• Руханият
  • 26 Мамыр, 2022

Жеңімпаздар марапатталды

«Балалар жылы» аясында  Абай елінде  республикалық Абай оқуларының облыстық кезеңі өтті. Абай оқуларына облыстың барлық қалалары мен аудандарынан, мамандандырылған мектептерден 70 оқушы қатысты.

Абай, Шәкәрім шығармаларын насихаттау, шығармашылық қабілеттерін дамыту және қолдау мақсатын көздеген сайыс 6 аталымы бойынша өткізілді. Ақын өлеңдерін, қара сөздерін, Абайдың ақын-шәкірттерінің өлеңдерін жатқа жаңылмай, тоқтаусыз, мәнеріне келтіріп оқып, әрбір өлең мен поэма, қарасөзді түсініп, тереңіне бойлап айтуымен, ақындық өнерлерін, әндерін нақышына келтіріп орындаған, эссе жазудан ерекше көзге түскен оқушылар аз емес екені байқалды.

Абай оқуларының марапаттау рәсімі Абай-Шәкәрім кесенесіндегі амфитеатрда болды. Бірінші орынға топты жарып Жарма, Аягөз, Тарбағатай, Шемонайха аудандарының, Риддер қаласының оқушылары шықты.

Елге белгілі журналистер, ақындар, өнер қайраткерлері қазылық еткен байқауда «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» аталымында Жарма ауданы Н.Крупская атындағы орта мектептің ­9-сынып оқушысы Меруерт Мыңбаева, «Абайдың қара сөздері» аталымында Аягөз ауданы №5 орта мектептің оқушысы Жаннұр Қайырғазина, «Абайдың ақын шәкірттерінің шығармалары» аталымында  ­Жарма ауданы Абай атындағы мектеп-балабақшасынан Мақсұтбек Нұрай,  «Көңілім әнді ұғады» аталымында Шемонаиха ауданы Ю.Гагарин атындағы №3 орта білім беретін мектептің 9-сынып оқушысы Роксолана Нуркина, «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» аталымында Тарбағатай ауданы М.Әуезов атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы Еркебұлан Оразанбаев, «Ұлылар әлемі» аталымында Риддер қаласындағы №14 орта мектептің 10-сынып оқушысы Алтынай ­Болатова 1-орын иеленді. Барлық қатысушыларға сертификат беріліп, І-ІІ-ІІІ орын алған жеңімпаздарға сыйлық пен диплом тапсырылды.

Абай оқуларын өткізу аясында оқушылар Жидебайдағы Абайдың мұражайын аралап, Еуразия кіндігін тамашалады.

«Қазақтың классик әдебиетінің атасы, қазақ поэзиясының күн шуақты асқар биігі» деп аса көрнекті жазушы баға беріп кеткен ұлы Абайды және асыл перзент Шәкәрімді, кемеңгер Мұхтарды дүниеге әкелген тарихи-шежірелі құтты мекенді көру – оқушылар мен жетекшілер үшін қымбат қазына болды.

Бағдагүл БАЛАУБАЕВА

387 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы