• Руханият
  • 26 Мамыр, 2022

«Сәулелі ғұмыр» сыр шертеді

«Ел-шежіре» баспасынан белгілі жазушы Дидахмет Әшімханұлының өмірі мен шығармашылығын қамтыған «Сәулелі ғұмыр» атты кітап жарық көрді. Бес жүз дана таралыммен шыққан кітаптың авторы ақын Ләззат Бәженқызы Қажаева.

 

Кітапта жазушының туған жері Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданы Жаңаүлгі ауылынан басталған бала Дидахметтің өмірінің соңына дейін тынбай ізденіп, 65 жыл ғұмырында дана Дидахмет деңгейіне қалай жеткені суреттелген. Онда жазушының әке-шешесінің отбасын құрған хикаяттарынан бастап, қиянатқа бас имейтін өрлікті, ерлікті байқауға болады. Міне, осы қасиет қанмен болашақ жазушыға дарыған. Альбом үлгісінде суреттермен безендіріліп шыққан кітапта әкесі Әшімханның ауылдан шығып алғашқылардың бірі болып тракторшы мамандығын игергені айтылса, анасы Бағдидың да мал дәрігер мамандығын оқып, қыз балаларының бүгінгі таңда да сирек баратын мамандықты меңгергенін оқығанда зеректік пен еңбекқорлықтың ата-анасынан Дидахмет жазушының бойына сыналай сіңгенін тағы да бір байқауға болады. Шағын ғана еңбекте бала Дидахметтің сонау 1911 жылы Шыңғыстайда бой көтерген көне мектепте білім алғаны туралы да танымды ақпарат бар. Негізін әкелі-балалы меценаттар Ережеп пен Әбдікерім қалаған бұл мектептен қазақтың талай тарландары білім алғанын байқаймыз. Олардың қатарында Алтайдың мұзбалағы атанған Оралхан Бөкейден ­бастап, Әлібек Асқаров, Дидахмет Әшімханұлы болып жалғасқанын көргенде Алтайдай асқар таудан қырандай биікке самғар талантты ерен ұрпақтың түлеп ұшуы бұл да өзінше заңдылық сияқты сезіледі.

«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, таланттар түлеп ұшқан мектептің алғашқы мұғалімдерінен бастап, кейінгі ұстаздарының да шынайы педагог болғанын шәкірттері тебірене суреттейді. Кітаптың безендірілуі де ерекше. Жазушының бала кезінен басталған суреттер галереясы оның өмір белестерінен сыр шертіп, кітаптың көркемдігін одан ары көтеріп тұр. Сол суреттерден жазушының отбасы, ұрпақтарымен де танысуға мүмкіндік туындайды. Кітаптың кей бетінен жазушы Дидахметтің бала кезінде жазған өлеңдерін де көруге болады. Шағын еңбектен жазушының шығармаларының мазмұнымен танысып, олар туралы айтқан әріптестері мен аға буын жазушылардың пікірлерін оқи аласыз. Қысқасы, бұл кітап бұрын жарық көріп жүрген естелік еңбек­терден өзгеше жазылған көркем дүние.

Кітап «Ел-Шежіре» баспасынан жарық  көрген.

Аяулым СҰЛТАНБЕКОВА,

Сапар Байжанов атындағы №162 мектеп-гимназияның

 11-сынып оқушысы

АЛМАТЫ

1310 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы