• Мәдениет
  • 02 Маусым, 2022

УЫЗ ТӘРБИЕ: ТОЛҒАМ. СӘБИ ҮШІН ОЙЫН МЕН ЕҢБЕК ЕГІЗ

СӘБИ ҮШІН ОЙЫН МЕН ЕҢБЕК ЕГІЗ

Бірінші қағида (41). Ойын – уыз тәрбие­нің ұлы құралы. Cәби өмірді де, өнерді де ойын арқылы таниды. Еңбекке де, білімге де ойын арқылы келеді. Оның бүкіл өмірлік дағдылары мен ақыл-ойы ойын арқылы қалыптасады.

Біз әдетте ойын дегенде аяғы шығып, асыр салып жүрген баланы елестетеміз. Шындығында ойын адаммен бірге туып, ғұмыр бойына бірге болатын табиғи, әлеуметтік-мәдени феномен. Сәбидің туа салысымен аяқ-қолын қимылдатып, әртүрлі дыбыс шығарып, шалықтағанына дейінгі әрекеттерінің барлығында ойынның белгілері бар.

Адам өз ғұмырының алғашқы үш жылында өмірінің қалған кезеңінде ешқашанда болмайтын ғаламат жылдамдықпен өседі. Міне, осы буырқанған даму мезетінде сәбидің ойынға деген құштарлығы да жоғары болады. Сәби кезінде ойынға «тоймаған» баланың уызға жарымаған төл тәрізді мешеулікке ұшырайтыны тәжірибеде дәлелденген. «Қабырғасы қатпаған, буыны бекімеген, тілі шықпаған шақалақ ойынды қайтсін» деген ойдан аулақ болыңыз.

Ертеректе жаңа туған сәби ештеңені сезбейді, көрмейді, естімейді, ойлай да алмайды деген пікір үстем болып келген. Ал кейінгі зерттеулер сәбидің сезім мүшелерінің, тіпті құрсақта жатқан кезде-ақ қалыптасатынын дәлелдеді. Яғни сәбидің ең қарқынды даму кезеңі анасының құрсағында жатқан кезде болады. Өзіңіз ойлап көріңізші, бар-жоғы тоғыз айдың ішінде бүкіл адамзат дамуы жүріп өткен жолдан өтеді. Адам баласының осыдан кейінгі қарқынды дамуы үш жасқа дейінгі мерзімде. Және бұл мерзім ойын арқылы жүзеге асады.

Сәбидің алғаш көретін, ойнайтын әріптесі де, ойыншығы да – анасы. Сәби омырауды еміп жатып та ойнайды, анасының әрбір әрекеті мен ­дауыс ырғағына дейін ойын ретінде (ойын арқылы) қабылдайды. Баланы еркелету, аялап, сылап-сипау т.б. барлығы да ойын тәрізді жеңіл, ойнақы жүргізілгені балаға өте жағымды әсер етеді. Бұл орайда, сіздің қолыңыз, бет әлпетіңіз, күлкіңіз бен жүрісіңізге дейін балаға ойын құралы ретінде қызмет етуі ­керек. Сіз осы уақытта белгілі дәрежеде қуыршақ театрының әртісінің рөлін ойнайсыз. Тәжірибелі ана бұл рөлді шебер ойнай білген. Сонымен қоса, бұл кезеңде сәбидің қызығушылығын туғызатын арнайы ойын түрлері де бар. Мәселен, ағылшын педагог-тәрбиешісі Пенни Уорнер өзінің осы аттас кітабында үш жасқа дейінгі сәбилерге арналған160 ойын түрін жинақтаған.  Жарық дүние есігін аша салысымен сәби өзінің тіршілік иесі екендігін әрекеттерімен таныта б­астайды, ондай әрекет оның когнитивтік қызметі арқылы да, психикалық мінез-құлқымен де көрінеді. Баланың айналасын тануға, өмірлік дағдыларын қалыптастыруға байланысты талпыныстары ең алдымен ойын арқылы жүзеге асады. Сәби ойын кезінде айналасындағының барлығына еліктейді, соларды айнытпай қайталауға ұмтылады. Сондықтан сіз сәбиіңізді ойнату кезінде қимылдарыңыз бен ишараларыңызды, емеуріндеріңіз бен бет әлпетіңіздің құбылуын ойын барысымен, ойыншықты қимылдатуда түрлендіре  қолданыңыз. Міне, осы орайда, сәбимен өзі теңдес құр­бысы ойынға араласса тіпті тиімді болады.

Бала кез келген ойынды әлденеше рет қайталап ойнаудан жалықпайды. Ойынды қарапайымнан бастап, күрделендіріп отыру қажет. Бала алдымен көргенін бірнеше рет қайталап бойына сіңіреді, өзінің денесін билеп, нық қимылдауға үйренеді, басқа балалармен қарым-қатынасты меңгереді. Осы дағдыларға бойын үйреткен сайын, сәбиіңіз «тағы да, тағы да!» деген сөзді ­дамылсыз қайталайтын болады.

Ойын балалардың когнитивтік, ақыл-ой, психикалық мінез-құлқы, дене қимылы дағдыларын қалыптастыруға, қала берді әлеуметтік ортаға бейімделуге де ықпал етеді. Бәрінен бұрын баланың ақыл-ой, танымдық дағдысы дамиды. Бұл жаста бала ойымен де ойнайды. Тіпті түсінде де ойнап жүреді! Міне, балаларға ең алдымен қажеті оның танымдық дағдыларын қалыптастыратын теңдессіз құрал – ­ойын. Мәселен, сәби алғашқы сөзді бір жасқа таяғанда айтады. Бірақ осы алғашқы сөзді айтқанға дейінгі уақытта сәби елуден астам сөздің мағынасын түсіне алады екен. ­Демек, сәбидің когнитивтік ­дамуы алғашқы күннен бастап үздіксіз жүргізіледі. Сондықтан да ойынды уыз тәрбиенің басты құралы ретінде тиімді пай­далана отырып, мынаны есте ұстаған жөн:

Сәби өмірді өзінің бес сезім ағзасымен таниды. Оған көріп, естіп, иіскеп, дәмін татып, қолымен ұстап тану үшін назарына іліккеннің барлығын құштарлықпен зерттейді. Ол үшін ең жақсы ойыншық – осы бес сезіміне түгел әсер ететін, дамытатын ойыншық. 

 Сәби ойынның да, ойыншықтың да түрленіп тұрғанын жақсы көреді. Бірақ бұдан балаға үнемі тың ойын, жаңа ойыншық тауып беру қажет деген ұғым тумайды. Ең негізгісі сіз баланың жасына қарай ойын мен ойыншықты таңдай білуіңізде және бала ойынына барынша көп уақыт бөлу. Есіңізде болсын, ойыншық қаншалықты қарапайым, ойнауға ыңғайлы болған сайын, ойын соншалықты күрделі,  қызықты болады.

Мәселен, кішкентай балалар саз бал­шықтан (пластилинмен) әртүрлі фигура жасағанды ерекше ұнатады. Осыған байланысты Жапонияда балалар бақшасындағы балаларды бақылаған еуропалық педагог мынадай жағдайды баяндайды. «Мен алғашқыда жапон балаларының ойындарына түсінбеушілікпен қарағанымды жасырмаймын. Мысалы, құм мен саз балшықты араластырып илеп, домалақ шар жасап жатқан сәбилердің тірлігі мен үшін мағынасыз ойын сияқты көрінді. Бұл ойымды басқа әріптестерім де қолдады. Тіпті бір ағылшындық ана «балшықтың ішінде үсті-басын былғамасын» деп ұлын балабақшадан алып та кетті.

Ал балабақша меңгерушісі: «Мұндай ойын балалардың дамуына ерекше ықпал етеді, ересектер оны түсіне бермейді» деп бәйек болды. Бірақ таңдау еркіндігі баланың өзінде болса, ол ешқашан өзіне қызықсыз нәрсемен айналыспайтындығын біз естен шығарған едік. Өзі саздан жасаған шармен қызығып ойнай отырып, балалар бірде-бір кітап бере алмайтын білім мазмұнын ашады. Олар алдымен сазды зерттеді: оған қажетті қоймалжың жасау үшін су қосу керек екендігін, құммен араластырып илеп белгілі формаға келтіруге болатынын, күн сәулесінде қалса қатты кесекке айналатынын, осының барлығына қанша күш жұмсау керек екендігіне тәжірибелері арқылы көз жеткізді. ­Балалар, шарын бұзып, сындырып алған кезде шыдамдылық пен табандылық ­танытып, мақсатқа жету жолында төзімді болуға, ашуын басып, өзін тежеп ұстауды үйренді. Егер балалардың бірі абайсызда жасаған шарын басып кетсе, балалар жанжалды өзі шешуге ­тырысатын. Шары көбейіп, олардан әртүрлі құрастырма жасаған сайын соғұрлым масаттану сезіміне бөленеді. Осылайша, олар әрқайсысы жолдастарының ортасында беделге ие болып, өзара көмек дағдыларын қалыптастырды. Балалар жұмыс барысында бір-біріне сұрақ қойып ақылдаса отырып, ұжымдық қарым-қатынасқа түседі. Олардың бұл тірліктері өздері үшін аса мағыналы іс-шара болып табылады».

Сәби барлығына өз тәжірибесі арқылы қол жеткізеді. Ол ойнаған сайын өзінің қателігін түзеп, икемділігін арттырып, шеберлігін шыңдай түседі. Ойын кезінде балаға «олай істеме, бұлай істе» деген сияқты ескертуді айтпау керек. Ол бар­лы­ғын өзі істегенді ұнатады және солай болуы керек. Ол нәтижеге өз қателігін түзеп, еңбектену арқылы қол жеткізеді, содан ләз­зат алады, өз күшіне деген сенімін нығайтады. Ойын кезінде баланың тілі де, ойы да дамиды. Ойнап отырып ол өзімен де, ойыншығымен де, маңайындағы баламен де сөйлеседі. Ата-аналар да баламен көбірек сөйлесуге тырысуы керек. Оған ойын ережелерін, мән-маңызын ежік­теп түсіндіріп, кеңес беріп отырған жөн. Балалар сөз ойынына да өте әуес, мұн­дай ойынды да молынан пайдалану қажет.

Бостон колледжінің эволюциялық психологы Питер Грей ойын мен өзін-өзі оқытудың байланысын зерттей келіп: «Балаларға ойын ойнау, әлемді зерттеуге және ересек болу үшін қажетті білім алуға кедергі болмайды. Ойнау арқылы олар болашақта қажет дағдыларды дамытады: жолдастарымен қарым-қатынас орнатуды, мәселелерді өз бетінше шешуді, қорқыныш пен ашу сияқты эмоцияларды басқаруды үйренеді» деп жазады.

Ойынды білім алуға пайдаланудың тамаша үлгісін неміс халқы да көрсетіп отыр. Бүгінгі таңда Германияның барлық балабақшасында балалармен жұмыс ойынға негізделген. Ал 1970 жылдары елде мектепке дейінгі білім беру реформасы жүргізілген кезде балабақшаның көпшілігі тек жалаң білім беруге бағытталған болатын. Бірнеше жылдан кейін мұндай білім мекемелерінің түлектері ойын элементтерімен оқитын құрдастарынан артта қалғаны көрінді. Балабақшада білімді ойын арқылы  алатын балалар барлық пәнді, соның ішінде математиканы да жақсы игерді, жаңа ортаға да оңай бейімделді және мінез-құлықтары орнықты болды. Сонымен қатар олар оқуға деген қызығушылық пен тапсырмаларға шығармашылық көзқараспен қарайтындығымен ерек­шеленді. Сондықтан Германия үкіметі балабақшаларының барлығын ойын элементтерімен оқытуға көшірді.

Екінші қағида. Бізде, әсіресе ересектер арасында ойын мен еңбекті бір-біріне қарсы қоятын түсінік бар. Ал уыз тәрбиеде бұл екеуі бір-ақ ұғым. Сіз балаңызды ойнап отыр деп ойлайсыз, ал сәби үшін ол – әрі ойын, әрі еңбек.

Мәселен, сәбиіңіз кубиктерден үй жасап жатыр дейік. Әрине, сіз бала ойнап отыр деп санайсыз. Ал енді ойланып көріңізші, баланың осы ойынының құрылысшы еңбегінен айырмашылығы қандай? Құрылысшы өз жұмысын алдын ала жоспарлап, мақсат қойып, бар ықыласымен жұмыс істеп, өз еңбегінің нәтижесін көруге тырысады. Ал сіздің сәбиіңіздің «ойынында» осындай ­сипат жоқ деп айта аласыз ба? Баланың мақсатында да, ойын әрекетінде де, күтетін нәтижесінде де ешқандай айырмашылық жоқ. Айырмашылық тек олардың табиғи мүмкіншіліктерінде ғана. Ересектер өздерінікін «еңбек» деп, ал сәбилердікін «ойын» деп екі түрлі атайды. Ал сәби жастағы балалар үшін олар – егіз ұғым. Олар еңбек ете жүріп, ойнайды, ойнай жүріп еңбектенеді.

Демек, балаңыз қанша ойнап, еңбектенгісі келсе, сонша ерік беріңіз, бірақ оның еңбегінің пайдалы нәтижесін есептеп әуре болмаңыз. Балаға жұмыстың нәтижесі емес, ойын мен еңбек үрдісінің өзі қызғылықты. Біз, ересектер, әрбір жұмысты соңына дейін жеткізіп, әлдеқандай экономикалық пайдалы нәтиже күтуге дағдыланғанбыз. Бала еңбегі мен ересектер жұмысының айырмашылығы да осында. Баланың ойын-еңбегі экономикалық пайда әкелуді көздемейді, жеткіншектің ақыл-ой дамуы мен өмірлік дағдыларының қалыптасуына қызмет етеді. Оның пайдалы еңбекке ұласуы баламен бірге есейіп, пісіп-жетіледі. Бала жас кезінде ойын дағдыларын қаншалықты жақсы меңгерсе, оның нәтижесі соншалықты жемісті ­болады.

Балалар үшін ойын – әлемді танудың құралы. Олар ойнай жүріп өздеріне не ұнайтынын және нені ұнатпайтынын түсінеді. Бұл – қиялды шарықтатудың теңдессіз тәсілі: сәби өзін басқа адамдармен (анасы, әкесі т.б.) немесе тіршілік иелерімен (мысық, күшік, лақ, қозы т.б.) теңдестіруді, қиялымен өмірдің түрлі оқиғаларын елестетіп, қалпына келтіруді немесе жаңа қиялдағы әлем туғызуды үйренеді, бейнелі ойлауды меңгереді. Бұл баланың ойлау жүйесін, шығармашылық өрісін кеңейтудің ғажайып құралы. Бір-бірімен ойнай отырып, балалар алдыда болуы тиіс ықтималдылықты есептеуді және оның салдарын болжауды үйренеді, осылайша ойын бүлдіршіннің таным қабілетін, қисынды ойлау дағдыларын, келешекке жоспар құра алу мүмкіншіліктерін дамытудың қайнар бұлағына айналады. ХХІ ғасырдың жаңа адамына аса қажет болып отырған: тапқырлық, ұтқырлық, шығармашылық ойлау, күтпеген, тосын заңдылықтар ашу сияқты қасиеттердің тамыры осы балдәурен шақтың мөлдір бұлағынан нәр алады. Бала ойынды қаншалықты түрлендіріп шебер ойнаса, өскенде де тіршілікке соншалықты бейім болады. Өйткені өмір заңдылықтары мен ойын ережелері егіз қозыдай ұқсас келеді.

Ойынпаз балалар іс жүзінде өз өмірлеріне әлеуметтік зерттеу жүргізгендей күйді елеусіз басынан өткереді: олар рөлге еніп жаңа мінез-құлық дағдыларын барлап игеріп қана қоймай, сонымен қатар құрдастарын жаңа қырларынан таниды. Қатарластарымен ойнай жүріп, қарым-қатынас жасауды, түсініспеушілікті, одан туындаған жанжалдарды шешудің жолдарын өздері табады, бірі-бірінен жаңа сөздер үйреніп, тілін дамытады, ойын кезіндегі іс-әрекеттерде өзара жарысқа түсіп, шыныға түседі. Басқа балалармен қалыпты қарым-қатынас оған сенімділік сезімін ұялатады. Егер бала ойын ұжымына оңай кіріксе, ол ертең балабақша мен мектеп сыныптарына да еркін араласып кетеді. Әдетте, ойынпаз балаларда оқу мен ақпаратты игеруде, ұжымдық еңбекке араласуда қиындықтар туындамайды. Былайша айтқанда, ойын – бала үшін үлкен өмірге дайындалудың баға жетпейтін тәжірибе алаңы.

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарына дейін туылған ұрпақтың балалық шағының басым бөлігі табиғат аясындағы ойынмен өтетін. Олар компьютердің терезесіне телміріп, ғаламтордың ­шырмауына шырмалып үйде отырған жоқ, әсіресе ауыл балалары таза ауада, табиғаттың аясында асыр салып ойнаудың бақытын бастарынан кешті. Қала балалары да ауладағы спорт алаңдарында ойын ойнау­дан кенде болған жоқ. Соның арқасында олардың денсаулықтары мығым, ойлары ­сергек, білімге қабілетті болып өсті. Өткен ғасырдың соңында туған адамдардың балалық шағы мүлдем өзгеше болды: олар көрші балалармен бірге көшелерде «алаңсыз» доп қуалай алған жоқ. Соңғы онжылдықтарда жағдай тіптен өзгерді. Кейбір деректерге қарағанда 1980 жылдардан бастап 2020 жылдарға дейінгі қырық жыл ішінде балалардың достарымен үйден тыс өткізетін бос уақыты екі есеге жуық азайған.

Қазір балалар ата-аналары кешкі ас ішуге шақырғанға дейін далада асыр салып ойнап, велосипед тебе алмайды. Досымен ойнап сергіп қайту үшін көршінің есігін қағып тұратын балдырғандар да азайды. Есесіне жасөспірімдер мен жеткіншектердің қолындағы электронды байланыс құралдары ғарыштық жылдамдықпен өріс алып барады. «Джордж Кайзердің отбасылық қоры» деп аталатын зерттеу орталығының 2009 жылы жүргізген сараптамасы бойынша «бұған қазіргі балалардың күніне орташа есеппен жеті жарым сағатқа дейін уақыт жұмсайтынын» анықтаған. Мамандар жеткіншектер қолданатын құрылғылардың көп қызметтілігін ескере отырып, бұл санды он сағат қырық бес минутқа дейін көбейтуге болатынын айтады. Қазір ол одан әлдеқайда жоғары болуы тиіс.

Ойынға (әсіресе, табиғат аясындағы) деген уақыттың қалмауы балалардың физикалық және психикалық денсаулығына өте зардапты әсер етуде. Соңғы отыз жыл ішінде АҚШ-та семіздікпен ауыратын балалардың саны үш есе өскен. Өмірден оқшауланған балалардың жүйке сырқаттары да күшейіп барады. Әлемде «күйзеліс пен торығушылыққа» түскен жандарды емдеу­ге бағытталған, балалар антидепрессанттары мен психотроптық препараттарға деген сұраныс өлшеусіз өсуде (әлемде өндірілетін «риталин» дәрісінің 80%-ы АҚШ-та тұтынылады). Рахит, миопия және гиперактивтілік те кең етек ­жаюда. Таза ауадағы ойындардың болмауы­нан қазір кейбір бес жасар бала 1940 жылдардағы үш жасар баланың деңгейіне әзер жетеді. Дүниежүзінде жасөспірімдер арасында өзіне өзі қол салу (суицид) дерті жыл сайын асқынуда.

Сәбиді ойыннан пайдалы еңбекке ауыстырған кезде қандай жеңіл жұмыс болмасын, оның қалай атқарылатынын тәптіштеп түсіндіру керек. Және ол жасөспірімнің күнде көріп жүрген үйреншікті шаруасы болуы тиіс. Тіпті сол шаруаны олар сәби кезінде ойын ретінде ойнап жүргенін есіңізге алыңыз. Сәбилердің үйдегі алғашқы ойындары қуыршақ ойнаудан, ананың әкенің рөліне кіруден басталмай ма? Бір таңғаларлығы, көптеген ата-аналар балаларының өздерімен бірге дастарқанды, ыдыс-аяқтарды жинауға, еденді жуып, үйді жуып-шаюға, бақшаны түптеуге, суаруға, үй жануарларын бағып-қағуға араласуға дайын тұратындығын ескере бермейді. Егер ыңғайын тапса, оған балалар ықыласпен үйренеді және күнделікті өмірге ең қажет дағдыларды игереді. Сондықтан да балаларды әжетке жараған кезде үйдегі қарапайым шаруаға аралас­тыру олардың ойыннан еңбекке көшуіне жақсы әсер етеді. Әрине, ең жақсысы, баланы мәжбүрлемей, өз еркімен істеуіне мүмкіндік туғызу. Бүлдіршінді ойнауға үйретудің қажеті жоқ, ал үйдегі қарапайым шаруаға араластыру одан әлдеқайда қиынырақ. Ал өздерінің тауқыметті шаруаларын сәл де болса жеңілдету үшін қабырғасы қатпаған жеткіншектерді «күштеп жұмысқа жегу керек» деп санайтын ата-аналар, балаларын жабықтырып, жастайынан жасытып тастауы мүмкін. Еңбекті де жеткіншектер ойын ойнағандай ынтасымен кірісіп, қиналмай атқарса, нәтижесінің ләззатын татса, ары қарай оны өмірінің мәніне айналдырып алып кетеді.

Қазір жақсы табысы бар отбасылар көбінесе балаларын үйден тыс, күнделікті өмірден алшақ, қымбат қызығушылықтарға шектен тыс үйір қылатын болды. Мәселен, түрлі атракциондарға, ойын автоматтарына апарады, кинотеатрларға барады, қымбат, жарқылдақ ойыншықтарды, тым жас кезінде-ақ смартфондар мен планшеттер сатып алып береді дегендей. Әр нәрсенің мөлшері болады. Мұндайға да тым әуестік болмайды. Нәтижесінде, ондай ортада өскен бүлдіршіндер виртуалды өмірге әбден бауыр басып, өзімен өзі тұйықталған, ешкіммен тіл табыса алмайтын, ұжымдық ойынға да кірігіп кете алмайтын, өмірлік дағдылары қалыптаспаған, ертеңгі өмірге де дайындығы жоқ, дәрменсіз тұлға болып шығады. Қазіргі қоғамның да үлкен дерті осы болып бара жатыр.

Үшінші қағида. Сәбилерді өмірге етене араластырып, пайдалы еңбекке үйретіп, шығармашылық дағдыларын қалыптастыруға рөлді (драмалық) ­ойындар ерекше ықпал етеді.

Рөлді немесе драмалық ойындар бала шығармашылығын дамытудағы ең үздік тәсілдердің бірі деп ­санайды педагог мамандар. Шынында да, ­балалар тірлігіне мұқият көз жіберіп байқаңызшы. Олардың ес біле ­салысымен ойнайтын ойындарының барлығы рөлді ойындардан тұрады. Кішкентай сәбилер көзін ашып көргендерінің барлығын ойынға айналдырады. Қыз болса, анасының рөліне енеді, ұл сөз жоқ әкесінің кейпін бейнелейді. Олардың тірлігінің барлығын ойын кезінде айна-қатесіз қайталайды. Қыз қуыршағымен сөйлеседі, оны жуындырады, тамақтандырады, ұйықтатады дегендей. Ұл бала мәшинесімен де сөйлесіп, оның дыбысына дейін келтіріп, әкесінен немесе ­мультфильмдерден көргендеріне еліктеп сол рөлге кіріп кетеді. Балалардың өзара ойындарында да осындай рөл бөлісу, соны бейнелеу әрекеттерінсіз болмайды. Балалардың «таланттылығы» сондай олар өз рөлдеріне барынша беріліп, зор ынтамен, шебер орындайды.

Демек, ойын балалық шақтың сиқырлы әлемі, балалар өмірінің онсыз мәні жоқ. Бала үшін өмірдің өзі ойын. Балалардың өмір дағдыларын меңгеруінде, адами қарым-қатынасқа үйренуінде, ақыл-ой өрісінің кеңейуінде ойыннан асқан тиімді тәсіл жоқ. Бала ойнай жүріп өседі, ойнай жүріп дүниені зерттейді, ­таниды. ­Сонымен қоса рөлді ­ойындар балалардың тілін дамытуға, қарым-қатынас әдебіне дағдылануға, шығармашылық қиялын дамытуға барынша тиімді ықпал етеді. Сәбилер әртүрлі бейнеге кірген сайын оның әртістік қабілеті де ұштала түседі. Мәселен, бала біресе анасының, біресе әкесінің, апасы мен атасының, құрбыларының дауысын салады. Кейде мысық болып мияулайды, күшік болып үреді, қозы болып маңырайды деген сияқты. Осылардың барлығы бала дағдысының дамуына оң әсер ететін әрекеттер. Сондықтан да балаларды барынша рөлді ойындарға көбірек тартып, оларды ұжымдық ойындар ойнауға ынталандырып отырған жөн. Олар өздері жақсы көретін қаһармандардың киімін киіп, бет перде тағып, бет-аузын бояп сол рөлді ойнауға ерекше құштар болады. Мүмкіндігінше, ондай талпынысты қолдап, балаға таңдаған рөлін сәтті ойнауына мүмкіндік туғызған дұрыс.

Мәселен, сәби жастағы балалар қуыршақ театрын ерекше жақсы көреді. Бұл олардың табиғатына өте жақын. Мүмкіндік болса, сондай театрландырылған ойындарды үйде де ұйымдастыруға болады. Ол баланың шабытын оятып, басты рөлді өзі ойнап, тіпті спектакльдің сценарийін жазуға да араласып кетуі мүмкін. Ондай жағдайда сәбиіңіздің шығармашылық бұлағының көзі ашылды деп санауға болады. Яғни сәті түсіп, сәбиіңіз ­театр ойындарына қатыса қалса, оған бар ынта-ықыласымен кіріссе оның болашақ жолының даңғыл болатынына күмәніңіз болмасын.

Әрине, балалардың міндетті түрде пьесада рөл ойнауы немесе олардың бірдеңелерді зорлықпен жаттап алып қайталап жатуы басты шарт болып саналмайды. Бұл жерде, әңгіме, баланың дене қимылы мен сөз ойнату арқылы өзін көпшілік ортада еркін ұстауға дағдылануы жөнінде. Мұндай ойындардың ең басты құндылығы – топтың басқа мүшелеріне сәбидің өзін еркін таныта алу мүмкіндігінде.

 Дегенмен, театр қойылымдарына қатысу  балаға  бірден әсер ете қоймайтын ұзақ процесс болғандықтан, табан астында нәтижесін көре алмаған ата-аналардың шыдамсыздық ­танытып, қынжылыс білдіріп ­жататыны да болады. Көп жағдайда, балаларының ­театрда ойнағандарын қолдап,  ұзақ уақыт шыдағандардың табысты нәтижелерге жеткеніне ­мамандар көптеген ­мысалдар келтіреді. Сондықтан да сәби жастағы балаларды балалар ­театрына жиі апарып, реті келсе, театр ойындарына қатыстырудың маңызы зор.

Мұндағы мақсат біз жоғарыда атап көрсеткен музыка сабағындағы ­немесе шет тілін үйрету сабағындағы  тәрізді баланы нақты бірдеңеге үйрету емес, оның шексіз қабілетін дамытуға  қозғау салу. Рөлді ойындар да осындай мақсатқа қызмет етеді. «Аса көрнекті адамдардың балалық шағының кейбір қырлары» атты кітапта автор мынадай ұйғарым жасайды: «Бойындағы бар жақсыны барынша дамыту үшін, талант деңгейіне, әлеуметтік жағдайына немесе нәсілдік тегіне қарамастан, кез келген бала аса қамқорлықпен қарым-қатынас жасауға, ынталандыруға, көмектесуге лайық. Біз, ересектер осы түсіністікті оның жүрегіне дарытып, көмектесуге тиіспіз, ал бұл әркімнен берік төзім мен уақытты талап етеді».

Төртінші қағида. Баланың ойынсыз өмір сүре алмайтыны сияқты, ойыншықсыз ойнай алмайды. Ал уыз тәрбиеде ойыншықты таңдау және оның бала табиғатына оңтайлы болуының маңызы өте зор.

Қазір дүкендерде не көп, ойыншық көп. Сәби дүниеге келісімен ойыншық сыйлау әдетке айналды. Қазір сәбилер ойыншықтың көптігінен зардап шегетін жағдайға жеттік деуге болады. Әлеуметтік зерттеулерге қарағанда ойыншықты ең көп алатын ел Америка, одан қалды Еуропа елдері көрінеді. Ал балалар ойыншығын ең көп шығаратын Қытай елі. Мұндай ойыншықтар тасқыны Қазақстанды да жаулап алды. Ойыншықтардың қымбаттығына қарамастан ата-аналар сәбилерінің қалауын қанағаттандырудан ештеңені аямайды. Тіпті осының өзі қарқынды бәсекеге айналып бара жатқандай. Мұның пайдасы мен ­зиянын жан-жақты саралап, тиісті шешім қабылдауға ешбір ел әзірге мән бере қойған жоқ. Оның себебі балалар ойыншығын шығарып сату өндірістік бизнеске айналып кеткен. Өкінішке қарай, мұндай жағдайда балаға да, ата-анаға да үлкен салмақ түсіп отыр.

Күнделікті тірлікте дүкендерде балалар­дың өзіне ұнаған ойыншықты алғысы келіп, қиғылық салып жатқанын жиі көруге болады, шыдамы таусылған ата-ана ақыры сатып алып беріп құтылады. Ал педагог мамандарының көпшілігі ата-аналардың балаларының еркелік өтінішінен бас тартуы – олардың тәрбиелік ұстанымының беріктігін көрсетеді деп санайды. Психологтердің де көпшілігі баланың маңында қаптаған ойыншық болса, оның еңсесін басады, балаға біреуіне назар тоқтатуға қиындық келтіреді деп есептейді. Одан да бала бір ойыншықпен әртүрлі ойын ойлап тауып ойнасын. Оның қиялында қолына түскен кесінді ағаш немесе шәйнектің сынған қақпағы ертегідегі үйге немесе таңғажайып көлге айналып шыға келуі әбден мүмкін, бұл оған дүкеннен сатып әперген қымбат ойыншықтардан әлдеқайда қызық болады.

Осылайша, егерде баланың қалыпқа түспеген ойын, тапқырлығын дамытқыңыз келсе, оның сұрағанының бәрін сатып алып бере бермеңіз. Олай істесеңіз, кереғар нәтиже алуыңыз мүмкін.

Баз бір тәрбиешілердің бала тәрбиелеуде де бүгінгі күні оғаштау көрінетін өзіндік теориясы да бар. Ол жөнінде жапондық суретші өз тәжірибесімен былай бөліседі: «Мен оларға ешқашан дайын ойыншық сатып әпермеймін. Тек өздері қолдан ойыншық жасап алатындай қажет заттарды дайындап беремін. Тіпті олар одан ештеңе шығара алмай жылап отырса да, бәрібір ешкімнің көмекке келмейтінін түсінеді. Егер балалар ойыншықты шынайы қажет етсе, оны өздері жасап алуға тырысады. Мұндайда өз қалауын орындау үшін олар барын салады».

Дәл осылай жасамаған күннің өзінде бұл барынша мұқият назар аударатын тәжірибе. Қазір құрастырып небір тамаша заттар жасайтын қосалқы бөлшектерден тұратын ойыншық құрандысы көптеп шығарылуда. Осыны оңтайлы пайдалануға болады. Қандай ойыншық болмасын баланы ойлануға, ізденуге итермелейтін, оның шығармашылық қиялын дамытатын ерекшеліктері болуы тиіс. Бұл жерде, бөлшектелген құрастырмалы ойыншық баланың жас ерекшелік мүмкіншіліктеріне сәйкес келгені аса маңызды, әйтпегенде, ол бала мүмкіншілігіне жасалған әділетсіздікке айналып кетуі мүмкін. Балалар дүкендеріндегі әлем-жәлем, көз қарықтыратын ойыншықтар, тіпті, ересектердің өзін де қызықтырады. Біз баламыздың таңғажайып қуанышы үшін көк тиынымыз қалғанша аянбай шашыламыз. Бірақ бала жаңа ойыншықпен бірер минут ойнайды да, тез жалығып, лақтырып тастайды. Мұны ата-аналардың барлығы күнде көріп жүр. Өкінішке қарай, мұндайда оның тәрбиелік мәніне салғырттық танытып жатамыз.

Әрбір бала құлай жақсы көретін дайын ойыншық сирек кездеседі, өйткені ол оның табиғи ерекшелігіне, қоршаған шынайы әлеміне толық сәйкес келе бермейді. Ойыншықтың алуан түрлі бояуы мен тартымдылығы бала қажетін толық қанағаттандырады деп айту қиын. Мәселен, көпшілік балақай көп бөлшектерден тұратын құрастырмалы, бұрандалы, теміржол бойымен жүретін ойыншықпенен ойнауды ұнатады, поезд жүрісін тамашалап ұзақ ойнайды. Өйткені бұл көпшілік қала балаларына етене жақын құбылыс. Демек, балалар ойыншығы да өмірден алынған, күнделікті тіршілікке жақын болғаны да аса маңызды.

Бір кездері Монтессоридің идеясымен тұрмыстық заттардың шынайы бейнесін көрсететін сериялы ойыншық қатары құрастырылған. Оларды ұстап көруге, лақтыруға, бірінің ішіне бірін салуға, түймелеуге, ағытуға, ашып-жабуға ­болады. Бұл дағдылардың барлығы сәби үшін өмірде өте қажет. Педагогтың бұл ойыншықтары қазір әлем елдерінде кең қолданысқа ие. Сәби де өзін қоршаған заттарды аса қызығушылықпен зерттейді, олар «нәтижеге өз күш-жігерімен ­жетуге» аса құштар. Мұндай ойын оның шығармашылық еңбегінің қозғаушы күші, табысқа жету қуанышын сыйлайтын ләззатты әрекет.

Ересектерде ойыншықтың құндылығы жөнінде олардың «ақылды», «менмен» түсінігі бойынша қалыптасқан жаңсақ ұғым жиі ұшырасады. Үлкендер балаға кітап тек оқу үшін, ал кубиктер құрылыс құрастыру үшін керек деп ойлайды. Сөз жоқ, кітап пен кубиктер – баланың алғашқы қолына алатын ойыншықтары. Бірақ ол кітапты оқу үшін емес, ойыншық ретінде, ал кубиктерді де мүлде басқа мақсатқа пайдалануы мүмкін. Ересектер болса олармен қалай ойнау керек екендігін балаларға үйретіп, өз түсінігін тели бастайды. Бұлай істеу әсте дұрыс емес. Өйткені баланың ойы мен шығармашылық қиялын қақпайлауға ешқашан болмайды. Егер бала ересектерді тыңдамай, өз бетімен ойнай бастаса, оның немен, қалай ойнап отырғанына қарамай, өз мақсатына жетті деп санау керек. Оны түзетіп, қақпайлау деген сөз – баланың шығармашылық дамуына кедергі келтіру немесе оның ойынға деген ықыласын тежеу болып шығады.

Ол кітаптан туннель жасап ойнауы, оған сурет салуы немесе жыртып тастауы да мүмкін. Одан кітапты тек оқуды талап еткеннен гөрі, мүлде бермеген дұрыс. Баланың оқуға деген қызығушылығы оянған кезде, кітаптың оқу үшін екен­ді­гін оның өзі-ақ түсінеді. Белгілі бір мақ­сатқа ғана пайдалануға арналған дайын ойыншықпен бір сарынды ойын ойнау баланы тез жалықтырып жібереді. Қан­шалықты қымбат ойыншық болмасын, егер бала онымен өз қолымен ойына алға­нын жасай алмайтын болса немесе оны өзінің бай қиялына икемдеп түрлендіріп пай­далана алмаса, ондай ойыншықтың бүл­діршін үшін көк тиындық құны б­олмайды.

Әдетте жас әке-шеше тұңғышына толтырып ойыншық сатып алып береді, ал екіншісіне одан аздау, келе-келе олар балаларға басы артық ойыншықтың түкке керегі жоқ екендігін түсінеді. Одан да санаулы ғана, пайдалы ойыншық ­болсын. Балаға көзімен көріп, қолымен ұстайтынның бәрі ойыншыққа жарайды. Оларға жалпы ойыншық сатып алып берудің қажеті шамалы және одан тура «ережедегідей» ойнауды талап етудің де қажеті жоқ.

Жан-жағыңызға қараңызшы, ғасырлар бойына балаларға серік болып келе жатқан қарапайым ойыншықтың көптігіне таңғаласыз. Илейтін саз балшық, құм, қиюға арналған қағаз, әртүрлі кескіндеме ойыстыратын түрлі-түсті қағаз, қол арбаның, велосипедтің, сағаттың қосалқы бөлшектері босап қалған қорап, кәмпиттің қағазы т.б. толып жатыр. Бұлардың барлығына ортақ бір қасиет – олардың қатып қалған өзгермейтін пішіні де жоқ, пайдалану нысаны да жалғыз емес. Былайша айтқанда, оларды қалай қаласаң, солай икемдеуге болады. Сондықтан да олар интеллектісі жедел дамып жатқан жас сәби үшін ең тамаша ойыншық болып есептеледі. Ол мұндай ойыншықпен ұшқыр қиялына келгеннің бәрін жасай алады. Мәселен, әлі бір жасқа жетпеген сәбидің қолына саз балшық пен қағаз беріп көрейік. Әрине, алғашқыда ойында ештеңе жоқ сәби оны ешбір мақсатсыз, қолына ұстап, умаждап көре бастайды. Біраздан соң, қолындағы затты умаждаған сайын оның пішінінің өзгеретіндігіне назар аударып, оларды мыжғылап өзгерте бастайды. Міне, осының өзі бала үшін маңызы зор бастама. Бала саз балшық пен қағазды құшырлана мыжып, умаждағанның өзінен рахаттана ләззат алады. Біртіндеп оның санасында өз әрекеті мен оның нәтижесінің себепті-салдарлы байланысы бар екендігі жөнінде түсінік орнайды.

Келе-келе ол саз балшықтан әлдененің мүсінін, қағаздан қайық, ұшақ жасауға талпынады. Бұл ойыншықтан баланың жас ерекшелігіне қарай ең қарапайым заттарды да, күрделі денелерді де жасауға болады.

Жастайынан мүсін илеп, қағаз ­ойыстырып үйренген сәби өзінің құрдасынан басқа дағдыны игеруде оқ бойы озық тұрады. Бұл жерде мәселе оның илеу мен ойыстырып, құрастыруды ерте бастағанында емес, илеу, ойыстыру мен құрастырудың оның ақыл-ой дамуы мен шығармашылық қабілетін ерте оятуында болып отыр. Қолдың икемділігі мен өзін-өзі оятып, таныта білу – баланың илеу, ойыстыру мен құрастырудан игерген алғашқы және сан қырлы ­қабілет-дағдысы.

Демек, бала-ойын-ойыншық бірін-бірі толықтыра отырып, үлкен мақсатқа – өмір дағдыларын ойнай жүріп игеруге қызмет етеді. Бұлар балалық шақтың ажырамас құрамдас бөліктері. Олардың үйлесімді жарасымына аса мұқият болған жөн.

Бесінші қағида. Сәбидің қоғамдық ортаға бейімделуінде ұжымдық ойынның маңызы өте зор. Жалғыздықтан көпшілікке ұмтылу – адамзат дамуының ең басты ерекшелігі.

Висконсон (АҚШ) университетінің профессоры, доктор Хари Харлоу деген азамат маймылдың балаларының әлеуметтік байланысқа түсуі мен ол әрекеттердің ақыл-ойы мен әлеуметтік дамуға әсері жөніндегі зерттеу жасаған.

Алғашқыда доктор Харлоу маймылдың балаларын жан-жағы ағаш тақтаймен жабылған, ішінде тек қана сүт құйылған құтысы бар үйшікке отырғызады. Зерттеудің мақсаты – оңашада жалғыз қалған бала маймылдың өзін қалай ұстайтындығын бақылау. Енді оны үш айдан кейін тұрғыластарының ­арасына жібергенде, алғашқыда ол абдырап қалады, бір аптадан соң ғана ­батылданып, туысқандарымен асыр салып ойнай ­бастайды. Екінші тәжірибеде бала маймылды үйшікте алты ай бойына ұстайды. Енді оны топқа жіберген кезде ол үрейленіп, бұрышқа тығылады, бәрінен оқшауланып, ешкіммен ойнауға құлық танытпайды. Үшінші кезекте, маймыл баланы бір жылға дейін оқшаулап ұстайды. Осыдан кейін ол өзі сияқты оқшаулануда болғандармен де ойнай алмайтын дәрежеге жетеді. Ақыр соңында үйшікке осыған дейін жеке-­жеке отырған бірнеше маймылды топтап отырғызады да, араларына топтың ішінде еркін жүрген біреуін қосып қояды, соңғы қосылған бейшараның басқалар бұған жақындамаған соң жалғыздықтан жүйкесі сыр беріп, құса болады. Үйшікте жалғыз отырған маймылдардың ақыл-ой даму коэффиценті еркіндікте жүргендерден әлдеқайда төмен болып шығады.

Мамандар аталмыш мағлұматтарды адам баласына да тікелей қатысты екендігін ескеріп, айналасымен қарым-қатынастан қалған сәби ақыл-ойы кеміс, мінезі ауыр, қияңқы болып шығады деген қорытынды жасайды. Қазіргі адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасы азайды. Бұл, сөз жоқ, бала тәрбиесіне де кері әсерін тигізбей қоймайды. Осыны ескере отырып, жоқ дегенде балалар үшін болса да аналардың сәбилерін ерте барып жиі басқосу жасап тұрғаны жөн болады.

Адам – қоғамның жемісі, ол одан тыс өмір сүре алмайды дегенді жиі айтамыз. Дегенмен адамды тек ұжым болып өмір сүру инстинктісі ғана басқармайды, оның өзіндік «мені» де зор рөл атқарады. Осылайша ол үнемі қоғам мен жеке басының арасындағы үйлесімдікті іздеп тұруы тиіс. Кім де болса басқамен қарым-қатынасқа түскенде өз басының бостандығын алдыңғы орынға қояды, ұжыммен осындай тең дәрежедегі байланысты қалайды. Егер мұндай тепе-теңдік сақталмаса, ол қоғамға кірігіп кете алмайды.

Бұл үйлесімділікке жетудің тетігі, ең алдымен, ерте жастан берген тәрбиеге тәуелді болады. Оған тек қана ерте қалыптасқан қарым-қатынас стереотипінің негізінде ғана қол жеткізуге болады.

Жоғарыда айтқанымыздай, баланы алғаш қарым-қатынасқа түсіретін анасы екендігі белгілі. Сондықтан да сәбиіңіз туғаннан бастап тілдесіңіз, оған сіздің әрбір сөзіңіз, қимылыңыз, әлдилеуіңіз бен бауырыңызға басып, көтеріп ойнатқаныңыз – бәрі-бәрі ерекше маңызды. Оған күн сайын жаңа ақпарат, айналасындағыларды жан жылуы ауадай қажет. Балаңыздың сізге көз тоқтатып қарағанын, шалықтап күлгенін, былдырлап дыбыс шығарғанын – ешқайсысын назардан тыс, жауапсыз қалдырмаңыз. Ол сәбидің сізбен «байланысқа шыққан» алғашқы белгілері, оны іліп алып дамыта беру керек. Дәл осындай сергек сезімталдықты отбасының басқа мүшелері де жасап отыру тиіс. Әкесі, атасы мен әжесі, аға-бауырлары, апайлары сәбиді кішкентайынан зеріктірмей қолпаштап отырса оның ортаға бейімделуі тым ерте басталады. Ал нәресте аяғынан қаз тұрып, тілі шығып сөйлей бастаған сәтте оған деген қолдау тіптен күшейе түсуі керек. Міне, осындайда көп құрамды отбасының маңызы одан сайын арта түседі.

Жеткіншектер бойында қарым-қатынас стереотиптерін қалыптастыруда ұжымдық ойынның маңызы ерекше. ­Шамамен екі жастан кейін балаға өзімен-өзі жалғыз ойнау қызықсыз болып қалады, енді ол басқалармен араласуға талпынады. Сәбидің өзі құралпас баланы көрсе, ересектерді тастай салып соған жақындауға ұмтылатынын жиі көреміз. Міне, осы сәттен бастап ол басқалармен қарым-қатынас жасау инстинктін ашық көрсете бастайды. Сондықтан бұл ­жаста оның өз құрбыларымен ойнауына ­барынша жағдай жасау керек. Ұжымдық ойынға жаңа кірген бала алғашқыда өз ойындағысы орындалмаса, байбалам салып жылауы мүмкін, келе-келе басқаның мүддесімен де санасуға тура келетініне тез көндігеді. Қолындағысын өз еркімен беріп, ойыншығымен бөлісіп, құрдасын ойынға өзі шақыра бастайды. Ол бірде бейбіт ойнап, достарымен тату болса, енді бірде араздасып, шекісіп қалады, осылайша біртіндеп ұжымда өмір сүру дағдыларын игереді.

Сәбилердің арасындағы араздасуға ересектер түсіністікпен қарап, мүмкін­дігінше араласпауға тырысуы керек. Ол – балалар табиғатында болуға тиісті құбылыс. Бүлдіршін кейін үлкен өмірде болатын қайшылықтар мен тартыстарды ушықтырмай шешуге осы кезден бастап үйренеді. Бір жағынан ол баланың жеке бастамашылдығын, тұлғалық қасиеттерін де дамытады.

Балалар арасындағы араздық мынадай үш сипатта өрістеуі мүмкін: алғашқысында бала қарсыласына өз өктемдігін көрсетеді, келесіде ол қарсыласына жол береді, үшіншісінде қарымтасын қайтарады. Араздықтың әр түрі балалардың белгілі жас ерекшеліктеріне тән болып келеді. ­Мысалы, әдетте, екі жастағы бала араздасудың белсенді қатысушысы ­болмайды, ал үш жасқа толғанда ол оны өзі арандатып ­бастайды. Бұл дегеніңіз, оның өзіндік «мені» қалыптасып, айқын көрініс берді деген сөз.

Балалардың арасындағы келіспеу­шіліктің әр алуан себептері бар: ойыншық, шана, әткеншек үшін талас немесе сөзбен намысына тию, қалайда араздасу себепсіз болмайды. Балаға себебін түсіндірмей, бас салып неге төбелестің деп ұрсып беру немесе жалаң ақыл айту оны өзара түсіністікке жетелемейді. Тіпті балалардың араздасуына үлкендердің орынсыз араласуын – олардың ұжымда өмір сүру инстинктісінің дамуына кедергі жасау деп санауға болады.

Балалардың өз ой қисыны бар, олар бір-бірімен өздерінше араласады. Бұл жерде ересектердің ой қисынына орын жоқ. Егер сіз балалардың араздығын ересектердің көзқарасымен бағалайтын болсаңыз, оларға «төбелесуге болмайды, кімде-кім басқа біреумен араздасатын болса, ол –жаман бала», – деп айтқан үгіт-насихатыңыз балаңызды нандырмайды, ол ішінен тынып, сізге ызаланып, тұйықталып қалады. Араздасу – ұжымдасып өмір сүрудің алғашқы сабағы.

Қорыта айтқанда, ұжымдасып өмір сүрудің әліппесі де уыз тәрбиеден басталады. Сәбиіңіз көпшіл, қоғамшыл болып өссін десеңіз, балалардың ортасынан алшақтатпаңыз.

Кенжехан МАТЫЖАНОВ

(Жалғасы бар)

1220 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы