• Тарих
  • 09 Маусым, 2022

КЕНЕСАРЫНЫҢ АҚМОЛАҒА ШАБУЫЛЫ (ПОЭМА)

Серік  ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ

– Уа, Құзіретті

Патша ағзам,

Өзіңе арнап хат жазған.

Мен –

Кенесары Қасымов.

Ақ білектің күшімен,

Ақ найзаның ұшымен,

Ата-бабам

Алған байтақ даланы,

Сенің әскерің басынып,

Берекемді қашырып,

Ту-талапай

Талап жатқанда,

Сақтау үшін жерімді,

Қайтаруға кегімді –

Атқа міндім асығып!...

(Кенесары Қасымовтың

хатынан үзінді)

 

***

Жаралғанда осынау нұрдан жалған,

Әлі күнге бір тылсым сырды аңғарман?!

Басы қайда,

Елім-ай,

Ер Кененің

Тәуелсіздік жолында құрбан болған!

Автор

 

БАСТАУ

 

 I

Ежелден

Ерке Есілде –

Ел тірлігі,

Сарыарқа

Сайын дала –

Жер кіндігі.

Кененің Ақмолаға шабуылы,

Ең алғаш,

Ер қазақтың

Еркіндігі.

 

Ол кезде –

Жер құнарлы,

Аспан да аман.

Ешкім де орнатқан жоқ тастан қамал.

Төсінде Сарыарқаның алғаш рет,

Ер Кене

Еркіндікке басқан қадам.

 

Қашанда түскен емес

Қала көктен,

Бекініс –

Барша жұртты алаң еткен.

Көтеріп

Көк найзасын

Кенесары,

Басына алау жағып,

Жалау еткен.

Жағылып көк найзаға алғашқы алау

Ерліктің

Ерен жолы жалғасқан-ау...

Туған ел

Тығырыққа тірелгенде,

Төтеннен мүмкін емес жол бастамау.

 

Осылай –

Өтер шайқас,

Өтер егес.

Бәрі де алғашқыға жетер емес.

Ең алғаш шабуылын

Кенесары

Бастауы Қараөткелден

Бекер емес.

 

Азабын тіршіліктің татқанда ауыр,

Жия алмай етек-жеңін жатқанда ауыл.

Ең алғаш –

Зіркілдеген

Зеңбірекке

Ат мініп,

Атой салып,

«Аттандауы».

 

Қыранның балағының

Алтын бауы

Алынып,

Алдан күтіп – жарқын дәуір.

Ақ туы адалдықтың көтеріліп

Ең алғаш –

Ақ қылыштың жарқылдауы.

 

Ең алғаш –

Үміт көктен түскен күні.

Арылып,

Азап шеккен іштен мұңы.

Жалауы

Жауыздықтың жыртылған күн,

Патшаның

Парша-парша – үстемдігі.

 

ІІ

1838.

Мамыр айы.

Мамырда –

Мың құбылар ауа райы.

Төтеннен,

Тұтқиылдан лап қойып,

Есілдің өртке оранды баурайы.

 

Есілдің арғы беті,

Бергі беті,

Шықсаңда қай жағына желдің өті.

Ту ұстап,

Тайтөбеден шыққан Батыр,

Желдіртіп Қараөткелге келді жетіп.

 

Ерекше бұл шайқастың күйі мүлде,

Мәселе –

Ең шешуші түйінінде.

Шұбалып Тайтөбеден басталған шаң,

Құлады Қараөткелдің иініне.

 

Құлады Қараөткелдің қабағына,

Есілдің қылқан болып тамағына.

Қырдағы қалың әскер қаһарынан,

Шоршыды –

Шортан түгіл,

Шабағы да.

 

Есілді Кенесары кешіп өтіп,

Шыққанда –

Жау жағының есі кетіп.

Үн қатты Кенесары

Алғаш рет:

– Туыңды Ақмоланың төсіне тік!

 

Есілдің көк толқынды ағыны – айдын,

Ашылар батырлықтың бағы қай күн?!

Ақ туы –

Ер Кененің желбірейді,

Қолында –

Шұбыртпалы Ағыбайдың.

 

Ақ туы –

Ағыбайдың қолындағы.

Жауларын

Жапырардай жолындағы.

Сарбазы жан-жағында

Самсап тұрған,

Қаймығып, мүмкін емес қорынбағы.

 

Әрине, жау жағының күші басым,

Әйтсе де, Кене ханның мысы басым.

Зеңбірек,

От-жалынын бүрккен кезде,

Жақындап келе алмайды тұсына тым.

 

Бөлек тұр

Бәріненде

Басықара,

Бес-алты жауынгерін қасына ала.

«Шұбардан» шұбап шығып

Бұқарбайлар –

Тобына қосылғаны осы ғана.

 

Жиған соң

Жігіттерін маңайдағы,

Қамына қалың елдің қарайлады.

Бұқарбай ешқашанда дара жүрмес,

Қасында –

Жоламан мен Жанайдары.

 

Иілмей қас – жауына

Иман батыр,

Құрыштай

Құдай өзі құйған батыр.

Танытып даналығын,

Даралығын,

Жастарды жан-жағына жиған батыр.

 

Ақмола –

Зор бекініс даладағы,

Патшаның дәл осы ара қалағаны.

Қосылды «Жалғызағаш» ауылынан,

Қаржастың

Азынабайының балалары.

 

Алланың осы шығар дес беруі,

Түзелді аз-ақ күнде көш-көлігі.

Иманның жасы келіп қалса-дағы,

Түрінен танылмайды кекселігі.

 

Иманның қалса-дағы жасы келіп,

Байқалар

Басқалардан

Бәсі берік.

Иман мен Ағыбайды аға тұтып,

Қос қыран

Қосылғанда қасына еріп.

 

Қос қыран –

Қос қанаты

Сейтен, Тайжан

Қол бала болып жүрген кішкентайдан.

Атасы кім екенін білгенменен,

Демейді бірін-бірі – арғын, найман.

 

Бәрі де сабақ алып,

Біліктіден.

Байлаған –

Бірін-бірі іліктірген.

Бұл жерде

Кене де жоқ,

Төре де жоқ –

Бәрінің

Басын майдан біріктірген.

 

III

Өзіне бала жастан сыры қанық,

Науанның мінезі көп ұрынарлық.

Майданда тым еркінсіп кетпесін деп,

Кене хан жүруші еді қырына алып.

 

Тағы да сол мінезін байқатқандай,

Артынан бекер басын шайқап қалмай.

Оңдыртпай алдын орап кеткендерді,

Майданда жалғыз өзі шайқасқандай.

 

Демейді,

Жасың үлкен,

Жасың кіші,

Басқаны кеп тұрады басынғысы.

Іні – деп

Ілтипатқа ала бермес,

Кене хан шынында да асыл кісі.

 

Наурызбай асып түсіп қатарынан,

Алуға жаны құмар атақ-ұран.

Қайтады райынан содан кейін,

Қаймығып Ағыбайдың қаһарынан.

 

Науанға бұйым емес басқа кісі,

Жалғыз-ақ Кенесары – жасқанышы.

Басына қаны шапшып міне, тағы,

Ұрысты тұр-ау өзі бастағысы.

 

Алайда, батыр емес далаңдаған,

Және де қасқыр емес жалаңдаған.

Кимелеп бұрынғыдай кетер еді,

Тағы да Ағыбайға алаңдаған.

 

Кененің ондай кезде сөзі қысқа,

Батырды қадірлейді тез ұғысқан.

Кене хан Ағыбайға айтып қойған:

–Бұл жолы соңғы шепті өзің ұста!

 

Тұрғанда қалың әскер қолды қамап,

Шеп бұзып,

Келген бетте жолды қарап.

Әп-сәтте,

Жеке батыр –

Жәуке батыр,

Жөнелді Наурызбайдың алдын орап.

 

Наурызбай

Намыстанса шеп бұзады,

Ширығып кеудесінде кек қызады.

Бір жақтан

Басықара қолы шығып,

Орады өзен бойын отты жалын.

 

Жағасы

«Жалтыркөлдің» қалың ұйық,

Есілдің бұл арада талы биік.

Жанғанда талға қамыс араласып,

Кетіпті жағалаудың жары күйіп.

 

Атқан оқ арғы жауға тиген дәлдеп,

Қарасы кәззаптардың бізден сәл көп.

Көрген соң жап-жалаңаш жағалауды,

Кене хан ат беріпті

«Күйгенжар» деп.

 

Шайқаста Басықара дара шығып,

Асау ат астындағы аласұрып.

Ағыбай басын шайқап тұра қалды:

–Кеткенін қарашы енді, сәл асығып!...

 

Болған соң

Басықара өзі өжет,

Ағыбай сөз тастады тілін безеп.

– Шайқастың кереметін көрер едік,

Бұл жолы Наурызбайға берсе кезек.

Шыққанда Басықара баса көктеп,

Әріге бара алмады аса беттеп.

Жау оғы жанарынан жарқ еткенде,

Құлады ат-матымен тәлтіректеп.

 

Ыза-кек жан-жүрегін жаншып тағы,

Қалғанша күресуге қасық қаны.

Айқасты атар оғы таусылғанша,

Жатса да кеудесінен жан шыққалы.

 

Арасы Есіл - Нұра қос аралда,

Оққа ұшқан Басықара осы арада.

Жасағы Кенесары қақтығысып,

Ақмола айналыпты жоса қанға.

 

Шайқасып «өлер жерім тек осы!» – деп

Атылған батырлықтың жебесі боп,

Мәңгілік хас батырдың жатқан жері –

Аталған «Басықара төбесі» деп.

Айқаста

Адам бар ма

Аяр жанын.

Дастанның

Дәстүрінен тая алмадым.

Айқасқа кірер сәтте,

Оқушыма –

Тағдырын батырлардың баяндадым.

 

АЛҒАШҚЫ АЙҚАС

 

ІV

Лап қойды таңмен таласа,

Кененің қалың әскері.

Көз тоқтап тұрмас қараса,

Өндірдей,

Өңшең – жас пері.

 

Желбіреп ақ ту күн жақтан,

Зорая түсті біртіндеп.

Зеңбіректері – мың батпан,

Таппайды тыным зіркілдеп.

 

Бекініс іші у да шу,

Кіре алмай ешкім жол бастап.

Біріне-бірі тіл қату –

Былапыт сөздер,

Бейбастақ.

 

Кененің қалың жасағы,

Кезенген қолда – найзасы.

Жау жақтың мысын басады,

Асып бір түссе айласы.

 

Тіреліп Кене тұр тегі,

Аранды қоршау – зор қамал.

Мылтығы болса білтелі,

Оның да өзі –

Олжадан.

 

Жарқырап тұрған күн көзі,

Кіруге бұлтқа тақалды...

Сол кезде,

Кене хан өзі:

– Наурызбай қайда?!- деп қалды.

– Мен бармын Көке! – дегенде,

Теңселіп кетті тас қамал.

Зулаған оқ па,

Жебе ме,

Жасатпай жауға басқа амал.

 

Зіркілдеп тұрған зеңбірек,

Әп-сәтте үнін өшірді.

Жауынгер ылғи ержүрек,

Кең сілтеп, еркін көсілді.

 

Бекініс іші тас-талқан,

Әр жағы дүбір-дүрбелең.

Астында аты – ақ шаңқан,

Кене хан қойды іргеден.

 

Аспанның бұлты қара-көк,

Нөсерін төгіп жылады.

Басымен Басықара кеп,

Зеңбірек сүзе құлады.

Артынан ерген талайы

Зеңбірек құшып,

Оққа ұшты.

Оқпанның

Оттай маңайы –

Кенесарыны кек қысты.

 

Айырылып Басықарадан,

Аңырап қалған кезінде.

Бурадай болып жараған,

Көлбеңдеп тұрды көзінде.

 

– Ой, мынау тама Танаш қой,

Дегенше, Кене килігіп.

Айтқаны елдің рас қой,

Бәрінен ерек қимылы.

 

– Жарадың Танаш, жарадың,

Ұнаған батыр ісімен.

Көтеріп Басықараны

Шығарды оттың ішінен.

 

Тыңдамай билік-бұйрықты,

Тап беріп,

Тарлан тағыдай.

Теріскей жақтан килікті,

Ақ азу атты Ағыбай.

 

Қашанда отты – жалынды ол,

Жолатпай бір жан жанына.

Көміліп қалды қалың қол,

Шұбырып келген шаңына.

 

Қимылы ерек таңғалар,

Тілегі елдің:

– А, Құдай!...

Артында жусап жау қалар,

Ағып бір өтсе Ағыбай.

 

Жан-жақтан әскер жиғанда,

Қасында қол бар бір нөпір.

Кене хан айтты Иманға:

– Атыңның басын ірке тұр.

 

Әзірге өзім иемін, –

Әр сөзін айтып шегендей.

Кезеп бір қойды иегін,

«Керексің кейін»- дегендей.

 

Тиген бір жері

Түрпідей,

Тұра алмас қарап

Бопайың,

Батыстан кірген бір дүлей

Шығарды опай-топайын.

 

Бойында жігер мол күші,

Жібермей босқа далаға.

Батыр боп туса болмысы,

Қарындас қарап қала ма?!

 

Жанары оттай бір алмас,

Оғы да жетер атарға.

Ешкім де бөгеп тұра алмас,

Қарындас мінсе қаһарға.

 

Ішінде шердің күйігі,

Ашу мен ыза аралас.

Үстінде ердің киімі

Қатын деп ешкім қарамас...

 

V

Алқымына

Ашу-ыза кептеліп,

Алқалы топ алдында,

Кенесары сөз бастады кектеніп:

 

– Туған жерге

Ту тікпесең,

Тектен-текке не тұрыс?!

Ойда жоқта

Оң жағына Есілдің

Орнап қапты Бекініс.

Ойда жоқта емес-ау,

Ойлап тапқан тәсіл бұл.

Уақыттың улы зәрі –

Қиянаты

Ғасырдың –

Қазасына айналатын

Қазаншұңқыр болмақ па?!

Қазақ деген нәсілдің –

Артық туған

Асылдың.

Атқа мініп,

«Аттан» салып,

Атойлап –

Ата-баба аруағына

Бас ұрдым!

 

VI

Сартап болған

Сарыарқаның

Сағал-сағал –

Сауыры

Ақмоланы

Алам десе –

Бақ қона ма,

Басқаға.

Басылсын деп тілесең,

Бұл дүниенің

Дүлейі мен дауылы,

Өшсін онда – жау үні...

Қазағымның

Қасиетті жерінің

Қазынасы таланып –

Қаншеңгелге айналмақ па,

Қолқа,

Жүрек,

Бауыры.

 

«Аттан!» халқым –

Ақ қылышты

Айға білеп,

Ақ туыңды көтеріп,

Ант – парызың өтеліп.

Атаң тіккен

Ақордаға

Алау жағып –

От өріп...

Бекем ұста,

Белдіктен,

Арман осы – ел күткен.

Бекіністің

Бір-ақ күнде

Тас қамалын

Талқандап,

Енді қайта тұрмастай

Бетін бізге бұрмастай,

Шаңырағын ортасына түсіріп,

Босағасын –

Быт-шыт қылып,

Қабырғасын

Қақыратып

Кетелік!

 

VII

Сарыарқаның сауырында,

Сандалса да

Сан дұшпан.

Ата жұртта –

Ата жаумен

Ақтық рет

Аңдысқан.

Ақмола тұр,

Ақ жалынға оранып,

Сауға сұрап жазмыштан.

Зеңбіректің көк түтіні,

Көкте бұлтпен ұласып.

Күркіреген

Күндей болып,

Күрк-күрк етіп –

Қан құсқан.

Быт-шыт болып

Бекініс –

Жойылуға таянған.

Ақмола тұр

Аһ ұрып,

Қызыл оттың ішінде,

Қызыл қанға боялған.

Кенесары

Қақтығыстан

Қашан,

Қайтіп – аянған.

Бар арманы,

Ата жаудың

Азу тісін сындырып,

Мәңгілікке тындырып,

Өшін алу,

Айыр тілді –

Аярдан!

(Жалғасы бар)

 

1447 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы