• Әдебиет
  • 09 Маусым, 2022

«Қызғалдақ-ғұмыр» туралы естелік айтты

Елордадағы   Ұлттық академиялық кітапханада Мәдениет қайраткері, Ақпарат саласының үздігі, Ресей Федерациясы Халықаралық Психология ғылымдары академиясының құрметті академигі, жазушы Есенгелді Сүйіновтың осындай атпен шыққан кітабының тұсаукесері өтті. Бұл кітапта Есенгелді Сүйіновтың  қызғалдақтай жайқалып, сәнді де мәнді ғұмыр кешкен аяулы жары Марфуға Бектемірованың жарқын бейнесі айқын көрінеді.

Кешті Қазақстан Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының ­директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты Дәулеткерей Кәпұлы жүргізді. Тұсаукесер рәсімінде Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың құттықтау хатын оның өкілі Нұрбек Мәдерұлы оқып, кеш иесіне табыс етті.

Алғашқылардың қатарында сөз алған  Мемлекеттік сыйлықтың ­лауреаты, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әлібек Асқаров былай деді: «Біз КазГУ-дің журналистика факультетінде өндірістен қол үзбей жүріп, сырттай оқыдық. Бір курста оқитындардың алды ересек тартып, үлкен болып қалған. «Спорт» газетінің тілшісі, көпке есімі мәлім Жүсіп Хисымовты үнемі бетке ұстап жүретінбіз. Ақын ­Тынышбай Рахимов пен жазушы ­Болат Қанатбаев кітаптары шығып, елге танылған. Ал солардың арасында ең жасы орта мектепті жаңа ғана бітіріп келген уылжыған Марфуға Бектемірова еді. Құралайдай көзі жәудіреген, ұяң мінезді, әдемі қыз еді. Сабаққа деген ынтасы жоғары еді, есіл-дерті оқу ­болды. Жас та болса біз одан көп нәрсе күттік, өлеңді жақсы жазатын. Ара-тұра курста өтетін поэзия кештерінде балауса жырларын оқығанда бәріміз ден қоя тыңдайтынбыз. Барлығымыз бір курста табаны күректей алты жыл бірге оқып, бірге бітірдік. Көбі қатарға қосылып, өмірден өз орындарын тапты. Марфуға Бектемірова да жалынды жырлар ж­азып, ел аузына ілігіп, танымал ақын атанды. Ең өкініштісі, арамыздан ерте кетіп қалды. Қазақстанда ерлі-зайыпты қаламгерлер баршылық. Атап айтқанда, Күләш Ахметова мен Қайырбек ­Асанов, Жұматай Жақыпбаев пен ­Зайда Елғондинова өмірде де, өнерде де жұптарын жазбай, әдебиетіміздің дамуына зор еңбек сіңірді. Осылардың сапында Марфуға Бектемірова мен Есенгелді Сүйіновтың да көрініп жүргенін мақтанышпен айта аламыз. Есенгелдінің сүйген жары, қазақтың аяулы қызы – Марфуға жайлы «Қызғалдақ-ғұмыр» кітабын шығаруы қуанышты оқиға. Ол Марфуғаның туындыларын жинақтап, мерзімдік басылымдарда жариялануына, кітап етіп шығаруға, ақынды еске алу кештерін өткізуге ұйтқы болып жүр. Бұл мемлекетіміз отбасы институтын  ерекше қастерлеп, ұлттық құндылықтар қатарына қосып отырған шақта өзгелерге үлгі боларлық игі қадам деп білеміз».

Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымының докторы Сәуле Тапанова «Марфуға Бектемірова тек талантты ақын ғана емес, сонымен бірге қаламы жүйрік журналист. Бірер жыл бұрын оның еңбектерін қарай келе, ғылыми айналымға енгізуге шешім қабылдадық. 2019 жылдың 19 маусымында менің жетекшілігіммен журналистика факультетінің түлегі Ақнұр Абдрахманова «Марфуға Бектемірова-журналист, редактор» тақырыбында диплом жұмысын ойдағыдай қорғап шықты. Мемлекеттік комиссия шешімімен Ақнұрдың еңбегі жоғары бағаланды. Алдағы уақытта Марфуға Бектемірованың журналист ретінде түрлі жанрлардағы еңбектерін ауқымды түрде зерттеп, сол бойынша магистрлік, докторлық жұмыстар қорғау ісін қолға алу жоспарда тұр» деп өз ойын ортаға салды.

«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, кинодрамматург Айгүл Кемелбаева, жазушылар Ораз Қауғабай, Бақыт Рүстемов, Толымбек Әбдірайым, Қайырды Назырбаев, Ұлттық академиялық кітапхананың ғылыми хатшысы, филология ғылымының кандидаты Иманғазы Нұрахметұлы, композитор Ерсайын Нарымбаев Марфуға жайлы тебірентерлік пікірлерін білдірді. Ақын Тортай Сәдуақасов арнау өлеңін оқыды. Жиналғандар Айша Мұқанова, Дина Ақмолдина секілді апайларының естеліктерін қызыға тыңдады. Елорда­дағы 5-ші гимназияның 11-сынып  оқушысы Уәлібек Ақбота Марфуға Бектемірованың «Аққуым менің, қайдасың?» өлеңін мәнерлеп оқып берді. Өнер университетінің студенті Абдрахман Естайұлы әсем әнмен, күймен кеш сәнін келтірді.

Кеш соңында ақынның жары, ­жазушы Есенгелді Сүйінов  «Қызғалдақ-ғұмыр» кітабының оқырман көңі­лінен шығатынына, ондағы басты кейіпкер – Марфуға Бектемірованың жарқын бейнесі туған елі, сүйікті Отаны барда ешқашан өшпейтініне, жауһар жырлары адам жүрегін тербеп, әлдилей беретініне сенім білдірді.

Н.БЕЙСЕМБАЕВА

 

1810 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы