• Cұхбаттар
  • 02 Маусым, 2022

ОҚУШЫ ДЕНСАУЛЫҒЫ – КӨКЕЙКЕСТІ МӘСЕЛЕНІҢ БІРІ

2020 жылы жасөспірімдер арасында 143 суицид оқиғасы, 306 суидид жасау әрекеті тіркелсе, 2021 жылы бұл сан ұлғайып, 175 суицид оқиғасы, 375 суицид жасау әрекеті тіркелген. Бұл туралы Сенат депутаты Рысқали Әбдікеров Премьер-Министр орынбасары Ералы Тоғжановқа жолдаған депутаттық сауалында мәлімдеген. Жастар арасында суицид санының артуы шұғыл шара қабылдауды қажет етеді. Сондай мақсатта жұмыс істейтін мекеменің бірі – Қызылорда облыстық жастар денсаулығы орталығы. Орталық жастар мен жасөспірімдерге психологиялық, медициналық және құқықтық көмектер көрсетеді. Жұмыс барысында құпиялық сақталады. Орталықта жұмыс істейтін психологтар БҰҰ ЮНИСЕФ балалар қорының «Отбасылық зорлық-зомбылықсыз Қазақстан», ЮНФПА пилоттық бағдарламасы аясында оқып, мамандандырылған. Орталық қызметінің негізгі бағыты – 10-29 жас аралығындағы жастар мен жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығын қорғау және психологиялық көмек көрсету. Осы ретте орталықтың басшысы Гүлжихан Нысановамен жасөспірімдер мен жастар денсаулығына қатысты мәселелер төңірегінде сұхбаттастық.

– ДДСҰ мәліметінше, Қазақстан соңғы бес жылда суицид жасаудан, соның ішінде 15-17 жастағы жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол жұмсаудан әлем елдерінің алғашқы ондығында жүр. Ішкі істер министрлігінің деректері де бұл үрдістің көбейіп келе жатқанын көрсетеді. Қалай ойлайсыз, неге біздің қоғамда балалар арасында өзіне қол жұмсау жиілеп кетті?

– Психологиясы әлі толық қалыптасып үлгірмеген жастарға түрлі аурулар, жұмыссыздық, әлеуметтік күйзелістер қатты әсер етіп, түрлі келеңсіз жағдайларға баруы мүмкін. Осындай күрделі мәселелердің бірі – суицид. Өз-өзіне қол жұмсауға бекінген жасөспірімдердің мұндай шешімге баруы­на: жақынынан айрылу, әжесі қайтыс болғаннан кейін өз ата-анасын мойындамау, жалғызсырау, өзі жақсы көріп, кездесіп жүрген қызға ата-анасының қарсы болуы, буллинг мәселесі бойынша өзін шеттету, менсінбеушілік, өз ортасында сыйлы болмауы жағдайлары себеп болып шығады. Олар мұндай қиындықтардың күрмеуі жоқ деп ойлап, шешімін таба алмай, өз-өзіне қол жұмсайды.

– Сіздердің орталыққа осы мәселемен ­(суицид) жүгінген жасөспірімдер бар ма? Қандай көмек көрсетілді?

– Әрине, бұл мәселемен біздің орталыққа жүгінетін жастар өте көп.  Мысалы, 15 жастағы жасөспірім әжесі қайтыс болғаннан кейін өз ата-анасын мойындамай, өзін жалғыз сезініп, өз-өзіне қол жұмсамақ болған шағында дер кезінде берілген психологиялық жұмыстардың арқасында аман қалды.

Тағы бір жағдай: жақсы көріп жүрген қызы өзімен қыз алыспайтын туысы болғандықтан, ата-анасының қарсы болуы қайғылы жағдайға душар ете жаздады. Бірақ орталық психологтары жасөспірімге оң шешімін табуға көмегін берді.

Қарап отырсақ, орын алған барлық жағдайда да отбасылық қарым-қатынастың жоқтығы, балалары мен ата-ананың арасындағы мейірімнің болмауы себеп болып отыр. Егер де осы мәселелер бойынша отбасында ата-ана мен бала арасында әңгімелесулер жүргізілсе, баланың көңіл-күйіндегі өзгерістерге үлкен­дер әрқашан бақылау жасап отырса, жасөспірімдер ешқашан жалғызсырап, жаман ойларға бармас еді. Осы орайда орталық психологтары жасөспірімдерге де, ата-аналарға да психологиялық кеңестер, коррекциялық жұмыстар жүргізеді. 

Әр жастың өмірі қымбат екенін, оның тәуелсіз еліміздің болашағына қосар үлесінің бар екенін ұмытпауымыз қажет. Осы мақсатта  жасөспірімдер мен жастарға психологиялық қолдау көрсету үшін, облыстық жастар денсаулық орталығында «Жедел желі» шұғыл байланыс желісі (8 800 080 22 26) кез келген стационарлық немесе ұялы телефоннан тәулік бойы жасырын және тегін жұмыс істейді. Айта кету керек, Сенім телефоны желісіне түскен қоңыраулар саны жыл сайын артып келеді.

– Қазіргі уақытта ерте жүктілік мәселесі де жиі көтеріліп жүр. Кейбір белсенділер Қазақстан мектептерінде жыныстық білім және репродуктивті денсаулық сабақтарын өткізуді ұсынады. Бұған сіз қалай қарайсыз? Қалай ойлайсыз, мектепке жыныстық сауат туралы бағдарлама енгізудің маңызы қандай? Ол қандай болуы керек? Бұл мәселені шеше ала ма?

– Соңғы жылдары жасөспірімдер мен жастар арасындағы ең өзекті мәселе ерте жыныстық қатынасқа түсуі және одан туындайтын зардаптар болып отыр. Жасөспірімдер арасындағы ерте жыныстық қатынас, жыныстық жолмен жұғатын түрлі инфекциялық ауруларға, бедеулік секілді зардаптарға әкелетіні белгілі. Отбасын жоспарлау бойынша ақпараттар, қызметтер мен құралдар аз болғандықтан, жастардың арасындағы жүктілік жағдайы артып келеді.  Ерте жастағы жүктілік облысымыздың барлық өңірінде дерлік кездесуі – алаңдатарлық жағдай. Жастар арасында жыныстық және репродуктивтік денсаулықты қамтамасыз ету – әлеуметтік және экономикалық маңызы зор шара, себебі жыныстық жолмен жұғатын аурулар, қажет емес жүктілік және түсік жасау – ­отбасы мен қоғам үшін ауыр жағдай. Дегенмен ондай ауыр жағдайды жеңілдетуге, тіпті алдын алуға болады.

Ол үшін мектептің жоғары сынып оқушыларына, колледждер мен университеттің бірінші курс студенттеріне валеология сабағын қосқан жөн. Қазір балаларының денсаулығына ата-аналардың да көңілі толмайтыны белгілі. Сонымен қатар дәрігерлер де өсіп келе жатқан баланың ағзасы мықты болуы үшін күнделікті дұрыс тамақтану, жеке бас гигиенасын сақтау, салауатты өмір салтын ұстану, денеге шамадан тыс артық салмақ түсірмеу, ерте жыныстық тәрбие беру, жыныстық жолмен жұғатын аурулардың зардаптары туралы айтып, жасөспірім шақтан бастап ақпараттандырудың қажеттілігін растап отыр. Сондықтан «Валеология» сабағы оқушы денсаулығына жалпы қоғамның назарын аударып, өзекті де маңызды мәселелерді шешуге көмектеседі. Оқушы денсаулығы – қазіргі замандағы көкейкесті мәселенің бірі. Өскелең ұрпақты тәрбиелеп, салауатты өмір салтына баулу – біздің борышымыз.

– Ел арасында қазіргі жастар мен жасөс­пі­рімдердің денсаулығы әлсіз екені туралы айтылып жүр. Оған қазіргі экология, тағамдардың құрамындағы химикаттар әсер етеді деседі. Бұл қаншалықты рас? Қазіргі буынның денсаулығы алдыңғы буынның денсаулығынан шынымен әлсіз бе? 

–  «Денсаулық – зор байлық». Бірақ осы байлықтың қадірін сау кезімізде көбіміз біле бермейміз. «Ас – адамның арқауы» дейтін атам қазақ көптеген ауру-сырқау адамға дұрыс тамақтанбаудан жабысатынын жақсы білген. Сондықтан да «Ауру – астан» деп білгірлікпен дәл айтқан. Мұны медицина ғылымы растайды. Адамға аз-кем талғам, кірпияздық, асқазанға деген аяушылық керек-ақ. Бірақ, өкінішке қарай, сырты жылтыр, түрлі зиянды химикаттардың қосындыларымен дәмі келтірілгендіктен, көмейге жағымды тиетін, бірақ жасық, құнарсыз, ең жаманы – денсаулыққа зиянды ас-судың алдында осалдық танытып, қу құлқынның дегенінен шыға алмай, соның қалауына мойынсұнып кете барамыз. Осылайша, әлсіздік танытуымыздың зардабын барынша тартып жүрміз.

 «Фаст Фуд» деп аталатын бұқтырылған шұжық, тез әзірленетін кеспе, сэндвич, гамбургер, хот-дог, пицца, газдалған немесе тәтті сусындарды және тағы басқаларын тұтыну денсаулыққа зиян екенін, шамадан тыс толып кетудің, семіздіктің себепшісі екенін білсек те, әзірге оларды балаларымызбен бірге тұтынып келеміз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері өлімге әкеліп соқтыратын факторлардың 60 пайызын сапасы нашар, қауіпті қоспалармен әзірленген тағамдар құрайтынын көптен бері айтып келеді.

Дұрыс тамақтану – баланың өсіп-дамып келе жатқан организмінің қалыптасуында үлкен рөл атқарады. Ата-аналардың өздері үлгі көрсетіп, ертеңгілік астан бастап тамақтану режимін сақтауға, тамақты отбасымен бірге ішуге, ағзаға зиян келтіретін тағамнан, газдалған сусындарды ішуден бас тартуға, суды жеткілікті мөлшерде ішуге, көкөніс пен жеміс жеуге үйреткені жөн. Баланы кішкентай кезінен бастап салауатты тағам өнімдерімен таныстыра бастаған дұрыс. Егер ата-ананың өзі жейтін тағамына көңіл бөлмесе, бала да отбасында көрген дағдыларды қайталайды. Егер бала салауатты өмір салтын ұстанатын, спортпен айналысатын, зиянды әдеттерден аулақ жүретін ата-анамен бірге тұрса, соларға еліктейтін болады, демек, дені сау болып өседі.

Қорытындылай келе, денсаулықты сақтаудың мінез-құлқы балаға туылғанынан бастап үйретілу қажет екенін айтқым келеді. Сондықтан жеке гигиена ережелерін сақтауға, физикалық белсенділікке, дұрыс тамақтануға үйретуде өзіміз үлгі көрсете отырып, жас ұрпақты өз денсаулығына, оның ішінде психикалық және репродуктивті денсаулыққа жауапты болуға баули аламыз.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен:

Әсел МҰРАТБЕКҚЫЗЫ

5898 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №10

10 Наурыз, 2022

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы