• Қоғам
  • 26 Мамыр, 2022

ЕГІС КӨЛЕМІ АРТТЫ, ЕНДІГІСІ – НӘТИЖЕ...

Нұрболат Абайұлы 
«Ana tili»

Халқымызда «көктемнің бір күні жылға азық» деген аталы сөз бар. Бұл жай ғана сөз емес, ерте көктемнен қамданып, әр күні үлкен бір шаруаны тындыру керек дегенді білдіретін бағдарлама іспетті. Себебі бүгінгі егін науқаны – ертеңгі жыл бойғы азық-түлік қорына әсер ететін негізгі фактордың бірі. Ендеше, еліміздегі көктемгі егін науқанын үйлестіретін Үкімет бүгінде қандай жұмыс жүргізуде? «Қарапайым халықтың өзі не істеуде?» деген сауалға жауап іздеп, журналистік зерттеу жүргізген едік. 

Әрине, Премьер-министр Әлихан ­Смайылов та қарап отырған жоқ. Аптасына бір рет Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізіп, министрлер мен әкімдерге тапсырма беріп, бір аптада атқарған шаруаларына талдау жасауда. Мәселен, Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің өткен аптадағы мәліметінше, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін үш негізгі бөлімнен тұратын, 31 іс-шараны қамтитын кешенді жоспар қабылданған. Оның алғашқы бөлімі бойынша майлы дақылдар алқаптарын 3 миллион гектардан 3,5 миллион гектарға, картоп алқаптарын 200 мың гектардан 215 мың гектарға, жемдік дақылдарды 3,6 миллион гектардан 4,2 миллион гектарға дейін ұлғайту жолымен өсімдік шаруашылығында әртараптандыру жүргізілген. Осы арада бірден айту керек, әлеуметтік маңызы бар көкөністің бірі картоптың алқабы айтарлықтай көбеймеген. Себебі ел ішінде «екінші нан» аталып кеткен бұл көкөніске деген сұраныс тамақ өнеркәсібі мамандарының зерттеуінше, жылда 40-45 пайызға өсіп отырады екен. Ал оның алқабын 7,5 пайызға ғана арттыру сұранысты қаншалықты өтей алады?

Бұл ретте Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шүкеевтің баяндамасында дұрыс мәлімет барын байқадық. Оның айтуынша, оңтүстік аймақта ерте пісетін картоп сұрпын 8,5 мың гектарға, пияздың ерте өнім беретін сұрпын 2,1 мың гектарға, сәбіздің осындай түрін 1,9 мың гектарға және қырыққабаттың ерте жетілетін сұрпын 7,8 мың гектарға егіпті. Ал кеш өнім беретін сұрыптары бұдан 4-5 есе көп егілген.

Облыс бойынша оңтүстік өңірден кейін Алматы облысының атқарған жұмысы ауқымды көрінді. Мысалы, ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемін өткен жылғыдан 1,3 мың гектарға арттырып, 974 мың гектарға жеткізген. Бұдан бөлек аймаққа жалпы құны 75 миллиард теңгені құрайтын әр түрлі саладағы 47 инвестициялық жоба қолға алынып, жұмыстары атқарылуда екен. Оның ең бастысы, жылына 36 мың тонна ет өндіретін құс фабрикасының құрылысы басталыпты. Бұл деген бағасы қолжетімді ет өнімі болатыны анық. Құны 34 миллиард теңге тұратын фабрикада кейін құстың қиынан көкөніс алқаптарына тыңайтқыш өндіру де жоспарланған. Тыңайтқыш мол өнім алуға себеп болатын негізгі факторлардың бірі екені даусыз. Ендеше, бұл да құптарлық іс. Сонымен қатар құны 33 миллиард теңге тұратын, 1000 гектарға қарқынды жеміс-жидек бағы салынуда. Көкөністерді жыл бойы өндіруге көшу үшін 4,7 гектарға өнеркәсіптік жылыжай салынып, жазға дейін пайдалануға берілмек. Осы өндірген өнімді сақтайтын сыйымдылығы 6 мың тонналық бір қойма салынып, енді 4 қойманың құрылысы жүргізілуде. Осылайша, бұл өңірде өнімді өндіру мен оны сақтап тұтынушыға жеткізу жолдары жан-жақты қарастырылыпты. Бұл көктемгі егін науқанының бір мәселесі ғана. Енді оның негізгі мәселесіне келсек, жылдағыдай жанар-жағар майдың «жыры» шығады.

 

ЖЕҢІЛДЕТІЛГЕН ЖАНАРМАЙ ШАРУАЛАРҒА ЖЕТЕ МЕ?

Бұл ретте Үкіметте диқандар мен бағбандарға арзандатылған бағамен 400 мың тонна жанар май бөлдік деп есеп беріп отыр. Мұндай мәліметті Энергетика және табиғи ресурстар министрі Әсет Мағауов баяндады.

– Ауыл шаруашылығы тауарын өнді­рушілер үшін мұнай өңдеу зауыттарынан дизель отынын жөнелту басым негізде жүзеге асырылады. Бұл ретте тиеп-жөнелтуді бақылау және мониторингілеу тәулік сайын назарда ұсталады. Көктемгі егіс жұмыстарына арналған дизель отынының бағасы мұнай өңдеу зауыттарында 1 тонна үшін 212 мың теңге (литріне 176 теңге) деп белгіленген. Өңірлерге дейін жеткізуді және отынды сақтау шығынын ескерсек, шаруалар үшін болжамды баға бөлшек сауда бағасынан (230-260 теңге/литр) орта есеппен алғанда 15-30 пайызға төмен болады, – деді Энергетика және табиғи ресурстар министрі Әсет Мағауов.

Министрдің мәліметіне қарасақ, мұнай өңдеу зауыттарынан босатылған бағаға әр өңірде 54 немесе 84 теңге тасымалдау және сақтау құны қосылады екен. Сонда бөлшек саудадағы ешқандай жеңілдіксіз бағасынан 10 теңге ғана арзан болмақ. Мұны қалай жеңілдетілген баға деуге болады? Салыстырмалы түрде айтсақ, кешегі кеңес үкіметі ­заманында дизель отының құны ең арзан ­Аи-76 маркалы бензиннен де төмен болатын. Ал өз қолымыз өз аузымызға жеткенде шаруаларға жасаған жақсылығымыз осы ма..?

Жанармайға қатысты тағы үлкен бір мәселе бар. Ауыл шаруашылық техникалары қымбат солярка мен керосинді жағып жүрсе, АИ-76, АИ-80 бензинин пайдалануға техникалық мүмкіндігі болса да жанармайдың бұл түрлері өндірілмейтіні себепті АИ-91 маркалы қымбат бензинді тұтынуда. Бұл да шаруаларға жасалып отырған қиянаттың бірі. Мәселен, көрші Ресей мен Өзбекстанда АИ-80 бензині әлі өндіріліп, шаруалары тұтынып отыр. Осы мәселені Үкімет деңгейінде шешуге болады емес пе? Бұл – Еуростандарт пен экологияны сылтауратып, қалталарын қампайтуды көздеген мұнай өңдеуші компониялардың қулығы екенін біздің Үкімет көрмей отыр ма, әлде өз «үлесін» алып, көзін жұмып отыр ма? Бұл да аты дардай антикордың тергеп, тексеретін мәселесі...

Көктемгі егіс науқанынан бас­тап, өнім қамбаға түскенше жаз, күз бойғы жұмыстарда қымбат жанармайды тұтынған диқандар мен бағбандардың өнімі амалсыздан қымбаттап кететінін Үкімет неге түсінбейді? Ал бұл өз кезегінде әлеуметтік азық-түліктің қымбаттауына себеп болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Премер-Министр Әлихан Смайыловқа әлеуметтік азық-түлікті қалайда қымбаттатпауды тапсырды емес пе? Ендеше, сол тапсырма қалайда орындалуы тиіс!

СУ ҚОРЫ АЗ...

Егін мен бау-бақша өнімдерінің мол болуына әсер ететін және бір фактор – су мәселесі. Биыл ерте көктемнен еліміздің барлық аймағында жауын-шашын мол ­жауып, жер әзірге ылғалды. Алайда жаз бойы осындай ауа райы сақталатынына кепіл жоқ. Мұны Үкімет басшысы да түсінген сыңайлы. Өткен аптаның соңында осы көктемгі егіс науқанының жалғасы сол егінжайларды суару мәселесін талқылаған Су кеңесінің отырысын өткізді. Айта кетер бір жаңалық – бұрын еліміздегі су ресурстарын реттеумен бірнеше мемлекеттік құрылымдар айналысып келсе, бұдан былай бұл істердің барлығын Су кеңесі атқарады. Сол үшін де жыл басында осы кеңес құрылды. Су кеңесінің бұл жолғы отырысында осы мемлекеттік органға сумен жабдықтау және сумен қамтамасыз ету функцияларын біріктіру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар Сырдария өзеніндегі су шаруашылығы жағдайы қаралды. Бірінші мәселе бойынша баяндама жасаған экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали ­Брекешев қазіргі таңда мемлекеттік су саясатын іске асыру түрлі мемлекеттік органдардың құзырында екенін атап өтті. Мәселен, азаматтарды және экономика салаларын сумен қамтамасыз етуге, сондай-ақ су ресурстарын пайдалану мен қорғауға қатысты функциялар үш министрлікке – Экология, геология және табиғи ресурстар, Ауыл шаруашылығы, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктеріне жүктелген. Бұл өз кезегінде су мәселесін шешуде үш министрлік арасында қағазбастылыққа ұрындырып келген. Ал мұндай жәйбасарлықты қысқа ғана жаздың уақыты күтпейді. Суғарылуы тиісті екі-үш күнде дақылға тіршілік нәрі жетпесе, жаздың аптабы қуырып жібереді. Бітті, шаруаның еңбегі зая кетеді. Міне, сондықтан да су мәселесі бір орталықтан реттелгені дұрыс-ақ.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне су ресурс­тарын басқаруға, су бұруға, азаматтар мен экономика салаларын сумен қамтамасыз етуге, сондай-ақ су экожүйелерін қолдауға байланысты негізгі функцияларды қосу ұсынылды. Үкімет басшысы ұсынылған тәсілдерге қатысты бірқатар ескерту жасап, ведомствоаралық үйлестіруді күшейте отырып (жекелеген бағыттар бойынша), оларды қосымша пысықтауды тапсырды.

Күн тәртібіндегі екінші мәселені талқылау барысында биыл Сырдария өзеніндегі су таяздығы мәселе болып тұр. Бұл орайда Сырдария өзені өтетін мемлекеттер су шаруашылығындағы күрделі жағдайдың теріс салдарын болдырмау үшін келісіп әрекет етуде екені белгілі болды. Мысалы, «Тоқтағұл» су қоймасында судың жиналу жағдайы тұрақтанған. Қазақстан мен Өзбекстан «Бахри Точик» су қоймасының қарқынды вегетациялық кезеңдегі жұмыс жүйесін Тәжікстанмен келіскен.

Бұл кешенді шаралар Сырдария өзенінің жоғарғы және орта ағысындағы, сондай-ақ Түркістан облысының Жетісай және Мақтаарал аудандарындағы фермерлерді «Достық» каналы арқылы егін және бау-бақшаны суару мерзімі маусым-тамыз айында шамамен 550 млн м3 көлемінде – ­суармалы сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Белгілі болғаны – бұл өткен жылғы деңгеймен шамалас. Алайда егіс алқаптары мен бау-бақша көлемі өткен жылғыдан артқанын ескерсек, бұл су қоры биыл да жеткіліксіз болу қаупі туындап тұр...

 

752 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы