылысты көркемдік құбылыспен шендестіре, салыстыра талдау принципі. Сағат мақалаларының ауқымды, тынысты, танымдық тұрғыдан оқырманға қызықты болып келетіні де сондықтан. Сәті келгенде, еске түсті, айта кетейін. Марқұм өз өмірін өзі қара сөзбен жырлап өріп, өзгеше ғұмыр сүріп, дүниеден ерте кеткен ақиық талант Оралхан Бөкейден достары: «Мұның бәрін қайдан оқып жүрсің?» дегенде, оның: «Сағат оқиды, мен тыңдаймын... Сағат түні бойы оқығанын, ертесі күні бойы маған айтады. Автобуста қатар тұрып айтады, жұмыста қатар отырып айтады... Үйге келгенше, қатар жүріп айтады... Менікі – Сағат айтқанының жаңғырығы ғой...» деген әдемі әзілінің астарында ақиқаттың жатқаны хақ. Сағаттың қалай оқығаны, қанша оқығаны оның үйіндегі иесін күтіп, кермеде тұрған келісті жүйріктей жәудіреген марқұмның бай кітапханасындағы қалың-қалың том ғана мәлім...

Мен білетін Сағат мақсатты ыңғайда, жүйелі түрде оқитын. Конспектілеп отырып, тиянақтап оқитын.

Сағат өмірінің соңғы тұстары, атап айтқанда, соңғы алты-жеті жылы теле-радиожурналистикасымен байланысты болғанын бәріміз де жақсы білеміз. Бұл кезең публицист, қайраткер Әшімбаевтың миллион санды үлкен аудиторияға өзінің батыл сөзімен, парасатты, ұлтжанды, өзекжарды ойымен аса кең танылған жыл еді.

Алғашқы Сағатты соңғысынан еш бөле-жыра қарауға болмайтынын уақыт талай дәлелдеді. Қаламға қолы тие қоймаған тұстарда ол көкірегіне сыймай, атқақтап сыртқа ұмтылған ой-пікірінің көбін риясыз адал көңілімен көрермен жұртшылыққа өзі жүргізетін «Парыз бен қарыз» атты циклды хабарлар арқылы жеткізді. Әрі-беріден соң, елдікке, егемендікке ұмтылған елдің жүрегіне жол тапқан желтоқсан оқиғасынан соңғы төрт-бес жыл ішіндегі ең санаулылардың бірі де, бірегейі де осы Сағат Әшімбаев есімді азамат­тың бола алғанын Атырау мен Алтай арасын жай­лаған қалың ел әлдеқашан мойындаған жоқ па?

Сағат есімі айтылғанда, еске ұлттық көркем ойымыздың, басынан талай алмағайып ­замандарды өткерген қасиетті қазақ әдебиетінің соңғы ширек ғасыр уақыттағы ­сарапшысы, жоқтаушысы бола білген көзілдірік тасасынан әр кез тамырлана қарайтын осы бір нұрлы жанмен қоса, әділеттің айқайшысы, Желтоқсан оқиғасының жоқтаушысы, тіліміз бен діліміздің іздеушісі болған ірі қайраткер, іргелі публицист, айтулы азамат, ардақты досымыз, алаш атты жұрттың ұлы жүректі перзенті Сағаттың да жарыса аталуы соның куәсі. Ұстазы Зекеңнің сөзімен айтқанда, бір біз ғана емес, талай-талай ұрпақтың «Сағатқа қарап Уақыт-Сағатын анықтап отырарына» сенеміз.

Сағаттың артына аманат етіп қалдырған ойы мен парасатының, білігі мен білімінің, мақсаты мен мұратының көзіндей болып «Сын мұраты», «Талантқа тағзым», «Парасатқа құштарлық», «Шындыққа сүйіспеншілік», қалың-қалың төрт томы сөреде тұр. Бұрын еш кітабына кірмеген мақалалары жары Шәрбану Бейсенованың ыждағатты еңбегінің арқасында; бұйырса, жақын арада «Ана тілі» баспасынан жарық көрмекші. Әріптес досы Ырым Кененбаев пен сырлас ағасы Ғаббас Қабышев дайындаған сыншы, қайраткер хақындағы естелік кітабы оқырман қолына тиіп те үлгерді. Игілікті іс тындырған екі азаматқа алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Сағаттың отбасының ғана емес, Отанының абырой-беделін көтеріп, аруақты азаматтың артында қалған мұрасын түгендеп, ер-тұрманын бүтіндеп жүрген Шәрбануға ел-жұрты риза. Ұлы Мәуленге риза!..

ЫРЫМ: Бұл – осыдан 21 жыл бұрын үлкен мінбеден айтылған сөз еді. Одан бері талай уақыт өтті. Сағаттың бірнеше кітаптары шықты. Ол жайында талай зерттеу еңбектер жазылды. Өзіміз оқыған университетте дәрісханасы ашылды. Жыл озған сайын Сағат бейнесі сомдала түсуде.

Қатарымыздан ерте аққан жарық жұлдыз­дардың бірі, өзің бағана сөз басында еске алған Жарасқанның да өзіндік орны бөлек еді.

Жарасқанның талантын біз ерте байқадық. Бірінші курс басталмай жатып-ақ «Сен тұр, мен айтайын» жігіттер, алғашқы күннен бір-бірімізді сынаққа алдық. Сондай сайыстардың бірінде алғашқы старостымыз Сәлім Меңдібаев: «Ақын екендеріңді білейін, маған арнап бір ауыз өлең шығарыңдаршы», – деді. Сол-ақ екен, ал кеп бәйге басталсын. Өлең шығармағандарымыз қалмаған шығар. Ол кезде шетінен ақынбыз. Төрт жол, бірауыз сөз табу қиын ба, тәйірі. Соңында бәріміздің жазғанымызды Сәлім өзі жинап алып, дауыстап оқып шықты, ал төрелігін жабылып жасадық. Әділ-ақ болдық, сонда бірінші орынды Жарасқан, екінші орынды Жолбарыс алды. Ұмытпасам:

«Көзінен сұлулықтың әрін көрем, – деп бас­талатын өлең жолдары:

«Қыздарды қыз мінезбен ғашық қылған,

Жігіттің төресі ғой Сәлім деген», –деп аяқталатын. Шынында да, Сәлім ­сыпайы, сырбаз сұлу жігіт болатын. Кейіннен Жарасқанның:

«Ақ бұлақтар!

Алқынған ақ бұлақтар!

Қазір – көктем,

Алдың – жаз,

Шапқылап қал!

Көкжиектен күн аунап барады әні,

Қызарғаны – қоштасып қарағаны...

Осылайша өтеді қайран уақыт,

Сені мәңгі қоймайды сайрандатып,

Күз де келер кем-кемдеп тартыларсың,

Қыс та келер біржола сарқыласың...

Ақ бұлақтар!

Алқынған Ақ бұлақтар!

Қазір – көктем,

алдың – Жаз шапқылап қал!» – деген әйгілі жыр шумақтары әдеби ортаны дүр сілкіндірген айырықша бір жаңалық болды. «Әдебиетке жаңа леп келді!» деп жарыса жазды алдыңғы буын ағалар.

Осылайша Жарасқан ерте танылды, өндіртіп жазды. Кітаптары шетінен жарық көріп жатты. Әндерге сөз жазды. Өткір эпиграммалары нысаналарға дөп тиді. Сол жылдары халықтың зор құрметіне бөленген ойын-сауық отауы – «Тамашаның» негізін қалады.

Жарасқанның 70 жылдық еске алу тойы көктемде Алматыда басталды. «Мұнан кейін Қызылордада, Анкарада жалғасып, Астанада аяқталады», – деп еді аяулы жары Нәзігүл.

Жарасқанның үлкен ұлы Рүстем бүгінде қазақтың танымал белгілі кинорежиссеры. Әке абыройын асқақтатып жүрген танымал тұлға. Әкесінің шығармалары бойынша түсірген фильмдері елге кеңінен танымал. Ал Елбасының өмір жолдары мен «Қазақ хандығы» сериялары бүгінгі егеменді еліміздің ең құнды дүниелері қатарында екені даусыз. Осындай мәртебесіне қарамай Рүстем баламыз өте қарапайым, әкесінің достары бас қосқан жиын-кештерге анасы Нәзігүлді алып келуді еш ұмытпайды.

Жарасқанды еске алу кешін ұйымдастырған да ұлы Рүстем. Кіші баласы Жәнібек Амери­каның Нью-Йорк қаласының консулы, кешке арнайы ұшып келді. Әке арманы жүзеге асты деген де осы шығар, бәлкім.

Еске алу кешінде Жарасқанның жырлары оқылып, сөзіне жазылған әндер шырқалды. Немересі Әбілқайыр авторлық күйлерін орындап, әндері айтылды.

...Осындайда еске түседі. Жарасқан, ­Сейт­қазы, Кеңшілік үшеуі көбіне бірге жүретін. Кім білген, үшеуінің де ортамыздан ерте кетіп қалатынын...

Бірде Жазушылар одағының Қостанайға жіберген шығармашылық іссапарынан кейін үшеуі қол ұстасып, біздің үйге келді. ­«Науат, үйге бармай бірден саған келдік» , – дейді бірін-бірі қоштап, мақтау сүйетін келіншегімді қолпаштап. Достар келсе қашанда дастарқаны жаюлы Науат болса мәз. Соның алдында ғана Жарасқан жаңа шыққан кітабын алып келіп, «Науат! Бізді осылай сыйлап тұрсаң, Алланың нұры саған жауады!» – деп қолтаңба жазып, риза етіп кеткен. Осы жолы да үшеуі келісіп, осы ұйғарымға келсе керек...

Қойшы, сонымен, мен жұмысты жиып қойып, олар «әлі сапарда жүрміз» деген желеу­мен еш жерге хабарласпай, үш күн бойы табан аудар­мастан сырласып, үйде жатқанымыз бар. Шіркін, жастық шақтың сол күндері-ай десеңші!..

НҰРЛАН: Кеңшілік керемет жігіт еді ғой. Кеңшілік десе... Менің есіме алпысыншы жыл­дардың ауылы, ақынның өз тілімен айтқанда:

«Бала едік біз елде өскен,

Жар жағалап, көл кешкен,

Тұлымымызды күн сүйіп,

Тұсауымызды жел кескен.

Соғыстан кейін шыр етіп,

Өртеңбіз өртең жерге өскен...» – деген, табанының күсі жұқара қоймаған, сақал-мұрты енді-енді тебіндей бастаған жеткіншектер түседі.

Кеңшілік десе... Буыны бекіп, бұғанасы қатар-қатпас кезден-ақ қолына қалам ұстап, атақты «алпысыншы жылғылардың» ­рухымен сусындап, ауасымен тыныстап, солардың жазған-сызғандарын жарғақ құлақтары жастыққа тимей түгендеп, оқып-тоқып өскендер тұрады көз алдымызда... Ашаршылық нәубетін көрген көнекөз қариялар мен соғыстың зардап, запыраны жанына жазылмас жара салған әжелер бауырына басып, ұлтымыздың өркені мен ертеңін сана-сезіміне құйып, ұлысымызды тәрбиелеген, тәлім берген кезеңнің солқылдап бой көтерген көк шыбықтары елестейді... Әке қабағына қарап, ағаның алдын кеспеу мәдениеті ­бойына қаршадайынан сүйекбітті мінез боп қалыптасқан осынау табиғаты таза, жаратылысы оқшау, мінез-бедері айқын тұтас бір ұрпақтың – жеңістен соң туып, желкенін жайып, жер үсті тіршілігінің көк теңіз – айдынынан кешіп келе жатқанына, міне, жарты ғасырдан астам уақыт болып қалғандардың тұр­паты, тұлға-мүсіні, тағдыр-талайы түседі еске...

Кеңшілік десе... Менің көз алдыма алпы­сын­шы жылдардың ортасындағы Алматы келеді.

Кең-байтақ қазақ жерінің қойын-қол­тығынан ағылып, астана босағасын бір-бір арманның жүгін арқалап аттаған бозбала жігіттер, боз көйлекті қыздар еске түседі. Жырдан басқа жүректерінде лыпа жоқ... Өлеңнен өзге өзекті қарыған арман жоқ! Әділет, ақиқат, адалдық, шындық, білік, білім ұлтқа ұран болған, ұрпаққа қағидасыз құран болған, арман қуып алданған үлкен кезеңнің келе-келе көбімізді қырсыз күреске, тиянақсыз тіреске алып барарын ол кезде біз білдік пе? Әділін айту керек, білген жоқпыз. Қырсыздығымыздың төркінінде – адалдық, тиянақсыздығымыздың төркінінде – аңғалдық жатқанын да енді-енді танып, біліп отырмыз.

Кеңшілік десе... Өнерді өмірге балаған, өлеңді тағдырға санаған, ала жіп аттауды ар деп ұққан, ар мен жыр үшін жүрегімен от жалаған, аңғалдығы мен адалдығы үшін таяқты аз жемеген, жер ортасына жетсе де әлі күнге әке тәрбиесімен еніп, ана сүтімен сіңген сол мінезінен арыла алмай келе жатқан талантты буынның кешегі бозбала шағы, бүгінгі тұлпар кескінді келбеті елестейді. Сол топ, сол буынның ғана ары мен айбары болып қоймай, қазақ рухани әлемінің туын желбіретіп, төбеге көтерілгендер, асудан асқандар, шыңға шыққандар санатына қосылған Кеңшілік тұрады көңілде, Сағат тұрады санада, Жұматай тұрады жүректе, Жәнібек тұрады жадыда!..

Қатарластарымыздың бәрі керемет еді ғой. Әділбек, Сайлаубек, Ризабектер қандай жігіттер еді! Ризабекпен етене көп араласқан адамның бірі өзіңсің...

ЫРЫМ: Иә, Ризабектің орны бір бөлек. Оның бәріміздің басымызды қосып жүретін ұйымдастырушылық қабілетін қайдан табарсың.

...Ризабек екеуміздің терең араласып, мәңгілік достасып кеткен кезіміз «Қазақстан» баспасында қызмет істеген жылдар болатын. Баспаның сол кездегі директоры Ерік Сыздықов өзінің еске алу сөзінде былай депті: «Қазақстан» баспасы – осы бүкіл баспалардың қара шаңырағы – біздің баспаға өзім де сол жаңадан келіп жатқан кезім, жас журналистер, талантты, іскер журналистер келген. Біреуі партшколдан, біреуі «Лениншіл жастан» келіп жатқан кез...».

Иә, сол екі жігіт біз екеуміз едік. Бұрынғы бірге оқығанымыз бар, әрі бір жылдың төліміз, егіз қозыдай екеумізді бүкіл баспа ұжымы үкілеп күтіп, еркелетіп ұстады. Біріміз бұған дейін аудандық газеттің редакторы, аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, Қазақстандағы Жоғарғы партия мектебінің түлегі болсақ, екіншіміз республикалық «Лениншіл жас» газетінде он жылдан астам қызмет атқарып есімі елге танылған, кітаптары шығып, шығармашылық бәйгелердің ­талай мәрте жүлдегері атанған отыздағы орда бұзар азаматтар едік. Арманымыз бір, сырымыз ортақ біз екеуміз қызметте ғана емес, ­отбасында да жұбымыз жазылмай сол кездің өлшеміне сай тамаша күн кештік.

(Жалғасы бар)

1340 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы