• Әдебиет
  • 02 Маусым, 2022

Ата-анамның ізі қалған Нарында

Өсербай Қарасаев 

КӨҢІЛДІҢ БІР СӘТТЕРІ

 

Кәрілік келіп біз де бүгін

олпы-солпы киіндік,

Сенің қазір жайың қалай, Сүйіндік?

Қара ормандай халқың қайда, Сүйіндік?

Бір кездегі даңқың қайда, Сүйіндік?

Қонақжайлық салтың қайда, Сүйіндік?

Қайда сенің өнер сүйген ұлдарың,

Көз тартатын үлбіреген қыздарың?

Аспаныңнан зымыран зулап өткенде,

Сезіндің бе сұм дауылдың ызғарын?

Жандар қайда күлкі ойнаған жүзінде,

Қуаныштың көре алмадық ізінде.

Азып-тозып өрттен қайтқан адамдай,

Тәлтіреген жайымыз бар біздің де.

Бір қуанып, бірде жылап күйіндік,

Балалығым, жастық шағым зымырап,

Өзіңде өтті айналайын, Сүйіндік.

Ата-анамның ізі қалған Нарында,

Орының бөлек менің үшін Сүйіндік.

Соры қалың сортаң жердің бетінде,

Полигоннан соққан желдің өтінде,

Өлсем орным ата жұрттан табылар,

Кең қорымның мен жатармын шетінде.

 

БӘРІ ӨЗІҢНІҢ ҚОЛЫҢДА

 

Жалт етіп бір қараған,

Ағып өткен жұлдыздай,

Мәңгі есімнен шықпайтын,

Бұйырмаған бір қыздай,

Өтіп барады өмірім,

Көтерілмей көңілім.

Көріп жүрмін тірліктің,

Ауыры мен жеңілін.

Еркелетіп біреуді,

Өкпелетіп біреуді,

Көтерілмей көңілім,

Өтіп жатыр өмірім.

Жолдас-жора азайды,

Сағынатын, жоқтайтын,

Бекет жақын қалған ба,

Мәңгілікке тоқтайтын.

Қой, төсектен тұрайын,

Көтерші деп көңілді,

Қосағымнан сұрайын.

Үміттің желі ескендей,

Уайымның бұлты көшкендей.

Келер шақтан сескенбей,

Сенімге мойын бұрайын.

Не тұрса да жолымда,

Бәрі өзіңнің қолыңда,

Құдіреті күшті Құдайым!

 

***       

Елге ештеңе бермеген,        

Қиындық түсіп басына,

Бір ашығып көрмеген,        

Алыста жатқан ауылдың,       

Қайдан білсін қадірін.        

Табыс тауып ептеген,         

Елден ұзап кетпеген,        

Өмір атты өлкенің,          

Сынағынан өтпеген,         

Жер ананы ардақтап,         

Қадіріне жетпеген,         

Жігіттер жүр көптеген.         

Алмағайып заманда,         

Елді тонап кеткендер,         

Әкімдікті сатып ап,         

Билікке қолы жеткендер,         

Келе қалса ауылға,         

Не бетімен қарайды,         

Азып-тозған қауымға.         

Кім боп кеттің ағайын,

Оңатұғын түрің жоқ,

Жаның ашып халқыңа,

 Ел басқарар бірің жоқ.

 Шешілмеген түйін көп,

 «Әттеген-ай» дегізген,

Қателіктер қаншама,

Елге таяқ жегізген,

Еріккеннен айтпаймыз,

Ащы шындық шыңғырып,

Бізге осылай дегізген.

1449 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы