• Руханият
  • 26 Мамыр, 2022

КӨҢІЛДЕ МОЛ АРМАН...»

Биыл қара шаңырақ – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де үлкен мерейтой. Қалашықтың салынғанына жарты ғасыр. Бұл қалашық Алматыны өз үйім болады деп қазақ елінің түкпір-түкпірінен ағылып келген талай жасқа ең алғашқы мекен, ең үлкен арманының куәгері болғаны рас. Өткен мен бүгінгі сәулет өнерінің ең озық өрнектерімен үндескен ҚазҰУ қалашығы талай шығармаға, талай ән мен жырға арқау болған орын. Қалашық құрылысының басы-қасында қазақтың біртуар ұлдары Д.Қонаев, А.Закарин, Ө.Жолдасбековтер тұрғаны мәлім.

Міне, талай тұлғаның арманына қанат бітірген сол ҚазҰУ-дің аты аңызға айналған журналистика факультетін 20 жыл бұрын бітірген түлек бас қосып, қара шаңыраққа барып, бірнеше іс-шара өткізіп қайтты.

Зейнолла Қабдолов, Алма Қыраубаева, Темірбек Қожакеев, Үмбетбай ­Уайдин, ­Абдулхамид ­Мархабаев, Серік Әбдірайымұлы, Шерияздан ­Елеукенов, Әбілфайыз Ыдырысовтың дәрісін тыңдаған, бүгінде арамызда жүрген ­Намазалы Омашев, Бауыржан Жақып, Қайрат Сақ, Сағатбек Медеубекұлы, Сағымбай Қозыбаев, Аманқос ­Мектеп, Аязби Бейсенқұлов, Мәншүк Мұқашева, Кәкен Хамзин, Темірғали Көпбаев, Айгүл Рамазан, Дәмегүл Баялиева, Клара Қабылғазина, Роза Алтынбекова, Жидегүл Әбдіжәділқызы, Рахима Бегімтаева, Нұржан Қуантайұлы, Ермахан ­Шайхы, Бекжан Әшірбаев сынды ұстаздар алдын көрген 20 жыл бұрынғы түлек, осыдан жиырма жыл бұрынғы жайтты еске алды. Иә, сол кезде жиырма жыл бұрынғы (қазіргі есеппен қырық жыл бұрынғы) түлектер: Мұхтар Абрарұлы, Нұрғали Ораз, Қонысбек Ботбай, Нұржан Жалауқызы, Ләззат Ноғайбаева сынды мықтылар кездесуге келіп, 2002 жылғы оқу бітіруші студенттерге ақ батасын беріп, «ақ жол» тілеп қайтқан еді. «Жиырма жылдан соң сендер де кездесуге келіңдер, білім берген шаңырақтарыңды ұмытпаңдар. Журфактың туын жықпаңдар» деп кеткен еді сол түлек.

Енді, міне, жиырма жылдан соң 2002 жылғы түлек те аппақ тілегін жүрекке орап қара шаңыраққа бет түзеді. Ең алдымен, Журналистика факультеті басшылығымен келісе отырып, шеберлік сағатын өткізді. Факультеттің студенттері мен магис­транттарына арнап журналистиканың әр ­саласында жүрген Шынар Әбілда, Гүлнұр Омарханқызы, Сәуле Қалдыбаева, Эльмира Жүнісова, Баян Мусаева, Сымбат Талғатқызы т.б. шеберлік сағатын өткізіп, практикалық дәрістер оқыды. Жиынды факультет деканы Сансызбай Мәдиев ашып, түлектердің төл факультетіне дәріс оқуға келіп, практикалық сабақ өткізуі құптарлық іс екенін атап өтті. Сабақ соңында дәріске қатысушы студенттер мен магистранттарға арнайы сертификат тапсырылды.

Кездесудің екінші күні журфакта оқытушы-профессорлар құрамы мен түлектер дөңгелек үстел басына жиналды. Президент пәрменімен жыл соңына дейін БАҚ туралы жаңа заң қабылданбақ. Осы ретте журналист мамандарды дайындайтын ұстаздар мен БАҚ саласында еңбек етіп жүрген азаматтардың ойы мен пікірі маңызды. «БАҚ туралы жаңа заң: ұсыныс пен ұстаным» деген тақырыпта ­Сансызбай Мәдиев, ­Бауыржан Жақып, Кәкен Хамзин, Әмір Молдабеков, Темірғали Көпбаев, Айгүл Рамазан, Дәмегүл ­Баялиева, Жидегүл Әбдіжәділқызы, Ермахан ­Шайхы, ­Бекжан Әшірбаев сынды ұстаздар БАҚ мәртебесі, БАҚ туралы заңға енгі­зілуге тиіс өзгерістер, бүгінгі БАҚ-тың пәрменділігі, журналистердің этикасы мен ұстанымы туралы талқы өткізді. Журналистикадағы бүгінгі мәселелер мен қаламдастардың жағдайы туралы біраз тақырып қозғалды.

Түлектер факультет қорына қаржы­лай көмек көрсетіп, журналистика факультетінде оқитын бір студентке алдағы оқу жылынан бастап курс атынан стипендия тағайындайтын болып келісті.

«Жылға-жылғадан аққан жаңбыр­дың суындай боп жиырма жыл дегеніңіз уақыт ағымынан сырғып өте салыпты. Кеше ғана диплом алып, дүр-дүниенің додасына кіріскен сарыауыз балапандар бүгін қанаты қатайып туған ұясына оралды. Қарашаңырақ – КазГУ. Әйгілі – журфак. Бәріміздің жүрегіміз дүрс-дүрс соғады. Факультеттің дәлізі, аудиториялар, дека­натты көріп, ­жиырма жылға кері шегініп кеткендейміз. Қазір шалқайып басып, шаңқылдап сөйлеп Қожакеев кіріп келетіндей.

Дуылдап тұрғанымызда бір студент «Ойбай, декан! Омашев келе жатыр» дегенде бәріміз жым болып, жіптіктей боп тұра қалатындаймыз. Коридордың арғы басынан маңдайы жарқырай көрініп, жүрісінің өзі өлең Бауыржан ағай Жақып келе жатқандай. Жыбырлап отырған біздің әрекетімізге жыны келген Роза апай ­Алтынбекова аудиториядан қуып шығатындай.

Шерияздан Елеукеновтің шау тарт­қанын пайдаланып бүкіл курс төрт рефератты айналдыра көрсетіп, зачёт алатындаймыз. Серік Әбдірайымұлы ықыласпен лекция оқып тұрғандай. Қоңқақ мұрны көк тіреген, бір кездері бокспен айналысқаны әлі де білінетін Асылбек Тасымов әзіл араластырып әңгіме айтатындай.

Өте мәдениетті, парасатты, дегдар Алма апай Қыраубаева жымиып, жылы қарайтындай. Сәні мен салтанаты, келбеті мен қимылы келіскен Қайрат ағай Сақ Алаш ардақтыларының өміріне есік ашатындай. Сағатбек Медеубекұлы репортерді арқалатып, көшеге сауалнама жинап келуге жіберетіндей.

Қысқасы, бір сәтте студенттік шаққа қайта оралдық», – дейді 2002 жылғы түлектің бірі, бүгінде қарымды қаламгер Ержан Байтілес.

Көңілдегі мол арманды алақанына салып әкелген түлектер журналистика атты киелі шаңырақтың су жаңа журналистерінің де көңіліне ізгі ой салып кетті деген сенімдеміз.  

Қарагөз СЕРІКҚЫЗЫ

1259 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы