• Тұлға
  • 09 Маусым, 2022

ТЕКТІ СӨЗДІҢ ТЕЛҚОҢЫРЫ

Бағамдап, бажайлап қарасақ сөз иесіне тартады. Демек, ақын-жазушының қаламынан туған дүниелердегі  таным мен талғам да, мінез де, махаббат пен ғадауат та… бәрі-бәрі автордың өзі деген сөз. Сондықтан да арғы-бергідегі әдебиеттанушылардың  кез келген қаламгердің сөзінен сол қаламгердің өзін іздеп жататыны тегін емес.  Біз сөз еткелі отырған жазушы ­Жолдасбай Тұрлыбайұлының тұтас шығармашылық лаборатория­сына үңілгенде, ондағы бұла болмыс, тел ағыс, қоңыр сарын, қоңыр мінез, телқоңыр-тектілік бірден көзге ұрады. «Телқоңыр» – жазушы Жолдасбай Тұрлыбайұлының бір әңгімесінің және бір  кітабының аты.  Тіпті көркемсөзі мен көсемсөздерінде де жиі қолданатын, бірақ бей-берекет, қалай болса солай емес, әспеттеп қолданатын сүйікті сөзі. Сөйтсек бұл сөз жазушының болмысымен егіз, жанына жақын, өзінің ішкі менін айшықтап тұрған ұғым екен.  

Қазақ үшін қасіретті, қайғылы 1932 жылдың ерте көктемінде бала-шаға­сының көз алдында қырылып қалғалы тұрғанын көрген Тұрлыбай ақсақал («ақсақал» деген қазіргі біздің сөз, ол кезде қылшылдаған жігіт ағасы) бәй­бішесін жетелеп, балаларын арқалап қытайға бет түзеді. «Қытайға ел көшті» десе қайсыбіреулердің көз алдына «Қыз Жібек» фильміндегі Сырлыбайдың сырнайлы-кернейлі, сән-салтанатты көш-керуені елестеуі мүмкін. «Көшті» деген аты ғана, іс жүзінде, не өлім, не өмір – екінің бірі. Сол жылдарда аштықтан өз жерінен үдере босқан үш миллион қазақтың он мыңға жетер-жетпесінің ғана қытайда қу сүлдері жеткен. Қалғанын шекарада аңдып тұрған кеңестік қызыл әскер қырып тастаған. Осындай ауыр жолға жиналып жатқанда Тұрлыбай ақсақалдың бәйбішесі тол­ғатып, шекесі торсықтай ұл туады. «Жол жүрерде туды» деп шақалақтың атын «Жолдасбай» қояды да, аялдамай бет алған жаққа тартып отырады. Осы нәрестенің татар дәм-тұзы шығар, Тұрлыбайдың көші арттағы қуғынға да, шекарадағы қырғынға да ұрынбай қытай жеріне аман-есен өтеді. Арғы беттегі ел заңы мен жер жағдайына біршама қанық Тұрлыбай ақсақал Текестің Суасу деген жеріне барып бірақ тұрақтайды. «Арғы беттегі ел заңы мен жер жағдайына қанық» болатын себебі Тұрлыбай ақсақал Қытайға бұған дейін – 1917 жылы барған екен. Ол жолы да Түкем атамыздың (ол кісіні көзі тірісінде бүкіл ел-жұрты осылай атайды екен) арғы бетке «серілік құрып» бармағаны белгілі.

1916 жыл! Әйгілі Қарқара көтерілісі қарулы күшпен жанышталып, көсемдері атылды. Көтеріліс көсемінің бірі – Серікбай Қанайұлы болыстың туған інісі, көтерілістің бел ортасында жүрген Тұрлыбай Қанайұлы да тұтқындалып, ұзақ жылға сотталып, Итжеккенге жер аударылады. Көп ұзамай Тұрлыбай Қанайұлы Итжеккеннен қашып шығып, жылға жуық аса азапты жол басып, 1917 жылы қытай жеріне өтіп, сондағы елді ­паналайды. Иә, «Арқада аяз болмаса арқар ауып несі бар»?! Туған жерді тастап, жат ел, жат жерге мүсәпір боп барып, елмен, жермен үйірлесіп, енді қошан тірлігін бастай бергенде, артта қалған ел «Совет өкіметі құрылды. Ол кедей-кепшіктің өкіметі екен, әсіресе 1916 жылы патшаға қарсы көтерілгендерге өте ілтипатпен қараймыз дейді. Жат жерде азып-тозбай туған елге қайтыңдар» деп қайта-қайта қолқалай бергесін, Тұрлыбай батыр 1920 жылы атамекенге қайта келген болатын. Сөйткен Совет өкіметінің он жыл өтер-өтпесте қазаққа істеп отырғаны мынау. Міне, араға он екі жыл салып, амалсыздан қытайдағы Текес ауданының Суасу деген жеріндегі көне жұртына қайтып оралды. Ол жерде де «келе қал» деп ыстық құшағын жайып отырған қазақтың қай бір «нағашысы» бар дейсің?! «Үш күннен кейін тозаққа да үйренеді» демекші, қара қазан, сары баланың қамы үшін ел ауып, жер ауып келгеннен кейін тірлік етпек керек. Тіл де бар, өнер де бар, күш-қайрат та бар Тұрлыбай ақсақал тез ес жиып, қысқа уақытта қоңдана ­бастайды. Қорасына ақтылы қой, өрісіне алалы жылқы бітеді. Бұл шаңыраққа шынымен де ақжолтай, ырыс-құт ­болып келген бала Жолдасбай ендігі жерде Тұрлыбай байдың ерке кенжесі ретінде өсіп келе жатады. Алғашқы сауатын ауыл медресесінен діни оқумен ашады. Бес алты қырқаның арғы жағындағы Медресеге арнайы атқосшымен, жорға тайға мініп барады. Атқосшылыққа жай адам емес, сол ауылдағы атаққа шыққан ертегіші, қиссашыны таңдап қосып береді. Күнде медресеге барар, қайтар жолда түгел болмаса да, қазақтың ертегісі мен қисса-дастандарының денін күнде тыңдайтын зейінді бала көбісін жаттап та алды.

Жолдасбай ат жалын тартып мінуге жарағанда, аңғарлы әке өзінің осы ұлының сөз өнеріне жақындығын бай­қай­ды. Бұған көпті көрген көшелі әке қуанбаса өкінген жоқ. Себебі аңғарлы әке қазақ үшін «өнер алды – қызыл тіл» екенін жақсы білетін, оның үстіне өзінің де бала күнінде «сөз өнерін» қусам ­деген ­арманы, талабы болушы еді, оған қу тағдыр, аумалы-төкпелі заман жар бермеді. Енді, міне, сол өзінің үзіліп қалған арманын әрі қарай жалғайтын ұрпағы өсіп келеді. Бұған неге қуанбасқа?! Ендігі жерде сөз өнеріне жақын, құймақұлақ баласы үшін әке өзінің онсыз да қонақтан босамайтын төріне ауыл арасындағы, алыс-жақындағы бірөңкей өлеңші, қиссашы, шешен-шежіре, ертегі-әңгімеші адамдарды жинап, жиі бас қостыруды әдетіне ­айналдырады. Қыс кезінде арнайы түстенуге келетін игі жақсылар мен алыс­тан ат арылтып іздеп келетіндер де аз емес еді... Оның үстіне жазушының әкесі Тұрлыбай ақсақал өмірі бес уақыт намазын қаза қылмаған, Меккеге барып қажылық ­парызын өтеуді армандаумен өткен сопы кісі-тұғын. ­Содан да болашақ жазушының ең алғашқы көзін ашып көрген кітабы – сыртында киіз қабы бар, үнемі төрде, қабырғада қыстырулы тұратын әкесінің «Құран-Кәрімі» болды. Одан өзгесі әкесінің біреуге қой, біреуге тай беріп көшірткен «Зарқұм», «Қиямет ақуалы», «Қасен-Құсайын», «Ләйлі-Мәжнүн», «Қыз-Жібек», «Алпамыс», «Қобыланды» т.б. сияқты қолжазба қиссалары болатын. Бұған басқа, қағазға түспегенімен, ылғи бір құлақ құрышын қандырып, делебеңді қоздырып, таңғажайып сезімдерге жетелейтін ел жақсылары мен олардың ерліктері, өнегелі қасиеттері туралы ­ауызша ­айтылатын әңгімелер еді. Олардың ішінде әсіресе Райымбек батыр, Тезек төре, Қожеке Назарұлы, Жанқабыл шешен, Тазабек Пұсырманұлы, ­Шалтабай Алпарұлы, Қапез Байғабылұлы, Жүсіпбек қожа Шайыхсламұлы, Көдек Маралбайұлы, Әсет Найманбайұлы, Таңжарық Жолдыұлы т.б. әңгімелері айтылып, күйлері шертіліп, өлеңдері орындалатын әр бір кеш зейінді баланың қиялын ұштап, ақыл-ойын өсіріп отыратын.

Жас Жолдасбай Қызылкүредегі (қазіргі ҚХР Текес ауданы орталығы) орталау мектепті бітіріп, Құлжа қаласындағы гимназияға қабылданады. Гимназиядан соң сол қаладағы педучилищеге түсіп оқып жүрген кезінде, ҚХР құрылып, дүниенің астаң-кестеңі шығады. 1952–1956 жылдары Қытай Компартиясы жүргізген саяси-реформа жұмыстарында, Іле уездік партия комитетінде нұсқаушы, Іле аймағының №7 ауданында райкомның хатшысы болып қызмет атқарады. Сондай қызметтерді істей жүріп, ауылға әр барған жолында әкесін Кеңестік Қазақстанға – Атажұртқа қайыра көшуге насихаттай бастайды...

1956 жылы қарашада туған еліне оралып, сол кездегі Кеген ауданының Жалаңаш ауылында әртүрлі жұмыстармен айналады. 1957 жылы Алматы қаласына келіп, содан 1961 жылға дейін құрылыста тас қалаушы болып істейді. Сол кездегі С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне 1961 жылы қабылданып, оны 1966 жылы қызыл дипломмен бітіріп шығады. 1966–1967 жылдары Алматы облысы ­Жамбыл ауданының «Тарғап» мектебінің ­директоры болып 1967–1988 жылдары қызмет атқарады. Қазақ радиосында ­редактор, аға редактор, әдеби-драммалық хабарлар редакциясында бас редактордың орынбасары, «Өнер» баспасында бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары болып істейді. 1989 жылы ҚазМУ-дың журналистика факультетінің радиожурналистика кафедрасына ұстаздық қызметке шақырылып, сол жерден зейнетке шығады.

Қазақ қаламгерінің көпшілігі әдебиетке өлеңмен келетіні секілді Жолдасбай Тұрлыбайұлы да әдебиеттегі алғашқы қадамын ақындықпен бастаған. Алғашқы балаң жырлары қытайдағы «Шұғыла» журналы, «Шыңжаң» газеті, «Іле» газеті секілді қазақ баспасөзінде үзбей жарияланып тұрды. Атамекенге оралған соң, біраз жылға дейін «байтал түгіл бас қайғы» заманға тап келіп, тас қалаушы болып құрылыстан бір-ақ шықты. Тек университетті бітіріп, баспанаға қолы жеткеннен кейін ғана қаламды қайта қолына алуға мүмкіндік туды. Бірақ бұл кезде Жөкеңді өлеңнен гөрі бала күнінен естіп өскен тарихи деректер мен аңыздар өз шүңетіне тарта берді.

Осылайша бір жола қарасөздің ағылдыр айдына кемесін салған жазушы 1970 жылдан бастап бірыңғай проза саласында еңбектенді. Жетпісінші жылдардың басында жазушының балалар мен жасөспірімдерге арналған «Ерке серке», «Балапандар», «Аңшының әңгімесі» атты әңгіме-ертегілер жинақтары жарық көрді. Жазушы «Қазақ радиосында» сонда жүріп, ондаған пьесаның, инсценировкалардың, аударма спектакльдердің, алуан түрлі радиопьесалардың, ғылыми-әдістемелік хабарлардың, көсемсөз топтамаларының, көптеген радио очерктердің әуе толқынына шығуына мұрындық болды. Қазақ радиосының «Алтын қорында» сақталған сол дүниелердің бір бөлігі күні бүгінге дейін әуе толқынынан үнемі беріліп, қазақ руханиятының игілігіне қызмет етіп келеді.

Бұдан басқа тағы бірнеше пьесасы Мәдениет министрлігінің Халық шығармашылығы үйіне қабылданып, «Сахна сазы» және «Пионер театры» жинақтарына енді. Ал «Алтын тамыр» деп аталатын өлеңмен жазылған пьесасы қазақ және орыс тілдерінде 1978 жылдан бері республикалық қуыршақ театрында қойылып келеді. Аталған пьесасы өз кезінде қазақ және орыс тілдерінде КСРО көлемінде күйтабақ арқылы да кеңінен тарағанын еске сала кету артық болмас.

Жазушы Ж.Тұрлыбайұлының қаламгерлік талантының тағы бір қыры ретінде оның аударма саласындағы елеулі еңбегін атап айтуымыз керек. Жазушы Жолдасбай Тұрлыбайұлының орыс, қырғыз, ұйғыр тілдерінен жасаған ­аудармалары кезінде оқырманның ыстық ықыласына бөленген, зиялы ортаның жоғары бағасын алған дүниелер ­болатын. Мәселен, С.Ворониннің «Махаббат жөнінде сұрақтар», үнді жазушысы Упендранат Ашктың «Үміт», Оңтүстік Африка жазушысы Алан Пайтонның «Өмір жалғасы» тағы да басқа туындылар о баста-ақ қазақ қаламгерінің қолынан шыққандай сұлу да жатық, «жүрекке жылы» қазақы мақаммен оқырманға жол тартты. Сондай-ақ жазушының өз шығармалары да басқа тілдерге көптеп аударылды. Олардың қатарында әсіресе «Нөсерден соң» повесінің мәскеулік жазушы Е.Поповтың аудармасы арқылы «После ливня» деген атпен жарық көргенде, орыс тілді оқырмандар аса жылы қабылдады.

Жазушының өзіндік өрнекпен өмірге әкелген романы «Семсер» деп аталады. Тіпті аталған романдағы шығармашылық тың ізденістерді айтпағанның өзінде, тақырыбының өзі мүлде тың мәселе еді.

Жолдасбай Тұрлыбайұлы отыз жылдай батыр бабаның өмірбаяны мен ерлік істеріне қатысты мұрағат материалдарын ақтарып, тау-тасты аралап, ел кезіп аңыз-әпсана, қисса-дастан жинап, ­сосын оншақты жыл тапжылмай отырып көз майымен, жүрек қанымен «Райымбек батыр» атты роман-дилогия жазып шықты. 1987 жылы баспаға тапсырылған романның бірінші томы сол кездегі елдегі саяси жағдайға (1986 жылды еске алыңыз!) байланысты баспа тарапынан аты өзгертіліп, 1989 жылы «Тамыз таңы» деген атпен жарық көрді. 1991 жылы романның екінші томы «Райымбек батыр» деген өз атымен оқырман қолына тиді.

Бұл күнге дейін үшінші мәрте қайта басылып, жүз мыңдаған ­тиражбен тараған «Райымбек батыр» ­романы, жарыққа шыққан күннен бастап қалың оқырман қауым мен әдеби ортаның ыстық ықыласына бөленді. Атап айтқанда «Райымбек батыр» дилогиясы туралы әр жылдары мерзімді баспасөз беттерінде Сапар Байжанов, Кеңес Нұрпейісов, Имаш Оңдасынов, Рымғали Нұрғалиев, Бек Тоғысбаев, Жаппар Өмірбеков, Рахымжан ­Отарбаев, Сәрсенбі Дәуітов, Сәбит ­Досанов, ­Рысбек Сәрсенбайұлы, Құныпия ­Алпысбаев, Тұрлыбек Мәмесейітов, Дүкен Мәсімханұлы, Жанат Ахмади, Мамытбек Қалдыбаев, Кеңесжан Шалқаров... т.б. толып жатқан қаламгерлер мен зиялы қауым өкілдері жүрекжарды лебіздерін білдіріп, романның көркемдік һәм тарихи сыйпатын өте жоғары бағалап отырды.

 Жазушының бастамасымен 1992 жылы тарихи-этнографиялық ­«Райымбек батыр» қоғамдық бірлестігі және ­«Райымбек қоры» құрылып, ­ынталы топ бір ауыздан Ж.Тұрлыбайұлын төрағалыққа ­сайлады. Осы қоғамдық ұйым мен қордың атқарған шаруасының өзі бір кітапқа жүк боларлық дүние. Батырдың жатқан жеріне кесене тұрғызу, сол аумақтағы жерді кесене меншігі етіп заңдастыру, ­зиярат етушілерге арналған намазхана салу, батырдың ақ түйесінің мүсінін тұрғызу, Райымбек ау-данының Сарыжаз ауылы мен Қасенбай сайының ортасындағы биік төбеге батыр ескерткішін орнату, Алматыдағы кесене тұрған даңғылға батырдың есімін беру, батыр бабаның 300 жылдық ­тойын өткізу, Алматыдағы батыр есімімен аталатын даңғылдың бойына ескерткіш тұрғызу, елордамыздағы №50 Қазғарыш мектебіне батыр есімінің беру, жетім балалар үйлерін қамқорлыққа алу... т.б. батыр баба төңірегіндегі толып жатқан шаралардың кейбіреуін аталған қоғам тікелей жүзеге асырған болса, кейбіреуіне қаржылай атсалысты. Ең кереметі осынау еңбектері үшін жоғары-төменнен еш сый-құрмет, атақ-дәреже дәметпей, телқоңыр -тектілігінен айнымай кетті.

Алматы облысының Кеген ауданына қарасты Жалаңаш ауылында өмір есігін ашқан, тағдырдың айдауымен Қытайдың Шығжаң өлкесіне қарасты Текес ауданында ат жалын тартып мінген, Құлжа қаласында білім алып, Алматы қаласында ғұмыр кешкен жазушыға мәңгілік мекен Арқа төсіндегі астанамыздан бұйырды.

Жолдасбай Тұрлыбайұлының 90 жылдық мерейтойы туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев мырзаның, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет мырзаның, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев мырзаның, Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев мырзаның, Кеген ауданының әкімі Талғат Байеділов мырзаның қандай жоспары бар екендігінен хабарымыз жоқ.

Тұтас саналы ғұмырын ұлтының ­руханиятына арнаған, қазақ әдебиеті мен мәдениетіне өшпес олжа салған, ең бастысы Райымбек батырдай ­тарихи ұлы тұлғаны қайта тірілтіп, халқымен қауыштырған суреткер-­жазушы ­Жолдасбай Тұрлыбайұлының 90 жылдығы биыл облыс, аудан көлемінде лайықты аталып өтілсе, мемлекет есебінен шығармаларының толық жинағы шығарылса, Алматы мен Қонаев қаласынан, Кеген ауылынан, туған жері Жалаңаш ауылынан көшелерге, Мәдениет үйлері мен мектептерге ­жазушы есімі берілсе деген ұсынымыз бар.

Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ,

Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының

Бас директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

1564 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы