• Мәдениет
  • 26 Мамыр, 2022

СПОРТ ШЕКАРАНЫ БІЛМЕЙДІ

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ұйымдасты­руы­мен Олжас Сүлейменовтің жүлдесіне арналған волейболдан ардагер командалар арасында  ХV Халықаралық турнир өтті. Спорттық іс-шараға ҚазҰАЗУ Басқарма төрағасы-ректор,  академик Тілектес Есполов, Қазақстанның белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері: ақын, дипломат және әде­биеттанушы Олжас Сүлейменов, генерал-лейтенант Амангелді Шабдарбаев, Амандық Баталов, Ғани Қасымов және т. б. көрнекті тұлғалар қатысып, турнирге қатысушыларға лебіз білдірді.

Тілектес Есполов барлық уақытта өскелең жастар, студенттер әр дәуірдің белесінде танылған атақты тұлғалардың іс-әрекеттеріне қарап бой түзейді, тәрбие алатынын, бүгінгі жас ұрпақ үшін ерлік пен берік азаматтық ұстанымның символына айналған осындай ірі тұлғаның бірі – Олжас Сүлейменов екенін атап өтті.

«Ол әлемге танылған арқалы ақын ғана емес, халықаралық дәрежедегі белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері, көп жылдар бойы Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы Тұрақты өкілі болып қызмет атқарған ізгі жүректі азамат. Сонымен қатар волейбол спортының шын берілген жанкүйері, өзі де талай жыл бойы университетіміздегі турнирлерде өнер көрсетіп келеді. Университетте 2004 жылдан бастап зияткерлік, жоғары мәдениетті және көптілді тұлғаны қалыптастыруға бағытталған «Олжас Сүлейменов атындағы әлеуметтік-гуманитарлық білім және тәрбие институты» жұмыс істейді. Олжас Омарұлының өзі де аталған орталықта студенттермен жиі кездесіп, ақ батасын беріп жүр», – деді ректор Т.Есполов.

Жоғары оқу орнында білім алушылардың спорттық қырынан дамуына тұрақты түрде ерекше көңіл бөлінетінін атай кеткен жөн. Студенттер арасында да, сондай-ақ университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы арасында да салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған спорттық іс-шаралар жүйелі түрде жүргізіліп келеді.

Мысалы, профессор-оқытушылар құрамы мен университет қызметкерлері арасында спорттың 8 түрінен «Денсаулық» спартакиадасы; университет студенттері арасында спорттың 15 түрінен дәстүрлі факультетаралық спартакиада; футболдан Т.Сегізбаевтың, волейболдан О.Сүлейменовтың жүлдесіне және О.Жарылғаповты еске алу турнирлері дәстүрлі түрде өтеді. Сондай-ақ ЖОО-да спорттың 16 түрі бойынша спорттық секциялары бар спорттық клуб жұмыс істейді.

Атап айтқанда, 2021 жылдың 4-5 қарашасында Санкт-Петербург қаласында өткен ардагерлер командалары арасында «ATLETTA VOLLEY CUP» халықаралық волейбол турнирінде біздің команда 1-ші орынға ие болды! ҚазҰАЗУ командасы Мәскеуден келген «Луч» және Санкт-Петербургтен келген «Солтүстік Пальмира» сияқты ең мықты командаларды жеңді. КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы А.В.Кильчевскийді (Мәскеу) еске алуға арналған XXXII дәстүрлі халықаралық турнирдің және «SPB Volley Master 2021» (Санкт-Петербург) турнирінің чемпиондары атанды. ТМД елдерінің бірде-бір ардагерлер командасы мұндай жетістікке қол жеткізе алмағанын атай кеткен артық болмас.

«Ардагерлер командалары арасында волейболдан бүгінгі XV халықаралық турнирге таңдаулы деген 10 ардагерлер командасы қатысты. Нәтижесінде төрт команда жартылай финалға шықты: «Атамекен-AGRO» (Нұр-Сұлтан қаласы) команда капитаны ­Ерлан Тасыров), «Ташкент» (Өзбекстан, Каримжан Рахимкулов), «ҚазҰАЗУ» (Алматы қаласы, Тілектес Есполов), «Жетісу» (Алматы облысы, Дәулет Имандосов).

Ал финалда бақ сынасқан «Атамекен-AGRO» мен «ҚазҰАЗУ» командалары арасындағы додада бас жүлдені біздің университеттің ардагерлері қанжығасына байлады. Ал жүлделі үшінші орынға таласқан «Жетісу» мен  «Ташкент» командаларының арасынан көрші елдің қонақтарының бағы жанды.

Ардагер командалар арасындағы ХV Халықаралық турнирдің жеңімпаздарын ақын Олжас Сүлейменов құттықтап, жүлделерін табыстады.

Н.БЕЙСЕМБАЕВА

674 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы