• Тұлға
  • 02 Маусым, 2022

162 ОЛИГАРХ және БЕКЕТ

АҚТАРЫЛСА – ҚАЗЫНА,

АЙТСА  – АЙЫР КӨМЕЙ ШЕШЕН

«Қазығұрттың басында кеме қалған...»

Бұл аңыз-әпсананы арқау етпеген қаламгер ия аузына алмаған адам қазақ жерінде жоқ болар-ау. Сол әулие мекенге көптен бері былтыр күзде жол түсті. Ол енді басқа гәп.

Қазығұрт табаның тигеннен-ақ кісіні түрлі толғанысқа түсіретін жер. Бұл өңірде туып, оның киесі мен иесіне табынып өспеу, әрине, күпірлік болар еді. Біздің кейіпкеріміз, Алашқа аты мәлім ардақты азамат Бекет Тұрғараев та осы өңірдің Талдыбұлағында дүние есігін ашты. Біз білгенде Бекең кім еді? Әу баста журналист болғысы келген. Уақыт өте келе, сірә, бала күнінде көп қиындық, қияметті көріп өсті ме екен, ия қатал тағдырдың диктовкасы ма, елдің құқын қорғайтын заңгер болуды қалаған шығар дейді біздің түйсік. Әйтеуір бала жастан қатып қалған қағидатты бұзып, жарып жұмыс істеуге бейімділігі оның ­бойында өзіндік мінез қалыптастырғаны анық. Сот ­саласына сол мінезбен келіп кірді. Қатал жүйені адамгершілік, гуманистік қағидаттарына бағындыруға талпынды. Бұл салаға қара қылды қақ жарған билердің мектебі деп қарады. Қайда барса да кабинетінде үш бидің суреті тұрды. Мақсат – жұртты сот ісіне деген  ескі ойлау жүйесінен арылтып, сенімді күшейтіп, үмітін үкілеу. Сол үшін де сот жанынан Алқа билер кеңесін құрды.

Кеңсешіл, кабинетшіл емес, көппен жұмыс істейтін көпшіл болуға ұмтылды. Төраға болған адамның орны төр екен демеді. Шенеунік шеңберінен алып шыққан сол қасиеті бүгінгі шыққан биігіне тұғыр болды. Сырт көзге сұрапыл, сұсты көрінетін сот ісіне шығармашылықпен қарауға бет бұрып, іңкәр ізденістерді іргелі ізденістерге жалғады. Ол үшін үздіксіз оқуды қолға алды. Өмірден де, өзгеден де көп үйренді. Бар ілімнің бастауы кітапта екенін бағамдап, сот үйінен алдымен кітапхана ашуға қол жеткізді. Кітапхана қоры тек құқық емес, көркем әдебиеттермен де толықты. «Бұлай болмайынша дертті қоғамда дені сау сот құру мүмкін емес. Ол үшін санаға сілкініс әкелетін рухани дүмпулер қажет. ­Демек, алдымен ауруды емес, адамды емдеу керек» деген мәселені қабырғасынан қойды. Дала дипломатиясының даналары, демосфендері басты оқулығы болды. Топқа түссе тіліп түсетін билердің жолымен жүрді. «Заңы дамыған елдің өзі де дамиды» дейтін көне грек тәмсілі де жадында жүрді. Аса зиялы, зияткер ­Зиманов, сара Сартаев ұстаздарының ұлағаты және есте. Абайдың қара сөздерін жатқа айтты және ол жазу үстелінде тұратын кітапқа айналды. Әр іске Ахаңша айтқанда, артымызда қазы бар деп қарады. Бұдан соң даналық дәптерін парақтап, ұлттық құндылықтармен қаруланған адамнан мейірім мен ізгілік қайдан қашсын. Адам тағдырымен жұмыс істейтін заң  адамын жөнсіз қаталдықтан құтқаратын да осы бағыт еді. Солай болды да. Қалай болғанда да бала күннен армандаған руханияттан алыстаған жоқ.Осы арманы оны қай ұжымды болса да қатал тезіне салмай ізгілікпен басқаруға жеткізді. Қызмет барысында байқалып қалып жүретін шаппа мінезді мейірімге мойынсұндырып отырды. Отырған жері осындай ізгі ой орнына айналып шыға келді. Бұл сырт көзге де білініп тұрды. Келген жанның көзі бірден атасын көргендей төрдегі үш бидің портретіне түсетін. Мұндайда салқынқанды болуға тиіс әңгіменің өзі бірден сабырлы қалыпқа түсіп сала беретін. Халықтан жасыратын ештеңе жоқ. Алғашқы демократиялық жаңғырулар басталғанда әу ­бастан іргетасы мықты Тұрғараев басқарған ұжым  оған осылай рухани, моральдық, адамгершілік принциптері тұрғысынан іштей таза дайындықпен кірісті. Сот ісіне жариялылықты енгізуге қиындық туатындай  негіз жоқ еді.

Шымкенттегі Дзержинский аудандық сотының төрағасы жұмысқа соны серпін алып келді. Сот ғимаратына күрделі жөндеу жүргізіп, тұңғыш рет республика бойынша жаңа ­заман талабына сай техникалық қүралдармен жабдықталды. Оның озық тәжірибесі облыстық, республикалық, тіпті халықаралық семинар, кеңестерге ұласты. Соның нәтижесінде Дзержинский аудандық соты елімізге үлгілі базалық сот деп танылып, оның жұмысы республикаға үлгі ретінде таратылды. Еңбегі еленіп, Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген заңгері, құрметті судья атанды. Бұдан кейінгі Шымкент, Солтүстік Қазақстан облыстық сотының, Республика ­судьялар Одағының төрағасы болған жылдардағы жанкешті жұмысы бір емес, бірнеше кітаптың арқауы болар еді. Тұрғараевқа тән бір ерекшелік ол БАҚ-пен тығыз байланыста жұмыс істеді. Құқық саласындағы әділетсіздіктермен күресу үшін баспасөзге жүгінді. Бас прокурор М.Нәрікбаевтың қолдауымен «Заң және заман» журналын шығарды. Шығарып қана қоймай, өзі де қолына қалам алып, сот реформасы, мемлекеттік тіл жағдайы турасында бетің бар, жүзің бар демей өткір жарияланымдар жазды. Қамшымен бірге қаламды да қатар ұстады. Бес жүзден астам ғылыми зерттеу, танымдық мақалалардың авторы. Ғылыми кеңестің шешімімен «Атқарушылық іс жүргізу құқығының теориялық проблемалары» атты докторлық диссертациясы жоғары және арнайы орта оқу орындарына оқулық ретінде енгізілді. Қай сала ақсап жатқан болса, ол мәдениеттің кемшіндігінен деп білді. Сондықтан да оқып отырмаса ой тоқырайтынын әу бастан санасына сіңірген Бекең халқымыздың  тарихи, рухани даму деңгейін де үнемі сүзгіден өткізіп отырды. Ақтарылса – қазына, айтса – домбыраның шешен пернесіндей  айыр көмей ділмар Тұрғараевты осы артықшылығы жылдар өткен соң оны руханияттың босағасына байлайтынын өзі білді, бәлкім, білмеді. Алда елдің назардан тыс қалып, қолға алынуға тиісті құндылықтары артылып, қаңтарылған алып кеме – Руханият тұрды. Ол Тұрғараевты күтіп тұр еді.

 

БАЙ КІМ?

БАЙЛЫҚ ДЕГЕН НЕ?

Әзелден басқасын былай қойғанда қазақтың үш тірегі, сүйеніші – асыраушы бай-бағланы, жаудан қорғар батыры, топқа түсер биі еді. Қазақтың біртұтас ел, мемлекет болып қалыптасуында осы үш фактордың маңызы да зор болды. «Бай болып халқыңа пайдаң тимесе, байлығыңнан не пайда, батыр болып жауға найзаң тимесе, батырлығыңнан не пайда?» деп Әйтеке би айтқандай, тақырыбымызға тура тартсақ, ұлттық буржуазияның ірі өкілдері, биік тұлғалары туралы аса сараң жазатынымыз да өкінішті. Голощекиннің тұсында байларды тап ретінде жоюды мақсат етіп, 1928 жылы 27 тамызда «Байларды тәркілеу туралы» атақты қаулы шыққаны мәлім. Үндістерді негізгі түлігі бизоннан айырғаны тәрізді, қазақтың байларын жылқыдан айырды. Бай бетіне қарап отырған кедей-кепшік қырылып қалды. Алғашқы кезекте 200-ден астам байдың мал-мүлкі тәркіленіп, итжеккенге айдалды. Қашқаны қашып үлгерді.Ал сол қазақтың байы кім еді? Елге пана, кедейге қамқор еді? Сондай байдың бірі семейлік Қаражан Үкібаев туралы айталық. Бұл кісінің 11 мың жылқысы болған.

Әдетте ірі байлар ұсақ малды есепке алмайды, айтпайды да. Жылына 1,5 миллионға дейін ірілі, ұсақты мал сойдыратын қасапханасы болған. Онда 500 қазақ жұмысшысын ұстаған. Алаш қайраткерлерімен тығыз байланыста болып, Семейде зәулім ғимарат салдырып берген. Кейін ол жетім балалар үйіне айналды. Әмірені Семейге отбасымен алдырып, жұмысқа тұрғызып, тұрмысын түзеген. Сол Әміре кім болды, білесіз. Ә.Бөкейханов Семей абақтысында отырғанда он бие байлатып, түрмеге күніне бір саба қымыз апарып, бағылан сойдырып, елдің келешегі туралы мәслихат құрған. Кепілдікке 2500 рубль төлеп, Міржақыпты  түрмеден босатып алған. Әуезовті қатты қадірлеген. Мұқаңның өтініші бойынша «Абай» ­журналына демеушілік етіп, сол үшін 11 мың сомға «Ярдам» баспасын сатып алған. Мұқаңның айтуымен Ж.Аймауытовқа көп қамқорлық жасаған. Мұның сыртында ол ашқан зауыттар бар. Тіпті телефонды алғаш ойлап тапқан американлық инженер А.Бэллмен келісім жүргізіп, телефон стансасын ашқан. Атақты күйші Тәттімбеттің де патша үкіметімен қазақ жерінде кен орындарын ашуға рұқсат алуы да оның халқы үшін кәсіпкерлікке бет бұруының белгісі еді. Бір артықшылығы сол тұстағы ауқатты адамдардың басым бөлігі қазақтың оқу-ағартуынан аянып қалмаған. Ресей мен Татарстанда оқитын қазақ жастарына қаржылай демеушілік жасап, олардың елге келіп, қызмет етуіне жағдай туғызды. Мұны неге тәптіштеп айтып отырмыз? Біздің отыз жыл тәуелсіздік алған уақыттағы «Форбс» журналынан түспеген бай-бектерді осылармен салыстыра аласыз ба? Арасы жер мен көктей. Шіркін, осылардың ішінен Алашты ауызға алған бір Бекет шықпады ғой. Көрінген көк аттыға қор болған қайран қазақтың иен байлығы-ай десеңші. Бұрынғы шалдар «жарлыдан байыған жаман» деуші еді. Сірә, солай болар.

Сонымен бай кім? Байлық деген не? Бекеңнің ұғымында ол ең алдымен  елге, ұлтқа қызмет ету. Оның бір ғана үлгісін әлгінде жеткізіп айтуға тырыстық. Жарықтық Шерағаң «алдымен елге тигізер пайдаңды ойла, өз пайдаң соның ішінде» деуші еді.

Бекет Тұрғараев өзін әу бастан осы жолға дайындады. Кісінің мәдениеті рухани деңгейімен бағдарланады ғой. Елінің тарихын, мәдениетін терең білген адам ғана оның қызметшісі болуға дайын. Содан болар ата-баба, руханият жолымен жүрді. Ағаларды ардақтады, бірақ ағашыл болмады, алашшыл болды. Руын кім білмейді, бірақ рушыл болмады, рухшыл болды. Осы қасиетінің арқасында бар қазақты өліп-өшіп сүйді. Осынау кенен қасиет оған қайдан келді?

Бізде көбіне басқа саланың адамы, ол жоғары лауазым иесі болсын бәрібір мәдениеттен, тарихтан, руханияттан алыс жатады. Оны білуді міндет көрмейді. Бүгінгі күн көбіне рухани қажетіңді өтемеген соң бұрынғының адамдарына бұрыла бересің. Олар ­министр, сот, прокурор болсын әдебиет,  мәдениет, тарихтан  ­хабары болып қана қоймай, жақсы да білетін. Бұл мәселеге келгенде кез келгеніңмен тең тұрып сөйлесетін. Сонысымен тұлға болып қалды. Ол тұста басшы үшін ешкім  қызармайтын. Қазір бұл кемшілік емес, міндет те саналмайды. Содан ғой бізде бар салада дағдарыс дендеген. Ал Тұрғараев болса сол тұлғалардың тағылымын көрді, мектебінен өтті. Заңгер, бірақ ел тарихын бір кісідей білді. Ал тарихты білген адам ешқашан жеңіліс дегенді білмейді, оның жолы ашық болады. Қадыр айтқандай, «рухани биік кісі – ұлтының ұйытқысы». Бұл аз болса «өзінің дәстүрін, мәдениетін, тарихын білмеген басшы жазадан басқаны білмейді» деген Аймауытовтың сөзі қай істе де Бекеңнің бағдарына айналды.

Қазақ мәдениетінің тарихында Т.Жүргенов, И.Омаров, Ө.Жәнібеков есімі айрықша аталады. Бір ғажабы осы үшеуінің де әу бастағы мамандығы басқа. Қаржыгер, экономист, тарихшы. Өзағаңды көрдік. Министр басымен қарапайым тілшіні кабинетіне шақырып алып, тапсырма беретін. Әрине, туысын, тамыр-танысын емес, қазақты, оның мұрасын түгендеп отыратын. Қазақстанды мұражайға айналдырған сол Өзағаң ТМД түгілі әлемде аналогы жоқ ұлттық саз аспаптары мұражайын салды. Бірде осындағы кереметтерді көрген Ельцин сол жерден өзінің мәдениет министріне телефон шалып: «Мәдениетті қорғауды қазақтардан үйреніңдер» депті. Егерәки Ельцин патшаның Қазығұртқа жолы түсіп «Мәңгілік ел» саябағын көрсе қандай күй кешкен болар еді. Қайталап айтуға тура келеді. Бүгінде өткеннің өнегесін айтсақ, ескіліктің әңгімесі деп қарайтындар да бар. Қазіргі күн қажетіңді өтей бермесе, өткеннің өнегесіне жүгінбегенде қайтесің?! Ештеңе істелмей жатқан жоқ дей алмаймыз, десек те, тек қазіргі күнмен ғана өмір сүруден енді ес жимасақ елді өсірмейтінін бағамдай білсек дейміз. Әрине, Бекеңді бұл кісілермен салыстырғалы отырған жоқпын. Ұқсастық, үйлесім, сабақтастықты, ұлы Алаш идеясына адалдықты айтамын.Оларда аста-төк байлық болған жоқ, алайда бар ілім-білімін елге қызмет етуге жұмсады және өзгелерді де соған жұмылдырды.

Сонымен бай кім?

Байлық деген не?

Ертеде бір бай болыпты, төрт түлігі сай болыпты деп басталатын ертегіні естіп өспеген бала жоқ шығар. Естіп қана қоймай, бірлі-жарымын көргеніміз де есте. «Пейілі кедей байдан сақтасын» деген. Сол адамдар ел ішінің жағдайына алаңдап отыратын. Бір бала қарны ашып жыласа соған өзін кінәлідей көретін. Жесір қалған әйелдің, көп балалы отбасының отын-суын қамдап, шөбін тасып бергізетін, алдына ірілі-ұсақ мал салатын, тіпті той-томалағына дейін атқаратын, баласын оқуға түсіретін және де осы іске бүткіл ауылды жұмылдыратын. Тіпті бір жалғыз қалған шешеміздің бұзық баласын түрмеден шығарып алғаны да есте. Бүгінде ол ел білетін тұлғаға айналды. Ал Бекеңнің өміріндегі мұндай оқиғаларды айтып тауыса алмассың.Қазір ойлап отырсам, солар жоғарыда айтқан материалдық және рухани игіліктермен қатар жан дүние, иман байлығын қатар ұстаған байлардың көзі, сарқыты екен ғой. Кеңес өкіметі бай мен кедейді теңестіремін, байды жеккөрінішті көрсетемін деп қанша тыраштанса да бәрібір «бермесе де бай жақсы, жемесең де май жақсы» деген сөзді санадан өшіре алмады. Әлгінде дегеніміздей елді ел еткен үш фактордың бірі бай-бағылан екеніне қазір толық көзіміз жетіп келеді ғой. «Лениншіл жаста» жүргенімізде Жетісуға аты мәлім байдың баласы, суретші-ретушер Бағдат деген ақсақал болды. Сол кісі «Байды құртып, отырсыңдар ма, өңшең жарымаған жарлы-жақыбайлар жараларыңды жалап, мә жеңдер мынаны жалмаңдап» деп саяжайдан алып келген бір дорба алманы үстелге қойып кететін. Айтса айтқандай ғой, шексіз биліктің шексіз байлыққа белшесінен батып, елді жұтатып кеткені сол тексіздіктің нақ өзі болып шықты емес пе?

Сонымен күні бойы қуалап,түбіне жете алмай отырған бай кім болды? Өзіміздің емес, өзгенің пікірі ден қойғызады. Қазақ ішін көп аралаған орыстың генералы, әскери шенеунігі Броневский былай депті: «Қазақтың байлары орыстың «богатый» сөзінің баламасы емес, қазақтың байы – ақыл-ойы, рухани жағынан барынша жетіліп, нағыз кемеліне келген адам. Соны ғана қазақ халқы бай дейді. Ал жай ғана материалдық құндылықтарды жинаған адамды қазақ ешқашан бай деп мойындамаған».

Демек, бай дегеніміз бұл бір функционер ия шекесі шылқыған шенеунік емес, бұл үлкен мәртебе, барлық атақтардан жоғары тұрған атақ десе болар. Осы анықтаманы үтір, нүктесін өзгертпей Бекеңе арнауға әбден болады. Әрине, қазір тура мағынасында бай деген атау жоқ. Бүгінде оны өркениетті түсінікке сай кәсіпкер ия ­меценат дейді. Бекең де ежелгі Римдегі қайта өрлеу дәуірі кезеңіндегі ­дарынды адамдарға қамқоршы болған Гай Цильний Меценаттың ­атымен тарихқа еніп, бүгінге жеткен ­меценат ұғымына ең алдымен елді, жерді сүйген жүрекпен қайырым, қамқорлығымен көлеңке түсірмей жүрген тұлға. Әбішше айтқанда ­«...Өзіміздің ішінде өз болған, ақылды түгендеген, абыройды түгендеген, намысты түгендеген жігіттердің бірі ретінде Бекеттің есімі көп айтылады, алда да көп ­айтылуы керек. Бекет бұған еркінсіп, мақтанып кетпейді. Бекет осы бағытында, тарихқа, халыққа қызмет еткен бағытында жұмыс жүргізуі ­керек. Меценаттың түрі көп. Өмірі ­намаз оқымаған әкесінің атынан мешіт тұрғызып, есімін беріп жатқандар көп. Дүниеде халықтың атын шығаратын, халыққа, елге, еңіреп жатқан кісіге жасаған жақсылық – шын жақсылық.Осы іс жалғаса берсін...».

 

ТАЛАСБЕК ПЕН НАРМАХАН ТЕБІРЕНГЕН КҮН

 

Қазығұрттағы, ұлы Жібек жолы бойындағы «Мәңгілік ел» тарихи-рухани алып кешенінің биігіне шыққан кісінің рухы лапылдап кетер еді. Бұл биікті парасат панораммасы, кемелдік көрінісі, ақыл-ой алаңы дейсіз бе, ырқыңыз білсін, бәрі де бек жарасып тұр. Қысқасы Бекең Алаш идеясын, елдің қатпар-қатпар тарихын осынау бар тарапқа мен мұндалап тұратын биікке алып шықты. Осынау алапат идеяны халық санасына өнер, салмағын алты атан қатар тұрып тарта алмас ірі монументальдық туындылармен жеткізуді мұрат тұтты. Мұндай ұлы мұратты  кәтепті қара нардай азаматтарсыз жүзеге асыру да мүмкін бе? Бұл жолда Бәкең жалғыз емес. Өзі бас болып, ұлтжанды, мемлекетшіл демеушілер іздеп, жоғары билікпен  келісіп, әкімшілікті жағалап, жатпай-тұрмай жұмыс қылды. Ұлы мақсат – қазақты қуанту, қазақтың көз жасын сүрту, маңдайынан сипау. Бұл ойын өзі де «Алаш арыстары мен батыр бабаларымыздың рухына тағзым жасау ісі әрдайым ел мен ердің жадында тұру керек» деп нақтылайды. Көз жасы демекші, сол жолы Созақ қасіретіне арналған мемориальды кешеннің ашылуы ешкімді бейжай қалдырмады. Осы тақырыпты әлденеше рет көтеріп, оған биліктің назарын аудару жолында жанкешті жұмыс жасаған танымал тарихшы, марқұм Таласбек Омарбековтің сол жолғы толқуы әлі күнге көз алдымнан кетпейді. Әсіресе кіреберістегі «Құны сұраусыз, өлімі жылаусыз кеткен бабалар» сөзін жүрегің шыдап оқу мүмкін емес еді. Бұл көтерілістің жалпы халықтық сипат алғаны сондай аса айлакер кеңес өкіметі оны басатын айла таба алмай үрейі ұшады. Ақыр соңында тапқан амалы ғой, Кеңес Одағының батыры, бір белгілі ұшқышқа пәрмен беріп бомбылатады. Тарихшылардың аузынан естіген сөзге жағамызды ұстадық.

Тұрғараевтың таңғалдыруы осылай жалғаса береді. Қайда барсаң да алдыңнан Тұрғараев тұрғызған тұғырлар шығады. Оның табаны тимеген тау, тас жоқ тәрізді. Орыстанып кеткен Солтүстік өңірдегі толағай тірлігі аңыздай ­айтылады. Оның бәріне тоқталып отыруды мақала көлемі көтермейді. Ә.Бөкейхан Карамзин деп бағалап, М.Қозыбаев «Елім-айын» «Илиада мен Одиссейге» теңеген бір ғана ұлы жырау Қожабергенге тоқталайық. Ұстазымыз қайран Ақаң – Ақселеу Сейдімбек  «Біздің министрлердің 99 пайызы «Елім-айды» білмейді» деуші еді. Бекең «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» қайырымдылық қорын құрып, сол «Елім-айдың» авторы, әйгілі «Жеті жарғы» авторларының бірі Қожаберген жырауды тірілтті. Өмірін түбегейлі зерттетті. Арнайы алаң ашып, ескерткішін орнатты. Тағы да Әбіш сөзімен айтқанда «Солтүстік Қазақстанда көптен бері қолға алынбай жатқан, біреу  өмірде болды, біреу болмады деп таласып-тартысып жүрген Қожаберген жыраудың бүкіл тұқым-теберімен, әулие ұрпақтарымен бәрін қайта тірілткен Бекет болды. Бекеттің сол қорды басқаруының арқасында Қожаберген даудан құтылды. Қожаберген шын мәніндегі ғылыми факторға айналды. Дәл осындай шаруалар республикамыздың әр түпкірінде істеліп жатыр».

Кемеңгер Кекілбаевтың көңілін көншітіп, оның биік бағасын алу ол енді мәртебенің мәртебесі.

Басында кеме қалған Қазығұртпен тарихи үндесіп жатқан «Мәңгілік ел» кешеніне қайтып келейік. Қазақтың тарихы мәңгілікке өшпестей тасқа қашалып, Салқам Жәңгір, Жалаңтөс, Төле, Қазыбек, Әйтеке бастап, Алаштың 140 қайраткері осында. Былтыр күзде танымал тұлғалардың басын қосып ашылған «Алаш арыстары» атты Әлихан бастаған тоғыз тұлғаны бедерлеген ескерткіштің куәсі болып едік. Сонда осынау болмысы бөтен биікті даңқты ғалым Дихан Қамзабекұлы «Алаш жолы» деп атауға әбден болады» деп ұсыныс айтқан еді. Орынды ұсыныс. Тіпті ел аузында бұл жерді бейресми тілде «Бекет биігі» дейтін көрінеді.

Айтқандайын бірнеше ескерткіш ашылған сол күнгі болған бір көркем көрініс қалып барады екен. Соның бірі кешеннің кіреберіс етегінде Қажымұқан атамызға қойылған сұрапыл туынды. Оның тұсаукесерінде күш атасы туралы салмағы он келі тартатын кітап шығарып, көңілі өсіп жүрген, нәзира жырдың классикалық үлгісін қалдырған нар ақын ­Нармахан ­Бегалиев тамылжытып сөйледі. Мінберден түсіп келе жатқанда Нарағаның қолын алып, құшақтадым. «Біздің Бекет ер ғой, ер, атасына ұқсаған» деп ақынның жанары жасау­рап тұрды. Әр нәрсеге таңғалмайтын ақын оңайлықпен тебіренбесе керек.

 

ҚАРТ ҚАЛАМГЕРДІҢ ХАТЫ

 

Бекет Тұрғараев елдің рухын көтерген монументальды ескерткіштер ғана емес, жазба ескерткіштерімен де  еңсемізді биіктетіп жүр. Ол жаралы, жанып тұрған Жаңаөзенге де керек болды. Маңғыстауға небәрі бір жыл облыс әкімінің кеңесшісі болып барып, өңірдің тарихын түгендеп, ақын-жазушылардың 50 томдығын жарыққа шығарды. Сірә, көп томдық шығаруда бұл кісінің алдына түскен адам кем де кем. Қ.Мырза Әлидің 20, Ә.Нұршайықовтың 10, Ә.Нұрпейісовтың 7 томдығы болып кете береді. Энциклопедиялар (ол да көп томдық есепті), басқа да ақын-жазушылардың жеке кітаптары, тізім үздіксіз жалғаса береді. Жазба ескерткіштер деп отырғанымыз осы. Осынау жылдар ішіндегі Бекеңнің ағадан алған алғысы мен ініден көрген ілтипатының санына жетпейсіз. Сол ырзалығының белгісі ретінде хат та жолдап жатады. Ә.Нұршайықовтың әкем қайтқанда жазған хатын кейбір тұнжыр күндерде оқысам кәдімгідей жеңілдеп қаламын. Оған дейін А.Әшімұлының Мәдиі мен Сағиы өмірден озғанда жазып, алты Алашты қайран қалдырған көңіл хатын оқып арнайы эссе жазғаным бар еді. Ал енді мына Бекеңе жазған хаты да сондай ұлан асыр күйге түсірді. Үш тақырыпқа бөліп жазылған хат «Егемен Қазақстанда» жарияланды. Прозаның хат түріндегі үлгісінің де асқан шеберінің хаты ойға, шағын оқиғаға құрылған әңгіме іспетті. Кісіге сәлем жолдаудың да түр-түрі бар. Біреу телефон шала салады. Біреу уатсапты пайдаланады. Бірақ хат жазуға әркім де бекіне бермейді. Асықпай отырып жазған хатта кісі өзінің шынайы көңілін, ақ, адал ықыласын білдіреді. Бұл да кісі мәдениетінің деңгейінен хабар береді. Ал енді аты аңызға айналған халық жазушысының қолына қалам алып, қуаныш хатын жазуы сирек кездесетін жағдай. Бұл халықтың да қуанышы деген сөз.

«...Мен сізден: «Неге соншама қаржыңызды жұмсап, менің он томдығымды шығаруға ниет білдірдіңіз? Қазір қалталы кісілер өзінің ағайындарына ғана көмектесіп жатыр. Мен сіздің жақыныңыз емес, жерлесіңіз емес, айдаладағы бір қаймана қазақпын ғой. Бірақ өзімді бар қазаққа бірдеймін деп есептеймін. Ал біздің ағайындар өзге тұрғай, өз жақындарына да көмектесе қоймайды», – дедім.

Сонда сіз күлдіңіз де:

– Менің сізді Ұлы жеңістің алпыс жылдығы қарсаңында қуантқым келді – дедіңіз.

– Не үшін?

– Не үшін екенін менен емес, халықтан сұраңыз, – дедіңіз сіз...»

«...Осы арада сіздің бір апайыңызбен ұшақпен ұшып келе жатқан шағыңыз көз алдыма елестейді. Жол қысқарту үшін апайыңызға бұрылып, әңгімелесіп отырдыңыз. Сөз арасында ол кісіге Әзілхан Нұршайықов деген жазушының он томдық шығармалар жинағын шығаруға көмектесіп жатқаныңызды айтып қалдыңыз. Апайыңыз қабақ шыта бұрылып:

– Ол кісі басқа атадан ғой және біздің елдің адамдарын жек көреді. Оған бекер демеуші болғансың, бауырым, – деп салды.

Халықтың мұңын мұңдап, бір­лігін қуаттайды деп есептейтін сол апайыңыздан мұндай сөз естігенде сіз өз құлағыңызға өзіңіз сенбедіңіз.

Сонда сіз ол кісіге:

–  Мен жұрттың жүзіне емес, жүрегіне қараймын, апай. Жүрегі жақсы кісіден жақсылығымды аямаймын, – деп теріс қарап кеттіңіз.

Сіздің афоризмге ұқсас бұл сөзіңіз мені қатты қуантты, Бекет бауырым...»

Хаттың осы үзік тұстарының өзі де кісінің оны оқуға деген ықыласын оятып жіберері сөзсіз. Хат келешекке қалатын жәдігер. Шағын болса да онда кезеңнің шындығы да көрініс береді. Нағыз жазушы от басы, ошақ қасының әңгімесімен шектелмейді ғой. «Америкада алты-ақ жазушы бар, сендер неге көпсіңдер» деген күпір сөз күркіреп тұрған тұста жазылған хат болар-ау, сірә. Ел атынан сөйлеуге хақысы бар қаламгердің інісіне сыр ашып, арнайы сөз арнауы да көп жайдан хабар берсе керек. Бұл сол тұрғыдан келгенде байлығын мансап, күн көріс, танымалдылығын түсіріп алмас үшін түрлі айла-әрекеттерге пайдаланатын кәсіпкерлерге де құлаққағыс хат.

 

«АТЫН МЫҢ АДАМ АТАҒАН АДАМҒА

ҒАЙБАТ АЙТПА»

 

Руханият дегеніміздің өзі рух пен ұяттың қосындысынан туған ұлы ұғым ба дерсің. «Тұлғаны тұлға таныса керек» дейміз. Сол ұлттың рухы мен ұлттың ұятына қызмет ету жолында келе жатқан Тұрғараевтың болмысын биіктететін тұлғалар толғанысын да тасада қалдыра алмадық. Аузына адам емес, Алла сөз салатын ақындар – Кәкімбек Салықов «Сыйлаған бүкіл қазақ жамағаты, шықпаған ешқашанда жаман аты. Білгенге Бекет нағыз ірі тұлға, қазақтың асыл туған азаматы» десе, Қадыр Мырза Әли «Қайран жастық тас жаратын талабы, қарай-қарай саған көзі талады. Ырымшыл ел сен отырған орынға, балаларын бір аунатып алады» дейді.

Бізде танымал адамдардың бәріне тұлға деп те қарау бар. Бұл да қате пікір. Ұшып-қонып жүретін, ­болмашы дауысы бар әншіні елдің бәрі білгенімен, оның қоғамда салмағы бола бермейді. Өйткені тұлғалықтың өлшемі биік деңгей,  тектілік, бекзаттық болмыс,  елге еткен елеулі еңбегі. Сондай планкідегі кісі ғана елге тұтқа, тұлға болады. Кейбір тұлға деп жүргендер туралы бірдеңе түртпек болсаң, бір түйір бірдеңе таба алмай, ақ параққа телміріп отырып қалатын кезді де бастан кешкенбіз. Ал Тұрғараев тұнып тұрған тақырып. Талапшыл. Талғампаз. Терең. Оған танымалдылық та, тұлғалық та өзі келді. Турашыл, бірбеткейлігі де бар. Ашу қысқанда бурадайын буырқануы да мүмкін. Бірақ қазақ дегенде соның бәрін ішкі мейірімі, намысы жеңіп кетеді. Осындай тұлғаның тағдыр жолы да қалай ғана тақтайдай тегіс болсын. Ақиқатты айқайлап айтсаң да өтіріктің тасы өрге домалап тұрған заманда тұлғаңа да өмір сүру оңай емес. Ұлтын ұлықтап, жұртының жоғын жоқтап күн-түн кешіп, заңсыз тірлікке аттап баспайтын заң ғылымының докторы, профессордың жолында да батыраштар мен қотыраштар кезіккен. Бір заманда әлілет министрі Шәйкенов екеуінің арасына от жақпақ болғандардың өзі сол отқа түскен. Қақпанға түскенді қапы жібермейтін, елшіл, мемлекетшіл азаматтарға түрпідей тиген «Караван» деген сол кезде бір бассыз басылым болды. Оған шыққандардың опа тапқаны болмайтын. Атасы жаудан қайтпаған, даудан қашпаған бірбеткей Бекет, ­турашыл Тұрғараевты әлгі шовинизмнің шалығына шалдыққандар қайдан білсін. Ақыр соңында аңырап келіп аяғын құшты. Заманбек пен Алтынбектен кейін кердеңдеген «Караванның» кеудесін басқан осы Тұрғараев еді.

Осыдан екі-үш жыл шамасы бұрын Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатына депутаттыққа үміткер болғанда да бақанын көтеріп шыққандардың да аяғы аспаннан келіп, атынан ат үркетіндердің де кешірім сұрауына тура келді.Қазақтың жұрты түгіл жылқысына дейін түгендеп жүретін Тұрғараевқа жамандық қайдан келсін. Мәселе жамандықты шақыратындарда ғой. Жамандық демекші, сол жарықтық сіздің жаныңызда жүретін көрінеді. Ол сізбен бірге кофеңізді ішеді, ет жеп, тісін шұқиды, өтірік күліп, өтірік сөйлейді екен. Жаны жақсылыққа, ізгілікке құмар Бекеңнің ол жағына бас қатыруға уақыты жоқ. Жеті жебірлі сол жамандық қайсы бір күні тағы да тасадан тас лақтырып жіберді. Осы эссенің бастауында сөз еткен «ақылды түгендеген, абыройды түгендеген, ­намысты түгендеген» (Әбіш), күн-түн ұлт рухы лапылдап тұратын биіктен біреулер бірдеңе іздеп, әлеуметтік желіде жерден жеті қоян тапқандай желпілдетті. Сол шіркінге біз «алдымен ол жерді барып көру керек» деп едік, әлгі «көретін несі бар» деп шап ете қалды. Таяуда танымал журналист Жанахмет Ағыбаев осы кешенге арнайы барыпты. Жанахмет былай деп жазады: «Осыдан шамалы бұрын бүкіл Қазақстан Бекет Тұрғараев салған ғимаратты сөз қылды. Ол кісіні жерден алып, жерге салғандар көп. Бүгін жолым түсіп, сол орынды арнайы барып көрдім. Енді өз пікірім. Осындай керемет кешенді салып, оны мұнтаздай қылып ұстап отырған ол кісіге қайта рақмет айтуымыз керек сияқты. Кешен «Мәңгілік ел» саябағы деп аталады. Аумағы атшаптырымнан да артық болатын жер керемет абаттандырылған. Көгіне көз сүйсінеді. Абайдың қара сөздері қашалып жаздырылыпты. Алаш ардақтыларына ескерткіш орнатылған. Бір сөзбен айтқанда жеке адам үшін емес, халық игілігі үшін жасалғаны көрініп тұр. Бір тиын мемлекет қаржысын шығармай, керемет саябақ жасап, оны өзі ұстап отырған Бекет Тұрғараевқа қайта рақмет айтпаймыз ба? Сіз не дейсіз?»

Біз не дейміз? Өскен-өнген, тегінде бар елдің баласы осылай сөйлейді дейміз.

«Быть знаменитым не красиво» дейді Пастернак. Өзі де сол танымалдылықтың азабын көп көрген.Тұрғараев та сол танымалдылықтың арқасында елі үшін тартқан азапты да бақытқа балайды.

Осы эссені жазу үстінде ұлық кісілердің сөзі өзінен өзі сәйкесіп, алтын желідей тартылып, тынысымды ашты да отырды. «Мына ­Бекет деген бала бір министрліктің жұмысын істеп жүр екен ғой» депті бірде аса көрнекті мемлекет, қоғам қайраткері Бәйкен Әшімов. Сол кісі осыдан он бес жыл бұрын «Адамның өмір жолы тақтайдай түзу бола бермейді. ­Кейде бұралаң мен қиындық кездеседі. Көре алмайтын, іші тар бақталас кейбіреулердің әрекеті болуы керек. Сол Шымкентте жүргенде Бекеттің басына біраз уақыт «қара бұлт» үйірілді. Бірақ «аққа құдай жақ» демекші, көп өтпей-ақ мәселенің ­ақ-қарасы анықталып, оның адал екені, ақ екені дәлелденді. Одан кейін ол Бас прокуратурада басқарма бастығы ­болып істеді. Әділет министрлігінде бір департаментті басқарды. Оның бәрінде де абыройсыз болған жоқ» деп жазды. Зейнетке шыққанға дейін таныс-біліс болмаған абыздың осы сөзіне ештеңе алып, қоспай-ақ эссеге нүкте қоюға болар еді. Бірақ...

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар оқиғасынан кейін ірі бизнес өкілдерімен кездесуінде отыз жыл бойына Қазақстан байлығының тең жартысын бөліп алған 162 олигарх жөнінде мәлімдеп еді. Сол кездесуде халықтың жартысының айлық табысы 50 мың теңгеден (статистикалық мәліметтер бойынша бүгінде 1 миллион адам таза кедейшілік шегінде өмір сүреді, бәлкім одан да көп болуы) аспайтыны да атап көрсетілді. Бұл елде бұрын соңды мұндай әлеуметтік теңсіздік болып па еді?! Армандау жағынан келгенде алдымызға жан салмайтын халықпыз ғой, шіркін дейсің, сол өзге тілде сөйлейтін, өзге тілде ойлайтын, өзге тілде түс көретіндердің ішінде он Бекет болғанда біз кімге сәлем бергендейміз! Тұлғаны тұқыртып, жақсыны жазғырып, жақсы атты болғаннан тапқан пайдаң қайсы?

Ол партия құрмады, саясат қумады, ұшақ сатып алмады, сауна салмады, пара алмады. Тапқан-таянғанын елінің барын бағалауға, жоғын түгендеуге жұмсады.  Ұлтының ұлы болып қана қоймай, қажет жерінде құлы да болды.

«Атын мың адам атаған адамға ғайбат айтпа» деген тәмсіл бар.Ғайбаттың да исі болады. Осы мәдениетке қашан жетеді екенбіз?! Түсінікті. Әркім өз деңгейімен өмір сүреді. Оған ренжуге де болмас. Біреудің пікірімен, ықпалымен өмір сүру бұл енді қауіпті құбылыс. Жақсылық жасау әркімнің қолынан келе бермес, жамандық жасамау өз қолыңда ғой.

Әулие, пайғамбарлардың заманы өткен. Енді олар тумас. Тұлғалар туады. Бірақ олар қандай тұлғалар? Жоқтың қадірін, бардың бағасын біле ме?

Тұлға, оның біз білмекке ұмтылған тұрпаты, биік болмысы туралы пайым, бекзат баянымыздың бір үзік нұсқасы осы.

1132 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы