• Руханият
  • 26 Мамыр, 2022

«ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ КӨКТЕМІ»

«Қазақ әдебиетінің көктемі» деген ­атпен Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде әдеби жыл қорытындысы өтті. Жиын Әнұранмен басталып, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма Төрағасының орынбасары ­Бауыржан Жақып кіріспе сөзбен іс-шараны ашты.

Б.Жақып соңғы жылдары әлемді құрсауында ұстаған пандемияға ­байланысты былтыр қаламгерлер жиыны онлайн өткенін, әлемдік ахуалдың қазақ әдебиетіне де айтарлықтай әсері болғанын атап өтті. Өкініштісі, соңғы бір жыл көлемінде қазақ әдебиеті 36 бірдей қабырғалы қаламгерінен айырылды, биыл жыл басынан бері танымал 8 жазушы өмірден өтті. Жыл қорытындысына жиналған қаламгерлер бақилық болған әріптестерінің рухына тағзым етіп, оларды бір минуттық үнсіздікпен еске алды.

Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет өткен жылы атқарылған іс-шараларға тоқталды. Жазушылар одағының көрші мемлекеттердегі әріптестерімен де байланыстары артып келеді. Оның нақты көрінісі – халықаралық деңгейде өтіп жатқан түрлі іс-шаралар мен «Жазушылар одақтарының арасындағы әдеби-мәдени ынтымақтастық туралы» меморандумдары. Соның бірі – қырғыздармен бірлесе отырып дайындалған 30 мемлекет ақындарының шығармашылығын біріктірген антология. Бұл жинаққа 60-қа жуық қазақ ақыны енген. Қазір қазақ әдебиетінің өзбек тілінде жарық көретін 10 томдығы жинақталып жатыр. Бұл топтама әдебиетіміздің ежелгі нұсқаларынан бүгінгі күнге дейінгі үздік үлгілерін қамтымақ. Ұлықбек Есдәулет салалық министрліктермен, өңір басшыларымен тығыз байланыста жұмыс жүргізіліп, біршама маңызды жобалар қолға алынып жатқанына да тоқталды. ­Мысалы, ҚР Білім және ғылым министрлігіне «Мектеп оқушыларына оқуға ұсынылған 1000 аталымның» тізімі тапсырылған. Одақ дайындаған ірі жобалардың бірі – «Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы». Бұл бағдарламаны іске асыру барысында қаламгерлер бүкіл өңірлерді аралап, аймақтар бойынша әдеби-танымдық кітаптар дайындайды.

Жыл соңында ҚЖО жанынан «Қазақ әдебиетінің меценаты» клубы құрылған болатын. Осы клубтың қолдауымен Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында «Тәуелсіздік толғауы» атты республикалық мүшәйра ұйымдастырылды. Клуб әлі де талай іс-шараларға қолдау көрсетіп, кітаптардың жарыққа шығуына жәрдемдеспек. Жазушылар одағының ұйытқы болуымен биыл бірнеше мерейтой өткізу жоспарланған. Ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының және классик жазушы М.Әуезовтің мерейтойына қатысты іс-шаралардың біразы басталып та кетті. Сонымен қатар Ұлықбек Есдәулет жақын арада «Қаралы қаңтар» жайлы жазылған шығармалардың «Алматы – жүрегімде» атты республикалық байқауы өтетінін және бұл жоба барлық әдеби жанрларды қамтитынын мәлімдеді.

Жиын барысында бірқатар қаламгерлерге Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы тапсырылды. Проза жанры бойынша Елен Әлімжан, Серікбай Байхонов, Жанар Әбдішева, Бақыт Мерекенова, Нұрила Бектемірова, Сабырбек Олжабай; поэзия жанры ­бойынша Шәкизада Әбдікәрімов, Бауыржан Жақып, Жұмабай Құлиев, Назым Байоралова, Бақытжан ­Раисова, Әлібек ­Шегебай, Танакөз Ілиясова; деректі проза жанры бойынша Қайым-Мұнар Тәбеев; әдеби сын жанры бойынша Дандай Ысқақұлы; көркем аударма бойынша ­Сарбас Ақтаев, орыс әдебиеті бойынша Адольф Арцищевский; ұйғыр әдебиеті бойынша Жәмшитжан Розахунов, сатира жанры ­бойынша Мыңбай Рәш, әдебиетті насихаттаудағы еңбегі үшін Зұфар Сейітжанұлы марапатталды.

Жиын арнайы баяндамалармен жалғасты. Әр жанр бойынша сөз алған қаламгерлер өткен жыл бедерінде жарық көрген шығармаларды саралап, сол арқылы ел әдебиетінің бет алысын, мән-маңызын салмақтауға тырысты.

Н.БАТЫР

301 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы