• Мәдениет
  • 02 Маусым, 2022

ТАРИХИ ШЫНДЫҚТЫ КӨРСЕТКЕН ЕҢБЕК

«Миллиондаған адамды қазаға ұшыратып, тірі қалғанын жан сауғалап, босып кетуге мәжбүр еткен алапат ашаршылықтың алғашқы кезеңі – 1921–1922 жылдардағы нәубеттен бері 100 жыл өтті. Сол зұлматтың кесірінен қырылып қалмағанда халқымыздың саны қазіргіден әлденеше есе көп болар еді. Тарихымыздың осы ақтаңдақ беттері әлі күнге дейін жан-жақты зерттелмей келеді. Тіпті ғалымдардың арасында ашаршылық құрбандарының нақты саны туралы ортақ пайым жоқ. Ала-құла деректер және оның себеп-салдары жайлы әртүрлі көзқарас қоғамды адастырады. Тиісті тарихи құжаттарды, жиналған мәліметтерді аса мұқият зерделеу керек». Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында жазылған жолдар. 

Ал жазушы, кинодраматург, ҚР Еңбек сіңірген қай­раткері Смағұл Елубай ел тарихында үш рет ашаршылық бол­мағанда қазір қазақ халқының саны 100 миллионға жетіп жы­ғылуы мүмкін екенін айтады. Ұжымдастыру, кәмпеске, отырықшылан­дыру, ашаршылық, репрессия ке­зінде қырылған, үдере көшкен халықтың трагедиясы том-том кітапқа жүк. Соның бірі – жазу­шы­ның «Ақ боз үй» романы. ­Роман жуырда таспаға түсіріліп, кино тілінде сөйледі. Фильмнің режиссері жазу­шының баласы – ­Бекарыс Елубаев.

Фильм желісіне роман­ның «Құм арасында» және «Парасат майданы» атты соңғы бөлімдері арқау болған. Кар­тинада тігерге тұяғы қалмай, ашаршылыққа ұрынған, ауылдан қалаға үдере көшкен көштің тағдыры, сол көшті бастаған Пахраддин бидің трагедиясы көрсетіледі.

«Шын мәнінде, біз – тарихымызда талай қиындықты бастан кешкен халықпыз. Бірақ соның ішінде дәл осы ашаршылықтың зардабы ұлт жүрегіне өшпестей жара салды. Алапат нәубеттен қазақтың жартысына жуығы құрбан болды. Тағы бір бөлігі ­шекара асып, бас сауғалауға мәжбүр болды. Біз басымыздан өткен осындай қасіретті кезеңді ешқашан ұлт жадынан шығармауымыз керек. Әсіресе жас буынға тарихымызды дәріптеп, келер ұрпаққа нақты мәліметтер мен деректерге негізделген зерттеулер қалдыру – басты міндет. Бұл – бабалар рухы алдындағы перзенттік борышымыз. Ашар­шылықтың ақтаңдақтарын ашу арқылы біз тарихи санамызды дамытамыз. Ал тарихи жадыны жаңғырту – Тәуелсіздігімізді нығайтып, елдігіміздің тұғырын биіктете түсетін қадам», – деген еді тұсаукесер рәсімінде Сенат спикері Мәулен Әшімбаев.

Картина бір жарым ай бойы Маңғыстау облысындағы ауылдарда түсірілген.

«Әуелде Өзбекстанда түсіргіміз келген. Бірақ пандемия кедергісіне тап болып, басқа жерді іздеуге тура келді. Алматы, Қызылорда облыс­тарын араладық. Ақыры ыңғайлы жерді Маңғыстаудан таптық. Ал декорациялар Алматы облысында жасалды», – дейді фильмнің режиссері.

Авторлардың ­айтуынша, ­кинотуынды жалпыұлттық прокатқа күзде шығуы мүмкін. Оған дейін бірнеше кинофестивальде бақ сынап көрмек. Айта кетейік, режиссер Бекарыс Елубайдың «Аңшы бала» фильмі Голливудта өткен International Family Film Festival шарасында «Үздік шетелдік драма» аталымын алған  жеңіп алған еді.

Иә, зұлмат жылдардың ел та­рихын­да қалдырған ізі ешқашан өшпек емес.

«Еврей жұрты Екінші жаһан­дық соғыста 6 миллион азаматтан айырылдық деп, жыл ­сайын қасірет күнінде бір минут үнсіздікпен еске алады. Бүкіл ­еврей атаулы қай елде, қай жерде, қандай жұмыс істеп жүрсе де, дәл сол белгіленген күні, белгіленген уақытында орнынан тік тұрып, тағзым етеді. Біз әлі күнге дейін ашаршылық құрбандарының толық санын анықтап шығарған жоқпыз. Бір дерек 2,5 млн халық дейді, бір дерек 3 млн дейді, тағы бірі 4 млн-ға жуық дейді. Өткен ғасырдың басында Ахмет Байтұрсынұлы «Әлһамдулилла, 6 млн қазақпыз» деп айтқан. Енді соның тең жартысы қырылды десе, 3 миллионға ресми тоқтап, аза тұту күнінде сонша азаматымыздан, арыстарымыздан айырылдық деп, жас ұрпақтың қаперіне салып отыру керек сияқты. Өйткені кешегі Алматыда болған концертте көк Туымыздың қандай келемежге ұшырап, бейәдеп сөздермен концерт беріп жатқанын көрдіңіздер. Осындай ұрпақ өсіп келе жатыр. Нанның, елдің, мемлекеттің, Тудың қадірін білмейтін, тәуелсіздіктің қадірін түсінбейтін ұрпақтардың төбе көрсетуі – бәріміз үшін қасірет. Біз кешегі қасіретті айтамыз. Қазіргі ұрпақтың санасы солай кететін болса, олардың намысы болмаса, елдікті, мемлекеттікті құрметтейтін болса, бұл бізге үлкен сын болады», – деген еді Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп  қуғын-сүргін қасіретіне орай өткен жиында.

Биыл 1921–1922 жылғы ашаршы­лыққа – 100 жыл, 1932 жылғы ашар­шылыққа – 90 жыл, 1937 жылғы қан­дықасапқа – 85 жыл толып отыр. Сол тарихи шындықты мойындап, осынау қасіретті оқиғаға тарихи бағасын беру – бүгінгі ұрпақтың бабалар алдындағы міндеті. Ал тарихи туындылар сол міндетті атқаруға теңдессіз үлесін қоса бермек.

Майя МҰРАТБЕК

1680 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы