• Cұхбаттар
  • 26 Мамыр, 2022

Жандарбек МӘЛІБЕКОВ: МЕМЛЕКЕТТІҢ ТУЫ ӘР ҮЙДІҢ ТӨРІНДЕ ІЛІНІП ТҰРУЫ КЕРЕК

Менің Отаным – Қазақстан. Мекенім – қазақтың жері. Бір қарағанда көтеріңкі леппен айтылғандай сезілгенімен, ойдағы және қырдағы қазақтың бәрінің басын құрайтын, біріктіретін сөздің төресі – осы. Ұшқан құстың қанаты, жүгірген аңның аяғы талады деп сипаттайтын осы ұлан-ғайыр жерді атамекені санаған жұртты біріктіретін нәрсе Отанға деген махаббат болса, сол махаббаттың бір сипаты – мемлекеттік рәміздерге құрмет деуге де келетін шығар. Себебі елдің ел екенін танытар алқалы жиындар мен аламан жарыстардың барлығында да Әнұран айтылып, Көк байрағымыз көкте желбірейді. Елтаңбамыз да еліміздің мемлекеттілігін айшықтап, төрлерге көрік береді. Ендеше, ұлттық біртұтастық пен мемлекеттік айырықша белгіні көрсетер рәміздеріміздің қадір-құрметін білудің маңызы зор.   

Осыдан 30  жыл бұрын тәуелсіз Қазақстан тарихында үлкен қадам жасалып жатты. Соның бірі – 1992 жылы 4 маусымда Қазақ­стан Республикасының мемлекеттік рәміздері қабылданған болатын.

Мемлекеттік рәміздер – еліміз­дің егемендігі мен тәуелсіздігін күллі әлемге жария етуші нышандар. Онда еліміздің өткені, бүгіні мен болашағы арасындағы са­бақтастығының жарқын көрінісі, ұлтымыздың арман-тілегі, салт-санасы тоғысқан. Сан алуан салтанатты жиында егемендіктің нышаны – Елтаңба төрде жарқырап, көк Туымыз желбіреп, Әнұранымыз шырқалып жатады.

«Біріншіден, қазақтың Туы әр отбасында болуы керек. Мейрам күндері әр үйдің төрінде Ту ілініп тұруы керек. Мейлі қазақ болсын, мейлі басқа ұлт болсын. Соған қарап-ақ, ол отбасының елін, жерін, ұлтын қалай құрметтейтінін көруге болады. Мысалы, түріктер өз туын қалай қадірлейді! Қарапайым футбол матчы болатын күннің өзінде халқы туын желбіретіп жүреді, жеңсін деп тілектес болып отырады. Ұлттық мейрам күндері терезеде, көшеде ілінген тудан көз алып жүру мүмкін емес. Біз неге көп жағдайда спорттық ойындардан ұтылып қаламыз? Өйткені, жан беріп, рух беріп ойнамаймыз, күреспейміз. Жанын беріп ойнауы үшін демеу, қолдау білдірмейміз. Ал рәміздер ұлтты біріктіруші символ. Бір тудың астында жиналу халықтың рухын асқақтатады», – дейді біздің кейіпкер. Шындығында, ұлттың рухын биіктететін нышандардың қадір-қасиетіне қаншалықты жете алдық? Бұл да бізді ойлантуға тиіс мәселенің негізгісі. 

Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында Елтаңба авторы, құрметті сәулетші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық университетінің профессоры Жандарбек Мәлібековпен кез­десіп, рәміздердің қасиет-құндылығы туралы сұхбаттасқан едік. Біз көтерген мәселеге маман­ның ұстанымы, көзқарасы қандай? Мұның барлығы да сауалда барынша ашылды деген ойдаймыз.

– Сексен жасыңыз құтты болсын! Алда рәміздер күні келе жатыр. Мемлекетіміздің бет-бейнесі болатын рәміздерімізді қалай құрметтеп жүрміз? Бұған сіздің көңіліңіз тола ма?

– Қабылданғалы бері аттай отыз жыл өтсе де, рәміздерімізді өз дәрежесінде насихаттай алмай отырмыз. Бұл туралы жүрген жерімнің бәрінде айтып жүрмін. Өйткені рәміздерді насихаттауды науқанға айналдырып жібердік. Жыл сайын есеп үшін ғана түрлі кездесулер, бір реттік шаралар өткізіледі. Соның ешқайсысы дұрыс жұмыс істемейді. Айтатыны – бір сөз, қабылдайтыны – бір нәрсе, беретіні – бір есеп. Сондықтан оларды рәміздерді насихаттайтын шаралар деп атауға келмейді. Неге Наурыз мейрамында немесе Тәуелсіздік күнінде, басқа да мерекелерде көшелерде, аулаларда көк туымыз желбіреп тұрмайды? Демек, бізде көп нәрсе айтылған сөз күйінде қалып жатыр. Рәміздеріміз әр үй, әр отбасы, әр мекемеде болатындай қылып насихаттауымыз керек. Бұны айтсаң, қаржы жетпейді деп шығатындар бар. Дәл осы рәміздердің насихатынан қаражат аяуға болмайды. Ол адамның рухы биік болуы үшін керек. Төрінде Туы, Елтаңбасы тұрмаған, жүрегінде Әнұраны жоқ адамның бойында отанға деген, елге деген сүйіспеншілік болмайды. Рәміздерге тауар ретінде қарағандықтан, оның қадір-қасиеті ойына кіріп-шықпайды. Сондықтан рәміздерді насихаттау жұмысын халыққа түсінікті қылып, қайтадан қарастыру керек.

Біріншіден, қазақтың Туы әр отбасында болуы керек. Мейрам күндері әр үйдің төрінде Ту ілініп тұруы керек. Мейлі қазақ болсын, мейлі басқа ұлт болсын. Соған қарап-ақ, ол отбасының елін, жерін, ұлтын қалай құрметтейтінін көруге болады. Мысалы, түріктер өз туын қалай қадірлейді! Қарапайым футбол матчы болатын күннің өзінде халқы Туын желбіретіп жүреді, жеңсін деп тілектес болып отырады. Ұлттық мейрам күндері терезеде, көшеде ілінген Тудан көз алып жүру мүмкін емес. Біз неге көп жағдайда спорттық ойындардан ұтылып қаламыз? Өйткені жан беріп, рух беріп ойнамаймыз, күреспейміз. Жанын беріп ­ойнауы үшін демеу, қолдау білдірмейміз. Ал рәміздер ұлтты біріктіруші символ. Бір Тудың астында жиналу халықтың рухын асқақтатады. Сондықтан «ана шараны өткіздім, мына шараны өткіздім» деп құр сөзбен қуырдақ қуырмай, ақшаны босқа шашпай, нәтижеге жұмыс істеуді қолға ­алуымыз керек. Екіншіден, балабақшадағы, мектептегі, университеттегі балаларға, жастарға, ересектерге, қызметтегілерге жеке-жеке арнап, рәміздер туралы кітапша шығаруымыз керек. Солай әр санаттың жасына, дүниетаныма негіздеп, насихаттасақ қана нәтиже болады. Мысалы, балабақшадағы бүлдіршіндерге қызылды-жасылды қылып, мультфильм түрінде, жоғары сынып оқушылары мен студенттерге тарихи тұрғыда түсіндіру қажет.

– Бір сұхбатыңызда «Уақыт алға жылжыған сайын, техника мен технология дамыған сайын елдік рәміздердің нақтылығы, жауапкершілігі артады» деген екенсіз. Тәуелсіздікті нығайту жолында мемлекеттік рәміздердің символикалық мәні қандай?

– Рәміздеріміз отыз жыл бойы ұлтты тұтастандырушы рөлін атқарып келе жатыр. Бірақ қоғамның дамуына, заман талабына қарай рәміздерді насихаттау алгоритмі өзгеріп тұруы, халықтың ой-пікірін, санасын алға тартып отыруы керек. Рәміз дегеніміз – елдің тәуелсіздігін білдіретін символикалық айырым белгілері. Сондықтан ол елімізде шығатын барлық өнімде: киімде де, көлікте де болуы керек. Америкалықтар іш киімге туының суретін салады деп күлеміз. Әрине, бізге шетелдің менталитеті жат. Бізде ұлы даланың мыңдаған жыл бойы қалыптасқан, бойымызға сіңген таным-түйсігі бар. Ел рәміздерін адамның кіндігінен төмен түсірмеу керек. Қазақтың ұят деген ұғымы бар. Содан аспауымыз керек. Ал белден жоғары жердің бәрінде қолдана беруге болады.

– Тәттілердің қаптамасында рәміздердің суретін қолдану туралы пікірталас бар. Бір тарап тәттісін тауысқан соң, қабығы аяқ асты болып қалатынын айтып, қарсы болып жатады. Екінші тарап, керісінше, жастарымыз сол тәттіні шетелге дәм ретінде апарып, рәміздерімізді танытып жүр дейді. Бұған қатысты қандай ойдасыз?

– Әр нәрсенің өз функциясы бар. ­Мысалы, газеттерде де Елтаңба мен Тудың суреті қолданылып жатады. Бірақ газеттің негізгі міндеті – ақпаратты уақытылы жеткізу. Адам ақпаратты оқып алғаннан кейін газетті ары қарай не істейтінін өзі шешеді. Бастысы, газет өз міндетін атқарып жатыр ма, атқарып жатыр.

Балалардың ойыншығында да рәміздердің суреті болады. Керісінше, солай рәміздерімізді ойыншықтар арқылы да балаларға таныта беруіміз керек. Ойыншықтың қызығы біткен соң, бала оны қолына алмай қоятын болар. Есесіне сол арқылы рәміздерді біліп, танып өседі.

Менен ұлттық валютамыз теңгеде де Елтаңбаның бейнесі бар екенін айтып,  «Жерде жатқан тиын көрсеңіз аласыз ба?» деп сұрайтындар бар. Денсаулығым жетсе, алармын. Қадір-қасиетін білемін, бірақ оның тиын екенін де естен шығармаймын. Ол үшін адамда парасат болуы керек. Сондықтан біз бірінші адамның парасатын өзгертуіміз керек. Ақыл бәрінде бар, ал парасат деформацияға ұшыраған. Қазір біздің тоқырауда жүргеніміз, адасып жүргеніміз – бәрі сол парасаттың төмендігінен. Пара­саттың төмендігі – өзіміздің құнды­лық­тарды білмеуден, рәміздің не екенін түсінбеуден. Өз алдымызға ел болып, ұлттық рәміздерімізді бекіту үшін бабаларымыз қасық қаны қалғанша күрескенін, жа­нын қиғанын, жұтқа ұшырағанын, ату жазасына кесілгенін білмейміз, рухымыз сезбейді.

– Бұл буындар арасы алшақтап кеткен­діктен емес пе?

– Парасаттың төмендігінен де буындар арасы алшақтап кетті. Себебі адамдардың санасына бұрынғы кеңес өкіметі кезіндегі тәрбие, сөйлеу мәнері сіңіп кеткен. Соны тазаламай, парасат келмейді.

Туған жерім – Жаңақорған. Балалық шағым соғыс кезімен тұспа-тұс келді. ­Санам сол бала кезімнен көріп өскен ортадан бас­тап қалыптасты. Теміржолшының баласымын. Жас кезімде Нартай ­Бекежанов, Қалмақан Әбдіқадыров, ­Жамал Омаровалар біздің үйге жиі келетін. Сол кісілердің айтқанын бойыма сіңіріп өстім. Көршілер арасындағы қарым-қатынас та адамдарға деген сенімімнің қалыптасуына ықпал етті. Бес-алты үй жиналып, көже пісіретін. Біреудің көжесінде бидай бар, екіншісінде күріш, үшіншісінде жүгері бар дегендей. Көже ішерде әр үй ыдысымызға бір шөміштен құйып беретін. Сөйтіп, бес-алты үйдің көжесі араласқанда дәмді  болып шығады.

Сосын біздің үйлерде құлып болмайтын. «Ит-мысық кіріп кетпесін» деп ағаш тіреп қана қоя салатын. «Көршінің есігі ашық қалыпты, мал кіріп кетпесін, жауып қой», «Ана көршінің отыны таусылып қалыпты, балам, бір трактор жыңғыл апарып берші» деп отыратын үлкендеріміз. Осылайша, көршінің көршіге жанашыр­лығын көріп өстік. Ал қазір көрші жүйе­сінің деформацияға ұшырағанын көріп отырмыз. Көрші көршіні танымай кетті. Солай ара алшақтап кеткендіктен, көмегіне жүгіну үшін «рақметін» беруге үйреттік. Ол да өз еркімен емес, сен берген соң ғана көмектесуге келіседі. Сөйтіп, біз бір-бірімізге алуды, ұрлауды үйреттік. Егер көрші көршіден ұялса, ұят, намыс жұмыс істей бастайды. Неге біздің санамыз, парасатымыз, ақылымыз дұрыс жұмыс істемей жатыр? Сөйтсек, бәріне кінәлі біз, сәулетшілер екенбіз. Біз қазақтың ұлттық дүниетанымына сай үй салмаптық. Қазақтың пәтерін жасамаптық.

– Қазақтың пәтері қандай болуы керек?

– Тұрып жатқан пәтеріміз ұлттық дәстүрге лайық болмаған соң, буындар арасындағы байланысты үзіп алдық. Ата-әже ауылда қалып қойды, бала-шаға қалаға көшіп кетті. Қазақтың пәтері ата-әже, әке-шеше, немерелер бәрі бір жерде тұратын, аз дегенде аптасында бір-екі рет немересі ата-әжесінің үйіне барып, бір дастарқан басында жиналатындай болуы қажет. Әр пәтерде ене мекені бөлек, келін мекені бөлек болуы керек. Көршілер лифтке кіріп-шыққанда бір-бірімен көзбе-көз ұшырасып, аман-саулық сұраса алуы керек. Әр тұрғын үй кешенінде ақсақалдар жүйесін қалыптастыруымыз қажет. Қазір олар да деформацияға ұшыраған. Осыны түзеу, құндылықтарымызды қалпына келтіру мақсатында «Ойтек» архитектурасы» атты ғылыми-зерттеу орталығын аштым. Орталықта төр жүйесін қалыптастырып жатырмын. Төрге шығу, төрде отырудың өзі адамды тәрбиелейді. Төр дегеніміз – үлкенді сыйлау, кішіге ізет білдіру. Ақсақал өзінің ақсақалдығын, үлкен екенін сезбейтін болса, кішіге қалай, не үйретеді? Кейінгі ұрпаққа не айтамыз? Адамда ой да, тек те шексіз. Біздің орталық – соны зерттеу орталығы.

Кезінде Елтаңбаның дизайнын сызған кезде де қазақтың ұлттық құндылық­та­рының бәрін қамтуға тырыстым.  Шаңырақ та, пырақ та, жеті ата – жеті ұрпақ та, ою да бар. Демек, рәміздеріміз – біздің ұлттың бол­мысымыз. Ал рәміздерді құрмет тұту деген – өзімізді құрмет тұту.

– Алда референдум келе жатыр. Ата Заңға енгізілетін өзгерістермен таныстыңыз ба? Ел алдында тұрған жаңа бастамалардың маңызы қандай деп ойлайсыз?

– Әр елдің даму тарихында даму және тоқырау кезеңдері болып тұрады. Бұл ұсынылып отырған өзгерістер де еліміздің дамуы жолындағы жаңа қадам деп ойлаймын. Сондықтан даму жолындағы елде заңдылықтардың өзгеріп тұруы – заңды нәрсе. Біз ескі түсінікті ығыстырып шығармай, жаңа жолмен жүре алмаймыз. Ескіні ығыстырып шығару үшін одан жақсы нормаларды, одан жақсы жүйені қалыптастыруымыз керек. Сонда дәстүрімізге, менталитетімізге сәйкес емес дүниелер өздігінен-ақ қоғамымыздан шығып қалады.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен

Әсел МҰРАТБЕКҚЫЗЫ

6463 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы