• Тұлға
  • 26 Мамыр, 2022

БЕЛЬГЕРДІҢ СОҢҒЫ ЖАЗБАСЫ

«ҰМЫТЫЛУ ТРАГЕДИЯСЫ» – «ТРАГЕДИЯ ЗАБВЕНИЯ»

Мен үшін ширек ғасырдай етене таныс-біліс боп, екі-үш не төрт-бес сөйлемнен тұратын қасаң күнделіктерін жиырма бір жыл бойы «Парасат» журналында аударып жариялаған аяулы Гераға, Герольд Бельгердің орны да, жөні де бөлек. Күнделік жазбаларының көлемділері де болатын, әрине. Бірақ, сирек. Қысқасын да, көлемдісін де тәржімалау оңай емес-тін. Мені «тап» деп бұғып жататын күрделі ой-пікір басымдықтан. Міне, соңғы жазбасы – «Трагедия забвениясы» да сол іспетті. Қаншама ойланып-толғансақ та, тіпті түсінікті балама-тіркес табылғандай болғанның өзінде, «Трагедия забвенияны» «Ұмытылу трагедиясы» деп аударуға тура келді. Әйтпесе, нақты мағынасы тұтас ұлт, бір халықтың жер бетінен жойылу, жоқ болу қасіреті екені көрініп-ақ тұр. Герекең өмірден өткенде (7 ақпан, 2015 ж.) Мәскеуден келіп, әкесінің мұраларын жиып-теріп, ретке келтірген қызы Ирина «ужас, ужас» деп шегін тартып, «мұны тек сізге беремін» деді. Одан қайтыс боларынан үш ай бұрын Герекең өзі жөнінде замандас әріптестері, тілектестер жазып, баспасөзде жариялаған мақалаларды қырық-елу жыл бойы жинап, сақтап жүрген папканы да маған тапсырған-ды. «Өзіңіз сұрыптап, қажет еместерін алып тастарсыз, маған кітап шықса болды» деп. Ол жазба Герекең бақиға аттанған соң, ұзамай марқұм Әбдісағит Тәтіғұловтың демеуімен қалың кітап боп жарыққа шықты. Жазушылар одағында тұсаукесер өтті. Аманат орындалды. Ал мына (маған қызы Ирина берген) соңғы жазбаның көлемі шағын, бар-жоғы бес беттен аспайды. Жазылған күндері – 2015 жыл 11 және 16 қаңтар. Мәңгілік сапарға аттанардан 20 күн бұрын (одан соң аурухана, таусылмайтын тәшпіш, өмір үшін күрес, ақтық сапар).

 

Бельгердің соңғы жазбасы. Алған бойда қарап шықтым. Бір емес, бірнеше рет. Ирина «ужас» десе дегендей. Жазушының ақтық сапарға аттанар алдындағы – жылдар бойы айтылып келген – жан жарасы, қазақ тағдырына алаңдау, қауіп, қорқыныш. Онсыз да он бес жыл азапқа салған ауру жүрегінің соңғы бұлқынысы. Ана дүниеге өзімен бірге кеткен шер-шемен, мұң-нала.

Бәлкім, менен өзге біреу болса, осынау хат қолға тиген бойда жарты әлемге жар салып, сол замат баспасөз бетінде жария етері тұрған гәп. Мен өйтпедім. Асықпауды жөн көрдім. Бұл қазақ әлі алда Бельгерді талай жоқтайды. Сағынады. Сонда көре жатамыз. Сәлемнің де сәті бар. Сол сәт енді жеткендей. Бұдан әрі кеш. Ендеше, Бельгер соңғы жазбасында не дейді, назар салайық (тақырыбын өзі қалай жазса, екі тілде де солай қалдыруды ойлағанымыз жоғарыда айтылды).

***

Қазақия елінде тұрып жат­қаныма жетпіс төртінші жыл.

Бұл қандай ел?

Ұлы ел.

Тағдырлы халық.

Болашағы бұлдыр жұрт.

Тайталас ғұмыр.

Тірі қалу үшін.

Байтақ жерді сақтау үшін.

Бабалар рухы сөнбеу үшін.

Ұрпақ үшін.

Өкінішке қарай, қазақы қасиет, киелі кейіп солғындап, ұлттық мәннен айырылып бара жатыр. Ух!

Намыс.

Бөрік киген азаматтар аттан түспей, ел қорғады.

Ел қорғау борыш болды.

Атадан балаға дейін.

Не үшін?

Біржола құрып, жер бетінен жоғалмау үшін.

Ұмытылу трагедиясын болдырмау үшін (дейік).

Ұмытылудан ертегі, аңыз, жыр-дастан, қияли әңгіме, шежіре, естелік, табандылық, аруақ, білектің күші, найзаның ұшы, отаншылдық, жанпидалық сақтады.

Ұлттық бейне, халықтық болмыс ғасырлар бойы осылай қалыптасты.

Қазақ тарихы бай, байырғы халық.

Атанды. Атала беруі лазым.

Сенемін. Сенгім келеді.

Қазақия және қазақ дегенді мен осылай қабылдағанмын, қабылдаймын.

О бастан.

Шүкір. Тәуба!

Бұл пайым, ой-түсінік, көзқарас, дағды, ұғым қазақтың тарихи романдарын ұзақ жылдар бойы оқығанымның нәтижесі (деп білемін).

Мызғымас, шексіз махаббат та.

Осы жерде оларды жазған суреткерлердің есімдерін атауға болар еді. Кейбірін оқып қана қоймай, орысшаға аудардым.

Не айтуды білемін.

Мойындаймын. Осы күндерде немістерді көбірек оқимын. Бұл жастың ұлғаюы және этникалық текке байланысты болса керек.

Көптен білетін көсемсөзші, айрықша білімдар, қаламы мықты Амантай Дәндіғұлов мені қоярда-қоймай, қазақшадан орысшаға аударған дүниесін оқып, пікір айтуға көндірді, қалай екенін өзім де білмей қалдым, бәлкім, оны жақсы көретінімнен шығар.

Gut beahtug демекші.

Амантайдың аударғаны белгілі жазушы Қабдеш Жұмаділовтің «Найман анаға ескерткіш» деген (шағын роман десе де болғандай) повесі екен.

Қабдешті білемін. Ертеден. Біраз шығармасын оқығанмын. Өнімді прозашы. Өзіндік қолтаңбасы бар. Бәлкім, біршама көнерген, архаистік болса да. Сол үшін айтысып-тартысудан аулақпын. Нем бар.

Амантай қазіргі алғыр көсемсөзші, очеркші, философ, тәжірибелі, төселген, танымал қаламгер. Онда өзіне ұнаған жазбаларды боямалап, құлпыртуға әуестік басым. Қабдештің (біз атаған) әңгіме түрінде баяндалатын «таза» прозасына да көсемсөздік реңк, философиялық әр беріп, жымын білдірмей кіріктірген болады. Мұнысы тіпті де жаман шықпаған.

Осындай тәсіл бар ма?

Бар.

Олай болса, менің пікірім мақалаға айналмау үшін бірер мысал келтірумен шектелейін.

Қабдеш баяндауының соңы: «Әрі қарай шетсіз-шексіз, ирелеңдеген қатпарлы жол басталады. Өмір жолы, күрес жолы».

Шығарманың бұлайша аяқ­талуы, шамасы, Амантайға қарабайырлау, жұпыны көрінсе керек, сондықтан ол мәтіннің тынысын кеңейтіп, ажарын аша түсу үшін тіл жағынан демеушілік жасауға бел буады. Еңбегі еш кетпеген. Келісіп тұр: «...Әрі қарай өмірдің өзі сияқты ұшы-қиырсыз, ұзақ та қысталаңы мол, ирелеңдеген улы жыландай, мәңгүрт шенеуніктің жанын көзіне көрсете қысатын толғақ символындай, шалшық суға малшынған асфальт жол күтіп жатты».

Мәңгілік өмірдің даңғыл жолы. Алда кеңірдек соза «Қабанбай!» деп айғайлайтын сәтті күндердің жаңғырығындай.

Бұған не деуге болады?

Саралап қарағанда, бастан өткен шырғалаңды арқау ете отырып, шығарма соңын осылай бітір­генге қарсылығым жоқ. Қай жа­ғы­нан да ұнасымды, жасан­дылық жоқ, жарасты, сыйымды. Бірақ та...

Түпнұсқа иесі (автор) келісер ме екен?

Осынау пікірді дайындау барысында, әлбетте, түпнұсқа мен оның Амантай жасаған орысша нұсқасын қолыма қарындаш алып отырып оқыдым. Тәржімеші әңгіме тектес баяндаудың стилистикасын бүгінгі күн талабына бейімдеп, шығармаға даланың синкстин мадоннасы: «Оптимистік трагедия» деген жаңа атау тапқан, контекстегі ағайынгершілік, рулық топ, тұқымдастардың тастай берік табандылығын мейлінше күшейтіп көрсету арқылы эссенің ауқымын ашып, салмағын арттырады.

Мұнысы маған бек орынды, сабақ аларлық өнеге, бағалы ­бастама сияқты көрінді.

Осы жерде қала-қалама, тағы бір – мүмкін, кінәмшілдеу – мәселе қылтияды: орысша нұсқаның авторы кім деген. Аударған кім, сол да. Жоқ! Кітаптың алғашқы (титул) бетінде екі фамилия бар. Қабдеш Жұмаділов, Амантай Дәндіғұлов. Сонда тәржіма иесі екі автор ма? Сап! Бас қатыратын дәнеңе жоқ. Аталмыш шығармаға интеллектуалдық және мән-мағына жағынан кім қанша үлес қосқанын анықтайтын таразы бар емес пе?

Бәрібір.

Бірдеме деу қиын.

Егер құдайлығын айтар болсақ, мен автор ретінде Қабдеш ­Жұма­діловті атап, ал титул­дық бетте оның келісімімен тәржімалаған Амантай Дәндіғұлов дер едім. Және бұл түпнұсқа иесінің аударманы құптағаны болар еді.

Одан да ашығырақ айтсақ: романға балап, сусылдата әспет­теген аударма мен эссе авторы Амантай Дәндіғұлов.

Сол айнала.

Әйтсе де, алда-жалда менің айтқаным заң демеймін.

Бәлкім, найманның екі серкесі өзара келіскен болар.

Өздерінің шаруасы.

 

Герольд БЕЛЬГЕР,

жазушы

11.01.15.

***

Бельгер әрі қарай жазады. Бір байқайтыным: соңғы кездері мені шектен тыс көтермелеп, көпірте жазатындар көбейіп барады. Орынды ма, орынсыз ба, мақтау да мақтау, әсірелеу. Оларға салса, мен дегенің сүттен ақ, судан таза, пендеауи кемістіктен жұрдай, бір міні жоқ періште екенмін. Пах!

Мені дабыралаудан немістер де кенде емес. Қазақтар екібастан. Ішімді кептіре бөседі. Олардан өтер ешкім жоқ. Шетінен белсенді, ақжүрек.

Шынымды айтсам, бұл маған ұнамайды.

Тіксіндіреді.

Сақтандырады.

Жақсы ырым емес.

Ау, осы өзі менің күндерім санаулы, талқаным таусылуға тақаулықтың белгісі емес пе екен? Қайдан білейін!

Сексеннің сеңгірінен асқаным күні кеше, әлі үш апта да болған жоқ.

Жасым 30-40-тағы кездерде мейлі, көзіңе күліп, көл­гірси мақтаудың неше түрін көргенбіз (естігенбіз). Майдай жақса, жаққан шығар. Ал, бірақ, қазіргідей ауру меңдеп, шар­шаған шақта бос әләулайды қаламаймын.

Рас, менің атыма айтылып жататын сынап-мінеу, қаңқу сөздер де жеткілікті, шүкір. Қарай көріңдер, қазақпен біте қайнастым деп биті семірген неміс шектен шығып барады. Қазаққа жағатын іс-әрекет, сөзге шебер, үнемі құйысқанға қыстырылып, керек адамдарды түгендеп жүреді. Соншалық кім ол?! Мұртты көсем Қазақстанға жер аударған көп пақырдың бірі. Оңтайлы тағдыр кешкенге мәз. Маңдайға жазылғаны басқаша болса қайтер еді?! Қазақтарда шаруасы қанша? Көктен түскендей. Жанашыр. Аулақ! Жайымызға қалдыр! Қазақтың сенсіз де тауығы шақырып, таңы атқан. Өз қотырымызды өзіміз қасимыз.

Иә, білемін. Кейде көзіме де айтады. Таласпаймын. Солай-ақ болсын. Олардың ойынша, мен жетпіс жыл бойы адал еңбек, төккен теріммен тұтас бір халықты ақымақ санап, тәлкек етіп келген табаны тайғақ біреу екенмін. Атаңның басы! Десе де...

Кім қалай ойлайды, өз еркі. Менің білетінім, олар азшылық. Ендеше, ат төбеліндей азшылыққа сөз шығындап қайтемін. Өмірімше қазақпен бірге жасап келемін. Бұл халықты білемін, сыйлаймын, жақсы көремін. Әлемдегі барлық халықпен терезесі тең, өркениет тарихында өз орны болуына тілектеспін. Әрдайым. Шұрайлы, бай тіл, дара мәдениет, кісілік келбет, дарқан пейіліне бас иемін. Әгәрәкиде, солай екеніне біреу-міреуде күдік-күмән болса, онда мен күйініштен үстімдегі көйлегімді пара-парасын шығара жыртып, кеуде соғуға хақылы шығармын деп ойлаймын. Зорлықпен жақсы бола алмайсың. Оған ұмтылатын да мен емеспін. Тағдыр қалай бұйырды, солай ғұмыр кешіп жатырмын. ­Абсолют ұсынған бағытпен. Баршаға жақсам деген ойдан аулақпын. Олай болған емес, болмайды да. Тіпті мен сияқты бүкіл бол­мысымен қазақ боп кеткен неміске де. Әйтеуір, адам ретінде қалыптастым. Маған оны дәріп­теп, дәлелдеудің керегі жоқ.

Dixi!

ТҮЙІН СӨЗ

Түйткіл көп. Жатсаң да, тұрсаң да. Әрқашан. Бельгердің жеті жылдан бері жалпақ жұртқа ұсынуға «қимай» сары майдай сақтап келген соңғы жазбасын әзірлеу барысында да, ол шіркінің көңілге бірі келіп, бірі кетіп жатты. Бәрі болмаса да, біреуін ортаға салайық. Мәселенки...

Қай нәрсеге де ұқыпты, барлығын дер уақытында орны-орнына қоюға шебер, қазақтың болашағына алаңдаумен өткен Герольд Карловичтің біз ерекше мән беріп отырған соңғы жазбасына Қабдеш Жұмаділов пен Амантай Дәндіғұловты неліктен қосқаны мен үшін түсініксіз. Әлде, Дәндіғұловтың ғайыптан жаңалық ашып, Қабдештің повесін білгенінше илеп, өзін екінші автор ретінде көрсеткен жанкештілігі үшін бе, ол да жұмбақ. Солай болғанның өзінде мұның қаншалық орынды екені тағы белгісіз. Түйткіл осы. Бұл өзінше.

Оқырманға күтпеген жаңалық болсын деп, ұзақ ұстаған Бельгердің соңғы жазбасын ұсыну сәті енді жеткеніне тәуба!

Назарларыңызда – Бельгердің соңғы жазбасы. Мархабат!

Зәкір АСАБАЕВ,

жазушы, халықаралық «Алаш»

әдеби сыйлығының лауреаты

1750 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы