• Тұлға
  • 02 Маусым, 2022

ҚОЖА КӨРЕРМЕНІМЕН ҚАУЫШТЫ

Елордада балаларды қорғау күніне орай «Менің атым Қожа» шығармасының басты кейіпкеріне арналған ескерткіш қойылды. Айна алдында өз-өзінен есеп алып отырған Қожаның мүсіні «Жетісу» саябағында орналасқан. Ескерткіштің жалпы биіктігі 1 метр 83 сантиметрді құрайды. Гранит және қола материалдардан жасалған. Мүсінші – Талапхан Азамат, ал идея авторы – Мұрат Қожамқұлов.

Ашылу салтанатында сөз сөйлеген «Хабар» агенттігі АҚ Басқарма төрағасы Берік Уәли бала кейіпкердің мүсінге айналуында журналист Жанболат Аупбаевтың еңбегі орасан екенін атап өтті.

«Бүгінгі шарамыздың жүзеге асуы­на ұйытқы болған, осы тақырыпта мақала жазып, Мемлекет басшысына дейін жеткізген Жанболат Аупбаев ағамыз. Былтыр «Ана тілі» газетіне жазған мақаласының негізінде осы ескерткіш өмірге келіп отыр. Бұл – тек Қожаға қойылған ескерткіш емес, бұл жалпы балалар әдебиетіне, қазақ киносына қойылған ескерткіш. Шынымен де, «Менің атым Қожа» фильмі – жазушысы да, режиссері де, актері де – бүкіл шығармашалық құрамы үйлесім тапқан, қазақ киносының алтын қорынан орын алатын туынды. Біреу білсе, біреу білмейді, осы фильм – шетелде халықаралық жүлде алған бірінші қазақ туындысы», – деді Берік Уәли.

Еске салайық, 2020 жылдың 9 желтоқсанында газетімізде Жанболат Аупбаевтың «Балалық бейнеміздің белгісі» атты мақаласы жарияланған еді. Қаламгер онда айна алдында өзін ақылға шақырған, бөтен ауылда қымыз ішкен, мектепке асыққан Қожаны балалар қазір де қызығып көретінін айтып, балалықтың келбетін танытар «Менің атым Қожа» кейіпкерлеріне ескерткіш ашуды ұсынған еді. Ол мақалаға Президенттің сол кездегі баспасөз хатшысы Берік Уәли жауап жазып, мақалада көтерілген мәселені Президент қолдап, өкілетті органдарға тапсырма бергенін жеткізген еді.

«Американың атақты жазушысы Марк Твеннің «Том Сойер мен Гекльберри Финнің басынан кешкендері» деген повесі бар. Сол екі балаға ­Миссури штатының Ханнибал қаласында 1935 жылы ескерткіш ашылған. Елдер оны өте жақсы көреді, сол жерге барып ­суретке түседі, балаларын ертіп барып, осындай кітап бар деп насихаттайды. Әңгемінең тоқ етерін айтқанда, «Менің атым Қожа» осылай ескерткішке сұранып тұрған еді», – дейді Жанболат Аупбаев.

Ескерткіштің ашылу салтанатына фильмде Қожаны сомдаған Нұрлан Санжарұлы, Жанарды ойнаған Гүлнар Құрабаева, ­режиссер ­Абдолла Қарсақбаевтың баласы Тоқтар Қарсақбаев, балалар мен саябақ қонақтары қатысты.

«Бұл бір Қожаға қойылған ескерткіш емес, қара домалақ қазақ баласының жинақы образына қойылған ескерткіш», – деп бағалады Нұрлан Санжарұлы.

Айта кетейік, «Менің атым Қожа» – 1957 жылы жазылған, қазақ балалар әдебиетінің озық туындыларының бірі саналатын повесть. Авторы – ­балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаев. Ол украин, француз, литва, латыш, өзбек, орыс тілдеріне аударылған. 1963 жылы «Қазақфильм» студиясының осы шығармасы ­бойынша жазылған киносценарий экранға шықты.

Майя МҰРАТБЕК
 

1152 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы