• Тұлға
  • 09 Маусым, 2022

ҚАДАМЫ ҰЗАҚ, БАРАР ЖЕРІ АЛЫС КІСІ

«Жақсы сөз – жарым ырыс». Азаматтың даңқын шығаратын да, абыройын аспандататын да, көңіл күйін көтеріп, бір деммен дертінен сауықтыратын да сөз. Сөз құдіреті. Өзіме жақын аға болып үлгерген, кішіпейілділікті ту еткен кісімен алғаш рет таныс-біліс болуыма, әуелі Алла, содан соң білім, ғылымды  әлемдік өркениет төріне оздырған ойшыл тұлға, ғалым,  Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҚР еңбек сіңірген өнертапқышы, «Құрмет» орденінің иегері, ҰҒА-ның академигі, химия ғылымының докторы, профессор Абдуали Баешұлы Баешов себеп болды. 

Алматы қаласындағы Орталық клиникалық ауруханада Абдуали Баешұлының емделіп жатқанын естіп, көңілін сұрай барғанымда, палатада өзімен бірге жатқан кісіні «менімен замандас Сатыбалды Әбдіғапарұлы Серікбаев деген ағаң болады» деп, таныс­тырды. Танысқан соң екі-үш сағаттай салиқалы әңгіме өрбіді. Сатыбалды Әбдіғапарұлы жүрегі кең, көңілі таза, кемеңгер кісілердің сарқыты іспетті көрінді.

Абдуали Баешұлы сөз арасында біздің қалай танысқанымызды замандасына әңгімелеп берді. «КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, КСРО Жазушылар одағының мүшесі, ҚазКСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымының докторы, профессор Евней Арыстанұлы Букетовтың 95 жылдық мерейтойына арналған, «Елу жыл білім мен ғылым жолында» атты еңбегімді 100 дана таралыммен шығарған кітабымды Ғаниға сыйлаған болатынмын. Сол кітапты екі-үш күнде толық оқып, үйге қайта келді. «Мына кітабыңыз маған өте қатты ұнады. Халқымыздың кемеңгер азаматы академик Евней Букетовке арналған еңбегіңізді 3000 дана тиражбен жарыққа шығарайық. Мұны ғылымға құштар жастар оқуы тиіс», –деп айтты. Ғани берген уәдесін орындап, кітапты жарыққа шығарып берді.

Ал Сатыбалды Әбдіғапарұлы бұл оқиғаға таңдана қарады. Бұл шын ақиқат екенін, аталған кітаппен бірге бірнеше кітаптарды сыйға бергенімде риза болды. «Құдай бұйыртса, 10 маусымда 75 жасқа толамын. Осыған орай «Өнегелі өмір» деп аталатын бір кітап дайындап жатқан едім, соны жарық шығаруға көмек бола ма?» – деп сұрады танысқан кісім. «Реті келсе, кітабыңызды 350 дана таралыммен жарыққа шығуына қаржылай көмек беремін» дегенімде, іштей толқып, қатты қуанғаны маған да бір рухани әсер қалдырды.

Алаштың ­айбынды ұлы Абылай ханның «Білекке сенген ­заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда қапы қалып жүрмелік» деген ­даналы сөзі бар. ­Сатыбалды Әбдіғапарұлы мамандығы ­бойынша инженер-құрылысшы болса да, ғылымның сан түрінен хабары бар, көкірек көзі ояу, зерделі зерек болмысы бөлек, бітімі басқа, тегіне айрықша тартқан қайраткер азамат. Сатыбалды Әбдіғапарұлы бірнеше жыл бойы, өзі білім алған «Нархоз» университетінде студенттердің жүрегі көп ­дауалай қоймайтын ­«Сопромат» пәнінен дәріс берді. Дарынды шәкірттердің зейінін ашып, өмірде өз орнын ­табуына ықпал жасаған ұлықты ұстаз. Сондай-ақ ­Меруерт Өсімбайқызы да көп жылдар ұстаздықпен айналысқан, дарынды шәкірттерді өмірге қанаттандырған ағартушы, аяулы ана, немере-шөберелерді тәрбиелеп отырған ардақты әже. Өнегелі, тәрбиелі-тәртіпті, көпке үлгілі отбасы. Осы кісілерден тараған ұрпақтар алыс-жақын шетелдерде, республикамыздың барлық аймақтарында еліне адал қызмет атқарып жүргені әулет үшін де, ұлтымыз үшін де айтуға да, жазуға да тұрарлық зор мақтаныш. Тұңғыштары Эльмира экономика саласының білікті, білгір маманы, ал жұбайы экономист Қанат Алдабергенұлы республикаға белгілі, халқына үнемі қамқор болып жүретін салмақты азамат. Немеренің үлкені Дәурен Қанатұлы – Біріккен Араб Әмірліктерінде өз жолын тапқан белгілі кәсіпкер. Адина Қанатқызы – Англияда білім алып жатқан, абыз ата мен әжеден тәрбие алған, білім мен ғылымның шыңына шығуға талпынған, озық ойлы үздік студенттер қатарында.

Лұқман хәкім «Адам ұрпағымен мың жасайды» деп бекер айтпаған. Әрине, адам баласы мың жас жасамас. Бірақ ұрпағы тәрбиелі, текті, білімді, ­болса, онда баталы әулеттің ғұмыры мен даңқы ұзақ жасайтыны анық. Сатыбалды Әбдіғапарұлымен әңгімелескенде ерекше қасиеті бары көрініп тұрады. Аллаға шүкір, ол бүгінгі таңда зиялының жасына жетіп отыр. Өйткені зиялысы көп ел өркениет жолында өрге өрлейді. Зиялыға тектілік, тазалық, тәрбиелілік һәм кісілік жарасады. Елдің ел болмағы, ең алдымен, жол көрсетіп жүретін осындай ­Сатыбалды Әбдіғапарұлы сияқты ағалардың арқасы. «Қу дүниені күйттеген адам – құл, рухқа шомылған адам – патша» деген халық даналығы бар. Өмірде өзінің ақыл-ой санасы арқылы пендешіліктен ада, көңілі мұнтаздай таза, ісі берекелі, адамгершілік адалдықтан айнымаған, аттамаған жанның қай кезде де мәртебесі биік, орны төр болмақ. Өмірде көрсеңіз көзіңіз, аз-кем пікір алмассаңыз, ішкі жан-сарайыныз байитын адамдар болады. Таныс-білістіктен соң жиі кездесіп, жолығып тұрдық. Бір сөзінде «Ғани, туған анам Шынар Серікбайқызы 1947 жылы мені өмірге әкелген соң фәни дүниеден өткен. Сол марқұм анамның басына бір белгі құлпытас қойсам ба деп көптен бері ниет қылып жүр едім. Анамның орнына ана болып, мені асырап алған нағашы апам Ұлшай болатын. Сол кісі тәлім-тәрбие беріп, қатарымнан кем қылмай, мәпелеп өсірді. Осы кісілерге мәңгілік қарыздармын. Өзің бас болып шығарғалы жатқан «Өнегелі өмір» кітабыма туған анамның басына қоятын белгінің суретін салсақ», – деген ойын ескертті. Солай болды да. Өмірдегі ең қымбатыңыз – ол ата-ана. Қандай қызмет қылып, қаншама сый-құрмет көрсетсең де, адам баласы ата-ана алдындағы перзенттік борышын ақтай алмайды. Сондай-ақ «Алланың разылығы ата-ананың разылығында» деген хадис-шәріп бар.

Сатыбалды Әбдіғапарұлы маған ризашылығын білдіріп, кітапқа қолтаңбасын қалдырды. «Менің 75 жасыма арналып жазылған кітабымның жарыққа шығуына қаржылай демеушілік жасаған қазақтың біртуар ұлы, білікті дәрігер-терапевт, ғалым, қазаққа есімі белгілі ­меценат аталған Ғани Смаханұлы мырзаға шексіз алғысымды айтамын. Алла өзіне күш-қуат, денсаулық берсін! Барлық іс-әрекетіне сәттілік, жарқын өмір тілеймін. Алла Ғани бауырымызға әрқашан да қолдаушы болсын!» деп ізгі тілегін кітапқа жазды.

1938–1952 жылдары Совнаркомның төрағасы болған, мемлекет және қоғам қайраткері, лингвист-ғалым Нұртас Оңдасыновтың «Үш нәрседен тазамын» деген дана сөзі бар. Сондықтан тектіден шыққан ұлағатты сөз ұрпаққа үлгі-өнеге болсын деген ниетпен мақала соңын түйіндегім келеді: «Бірінші – сонша жыл ел басқарғанда, біреуге нақақтан жала ­жауып, қиянатқа барған емеспін, арым таза; екінші 1937–1938 жылдардағы қаралы күндерде, боздақтарды атып жатқанда, бір қағазға қол қойған емеспін, сенбегендер архивті ақтарып көрсін, қолым таза; үшінші – адамдарды жершілдікке, атаға, руға, жүзге бөлген емеспін, жүзім таза». Ендеше, Нұртас атамыздың тазалығындай тазалық, отанға, ұлтқа деген адалдық еліміздегі әр азаматтың кредосына айналса игі.

Сатыбалды Әбдіғапарұлы мен ­зайыбы Меруерт Өсімбайқызы және оның ұрпақтарына халқымыздың үкіметін қиын-қыстау тар заманында ел басқарған абыз аталарымыздың жолын беруіне, өмірде табысты, жемісті болуына шынайы тілектес азаматтың бірімін. Ойы таза, абыройлы азамат Сатыбалды Әбдіғапарұлының 75 жылдығы қайырлы құтты, баршаға жұғысты болсын дегім келеді.

Ғани СМАХАНҰЛЫ,

дәрігер-ғалым, меценат

1768 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы