• Мәдениет
  • 02 Маусым, 2022

Бұл қандай «Махаббат»?

Адамзат өмірдің басын жақсылықтың бастауына балап, тоқтаусыз әңгіме арқауы етеді де, соңы туралы көп айтпайды. Тіпті «жаман айтпай, жақсы жоқ» деп мәтелдететін қазақ өлім туралы көп сөз қозғамайды. Бірақ айт, айтпа, өмірдің басы мен соңы болатыны заңдылық. Австриялық атақты режиссер Михаэль Ханекенің «Махаббат» деп аталатын фильмі осы айтуға жүрексінетін, айту былай тұрсын, ойлағың келмейтін тақырыпқа арналған. Өлім туралы болса, онда неге фильм «Махаббат» деп аталған? Жақында журналист әріптесімнің анасы бақилық болды. Ол он бала өмірге әкеліп, бағып-қағып, әрқайсысын бір-бір шаңырақ еткен, Құдай қосқан қосағымен шәй деспей, өмір сүрген қазақтың қарапайым анасы болатын. 

«Ғұмыр бойы бес мезгіл намазын қаза қылмай, аппақ жаулығын кір шалдырмай, жанын да, тәнін де таза ұстауға тырысқан анам ажалды да сабырмен қарсы алып, бала-шағасымен бақұлдасып, ризаласып аттанды. Балалары кезек-кезек аузына су тамызды. Әкеміз анамызды өмірінің соңына дейін алақанына салып аялады. Ауырғанда сүйеніш болды. Жанынан бір елі ұзаған жоқ. Қас-қабағына қарады. Махаббат деген осы болар?!» – дейді әріптесім анасы туралы еске алғанда.

Рухани кемелдікке жеткен қазақ қарттары осындай. Өлім туралы айта қоймаса да, қам жасайды. Бір-бірін қадірлеп, көзі жұмылғанша демейді, қамқор болады. Бұл – жазылмаған заңдылық. Адамгершілік заңдылығы. Сүйіспеншіліктің көрінісі. Махаббаттың мәні бәлкім...

Ал енді Михаэль Ханекенің ­«Махаббатына» оралайық. Фильмде ұзақ өмір сүрген Анна мен Жорж есімді қос қарияның ғұмырының соңғы сәттері көрсетіледі. Өмірін музыкаға арнаған жоғары білімді қос қария ешнәрсеге мұқтаж емес. Тұрмысынан бақуатты ­отбасы екені аңғарылады. Рухани жұтаңдық та сезілмейді. Кітап оқып, қолтықтаса концерттерге барып, әр күнін мағыналы өткізетін кеуделері құндылыққа толы қариялар еді...

Бір күні Анна инсульт алып, ауруханаға түседі. Оң қол, оң аяғы сал боп қалған Анна үйіне мүгедек арбасымен оралады. Өмірдің күтпеген жерден жолыққан бұл сынағына ерлі-зайыптылар дайын болмаған тәрізді.

Алғашында отағасы әйеліне көмек­тесіп, дертпен күресуіне де қол ұшын созып, жанынан табылады. Бір сәтте бөгде адамның көмегінсіз қозғала алмайтын ғаріп жанға айналған сұлу да сырбаз Анна бұл күйге көндіге алмай қиналады. Тек қана күйеуінен өзін ауруханаға жатқызбауын өтініп, уәдесін алады. Күннен күнге хәлі нашарлаған Анна бір күні тіпті сөйлеуден қалады. Санасы сау болғанмен тәнін игере алмай азап шеккен әйел мұндай өмірден гөрі  өлуді құп көреді. Жанына күтуші жалдап, күтуші жоқта өзі көмектесіп, әйеліне қамқорлық көрсеткенмен, қарттықтан әлсіреген Жорж бірде әйелінің өзін мұндай азаптан құтқарудың жолы өлім екенін сездіріп, нәр татпай қойғанына шыдамай, ашу үстінде ұрып жібереді. Қорғансыз жанға қол көтереді.

Бұл сцена ауру зайыбына қамқор боп отырған жанның бәрібір ауыр сынақ төзімін тауысқанын көрсетеді. Адамның төзімі күйреуік екенін шебер жеткізеді.

Ауруы асқынып, тән азабы шыдатпай аласұрған Анна қиналып жатқан сәтінде түсініксіз былдырлай, үнемі «Мама!», «Мама!» деп жанұшыра анасын шақырып жатады. Бұл картина жүрегіңді шым еткізеді. Адам баласына қандай жағдайда да анасынан артық қамқор жанның болмайтынын режиссер қандай шеберлікпен көрсеткен десеңші... Ал қариялардың жалғыз қыздары Изабель Юппер болса, анасының хәліне жаны ашып, жылағаннан басқа ешбір әрекет етпейді. Қазақша түсінікпен айтсақ, анасының аузына су тамызып, күтуге уақыт таппайды. Анасы мен қызының арасында мүлде қарым-қатынас жоғы таңғалдырады. Әкесімен де солай.  

Өмірлерін өнерге арнап, шәкірт тәрбиелеп, тіршіліктің тәтті дәмін татудай-ақ татқан ерлі-зайыптылар қарттық кезеңдегі бейнетпен бетпе-бет келгенде осындай күйге түседі.

Режиссер фильмде үйге көгершін кіріп кетіп, Жорждың оны қуалап жүретін сәтін бірнеше рет көрсетеді. Еуропа халықтарында көгершінді ажал құсы деп санайтын түсінік бар. Демек, көгершіннің қайта-қайта терезеден үйге кіріп кете беруі есіктен ажал сығалап жүр дегенді білдіре ме? Олай деуге де болатын шығар. Бірақ бұл жерде Михаэль Ханеке басқа нәрсені айтқысы келген сияқты.

Жорж қарттың төзімі сыр береді. Өлім төнген сәттің азабы мен бопсасына ­шыдамайды. Осы арада мәртебелі оқырман Жорж қария өзіне қол салатын шығар деп күткен болар? Жоқ, қарт құдай қосқан жарына жақындаған ажалды өз қолымен жеделдетеді. Құстың өзін өлтірмей ұстап алып терезеден ұшырып қоя беретін Жорж қария дәрменсіз ­Аннаны жастықпен тұншықтырып, ­жанын ойланбастан қия салады. Ақырғы сәтке дейін күтуге, соңғы сағаты соққанша аялауға сабыры жетпейді.

Жаратқанның пендесіне жүктеген бір аманаты – жүректегі махаббатты өшірмеу. Соңғы демің қалғанша айналаңа сәулеңді төгу. Ол сәуле өшкен сәттен бастап, зұлымдық үстемдік құрады. Ал Жорж не істеді? Әйеліне қамқор болды. Ілтипатты болды. Бірақ... әлдебір салқындық лебі бәрібір сезілетін еді. Фильм басталғаннан ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген жылы сезімін көрсететін деталь таппайсыз. Салқынқандылық пен шаршаңқы көңіл-күй аңғарылады. Жорждың ­ауырып жатқан әйеліне деген шынайы аяушылық сезімін іздейсің. Тіпті екеуінің шаттана қуанғанын немесе мұңданып, қайғырғанын, жылағанын көрмейсің. Ұзақ жыл бірге өмір сүріп, қартайған шақта сезім атаулы адамнан безіп кете ме әлде? Әлде ол сезім жарықтық Жорж бен Аннада әу баста болмаған ба?! Иә, Жорждың әйелін ауру азабынан құтқарам деп оп-оңай тұншықтыра салғанына қарағанда, солай болар... Махаббат деген кеудеңнен жаның шыққанша сөнбесін деп аманатталған киелі сезім, құндылық емес пе еді?!

«Өмірдің басы сайран, соңы ойран» деген осы болса керек.

Қалжыраған, еңселерін қайғы басқан жандарда махаббат бола ма?! Әлде ­махаббат, сезім адам бойында он екі мүшесі сау кезінде ғана ма? Егер осылай болса, әділетсіздік емес пе...

Фильмде Жорж бен Аннаның пәтерінен ұзамайсың. Қайнаған өмір, қызу тіршілік көрсетілмейді. Бұл кез келген адамның түптің түбінде бетпе-бет келетін сағатын өмірден үзіп алып, қайнаған тіршіліктен тыс көрсетуі – режиссердің шеберлігі. Айтпақшы, кинода бір таңғаларлық эпизод бар. Ауырып жатқан Анна жұлдыз жорамал оқып, ертеңіне үмітпен көз салса, Жорж «жорамалға сенуге болмайды» деп үмітін сөндіре салады. Тағы бірде қызы ­Изабель Юппердің «Әке, енді не болады?» деп анасының денсаулығы жақсара ма деген үмітпен қойған сұрағына, әкесі «Аптасына үш рет күтуші келеді» деп салқын жауап береді. Мұның астарында «Жағдайы одан әрі нашарлай береді, түбі өледі» деген сөз жатқандай еді... Сонда бұл қандай махаббат?!

Кей киносыншылар Жорждың әйеліне қамқорлығын, қызын да жолатпай, өзі қарағанын, тіпті азаптан құтқарып, өлімге қиғанын махаббатқа беріктігі депті. Мен ол пікірмен келісе алмадым...

Бір күндік сәуле..

Бір күндік жарық мекенім!

Мәңгілік түнек –

қапасқа қалай кетемін.

Келмейді-ау тілім...

Өлгеннен сұра дер едім,

Тірі жандарға,

Өмір дегеннің не екенін.

Өмір дегенге,

Тірлікте, сірә, жетер ме ой,

Жарық сәуледен басқаның

бәрі бекер ғой.

Бекер ғой бәрі,

Бекер ғой бәрі – бөтен ғой

Өмір дегенің – бір күндік

Сәуле екен ғой!

Мұқағали ақын осылай дейді. Ал Хане­кенің кейіпкері әйелін ауру азабынан құт­қарам деп, жарық сәулесін сөндіріп, мәңгілік қапастың есігін ашып береді...

Кино сюжетіне тоқталмауға тырыс­тым. «Өмірдің мәні, махаббаттың мәні не?» деген сұраққа жауап іздесеңіз, ­жауабын осы фильмнен табасыз.

Михаэль Ханекенің 2012 жылы түсірген бұл фильмі – Канн фестивалінің бас жүлдесі «Алтын пальма бұтағын» және «Оскар» сыйлығын иеленген үздік туынды. Таратып айтсақ, Оскардың үш бірдей жүлдесін: «Шет тіліндегі үздік фильм», «Үздік сценарий», «Үздік режиссер» ­номинацияларын жеңіп алған картина.

Айнұр МҰРАТОВА

1659 рет

көрсетілді

10

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы